Оқыған кісілерден естіп, кітапханалардан іздеп, газеттен газет қоймай, ақыры «Егемен Қазақстан» газетінің осы жылғы 11 наурыздағы «Шарқ ұрған қыран едім кең даланы...» атты Ғабит Іскендерұлының ақын Өмірзақ Қожамұратовпен «сырттай сұхбатын» мұқият оқып шықтым. Замандасым, достығымыз жарасқан, жүрегінің жылуын аямаған алтындай азамат-ақынның жалынды жырларының оттай шарпыған өрнектеріне тағы бір мәрте тұщындым. Ө.Қожамұратовтың басқаға ұқсамайтын болмысын білетіндердің барлығына қуанып, автор тілінің уыттылығына риза болып, атына арнайы шексіз рахметімді айтқым келді!
Иә, Ө.Қожамұратов дарынымен ақындығын танытып, қылшылдаған қырықтың үстінде жарық дүниемен мәңгі қоштасып, бақилыққа аттанды. Туғанына 80 жыл толып, ақынның мерейтойы өтетін сәтті жылы осы жыл болатын...
Ақынның 60 жылдығы әзер дегенде өзі өскен Тамдысында, 70 жылдығы оны білетін азғана кісілер тобымен Алматыда өткенін білетінбіз. Басымыздан өткен тоқырау, Кеңес Одағы ыдырап, әр ел өз егемендігін ала сала, іргесін, шапанының етегін жия бастаған дүбірлі кезең Өмірзақ өскен Тауелібай өңіріндегі қазақтардың да тарыдай шашылып, атажұртқа қоныс аударуына әкелді.
Аса дарынды, бітімі бөлек, жері мен елін шексіз сүйіп, ол жөнінде жалынды жырлар жазған Ө.Қожамұратовты Өзбекстанның Тауелібай өңірінде білмейтін жан болмаған-ды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өңешін өртеген өлеңін жаза бастап, жыл өткен сайын «Жұмыр жерге жүрек болып от беріп», алыстағы атажұртқа танылғаны оның өмірінің шындығы еді. Ақын жырларында, дүниетанымында, өмірге деген сүйіспеншілігінде басқаларда сирек кездесетін қасиет – тұтастық бар еді. Осы қасиет әдептен-ақ қазақтың жыр алыптарының жылы лебізіне, аузына іліндіріп танытты да. Бірақ басқаның өзіне берген азарына шыдамай, аз ғана өмірін азап пен қасіреттің құрбанына айналдырып алды. Өмірзақтың мұндай жағдайға түсуіне сол кездегі талантты бағаламайтын қоғамның ұр да жық ұлықтарының қиянаты себеп еді.
Қазақ поэзиясының алыптарымен кездескенде Ө.Қожамұратовтың өлеңіне берілген баға қаншама. Олар жазылып та, айтылып та жүр. Ақынның атын мәңгі есте қалдыру мақсатында туған жерінде мектепке есімі де берілген. Ал қазіргі кезде жас ұрпақ оның отты өлеңдерін жатқа оқиды. Оларды естісең, жүрегіңді жылытып, жаныңды рахатқа бөлейді, еріксіз ырғағына жаның тербелгендей күй кешесің.
Заманында Өмірзақ Қожамұратовтың шынайы дарынын танып, қолұшын берген танымал сыншы Зейнолла Серікқалиұлы ақынды көзі тірісінде Алматыға алдырып, «Ой кешу», «Күн астында құдірет» атты кітаптарын бастыртқаны оның азаматтығының белгісі емес пе! Ол, сірә, ұмтылар ма? Осындайда ақынның ұлылығын танытатын поэзия кешін ұйымдастырып, 80 жылдық мерейтойын атап өтуге атсалысатын азаматтар табылса ғой...
Меніңше, өлең-жырдың құдіретін терең түсінетін адамдардың Өмірзақ Қожамұратовты ұмытуы мүмкін емес. Оның жырларының өміршеңдігі жырға ынтық талапкерлердің де шабытын шарықтататыны даусыз.
Үсебай ЖҰМАБЕКОВ,
ардагер-зейнеткер
Қостанай облысы,
Рудный қаласы