Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы күндері Қазақстанда ресми сапармен жүрген Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Келіссөз кезінде Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастарының өзекті мәселелері, еуразиялық ықпалдастықты дамыту және әлемдегі қазіргі ахуал жайы талқыланды. Жүздесушілер Қазақстандағы және Ресейдегі реформаларды заңнамалық тұрғыда қолдау, экономикадағы дағдарысты жағдайларды еңсеру, сонымен қатар, шекара маңындағы ынтымақтастықты өрістету мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Ресей сияқты етене жақын елдер үшін заң шығарушы органдардың төрағалары деңгейінде ұдайы пікір алмасып, кеңесіп отыру аса маңызды. Бұл, әсіресе, қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда өте қажет. Осы орайда, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің парламенттік өлшемі айрықша рөл атқарады, деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев, сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей өзара тиімді ынтымақтастық, адамдар арасындағы достық байланыстар, сондай-ақ, аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық ықпалдастықты дамытуға бар күш-жігерін салып отырған стратегиялық әріптестер әрі одақтастар екенін атап өтті. Сенат Төрағасының пікірінше, екі мемлекет басшылары Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путин қол қойған және екі елдің парламенттері ратификациялаған ХХІ ғасырдағы тату көршілестік және одақтастық туралы шарт соның берік негізі болып табылады.
Келіссөзден кейін Ресей Федерация Кеңесінің Төрайымы Қазақстан Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйледі. В.Матвиенко сөзінің басында қазақстандық әріптестерін Қазақстан Парламенті Мәжілісі сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Ол «Сайлау нәтижесі ынтымақтас Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуіне, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашы болған экономикалық реформалардың жалғасуына жәрдемдесетініне» сенім білдірді.
Ресей Парламенті жоғарғы палатасы Төрайымының пікірінше, кейінгі жылдарда Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің басталуы Ресей мен Қазақстан қатынастарындағы басты оқиға болып отыр, оны құру туралы шартқа Астанада қол қойылған болатын. В.Матвиенко: «Соңғы он жылдықта ТМД және тіпті күллі Еуразия кеңістігінде ЕАЭО ең ауқымды ықпалдастық жобасы болды», деп атап өтті.
Оның сөзінде халықаралық және аймақтық негізгі мәселелер бойынша екі ел ұстанымдарының ұқсастығы немесе жақындығы халықаралық аренадағы ауқымды ынтымақтастық үшін шынайы негіз жасайтыны көлденең тартылды.
В. Матвиенко аймақтық және аймақаралық ықпалдастық жобаларын ұштастыру үдерістерін қолдау, сондай-ақ, тең құқықтылық қағидаттары мен өзара мүдделерді ескеруге негізделген қажетті құқықтық базаны қалыптастыру үшін Ресей мен Қазақстанның, Еуразияның басқа елдерінің заң шығару органдары көптеген істерді атқара алатынына сенім білдірді.
«Заң шығару жұмыстарымызда, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуда бізге адамдардың мүдделерін, Ресей мен Қазақстан азаматтарының мүдделерін бірінші орынға қою керек, – деді Федерация Кеңесінің басшысы. – Тек солардың бағасы ғана бәріміздің қызметіміздің тиімділігінің көрінісі болып табылмақ».
В.Матвиенко Ресей парламентшілерінің Астанада 31 мамырда өтетін «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысу жоспары туралы да хабарлады.
Валентина Матвиенко Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Ищановқа «Совет Федерации. ХХ лет» естелік медалін табыс етті. Ол көп жылғы және жемісті еңбегі үшін марапатқа ие болды.