Кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы зор. Білімсіз қоғам ешқашан да өрге басқан емес. Кітап – білім мен ғылым айдыны. Міне, осындай айдынымызға таяуда ғана тағы бір құнды еңбек қосылғанын жұртшылыққа қуана жариялағалы отырмыз.
Ол – дипломат, журналист, публицист, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлсім Еңсепованың «Фолиант» баспасынан жарыққа шыққан «Фариза – көсемсөз патшайымы» атты ғылыми монографиялық кітабы. Бұл монографияда жұртшылыққа дарабоз ақын ретінде кеңінен танылған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың журналистік, редакторлық, публицистік қыры жан-жақты талданады. Аталған туындының тақырыбы мен идеясы, көтерген жүгі, мән-мазмұны, жанрлық алуан түрлілігі және стильдік сипатымен қоса, суреткерлік шеберлігін автор ғылыми тұрғыдан ашық та, жатық тілмен шебер суреттей білген. Шындығында, біз осы уақытқа дейін ақынның әлемін бір қырынан ғана біліп, оны тек сөз құдіреті – поэзияға ғана теліп жүріппіз. Ғалым Гүлсімнің бір артықшылығы сол, тың тақырыпты бірінші болып көре білді және дер кезінде оқырманға ұсынып үлгерді. Мұнымен бірге, монографияда ақынның көзі тірісінде баспа бетін көрмеген шығармалары қамтылғандықтан, ғылыми туындының құны мен бәсі одан сайын биіктей түседі.
Кітапта бұл монографиялық еңбектің жазылуына Фариза апайдың өз сөзі түрткі болғаны баяндалады. «Апай жайлы айтар болсам» атты эссесінде автор: «Басқосулардың бірінде апай: «Елдің бәрі мені ақын дейді де, журналист болғанымды айтпайды. Алғашқы мамандығым мұғалім болса да, еңбек жолым журналист болудан басталған. Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққан, осы салада талмай еңбек еткендердің бірі менмін. Мені халыққа танымал қылған, ең біріншіден, ақындығым емес, журналистік қызметім. Бірақ, қазіргі үлкен журналистердің бірен-сараны ғана болмаса, жастар жағы менің журналистік қызметім жайлы мүлдем естімеген», деп айтып отыратын» дейді.
Ақын Ф.Оңғарсынованың журналистік жолына, редакторлық қызметіне, публицистикалық шығармаларына тұтас бір шығармашылық жүйе ретінде, кешенді түрде толық әрі шынайы баға беру, оның публицистикалық мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан алғаш рет ғылыми айналымға түсіру басылымның басты жетістігі болып табылады.
Фариза Оңғарсынова – ақындық өнер мен журналистік кәсіпті қатар алып жүрген қаламгер. Әрине, мұндай үрдіс дүниежүзілік тәжірибеде, оның ішінде қазақ баспасөзінің тарихында да бар. Бірақ, сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан оның қыры мен сырына қанығу, басқаларға үлгі-өнеге ретінде ұсынудың пайдасы мол. Осы тұрғыдан алғанда, бұл кітаптың жетістігі мен құндылығы ерекше.
Жаңа туындыны парақтап отырып, автордың бұл еңбекте Фариза ақынның тек журналистік қызметіне ғана ғылыми талдау жасамағандығын көреміз.
Бұл туындының тағы бір құнды тұсы – Фариза апаймен жақын араласқан адам ғана білетін, жалпы жұртшылық үшін белгісіз болып келген кейбір қырлары мен сырлары ашылады.
Сонымен қатар, сырттай қараған адамға қатал мінезді болып көрінетін Фариза апайдың адамгершілігі, оның қандай балажан кісі болғандығы, қолының жомарттығы, мәрттігі секілді үлкен адами қасиеттері паш етіліп, ақынның өмірінен көпшілікке үлгі боларлық ізгілік істерін баяндай отырып, оны жаңаша қырынан таныта түседі.
Кітап қаламгер қауымға, журналистика саласын зерттеушілерге, студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, БАҚ қызметкерлеріне, жалпы оқырман қауымға арналған.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»