14 Мамыр, 2016

«Реал» клубының жанкүйерлері содырлар қолынан қаза тапты

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
14-05-2016 real madridАСТАНА. 14 мамыр. Ирактың Балад қаласында лаңкестердің шабуылынан Испанияның «Реал» командасының жанкүйерлері қаза тапты. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Аталған команданың фан-клубының дәмханасына баса-көктеп кірген қаруланған топ бей-берекет оқ жаудырған. Салдарынан 16 адам қаза тауып, тағы бірнешеуі түрлі деңгейде жарақат алды. Қазір олар ауруханаларға жеткізілді. Экстремистер оқиға орнынан жасырынып үлгерген. Алайда, көп уақыт өтпей тәртіп сақшылары олардың бірінің ізіне түсіп, жергілікті сауда орындарының бірінде тұтқынға алмақ болған. Дәл осы кезде ол белдігіндегі жарылғыш затын іске қосып, өзін-өзі жарып жіберді. Сонымен қатар, «Ирак және Левант лаңкестік ұйымы» бұл істі өз мойындарына алғаны белгілі болды. «Реал» командасының жанкүйерлеріне шабуыл жасағаны бізді есеңгіретіп тастады. Терроризм енді футболға да зиянын тигізе бастады. Қаза тапқандардың жақындары мен отбасына көңіл айтамыз», – деп Испания кәсіби футбол лигасының президенті (LFP) Хавьер Тебас Twitter желісіндегі парақшасында жазба қалдырды. Аян Әбдуәли. Дерек, фото: РИА «Новости».