Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісі біздің көкейімізде жүрген мәселелерді дөп басып, көңілімізден шықты.
Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші – студент жастардың білім деңгейінің халықаралық талаптарға сай болып, олардың ізетті, тәрбиелі тұлғалар болып қалыптасуы. Студенттер күні ертең-ақ білікті маман атанып, өндірістік және әлеуметтік салаларды басқару жүйесін өз қолдарына алады. Сондықтан, жастарға барынша жағдай жасауды Елбасымыз ежелден айтып, соған сай жағдай туғызып келеді. Жыл сайынғы «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастардың шет мемлекеттерде жан-жақты терең білім алуы, Астана қаласында «Назарбаев университетінің» ашылуы жастардың талабын ұштап, білім көкжиегінде құлашын жаюына жағдай жасап отыр.
«Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей, жоғары оқу орнында оқып жүрген көптеген жастар баспана қиындығын көріп жататыны жасырын емес. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген топқа жататын студенттер үшін пәтер жалдап тұру оңайға соқпайды. Осы орайда Премьер-Министрдің «Студенттік баспана» мәселесін көтеруі барша студенттер қауымын қуанышқа бөледі.
Сондай-ақ, студенттердің қоғамдық көліктерде көп жүретіні баршамызға аян. Себебі, білім іздеген жастар кітапхана, мұражай, спорт кешендері, ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналысу мақсатында қоғамдық көліктерге жиі мінуге мәжбүр. Осы тұста студент жастарға қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру қарастырылса құба-құп болары анық.
Елбасының сарабдал саясатының, жастарға деген жанашырлығының дәлелі – жыл сайын студенттер шәкіртақысын сатылап өсіріп отыруы дер едік. Жаңа жылдың жағымды, жанымызға шуақ төккен жаңалығы, яғни шәкіртақымыздың 30 пайызға көтерілгені білімге деген ынта-жігерімізді арттыра түскені сөзсіз.
Жеті мамандық бойынша халықаралық АСИИН аккредитациялау агенттігінің сертификатына ие болған біздің М.Әуезов атындағы ОҚМУ еліміздің қарыштап дамуына атсалысатын талай жас дарындарды даярлап келеді. Бүгінгі күні университетіміздің күндізгі бөлімінде 12500 студент білім алса, оның 8504-і мемлекеттік грант иегері болып табылады. Бір біздің университеттің өзінде 8504 студент Президент қамқорлығына бөленіп, тегін білім алу құқығына ие болған. Елінің келешегі үшін барлық жағдайларды жасап, қолдап отырған Елбасының үмітін ақтау жолында еселі еңбек ететін өжет жастардың көбейе түсетіні сөзсіз.
Жақсы ағаларымыз жастардың жағдайын ойластырып жатыр. Қазір де біз ештенеден кемдік көрдік демейміз. Жыл сайын жағдайымыз жақсарып келеді. Біздің бүгінгі міндет – жақсы оқып, саналы тәрбие алу. Үкімет басшысының министрлікке “Студенттік баспана” бағдарламасын жасауды тапсыруы құрдастарымыздың қуанышына ұласып жатыр.
Заманбек ОРЫНБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, химия-технологиялық факультетінің 3-курс студенті.
Шымкент.