ТАРАЗ. 12 мамыр. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Польша Республикасының Сенат маршалы С. Карчевски бастаған ресми делегацияны қарсы алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Кездесу барысында Польша делегациясы өңірдің инвестициялық әлеуетімен, тарихымен танысты.
Жамбыл облысының Польша Республикасымен сауда қатынастарын одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндіктері бар. 2015 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында Жамбыл облысының Польшамен сауда айналымы 2,0 млн. долларды құрады. Биылғы жылы Польшадан өңірге 436,8 мың АҚШ долларының тауары импортталды.
Жамбыл облысына жаңа піскен жемістер, консервіленген көкөністер, жуу құралдары, пластмассадан мононить, қара металдардан жасалған бұйымдар, мойынтіректер, жүктерді тасымалдауға арналған моторлы көлік құралдары, тіркемелер мен жартылай тіркемелер жеткізіледі.
Жергілікті кәсіпорындар сары фосфор, натрий триполифосфат, минералды тыңайтқыш – аммофос, термикалық ортофосфор қышқылы, барий сульфаты, темір құрылғыларын, гранит, мәрмәр, гипсокартон парақтарын экспорттауға дайын.
«Біздің елдеріміздің экономикасының көптеген салаларында бірлескен әріптестік өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді», деп облыс әкімі атап өтті.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы поляк әлеуетті инвесторларға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және т. д. перспективалы қаржыландыруды талап ететін инвестициялық жобаларды ұсынуға дайын.
Кездесуден соң Польша делегациясы Т. Рысқұлов, Меркі аудандарындағы «Андерс армиясы» поляк әскери қызметшілерінің қабіріне барып қайтты.
Атап айту керек, Т. Рысқұлов, Меркі және Жуалы аудандарындағы поляк солдаттарының жерлеу орындары бар. Шақпақ елді мекенінде – 216, Меркіде – 19, Луговой стансасындағы бауырлас қабірде 46 адам жерленген.Сондай-ақ сапар аясында қонақтар тарихи Тараздың мәдени-тарихи көрікті жерлерін аралады.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, фото: egemen.kz