12 Мамыр, 2016

Обаманың кешірім сұрауы мүмкін бе?

289 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-1АҚШ президенті Барак Обама осы айда Жапонияның Хиросима қаласына барады. Обама атом бомбасы тасталған бірінші Хиросима қаласына барған АҚШ-тың іс басындағы алғашқы президенті ретінде тарихта қалады. Халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлап жатқандай, Ақ үй басшысы Хиросимада 27 мамырда Азия құрлығы елдеріне жасайтын сапары аясында болмақ. Сондай-ақ, ол Жапонияда «үлкен жетілік» елдерінің саммитіне қатысып, әрі қарай оның сапары Вьетнамда жалғасады. АҚШ президенті әкімшілігінің таратқан ақпараттары бойынша, Барак Обаманың бұл сапары «оның бейбітшілік пен ядролық қарусыздану» қағидатына адал екенін білдіреді. Бірақ, АҚШ билігі Б.Обама Хиросимада ресми түрде кешірім сұрауы ықтималдығын жоққа шығарып отыр. Бұдан 70 жылдай бұрын Хиросима мен Нагасаки қалаларына АҚШ тарапынан тасталған атом бомбалары 150 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған еді. Канцлер отставкаға кететінін мәлімдеді шарайна-2Австрияның канцлері Вернер Файман қызметінен кетеді және Австрия социал-демократиялық партиясы төрағасы лауазымынан да босайды. Бұл жөнінде АРА агенттігі хабарлады. Ол өзінің осындай шешімге келгені туралы партияның өңірлік жетекшілерімен кездескеннен кейін мәлімдеген. Саясаткердің сөзіне қарағанда, ол өзінің жүргізіп жатқан саясаты партияластары арасында онша көп қолдау таппаған соң, отставкаға кету жөнінде шешім қабылдап отыр. Вернер Файман Австрия канцлері қызметін 2008 жылдың желтоқсанынан атқарып келеді. Соңғы уақытта ол босқындар мәселесінде босаңдық танытқаны үшін жиі сынға ұшырап жүр. Өткен жылдың күзінде саясаткер Еуропада қалыптасқан босқындар проблемасы Еуропалық одаққа ерекше қауіп туғызатынын, тіпті, Еуроодақты таратуы ықтимал екенін де айтқан еді. Президент 72 сағат уақыт берді шарайна-3Венесуэла президенті Николас Мадуро қылмыскер топтарға бейбіт жолмен ел билігіне берілуге және қаруларын тапсыруға үш тәулік мұрсат берді. Елдің мемлекеттік телеарнасы эфирінен сөйлеген сөзінде президент: «Біздің балаларымыз бейбітшілік жағдайында өмір сүруі тиіс. Бізбен келісімге келгісі келетін топтардың 72 сағат уақыты бар», – депті. Егер қылмыстық топтар мұнымен келіспесе, Мадуро оларды күш қолдану әдісімен талқандауға уәде берген. Оның сөзіне қарағанда, қару-жарақтарын тапсырудан бас тартқандарға қатал жаза қолданылуы да мүмкін. Ол үшін елдің қарулы күштері, ұлттық полиция, арнайы қызмет органдары тартылатынын атап өткен. Қысқа қайырып айтқанда:
  • Соңғы ақпараттарға қарағанда, «Ислам мемлекеті» деген топ (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) содырлары Пальмира ауданындағы (Сирия) Шаер және Махр аталатын газ өндіру кеніштерін басып алған. Бұл нысандар Хомс пен Дамаскідегі электр стансаларын отынмен қамтамасыз етеді.
  • Флорида штатынан сенаторлыққа сайланған Марко Рубио миллиардер Дональд Трамппен бірге, өзінің АҚШ-тың вице-президенті лауазымына ұмтылмайтынын мәлімдеді.
  • АҚШ-тың Коннектикут штатында осыдан 48 жыл бұрын түрмеден қашқан 71 жастағы Роберт Стаковиц деген қылмыскер ұсталды. Ол 1966 жылы қарақшылық қылмысы үшін қамауға алынып, 17 жылға сотталған екен.
  • Нью-Йорктің оңтүстік округінің федералдық соты Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова мен оның маңайындағы адамдарға тиесілі деген 850 миллион долларды тәркілеу туралы АҚШ прокуратурасы қозғаған істі уақытша тоқтатты.
Әскери қызметкерлер санын көбейтеді Германияның қорғаныс министрлігі ел әскерінің саны көбейтілетінін мәлімдеді. «Би-би-сидің» хабарлауынша, әскер қатары 1990 жылы екі Германияның біріккен кезінен бері көбейтілмеген. Елдің қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляейннің мәлімдеуінше, неміс әскері санының кеңеюі алдағы жеті жыл бойы жүргізіледі. Осы кезеңде оның қатарын 14 мыңға жуық әскери қызметкер мен 4,5 мың қызметкер толықтырады. Министр мұның қажеттілігін соңғы жылдары бундесвер әскери қызметкерлерінің әлемдегі іс-қимылдарға жиі қатысумен түсіндірді. Мысалы, неміс сарбаздары мен офицерлері НАТО іс-қимылдарына қатысып, Жерорта теңізінде босқындарды құтқарумен айналысқан. Бүгінде бундесвердің саны 177 мыңға жуық адамды құрайды. Тағы бір экстремистің көзі жойылды АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ирактағы Анбар провинциясының аумағында «Ислам мемлекеті» деген экстремистік ұйым жетекшілерінің бірін өлтірген. АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Питер Куктің айтуына қарағанда, халықаралық коалиция күштерінің әуеден соққы жасауының нәтижесінде Рутба қаласының маңында «Ислам мемлекетінің» Анбар провинциясындағы әміршісі Әбу Вахиб өлтірілген. «Әл-Каиданың» бұрынғы мүшесі Әбу Вахибті қамауға алып, өлім жазасына кескен болатын. Бірақ, ол 2012 жылы қамаудан қашып кеткен еді. Одан кейін Ә.Вахибті Ирак арқылы саяхаттаған сириялық жүк көліктерінің жүргізушілерін өлтірумен айналысты деп айыптады. Ал халықаралық коалиция «Ислам мемлекетінің» Ирактағы позицияларына 2014 жылдан бері соққы беріп келеді. 81 миллионның ізіне түскен сияқты шарайна-4Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) хакерлердің Бангладеш орталық банкінен 81 миллион долларға жуық ақшаның ұрлануына осы қаржы мекемесінің қызметкерлері көмектесуі мүмкін деп шамалайды. Федералдық тергеу бюросына сілтеме жасау арқылы мәліметтер келтірген «The Wall Street Journal» газетінің жазуынша, «ФТБ агенттері киберқылмыскерлерге банктің кем дегенде бір қызметкері көмек көрсеткені жөнінде айғақ келтіріп отыр». Аталған ведомство бұл қылмысқа мекеменің тағы бірнеше қызметкерінің қатысы барын да жоққа шығармайды. Белгісіз хакерлер Бангладештің орталық банкінен Нью-Йорктің федералдық қор банкі арқылы Филиппин және Шри-Ланкадағы шоттарға қаржы аударған екен. Орталық банктің күзет жүйесін бұзған қылмыскерлер одан төрт транш арқылы 81 миллион долларды шығарған. Осыған байланысты банк басшысы отставкаға кетті. Интернет материалдары негізінде әзірленді