Жиырмасыншы ғасырда қазақ халқының басына төнген нәубет аз болған жоқ. Сол бір аумалы-төкпелі ауыр кезеңдерден шынайы халықтық болмысымызды, қазақи қалпымызда сақтап, бүгінгідей дәрежеге жету қиындықтарды қара нардай көтеріп, азаматтықтарына кір келтірмей өткен алдыңғы толқын әкелер мен ағалардың арқасы. Сондай ардақты да ардагер аға буын өкілдерінің бірі, кішіпейілділік пен қарапайымдылықты пір тұтып өткен ағам – Мұқаш Сәдуақасұлы.
Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқаш ағам соғыс туралы ешқашан естелік айтпайтын. Бес жылға жуық от пен оқтың ортасында болып, бірнеше рет жараланған майдангердің жан беріп, жан алысқан небір шайқастар туралы айтары аз болмаса керек еді. Алайда, ағамыз бұл тақырыпқа сөз қозғауға құлықсыз болатын. Сондықтан біз де өзеурей беруді лайық көрмедік
Мұқаш Сәдуақасұлы Семей облысы, Абыралы ауданы, Дегелең ауылында (Киров колхозы) есепші болып еңбек етіп жүргенде, 1942 жылдың 9 наурызында мобилизациямен әскерге алынады. Абыралы ауданының әскери комиссариаты өңірдің ауылдары мен колхоздарынан шақырылған өңкей қыршын боздақтарды пар ат жеккен бірнеше арбаға тиеп, Семейге аттандырады. Одан әрі эшалондармен соғыс өрті лаулап жатқан Батысқа жөнелтеді. Бүтін бір эшалонға сығылыса тиелген сол боздақтардың қаншасы Батысқа аттанған сапардан мәңгі оралмай, жат жерде опат болды. Тек Сәдуақас отағасының шаңырағынан аттанған ағайынды Жағыпар, Мұқаш, Мұхамедия және Сәттер атты төрт азаматтың екеуі Жағыпар мен Мұқаш елге аман оралса, Мұхамедия мен Сәттер хабарсыз кетті. Тым болмаса, қызға қырындап та үлгермеген қыршындардың артында атын ұмыттырмас ұрпақ та қалмады.
Абыралыдан аттанған азаматтар алғашқыда Сталинград майданындағы №201 атқыштар полкінің құрамында соғысқа кіреді. Ал 1943 жылы Сталинград шайқасында бүкіл жерлестердің ішінде жалғыз аман қалған Мұқаш Сәдуақасұлы №747 атқыштар полкінің құрамына жіберіліп, Курск иініндегі қан-қасап ұрыстарға араласады. Соғыс туралы сыр суыртпақтаған сәттерді «Курск иінінде қан кештік қой. Сол қырғын шайқастан кейін ғана немістің беті қайтты...», дейтін Мұқаш ағам сөзге сараң дағдысынан жаңылмай.
Иә, 1943 жылдың 5 шілдесінде басталған Курск иініндегі шайқас Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі бетбұрысты бастаған тарихи кезең болды. 49 күн мен түнге ұласқан Курск иініндегі ұлы шайқастан кейін Кеңес армиясы стратегиялық басымдыққа ие болып, Ұлы Жеңіс күніне дейін осы басымдықтарынан айрылмады. Міне, Курск иініндегі жойқын ұрыстарға Воронеж майданының құрамында жауынгер-атқыш Мұқаш Сәдуақасұлы тіркелген №747 атқыштар полкі де қатысады.
Бүгінде біз тарихтан білетініміздей, неміс-фашист әскерлері «Цитадель» жоспары бойынша 5 шілдеде бір мезгілде Орел-Курск және Белгород-Курск бағыты бойынша жойқын шабуылдарға шықты. №747 атқыштар полкі Белгорад-Курск бағыты бойынша шабуылдаған немістердің жолын тосты. Шабуылдаған жауға тойтарыс беріп жатқан кеңес әскеріне жүктелген жауапкершіліктің кереметтігі сондай, жарақаттанса да қару ұстай алатын жауынгерлердің бәрін қатардан шығармады. Ұрыс кезінде снаряд жарықшақтары тиіп, Мұқаш ағам қолы мен аяғының бұлшық еттерінен жарақат алады. Шабуыл алдында беретін арақпен сол жарақаттарды қайта-қайта жуып, әйтеуір асқындырмай аман алып қалыпты.
Он күн бойы жау шабуылын тойтарған №747 атқыштар полкінен қарсы шабуылға шыққанда, ротаға толар-толмас қана жауынгер қалыпты. Жалпы, 49 күнге созылған Курск иініндегі шайқастарда Кеңес армиясының 255 мыңнан астам жауынгерлері қаза тауып, 600 мыңнан астам жауынгерлері жараланыпты. Мұқаш ағамның «Курск иінінде қан кештік қой...» дейтін сараң сөзінің сыры осындай екен.
Қарсы шабуылға шығып, Белгород қаласын жаудан азат ету жолындағы ұрыста Мұқаш Сәдуақасұлы ауыр жарақат алып, госпитальда ұзақ емделеді. Көзі тірісінде ерекше қастерлеп өткен «Ерлігі үшін» атты алғашқы медалін осы ауыр шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін алыпты. Кейіннен тағы «Германияны жеңгені үшін» атты медаль және екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталыпты. Госпитальдан шыққаннан кейін №169 атқыштар полкінің құрамына жіберіледі. 1945 жылдың ақпан айында арнайы бұйрықпен құрылған №81 жеке жұмыс батальонының құрамында болыпты. Содан 1945 жылдың соңында бөлімше командирі, сержант шенінде әскер қатарынан босатылып, 1946 жылы елге оралады. Міне, Мұқаш ағамның бес жылға тарта уақытқа созылған майдан жолы туралы өз аузынан суыртпақтап жинаған дерегіміз осы.
Майданнан оралғаннан кейін Мұқаш ағам бел шешіп, күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру жолындағы жанқиярлық еңбекке кірісті. Қырық жылға жуық Қарағайлы кен-байыту комбинатында еңбек етті. Жемісті еңбегінің арқасында комбинат ұжымының құрметіне бөленді. Өмірлік жары Кенжекей Әбілқызы екеуі Шолпан, Үміт атты қыздарын өсіріп, 10-нан астам немере-жиен сүйді.
Соғыс салған жарақат жаңғырығы ізсіз кеткен жоқ. Мұқаш ағамның денсаулығы төмен болды. Майдангердің денсаулығын жақсарту жолында Қарағайлы кен-байыту комбинатының басшылығы қолдан келгенінің бәрін жасап бақты. Кешегі Кеңестер Одағында Мұқаш ағам бармаған санаторийлер мен сауықтыру орындары жоқтың қасы.
Марқұм Мұқаш Сәдуақасұлы бүкіл саналы ғұмырында қарапайымдылық пен кішіпейілділікті ту қылып өтті. Үлкенге де, кішіге де елпілдеген ізеттілігінен жаңылмаушы еді. Осы қасиеті үшін де ағайын-туған, көрші-қолаң, барлық замандастары қадір тұтты. Әкеден ерте айрылған біз де асыл ағаның аялы алақанының жылуын көріп өстік. Жиырмасыншы ғасырда халқымыздың тағдырына тап болған орасан нәубеттерді қайыспай көтеріп, азаматтық болмысына кір шалдырмай, жүрек жылуын алаулатып өткен асыл ағамның биік рухы алдында мың тағзым!..
\
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретте: Мұқаш СӘДУАҚАСҰЛЫ