Ауылың қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
Дариға, қайрылмадың, қалқа бала,
Жүректің енді ем жоқ қой жарасына...
Ақан сері
Сырымбет! Сырғалы сұлудың сырмінез сұңғатты сипатындай, ұлы ақын Мағжанның мұңмен әдіптеліп, әдемі өрнек тапқан талантты жырларындай, бір кездері аспан жүзін аралап кетіп, көпке дейін жерге қонбай қалықтаған өр мінезді мінсіз тектілігімен тәнті етер Ақан серінің ғажап әндеріндей әсем Сырымбет қой бұл өңір. Кезінде Сырымбет өрісті өнердің Арқа алабындағы шын мәнісіндегі алтын діңгегі болғандығын тап бүгінгі Сырымбеттің жадау да жұтаң, жұпыны қалпын көріп отырып орны толмас өкінішпен еске алуға тура келеді. Кемеңгер Шоқанның адал досы болған Г.Н.Потанин: «У хана Вали были две зимовки – одна на ханском озере, на востоке от Кокчетава, другая на Сырымбете. Потомки от первой жены Аблая Сайман живут и теперь там (т.е. на Боровом). Дети Айганым (младшей жены хана Вали) на Сырымбете», – деп жазғандығын ескерсек, атақ-даңқы өзімен бірге кетіп, даңқынан дақпырты басымдыққа айнала бастаған Бурабай баурайындағы Абылай ордасының басынан ауған бақ-талайы Сырымбет саласындағы Айғаным ордасына келіп аз-кем аялдағанын жоққа шығара алмаймыз. Бала Шоқанның топшысы бекіп, қанат сермер қиясының биіктей түсуіне, арманды аңсарының қазақтың қазыналы топырағынан тепсіне самғай көтеріліп, әлем хикметтеріне ой салуына жол ашуы, сөз жоқ, осы Сырымбет, тамылжыған Құмдыкөл маңы болғандығы даусыз. Дәлірек айтып, ойымызды одан әріге сала сөйлесек, әжесі Айғаным төңірегінен табылған және сан түрлі табиғи өнерлерінің балақ бауын ағытуға мол мүмкіндік алған небір өнерпаз өкілдерінің болғандығы бала Шоқанның зерделі зерек сезімін ерте есейткендігін мойындау керек болады. Туған жұртының ағыл-тегіл, аста-төк ауыз әдебиеті үлгілерінің кәусәрлі тұмасынан молынан сімірген Шоқан үшін бұл тағылым далалықтар академиясын тәмамдағаннан бір мысқал кем болмағандығы ақиқат еді. Сырымбеттегі «Хан ордасы» атанған Айғаным мекеніне көш-керуені үзілмей келіп, тоқайласып жататын небір дүлдүл жыраулар мен шешендер, толғауы тоқсан ақындар мен бал бармақты күйшілер шоғыры Шоқанның балаң ғұмырына шырайлы шапағат нұрын себезгілете төккен қайталанбас құбылысқа айналып еді. Әжесі Айғанымның орыс мәдениеті мен тұрмыс-тірлігін жатсынбай өз жанына жақын тұтуы, орыс патшасынан алған қалтқысыз қамқорлығы бала Шоқанға оң әсер етпей қалған жоқ. Сол Шоқанның шын мәнісіндегі ұлық тұтар ұлағатты ортасы Сырымбеттегі екінші «Хан ордасы» болса, оның бастауында көзі ашық, көкірегі даңғыл Айғаным әжесі тұрғандығын ешкім жоққа шығармақ емес. Сол аяулы әже қазақ жұртынан шыққан небір өнерпаздарға ордасының есігін айқара ашып қойды. Бала Шоқан кезінде Күрлеуіт Қыпшақ Жаманқұл жырлаған «Едіге» жырын тыңдап, атығай Арыстанбай Тобылбайұлының жырлауында «Ер Қосай» мен «Ер Көкшені» тыңдады. Зерек көңілді бала Шоқан туған жұртының жазу-сызуды білмесе де ауыздан ауызға жалғасып келе жатқан жыр-дастан, хисса-жыр үлгілерін санасына сіңіре білді. Ол жай ғана құлақ тігумен шектелген жоқ. Өзі тыңдаған туындыларды ақ қағаздың бетіне төгілтіп түсірген тұңғыш қазақ ғалымы болды. Мәселен, Шөше Қаржаубайұлынан естіген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ең көркем де үздік нұсқасын қағазға түсіріп алды. Қаракесек Жанақ Сағындықұлынан ел шежірелері мен ауыз әдебиетінің ескілікті үлгілерін тыңдап, қанығып өсті. Әкесінің ағасы Ханқожаның қара қобыздан зарлата төккен нелер бір күйлердің ботадай боздауын тыңдады. Туған халқының осыншалықты сарқылып бітпес ұлан-ғайыр жыр мен сазды мұраларынан қайталанбас ғажап сырларды санасына сіңірді. Өз құралыптастары, асқақ әуенді Біржан сал әндерін, терең сезімнің селдеткен көзіндей қотарылған Ақан сері әуездерін, ащы да ашулы Жаяу Мұса тебіреністерін терең толқыныс үстінде тыңдаушы еді. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті өнердің сырын біл» деген қазақи қағидаттың соңынан шырақ алып түсе қалсақ тағы да бала Шоқан, дана Шоқанның нұрлы сипаты алдымызды орап шыға келеді. Туған халқының толайым болмыс-бітімін толық танып, білуді көксеген Шоқан өнер мен өмірге, ел мен жерге, уақыт пен тылсым кеңістікке деген өз көзқарасын білдіріп, «Халықтың рухы дегеніміз – оның ақыл-ой әлеміндегі жетістігі» деген текті тұжырым жасайды. Ал, ол тұжырымның астарында терең ақыл толғап, кемелді ой иесі атану керектігі деген кесек пайым жатқан жоқ па. Тап осы парасатты пайым тәуелсіз еліміздің тап бүгінгі қажетсінуіне толық жауап берер аса құнды, әрі құндылығын еш уақытта да жоймайтын пікір десек, асыра айтқандық болмаса керек. Сырымбет дәуірі кезінде жасөспірім Шоқан шығыс әдебиетінің нұсқаларын үйренуге әрі игеруге ерекше ықыласты болды. Болашақ ғалым араб, шағатай тілдерін де жете меңгеріп алды. Онысын зерттеу еңбектерінде еркін қолданысқа қосып, ғылыми айналымға еркін енгізіп отырғандығы дәлел. Кезінде көрнекті ғалым Н.М.Ядринцев: «Шоқан шығысқа тән ұшқыр қиялды әрі ақынжанды адам еді. Ол араб өлеңдерін қатты ұнататын әрі ол ұстазы Костылецкиймен бірге сол өлеңдерге рахаттанып, тамсанып отыратын» деп жазды. Жолымыз түсе қалса қайта қалпына келтірілген Айғаным қонысының қолатты қойнауына жиі аяқ басып, ұлы Шоқан да мына соқпақпен Сырымбет биігіне сан рет көтеріліп, анау қойтастың үстінде отырып, ақ қағазға әжесінің қонысын өрнектеп салған еді-ау дейтін бір ғажап тебіреніске толы күйікті сезімге бөленетініміз бар. Шоқан кәсіби шебер суретші болмаса да көз алдынан өткерген нысанды тура сол қалпында түсіре алатын, болашақ топограф ғалымның алғашқы сәтті қадамдарын аңдауға, аңғаруға әбден болады. Оған дәлелдікке артында қалған мұралары толық айғақ болмақ. Мәселен, «Сырымбеттегі Айғаным мекен-жайы» суретінің нұсқасы арқылы бүгінгі ханшаның қайта қалпына келтірілген қонысы дәлел. Мұнда тұрғын үй, медресе, мешіт, қора-қопсылар аса дәлдікпен өз орындарын тапса, мұны да бала Шоқанның сызбаларының арқасы деуіміз керек. Бұдан басқа, Шоқанның «Мекен-жайдың шығысынан қарағандағы көрінісі», «Сырымбет ауылында чиновникті қарсы алу», «Ханшаның ескі үйінің сипаты», сондай-ақ, «Сырымбет тауы», «Сырымбет тауы мен оның төңірегінің схемалық картасы», «Сырымбет тауы төңірегіндегі қазақтардың қыстаулары мен жайлауларының схемалық картасы» деген топографиялық жұмыстарын білеміз. Шоқан өмірінің озық білгірі Әлкей Марғұлан: «Сырымбет тауының басындағы биік жартас ел аузында көп айтылады. Шоқан сол төңіректегі тау көріністері мен ормандардың, өзінің туған ауылының суреттерін, әдетте, осы жартастың үстінде отырып бейнелейді екен. Сырымбетте болған кездерінде ол туған жерінің табиғат сәулетін: тау төскейлерін қаптай өскен қарағайлы ормандар мен шоқ-шоқ қайың ағаштарын, айнадай жарқыраған ғажайып сұлу көл айдындарын қызықтаған» деп еске алады. Шоқан есімін Сырымбет саласымен орайлас сөз етсек, бір-бірінен әсте бөліп қарастырудың мүмкін еместігін аңғарамыз. Өйткені, Сырымбет саласында өткен Шоқан әкесі Шыңғыс, әжесі Айғаным, нағашысы Мұса, көкесі Ханқожа, орыс зиялылары мен қазақ жұртының ақын-жыршысы, әнші-күйшісі, аңызшы-ертегішісі, қобызшы-сыбызғышысы Шоқан ой-қиялының кемелденуіне зор әсер етті. Ә.Марғұланның сөзімен айтсақ: «сана-сезімі ерте оянып, ой-пікірін үлкендерше тұжырымдайтын» деңгейге жеткен. Сырымбет кезеңінде Шоқан қазақ халқының мәдениеті мен тарихы, оның ішінде тұрмысы мен салты, әдеті мен ғұрпы, өнері мен өлең-жыры төңірегінен университеттік білім жинақтай алғандығын басымырақ айтуға хақылымыз. Саласына сыр тұнған Сырымбеттің тоқсан тараулы тарихынан әсте бөліп алуға келмейтін Шоқан Уәлихановтан кейінгі тұлға ол, сөз жоқ, Ақан сері. Осы орайда бір көргенде көзге пәс, қораштау көрінер Сырымбет шоқысының атақ-даңқын әлемге жайып, еңсесін еселей биіктетіп әкеткен ұлы құбылыс «Сырымбет» әні еді. Тап осы тұста осынау ғажап әннің сөзін күні бүгінге дейін бұрмалап айтушылықты еске сала кетуді жөн санаймын. Ермек Серкебаевтан бастап «Ауылым қонған Сырымбет» деп шырқайтындығы еш жасырын емес. Алайда, ән иесі Ақан сері Сырымбет саласына қоныстанбаған, оның ауылы, яғни әкесі Қорамсаның қонысы Қоскөл екендігі баршаға аян. Ал, Сырымбет Айғаным ханша қоныс тепкен, оның ұрпақтары Әбден, Мәмке, Шепе(к), Ханқожа, Әлжан есімді алты ұл, Рақия, Нұрилә атты екі қызы Сырымбет төңірегін иеленген. Сондай-ақ, басқа да төрелер осы мекенді қоныс еткен. Сол төрелердің бірі Жақып болса, оның Ақан сері ғашық болғаны Жамал есімді қызы еді ғой. Ендеше, Ақанның ауылы Сырымбетте отырған сүйгеніне арнап «ауылым қонған» емес, «ауылың қонған Сырымбет» деп ән салуы заңдылық емес пе екен. Әрине, дұрысы осы ғой. Қыздың ауылын өзіне теліп ауылым деуге Ақан, сөз білсе, бара қоймайды. Біз бұл оң пікірімізді ұлы Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты тарихи зерттеу ғылыми еңбегін оқығанда көзімізді толық жеткіздік. Өйткені, Мағжан да «Ауылың қонған Сырымбет» деп жазып, біздің дәлелімізді дәйектендіріп шегелей түседі. Хош. Сонымен Ақан сері қожым Тінәлі қажының қызы Ұрқиямен көңіл қосып, шаңырақ көтергенімен алған жары ұзақ жасай алмай өмірден озды, қам көңіл Ақан жас ару Жамалға назар құлатты. Өзінен көп кіші болса да сері көңіл сезімді билеп, ет жүрегін жетекке алып кетті. Ақан ғашық болды. Қыздарды мен не қылам, қылам-сылам? Қалайша ғашық отқа сабыр қылам? Жаңартқан өмірімді қалқа бала, Басы – жұм, ортасы – мим, аяғы – ләм, – деп жұртқа жұмбақтай жария етеді. Зеректігі елден ерек Ақан сүйген Жамалының есімін араб ғарпының заңына лайықтап: «жұм», «мим», «ләм» деп тұспалдайды. Сауатты қазақ оның Жамал екендігін біледі, қараңғылары Ақанның мұнысы несі екен деп аңтарылады. Кейін Жамал ұзатылып кеткенде де терең күңіреніске түскен сері «Сырымбет» әнін шығарады. Саумалкөл, Қоскөл, Сырымбет саласы ғашықтықтың мұң-зарына оранған осы бір ғажап әнді шырқайды. Теңін таппаған сандаған ғашық егіледі, шал-кемпірлер жоғалған жастығын аңсап күңіренеді. Ұлы Мағжан осы бір ән күйігін былайша төгілте жырлайды: «Жердің жүзіндегі мұң, адам баласының барлық зары сол «Сырымбетке» жиналғандай. Жамал ұзатылатын күндерде Ақан күндіз-түні күңіреніп «Сырымбетін» шырқайды да жүреді. Ақан түндерде «Сырымбетті» шырқағанда кім ғана жыламаған, қалың қарауыл жылаған. Жас пен кәрі жылаған, әсіресе, нәзік жанды жас Жамал жылаған...». Аулың қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына. А-а-а-ау сәулем. Қарындас-ау, енді есен бол... Бидайыққа лайық қалқа бала, Бөктергіге қор болып барасың да... Ауылың қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына. Дариға, қайрылмадың, қалқа бала, Жүректің енді ем жоқ қой жарасына... Алтын қайық жарасар күймесімен, Назым тартпас бұлбұл құс сүймесімен. Қоскөл жаққа таныса киіп барған Бешпентіңді бер, қалқа, түймесімен. А-а-а-ай... сәулем. Қарындас-ау, енді есен бол... «Сырымбет тауы – Жамалдың әкесі Жүсіп төренің қонысы. Ақанның Жамалға ғашықтығын жүйрік жүректің соңғы соғылуы, «Сырымбетті» Ақан жырларының ең соңғы сұлу жыры деуге болады. Жамал ұзатылған соң Ақан тұңғиық қайғысын құшақтап, қалың елдің ішінде жалғыз қалады. Ақанның мұнан соңғы өмірі сырттан гүлсіз, үнсіз, жырсыз, түрсіз өмірге айналады. Бұрынғы жат мінездері, тіпті жат, ұғымсыз түрге кіреді. Бірақ, дариға, жүйрік жүректің қайғысымен жылынып, сөнгенін, терең жанның оймен уланып өлгенін кім ұққан?!». Ұлы Мағжан ұлы Ақан ағасының бар қайғы-наласын осылайша қабылдап, осылайша ой түйіндейді. Біздіңше, бұл ұлы Ақан ағаның қасіретін қабылдай білген Мағжанның өзі де зар шеккен ұлы өмірімен астасып, шендесіп жатқан шерменде зар сипатындай емес деп кім айта алар. Әрине, солай! Біз қос тұлға – Шоқан мен Ақанның Сырымбетке тікелей қатысын жанамалап болса да айтуға талаптандық. Әрине, бұл талпынысымыздан аңызды Сырымбеттің асқақ тұлғасы танылды ма, жоқ па. Ол арасы өз төрелігіңде, ағайын. Біздің айтпағымыз – қазақтың қай жерінде де тап осындай аты аңызға айналған елді мекендер, сол елді мекендер өмірге әкелген еңселі тұлғалардың барлығы. Соны бүгінгі білмекке құштар ұрпақ танып, білсе деу ғой. Кезінде Сырымбет ауылында ақ мәрмәрден соққан 300 орындық Мәдениет сарайы бар еді. Қазір соның шаң басқан жұрты ғана жатыр. Жекешелендірудің желігіне ергендер тас-талқан етті. Ұлы Шоқанның ескерткіш белгісі ғана сол жұртта жетімсіреп тұр. Ақанның Қоскөлі жаңа жобадағы сәулетті үйлермен жасанып, орта мектеп, мәдениет сарайы бой көтеріп еді сол Қоскөл де азып-тозып, тоналып жатыр. Обал-ақ! Аяулы архитектор досымыз Төлеген Досмағамбетов соққан ескерткіш кешені ол тұр Ақан серісін жоқтап. Екі елді мекенде де ие жоқ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Ежелден өз құндылықтарына құнсыз қазақ жұрты осы тұста да берекесіздігін танытып алды. Тек күйкі тұрмыстан күйі кеткен Сырымбет тауы тұр тұлсыз тұлпардай бір оқшау қалыпта. Ақанның «Сырымбеті» оқта-текте шырқалады. Онда да сөзі бұрмаланып... Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы КӨКШЕТАУ