Екі күнге созылған Қызылорда облысының Ақтөбедегі күндері табысты өтті.
Облыстың өңіраралық кооперация аясында еліміздің оңтүстік аймақтарымен әріптестік байланысты нығайту қадамы уақыт өткен сайын қайтарымды бола түсуде. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының тауар өндірушілері керуендері атбасын Ақтөбеге бұрып, азық-түлік жәрмеңкелерін өткізген болатын. Енді Ақтөбеде Қызылорда облысының күндері өтті. Мақсат Ақтөбе мен Қызылорда облыстары арасында экономикалық-мәдени байланысты нығайту, өзара тәжірибе алмасу, өздерінде өндірілетін өнімдерді көршілеріне ұсынып, импорттың үлесін төмендету болып табылады.
Бұл жолы аймаққа Қызылорда облысынан 200-ге тарта делегат келді. Олардың арасында «Арал тұз», «Сыр маржаны» секілді белгілі шаруашылықтардың өкілдері бар. Қызылордалық делегаттардың 120-сы өнерпаздар. Олардың қатарында Қызылордадағы Тұрмағанбет Ізтілеуов атындағы ұлт аспаптар оркестрі, камералық хор және «Томирис» би ансамблі ұжымдары, жыраулар мен әншілер бар.
Қызылордалық делегация өкілдері сала-салаға бөлініп, аумақтың экономикалық-әлеуметтік және мәдени-спорттық әлеуетімен танысты. Өнеркәсіп саласының өкілдері қаладағы барлық инфрақұрылымы жүргізілген индустриялық аймақта, «Ақтөбе мұнай қондырғылары және сорғылар дайындау», «ЭкотонБатыс», «Назар Трейлер», «Каспий плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты іргелі кәсіпорындарда болды. Ал ауыл шаруашылығы саласы мамандарын «Ақтөбе жылыжай» ЖШС-нің көкөніс өндірісі мен «АкТЕП»ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен ет комбинаты қызықтырды. Серіктестіктің бірігей ет комбинатында жылына 7,5 мың тонна ет қалдықсыз өңделеді. Былтыр еліміз экспортқа шығарған 12 мың тонна еттің тең жартысы Ақтөбенің үлесіне тиесілі. Биыл еліміз бойынша сыртқа шығарылатын 20 мың тонна еттің 12 мың тоннасын ақтөбеліктер өндіреді.
Осы заманға медициналық қондырғылармен жабдықталған «Дару» оңалту орталығын, облыстық ересектер ауруханасын және құрылысы басталған офтальмологиялық аурухана жұмысымен танысқан қызылордалықтар өңірде медициналық кластер және медициналық туризм құру жобасының негізсіз емес екеніне көз жеткізді. Еліміздің батыс өңіріне ғана емес, көршілес облыстарға да маман дәрігерлер даярлайтын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті де кадрлармен қамтамасыз етеді. Қонақтар қала құрылысы, спорт, сауда және туризм салалары бойынша тәжірибе алмасып, өзара байланысты нығайтуға, ынтымақтаса жұмыс істеуге болатынына сенімділік білдірді.
Қызылорда облысының Ақтөбедегі күндері аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған қала және аудандардың әкімдері мен олардың орынбасарлары, мемлекеттік органдар мен кәсіпорын жетекшілері, облыстық мәслихат депутаттары мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер, сонымен бірге, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов бастаған делегация қатысты.
Дөңгелек үстел барысында облыстардың әкімдіктері арасында өзара ынтымақтастық және аймақаралық байланыстарды нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақаралық кооперацияны дамыту туралы тапсырмасына сәйкес биыл облыста еліміздің оңтүстігінен және Қостанай облыстарымен көкөніс пен өзге де азық-түлік түрлерін тікелей жеткізу жөнінде жұмыстар жолға қойылды.
Дөңгелек үстел барысында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев екі өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму бағыттарына тоқталып, алдағы уақытта қандай жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға болатыны туралы ойларын ортаға салды. Қол қойылған меморандумға сәйкес көршілес облыстардың арасындағы аймақаралық кооперацияның негізгі тұжырымдамалары мен бағыттары көрсетілген.
Өз кезегінде, көршілес екі облыстың білім басқармалары бірлесе отырып, ғылым, техникалық және кәсіптік білім беру, студенттер мен оқытушылар айырбастау бойынша жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге қол жеткізді. Қазірдің өзінде осындағы жоғары оқу орындарында 1500, колледждер мен лицейлерде 2 мың қызылордалық жас білім алуда. Бұл байланыс алда да жалғасын табатын болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы