12 Мамыр, 2016

«Қазақ құрамасы арыстанша алысты»

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
хоккейшілерСоңғы күндері мұз айдыны серілері жанкүйерлерінің назары Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында өтіп жатқан әлем чемпионатына ауған. Осыған сай хоккейшілердің жарысы да күннен-күнге тартысқа толып өтіп жатыр. Мұны 9-10 мамырда ойналған кездесулердің қорытындылары тағы да байқатты. Мәскеуде А тобындағы командалар құра­мында күш сынасып жатқан Қазақстан құрамасы 10 мамыр күні Норвегия хоккейшілерімен кездесіп, 2:4 есебімен ұтылуға мәжбүр болды. Соған қарамастан, ол спорт мамандары мен жанашырлары тарапынан жақсы бағалар алды. Сондықтан болар, Халықаралық мұздағы хоккей федерациясының (ИИХФ) ресми сайтында кеше жарияланған басты мақала «Қазақтар арыстанша алысты» деген атпен шықты. Онда Қазақстанның матч барысында екі мәрте есепті теңестіргені, бірақ соңында тәжірибесі молдау және деңгейі бұрыннан жоғары саналатын викинг елі жамағатының жеңісті тартып әкеткені айтылады. Матч негізінен Норвегия құрамасының біршама басымдылығымен өтті. Есепті де алдымен солар ашты. Бірінші шайбаны 4-минутта Йоханнес Йоханнессен салды. Қазақстандық Найджел Доус 8-минутта таразы басын теңестірді. Екінші кезеңде біздің қарсыластарымыз біраз күш алып кетті. Олар 34-минутта Кен-Андре Олимбтің күш салуы­мен таблодағы есепті 2:1-ге жеткізді. Оған қазақстандықтар 36-минутта қарымта қайтарды. Бізден Брэндон Боченски көзге түсті. Алайда, 39-минутта Матис Олимб командасын тағы алға ұзатты. Ал соңғы кезеңде норвегтер біздің қақпашысыз ойнап жатқан кезімізді әдемі пайдаланып, артықшылықтарын арттыра түсті. Соңғы шайбаны 58-минутта Матс Цуккарелло алыстан ашық қақпаға дәл ұрып түсірді. Бұл күні сондай-ақ Швейцария Данияны овер-таймда 3:2 етіп ұтса, Франция Венгрияны 6:2 етіп тізе бүктірді. Ал Германия Словакияны 5:1 есебімен талқандап, кезекті сенсацияға қол жеткізді. Бұдан бір күн бұрын өткен ойындар мынадай нәтижелер әкелді: Латвия – Ресей 0:4, Беларусь – Канада 0:8, Швеция – Чехия 2:4, Финляндия – АҚШ 3:2. Кеше түнде Қазақстан құрамасы шведтермен кездесті. Бұдан бөлек, Швейцария – Латвия, Словакия – Беларусь, Финляндия – Венгрия араларында ойындар өтті. Біздің жігіттер үшін нағыз шешуші шайқастар алдағы күндердің еншісінде тұр. Олардың 13 мамыр күнгі чехтармен ойынынан күтеріміз аз. Алайда, 14-інде Латвиямен, 16-сында Даниямен кездесулері көп жайтты анықтап беруге тиіс. Осы ойындарда команда тағдыры шешіледі. Тағы бір айтатын нәрсе, қазір турнирде Ресей командасынан кейінгі жанкүйерді ең көп жинаушы біздің жасақ болып отыр. Руслан ИГІЛІК