«Саламатты өмір салтын ұстан, спортпен шұғылдан» деп айту, насихаттау оңай. Ал оған жағдай туғызу бөлек әңгіме. Облыстағы бас оқу орны болып саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өз студенттері үшін арнайы «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенін салды. Жалпы аумағы 3294,86 шаршы метрді құрайтын сауықтыру кешенінің құрылысы 2009 жылы басталған болатын. Ал оған 194 миллион теңге бөлінген еді.
«Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінде спорттың қай түрімен де айналысуға болады. Мини-футбол, баскетбол, волейбол, гандбол, көркем және ритмдік гимнастикамен айналысатын залдар бар. Онда бір ауысымда 40 адамға дейін жаттығу жасауға болады. Сондай-ақ тереңдігі 2 метрге жететін жүзу бассейні де салынған. Бассейнде бір мезетте 32 адамға дейін жүзе алады. Студенттерге ыңғайлы болу үшін онда арнайы нұсқаушылар жұмыс істейді. Сонымен қатар, судың құрамын зерттеп, үнемі назарда ұстап отыратын сарапшы мамандар да бар.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ел спортына елеулі үлес қосып келеді. Аталған оқу орны тәрбиелеген Илья Ильин талай бәсекеде топ жарып жүр. Алдағы Лондон Олимпиадасында да алтын жүлдеден үмітті спортшылардың бірі осы Ильин.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.