12 Мамыр, 2016

Иесіз, игерусіз жерден құнар мен кие кетеді

315 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жер_2Әр істің жай-жапсары бар

Елбасының Жер кодексінің кейбір нормаларының күшіне ену уақытына мораторий жариялауын өз басым  құп көріп отырмын. Өйткені, бұл  мәселеде ойланып, ақылдасып алатын жәйттер баршылық. Бірақ кезінде келте ойла­ған­­дықтың салдарынан туын­даған зорайған мәселелер бүгінде өзіндік кедергілерін тигізуде. Егер мемлекет тарапынан ірі ауылшаруашылық құрылымдарына субсидия беріліп, қолдау көрсетіліп, науқандық жұмыстар кезінде шаруаларды техникамен қамтамасыз етіп, нақтылай түссе, жер жырту, тұқым себу, сол өнімді жинап алуға көмек болса, ауыл шаруа­шылығы өркендеп, алға басары анық. Айта­лық, Жетісудың төл дақылы қант қызылшасының тұқымын себуге шағын шаруа қожалықтарының қолдары қыс­қалық етеді. Негізі тәтті түбір қол күшін көп қажет ететін дақыл. Кезінде студенттердің күшімен жиналып, Талдықорған өңіріндегі Ақсу және Көксу қант зауыттарын сапалы өніммен қамтамасыз еткендіктен біздің өңірдің аты шыққаны ақиқат. Сондықтан, бұл жұмысты нақты өмірде жүзеге асыра алатын ірі-ірі ауылшаруашылық құры­лым­дары өзгенің көмегіне зәру емес. Тек жоға­рыда көтерілген мәселе бір жүйеге түсірілсе, өзіміз-ақ гектарлап қант қызылшасының тұқымын сеуіп, сапалы өнімді тонналап жинап, қай­та өңдейтін зауыттарға өткізе аламыз. Тағы бір баса айтар жайт, кепіл­дік­ке қоятын жер телімі бар екен деп жеке тұлғаларға несие берудің еш қажет­тігі жоқ. Кімнің болсын қолы­на қа­ражат тигіздіңіз бе, ол ақша құм­ға сің­ген судай болып ізім-қайым жоқ болады. Оны тексергіңіз келсе кез келген банкке бары­ңыз. Ал­ған несие­сін құя алмаған, иә болмаса сол адам­ның артынан жүгіріп жүрген банк қыз­меткеріне ұшырасасыз. Бұл факт. Нақты өмірден алынып, сан мәрте дәлел­денгенімен еш нәтиже бермейтін тағы бір ке­лең­­­сіздік – тиісті министрлік тара­­­пы­­нан қолбайлау болатын, нақ­ты өмірде еш қажеттілігі жоқ түр­лі бағ­дар­ламалар құдды «жауыннан кейінгі саңы­рау­құлақ­тай» қаптап кеткен. Міне, осындай мәселелер жоғары деңгейде дұрыс шешімін тапса құба-құп.  Бақыт СМАИЛОВ, «Қаратал» АҚ президенті  Алматы облысы

Елбасының ұлағатты ұстанымы

Алыс ауылда тұ­ратын шаруа жер­сіз күнелте алмайды. Мәселен, мен қа­шаннан Темір ауда­нының Ақсай ауылында тұрамын. Ат жалын тартып мінгелі мал бағып, егін егіп, нәпақамызды жерден тауып келеміз. Кешегі кеңес заманында да осы салаларда жұмыс жасадым. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жеке шаруа болдым. 2005 жылдан осы серіктестікті құрып, жер жұмысымен дендеп айналысуға көштім. Қазір менің 49 жылға жалға алған 10 760 гектар жерім бар. Оның 2550 гектары егістік, қалғаны жайылымдық жерлер. Мен егін де саламын, мал да өсіремін. Қазір бүкіл қуатты техникаларым егістік басында, таяу күндерде 650 гектар арпа, 400 гектар мал азығындық дақыл егу қамындамын. Қыстан мал жай­лауға күйлі шықты. Елбасының жүргізген сарабдал саясатының арқасында біз, ауыл кәсіпкерлері, тәуелсіздік жылдарында тәуір табыс тауып, ауқатты тұрмысқа қол жеткіздік. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде Ақсай ауылы тұрғындарының мұқтажын шешуге атсалыса­мын. Ауылдың көпшілік тұрғын­дары мен басқаратын серіктестік­те еңбек етеді. Жұмыссыздықты жоюға атсалысу, аз қамтылған от­ба­сылардың балаларына, кей­бір қорғансыз жандарға жәрдем көр­сету серіктестік басшы­сы­ның бірінші кезектегі міндеті деп есептеймін. Жер – шаруаның жаны. Сон­дықтан, мәселе жер туралы болғанда, халықтың, оның ішінде ауыл тұрғындарының үнсіз қала алмайтынын түсінуге болады ғой деп ойлаймын. Бірақ, мемлекет тарапынан жерге байланысты жасалған соңғы өзгерістерден қорқудың еш реті жоқ. Бұл – елдің экономикасын нығайтуды, біздің қамымызды ойлап, он ойланып, жүз толғанып жасалған шара. Жер жергілікті кәсіпкердің, жергілікті бизнес иелерінің қо­лында болады. Шет­елдіктердің же­рі­мізді сатып алып, басыбайлы ие болмауы заң­мен қорғалған. Десек те, Жер кодексіне енгізілген өз­герістердің атқа­рушы билік тара­пынан дұрыс тү­сіндірілмеуі бір­қа­тар түсініс­пеу­ші­лік­ке соқ­тырып, алып­қашты әңгіме­лердің туындауына себеп болды. Жер өте шетін мәселе. Өзгерістер ал­дын ала халыққа таныстыры­лып, жан-жақты зерделенуі қажет еді. Олай болмағандықтан халықтың кейбір тобының арасын­да қыз­балық та байқалып қалғаны жасырын емес. Мұны Елбасы Н.Назарбаев дер кезінде аңғарып, келіспеушіліктің алдын алды. Мемлекет басшы­сының Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына мораторий жариялауы ұтымды ұстаным болды дер едім. Бұл уақытта Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді зерделеп, айтылған ұсыныс-пікірлерді саралай талдау қажет. «Асыққан шайтанның ісі» дегендей, аптығып, алқынудың қажеті шамалы. Елбасы өз сөзінде «Қабылдан­ған заңның тетіктері мен норма­лары жұртшылықты қатысты­ру арқылы талқыланбады. Сон­дық­тан, көп жағдайда халықтың алаң­дауы дұрыс», деп айрықша атап өтті. Президент бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек­тігін дұрыс айтып отыр. «Біз халыққа ұнамайтын заңға зәру емеспіз» деуі де сондықтан. Мұның өзі шын мәнінде Елбасының қай мәселені де елдіктің мүддесінен ойлайтындығының тағы бір дәлелі болды. Болатбек ӘБДІҒАЛИЕВ, «Ақсай-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры   Ақтөбе облысы, Темір ауданы

Кешенді түрде шешкен жөн

Елбасы Н.Назарбаев жуырда өткен маңызды кеңесте ел дамуының негіз­гі бағыттарына тоқталып, жер заңнамасына қатысты бірқатар маңызды міндет­тер­ді белгілеп берді және оның бірқатар нормаларына мораторий жариялады. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, әлемдік деңгейде азық-түлікке деген сұраныс ауқымы өсіп келеді. Екіншіден, сыртқы нарыққа шығу үшін сапа бәсекесін арттырмай болмайды. Сол себепті фермерлер ауа райына тәуелділіктен арылып, озық технологияларды кеңінен енгізу жолдарын қарастырғаны абзал. Көп жылдық тәжірибеме сүйеніп, айтайын дегенім, егіншілікпен айналысатын ірі агроқұрылымдар жыл сайын мол өнімге қол жеткізіп жүр. Өйткені, олар астық өндірісін дамытуды біршама меңгерген. Әлеуеттері де жетеді. Егіншілік мәдениетін жетілдіруге назар аударады. Машина-трактор паркін жаңалағандықтан, материалдық-техникалық жағынан да қуатты. Десек те, олардың арасында ауылдықтардың пайларын жинап алғанымен, түсімділікті молайтуға келгенде алға басқан аяқтары кері кетіп жататындары да аз емес. Жердің құнарын кетіріп, тоздырып жүрген ондай пысықайлар бір күндік пайданы тәуір көреді. Оның үстіне шетелден келген компаниялар, жергілікті жерлерге жыл құсы құсап көктем мен күзде ғана келетіні жасырын емес. Жүйелі күтім болмағаннан кейін жер де тозады, бітік егіннің орнына арамшөптер мен қурайлар қаптайды. Ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің эрозияға ұшы­рап, мол өнім бермей келуінің тағы бір себебін шаруашылықтардың быты­раңқалығынан, ұсақтығынан іздеген жөн секілді. Осыдан 25-30 жыл бұрын үлеске тиген, бүгінде әбден тозығы шыққан техникаларды жаңғыртуға 500-1000 гектар жерді иеленген фермердің шамасы жете бермейді. Жерді өңдеуге қауқары, банктен несие алуға дүние-мүлкі бол­мағаннан кейін маңдай термен өсірген астығы босқа ысырап болады. Ауыспалы егіс жүйесін сөз етудің өзі ар­тық. Сол себепті көбінің әлі күнге дейін «шықпа жаным, шықпамен» тір­лік жасап жатқан жайлары бар. Осындай дәр­мен­сіздік әрі немкетті көз­қарас салдарынан айналымдағы жерлер құнарлылығын жоғалтып жатыр. Пай иелері жыл аяғында берілген азын-аулақ нәпақаға қанағат етеді. Мен ауыл шаруашылығы саласында жарты ғасырға жуық еңбек еттім. Оның 15 жылында шаруашылық басқардым. Көзімнің анық жеткені, соңғы жылдары жерді қалай болса солай пайдалану, жер ғылымынан ешқандай хабары жоқ адамдардың басқаруы жиілеп кетті. Шабындық, жайлымдардың да тозығы жеткен. Мал жаятын жерлер жоқтың қасы. Бұдан кейін мал шаруашылығын дамыту жөнінде сөз қозғау қиын. Ауыл адамдары төрт түлік өсірейін десе, жем-шөп қымбат. Ол жерлерді иеленіп алған алпауыт шаруашылықтар мал өсіргенді басы артық шығын көреді. Елбасы бір сөзінде қытайлықтардың жерді қалай ұқыпты меңгеретініне мысал келтірген еді. Бұл жөнінен шетелдіктердің тәжі­ри­бесін үйрену артықтық етпейді. Менің пікірімше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке аукцион арқылы сату – мәселенің бір жағы ғана. Өйткені, шетелдіктерге сатыл­майтыны екібастан белгілі болды. Жарайды, қазақстандықтар үшін жекеменшік иелігіне алуына мүм­кіндік тудырылды делік. Енді оны игеруге қаржылық, техникалық күш-қуаты, білімі жете ме деген сауал қылаң­дай­ды осындайда. Көлденең көк атты­лар андыздай қаптап, ұстағанның қолын­да, тістегеннің аузында кетпей ме де­ген қауіп те жоқ емес. Сондықтан, бо­ла­шақта қолданысқа енетін Жер кодексінің әр бабы қадағалануы тиіс. Бұл орайда, бақылаушы органдарға жүктелер міндет зор болмақ. Өйткені, әлі күнге дейін жерді субарендаға беру секілді келеңсіз көріністер тыйылмай келеді. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, кейбіреулердің осы әдетке қайта басулары ғажап емес. Қазір бір ауылдан оншақты майда фер­мерлерді кездестіруге болады. Жерді ұтымды пайдалану үшін олардың ірі­леніп, күш біріктіретін кезі келді. Әйт­песе, баяғы «әндеріне» қайта басулары кәдік. Осы жағын аудан, ауыл әкімдері жіті қадағалап отырғандары жөн. Материалдық-техникалық әлеуеті мықты өндірістік кооперативтер құрып, оның желісін ұлғайту – бүгін­гі күн­нің көкейкесті мәселесі. Бұл құры­лымдардың өміршеңдігін тәжірибе көрсетіп отыр. Оған мемлекет қолдауы қажет. Мәселен, егін орағы кезінде ұсақ шаруашылықтар сервистік қыз­мет жағынан ақсап жатады. Осы кезде бірорталықтандырылған жүйе көмек­ке келсе, бәрі тап-тұйнақтай шеші­лер еді. 1980 жылдары облыста аг­ро­­өн­дірістік көкөніс-жеміс бірлес­тігі жұмыс істеп, дайындау, сақтау, өң­деу, сату істері кластерлік әдіспен бір жерге шоғырландырылған еді. Ауыл­шаруа­шылық кооперативтерін осы бағытта дамытсақ, жекемекшік жер иеленушілер де игілігін көрер еді. Ең бастысы, дел­далсыз жұмыс істеуге, өнімдерді тіке­лей сатуға дағдыланары күмәнсіз. Тиянақты шешімін таппай келе жатқан проблеманың бірі – ауылдық жерлерге білікті кадрлар даярлау. Жасыратыны жоқ, елді мекендерге жоғары білімді мамандар бара бермейді. Өйткені, біріншіден, жалақы төмен, екіншіден, әлеуметтік көмектер көрсетілмейді. Сондықтан, ауылшаруашылық мамандары «Дипломмен – ауылға!» жобасына ен­гізіліп, жеңілдіктер беру жағын ой­лас­тырған абзал. Әйтпесе, жерді жеке­меншікке бердік, мәселе осымен шешілді деу ағаттық. Бұл жайтқа кешен­ді түрде қарап, заң нормаларының тиісті дәрежеде орындалуының барлық құқық­тық аспектілерін іске қосу арқылы аграрлық саланың, оның ішінде, жерді тиімді пайдаланудың бәсекелестігін арттыру маңызды рөл атқармақ. Болат МАҒАЗҰЛЫ, ақсақалдар алқасының төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Солтүстік Қазақстан облысы

Кесімді сөзге ел разы болды

Халықтың алаңдау­шылығын тудырған Жер кодексіне енгізілген кейбір өзгертулерге Елбасы жыл аяғына дейін мораторий жариялағаны дұрыс болды. Бұл мәселені ел күткен еді. Мемлекет басшысы сол халықтың ішкі ойын оқығандай дер кезінде кесімді сөзін айтқанына біз қатты қуандық. Қалай десек те, ата-бабамыздан мұра болып қалған жер түптің-түбінде қазақтың қажеттілігін өтеп, қазаққа қалатыны анық. Сондықтан, бүгінгі буын ұрпақ өз кезегімізде осынау асыл мұраны дұрыс пайдаланып, келер ұрпақ өкіліне құнарлылығын жоймай өткізуді парыз әрі міндет деп білуіміз керек. Тиімді пайдалану дегенде айтарым, бос жатқан жер өзінен өзі тозады. Сол жерді жыртып, түрлі дақылдар тұқымын сепкенде болсын-болмасын дәрілей бермеген жөн. Еккен дән көгеріп шыққанда бабымен әрі уақытын жібермей суарып отыр­саңыз, Жер-ана ешқашан ренжітпейді. Өнімділік артқан са­йын шаруаның көңіл хошы көтеріліп, қалтасы қалың­дай түсетіні анық. Сондықтан, негізгі әңгіме Елбасы жариялаған мора­то­рийдің шаруалардың көңілін тыныштандырғандығында болып отыр. Дала төсінде жүрген егінші, сушы, малшы қауымы бастары қосыла қалған жерде сөздің басын мораторийден бастайтыны ақиқат. Бұл сөзімді сол елдің арасында жүрген әр азамат растайтынына да кәміл сенімім бар. Өйткені, соңғы уақытта жер мәселесі елді толғандырып тұрған еді. Енді міне, елдің көңілі жайланды. Алдағы күндерде арнайы комиссия жемісті жұмыс жүргізеді деп сенеміз. Қорыта айтқанда, ата-баба аманатына қиянат жасамасақ, болашақ алдында жүзіміз жарқын болмай ма?! Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ, «ҚазСушар» Алматы филиалы Панфилов өндірістік учаскесінің басшысы Алматы облысы, Панфилов ауданы