13 Мамыр, 2016

Тәжірибе алмасудың ерен мүмкіндігі

380 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
logo foruma*Астана экономикалық форумы қарсаңында Енді санаулы күндерден кейін, яғни 25-26 мамырда Қазақ­стан астанасында «Жаңа эко­номикалық ақиқат: әрта­раптандыру, иннова­циялар және білім экономикасы» тақыры­бында Астана экономикалық форумы (АЭФ) өтеді. Бүгінде әлемдік экономи­ка­ның күрделі проблемала­рын талқылайтын жаһандық үн­қатысу алаңы болып үлгерген АЭФ барған сайын дүние­жү­зінің белгілі сарапшыла­рын қызықтыратын орта­лық­қа айналуда. Жыл­дағы­дай оған биыл да экономика саласындағы Нобель сый­лығының лауреаттары, танымал кәсіпкерлер мен жетекші сарапшылар, саясаткерлер мен қайраткерлер көптеп қатыспақ. Әлемнің барлық мем­лекеттері салқынын сезіп отырған жаһандық эконо­ми­калық дағдарыс мамандар мен сарапшыларды бұл тығырықтан шығу жолын іздеуге мәжбүрлеуде. Қазіргі күні шикізат табыстарына тәуел­ді болып, экономиканы әртараптандыру жолын іздемеген мемлекеттердің экономикасы бұл тығырыққа тереңдей батуда. Сонымен бірге, жаһанды жайлаған дағ­дарыс барлық мемлекет­тер үшін жаңа өсу жолын­ таңдап, жаңа рыноктарды игеріп, дамудың тың бас­пал­дақтарына түсу үшін қосымша мүм­кіндіктер де ашып отыр. Бүгінде әлемдік экономика еңбек өнімділігін арттырып, жаңа технологиялар мен инновациялар арқылы қарқынды даму жолына түскенде ғана нәтижелі болатындығын көрсетіп берді. Міне, нақ осы келелі проблемалар Астана экономикалық форумына қатысушылар талқылайтын тақырыптарға айналмақ. Иә, бұл тақырыптағы пікірсайыстар жоғары дең­гейде әрі қызу талқыланбақ, себебі, форумға қаты­су­шылардың арасында өз кәсіптерін нөлден бас­тап, қысқа мерзім ішінде ға­лам­шардың ең табысты кәсіпкерлері қатарына енген тұлғалар бар. Мұндай тұл­ғалардың бірі – ғаламтор-сауда саласындағы қытай­лық «AliBaba Group» компа­ниясының негізін салушы, бүгінде ғаламшардағы ең бай адамдардың үздік жиыр­малығына енетін Джек Ма. Сондай-ақ, форумға Ха­лықаралық валюта қорының басқарушы-директоры Крис­тин Лагард, Еуропа Қай­та құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, британдық «The Economist» журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең беделді экономистердің үштігіне кіретін Колумбия университеті Жер инсти­тутының директоры Джеффри Сакс қатысады. Аталмыш қатысушылар Массачусетс технологиялық институтынның экономика профессоры, «Неге бір мемлекеттер бай, екіншілері кедей?» әлемдік бестселлерінің авторы Дарон Аджемоглу, АҚШ-тың бұрынғы прези­денті Р.Рейган (1981-1989) және Ұлыбританияның бұрын­ғы премьер-министрі М.Тэт­чердің (1980-1989) кеңесшісі Артур Лаффер, «Валюталар соғысы» бестселлерінің авторы Сун Хунбин, сонымен қатар, экономика саласы бо­йынша Нобель сыйлығының лауреаттары Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес және Томас Сарджентпен бірге әлем­дік қаржылық және эко­но­ми­калық жүйенің жаңа эко­но­микалық шынайылық жағ­дайында болып жатқан жаһан­дық өзгерістерін талқы­лайды. Форум шеңберінде дәс­түрлі түрде өтетін Қазақ­стан инвестициялық сам­ми­ті мен тұңғыш рет ұйымдас­ты­рылғалы отырған Жекеше­лендіру жөніндегі Қазақ­стан форумы бар. Оған қатысу­шылар қазақстандық эконо­микаға инвестиция салу мүм­кіндіктері туралы ақпа­рат ала алады. Ұлы Жібек жолы елдерінің форумы жа­һан­дық бастамаларды әрі қарай дамыту жолдары туралы түсінік береді. Сондай-ақ, АЭФ-2016 әлемдік эконо­миканың орнықты дамуы үшін еу­ра­зиялық транзиттік және су әлеуеті мен «Астана» халық­ара­лық қар­жы орта­лығын да­мытудың теті­к­тері мен құ­ралдарын ұсынады. АЭФ-тың негізгі және қо­рытындылаушы іс-шарасы – пленарлық отырыс болып табылады. Биыл аталмыш отырыс бірінші рет «Қазақстан» орталық концерт залының ғимаратында өткізіледі. Бұдан өзге, биылғы жылғы АЭФ шеңберінде ірі инвестициялық келісімшарттар және маңызды мемлекетаралық келісімдер мен бастамаларға қол қою жос­парлануда. Сонымен қатар, қазақстандық бизнес өкіл­дері үшін шетелдік әріп­тес­тер­мен және инвесторлармен арадағы байланысты реттеу мүм­кін­діктері туындайды. Қазақстандық өсу жолы Қазақстан Рес­публи­ка­сының Ұлттық экономика ми­нистрлігі жанындағы «Эко­номикалық зерттеулер инс­титуты» АҚ Дүниежүзілік банкпен бірге 2016 жылғы Астана экономикалық форумы шең­берінде «Қазақстандық өсу стра­тегиясы» сессиясын өткі­зеді. Қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы өндіріс және сауда шарттары тез өзгеру үстінде, осыған байланысты Қазақстан жаңа сын-қатер­лерге тап болуда. Сол себептен Қазақстан үшін орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатымен орташа мерзімді даму бағдарламаларын қай­та жасақтау әрі жоғары дең­гейлі экономикалық және әлеу­меттік әл-ауқаты бар елдер са­натына көшу маңызды саналады. Астана экономикалық фо­румының жыл сайынғы үн­қатысу алаңында, сарапшылар мен саясаткерлер ортасында тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар, өзге елдердің, әсіресе шикізатты экспорттаудың үлкен үлесіне ие мемлекеттердің эко­но­микалық өсуінің зама­науи трендтері және эко­номикалық даму үлгілері, сонымен қатар, жаңа экономикалық жағ­дайларда экономикалық өсуді ынталандырудың тетіктері талқыланады. Талқылауға жоспарланған мәселелер әлем­дік нарықтың барлық қаты­сушылары үшін өзекті болып саналады және орнық­ты экономикалық даму меха­низмдерін жетілдіру жолында жаңа серпін береді. Аталмыш сессияға Лаффер қисығын ашқаны үшін әлемге танымал болған америкалық экономист Артур Лаффер, экономика саласы бойынша 2010 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Кристофер Пис­саридес, Польшаның бұрынғы президенті Александр Квась­невский (1995-2005 жж.), француздық экономист және жазушы, Еуропа Қайта құру және даму банкінің бірінші президенті Жак Аттали (1991-1993 жж.) қатысады. Әлемдік экономиканың заманауи сын-қатерлерін талқылау және тәжірибе алмасу нәтижелері Қазақстандағы орташа мерзімді өсу стратегия­сына қатысты сараптамалық пікірлер мен түсіндірмелер алу, орташа мерзімді перспективада мемлекеттің орнықты өсу қарқындарын қамтамасыз ету мақсатымен экономикалық реформаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар жасау, сондай-ақ, экономикалық өсуді стратегиялық жоспарлау саласында тәжірибе және білім алмасу үшін сарапшылар арасындағы байланыстарды әрі қарай нығайту болып табылады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»