26 Қаңтар, 2011

Әкім есеп берді. Ел не деді?

479 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Жауапты науқан нақтылыққа құрылса игі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылдың 6 сәуіріндегі «Жергілікті атқарушы органдар басшыларының тұрғындармен кездесу өткізу туралы» Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында жыл сайын есептік кездесулер өткізуі игі дәстүрге айналды.  Мұның әкімдерді жұртшылықпен жақындата түсуге оң ықпал еткен қадам болғаны сөзсіз. Ал жуырда еліміздің бас қаласы – Астананың үш ауданы (Есіл, Сарыарқа және Алматы) әкімдерінің есептік кездесулері болып өтті. Оларда аудандардың соңғы жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы ақпарат беріліп қана қоймай, алда шешімін күткен мәселелер хақында да толғақты әңгімелер қозғалды. Есіл ауданының әкімі Қайрат Жа­ңа­бергеновтің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың акт за­лында  өтті. Тұрғындардың көп жи­налғаны соншалық, үлкен зал адамға лық  толды. Жиынға, сонымен қатар, Се­нат депутаты Қайсар Омаров, Президент Әкімшілігінің бас инспекторы Жанат Қожахметов, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, қалалық мәслихат депутаты Әбдел Қып­шақбаев және өзге де лауазымды тұл­ғалар қатысты. Есептік кездесу шарасы атқарушы билік пен халық арасындағы байланыс­ты нығайтатынын орынды атай келіп, әкім президенттік өкілеттікті ұзарту мә­се­лесінде 5 миллион қол қойғандар­дың ішінде ауданның 40 мың тұрғыны бар екендігін ерекше атап өтті. Есіл ауданы 2008 жылғы 5 тамызда Президент Жар­лығымен құрылған-ды. Аудан тұрғын­дарының саны ресми дерек бойынша бүгінде 180 мың адамға жетіпті. Орта және шағын кәсіпкерлік субъ­ек­­тілерінен былтыр 10 миллиард 253 миллион 679 мың теңге салық түскен. Сау­да-саттық мекемелерінің саны 228-ге жеткен. Құрылыс саласында да ауыз тол­тырып айтарлық жетістіктер бар екен. Қолданысқа берілген тұрғын үйлердің жалпы аумағы 387,3 мың шаршы метрді құрапты. Үстіміздегі жы­лы тағы 15 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Өт­кен жылы бірқатар әлеуметтік ны­сандар: 360 төсектік көпсалалы стационар, ауысымына 250 әйел қабылдай алатын әйелдер консультациясы бар 150 төсектік перзентхана пайдалануға берілген. Сондай-ақ ауданда 4 балабақша іске қосылыпты. Үлескерлердің қатысуымен 2010 жылы 7 нысан салынып бітсе, биыл тағы 12-сінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Қаланың экологиялық ахуалын жақ­сарту мақсатында «Талдыкөл» су жи­на­ғышына төгілген табиғи лай суды тазартып, Есіл өзеніне қайта бұру жобасы жүзеге асырылуда. Елді мекендерді абат­тандыру, санитарлық  және өзге де ережелерді сақтамағаны үшін 3 795 826,5 тең­генің айыппұлы салыныпты.  Тұрғын­дар­дың негізгі шағымы үлестік құрылыс, тұрғын үй кешендері құрылысының са­па­сы мен тариф саясатына қатысты болған. Есептік кездесуде тұрғындар  өздерін толғандырған мәселелер бойынша тиісті жауаптарын ала алды. Астана қаласындағы Алматы ау­да­ны әкімінің есеп беру кездесуіне жинал­ған жұрт қарасы едәуір болды. Қауым алдына шыққан аудан әкімі Сапар Ахметов өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралай келе, биылғы жылы көзделген бастамалардың барысын тізбектеп өтті. 2010 жылы аудан тұрғындары тара­пынан 84 сұрақ пен ұсыныс түскен екен. Оның ішінде: қоғамдық көлік, жол құрылысы бойынша – 24, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық мәселелеріне қа­тысты – 20, абаттандыру және ауданның санитарлық тазалығы бойынша – 12, құрылыс және жер мәселелері бойынша 10 сұрақ келіп түсіпті. Әлеуметтік саланы қамтыған сауалдардың бірқатары бала­бақша, мектеп және денсаулық сақтау мекемелеріне, қалғаны қоғамдық тәртіп проблемаларына қатысты болыпты. Сіз­дердің қатысуларыңыз арқасында 2010 жылы осы мәселелердің біразы өз шешімін тапты, деді С.Ахметов. Осылай дей келе, ол өз жүйесін тапқан бірқатар іс-ша­раларды атап өтті. Сапар Ахметов биылғы жылы да көп міндеттер атқарылу көзделіп отырғанын, ал олардың нәтижелі жүзеге асуы тұр­ғындармен тығыз қарым-қатынасқа да келіп тірелетінін баса айтты. Кездесу кезінде тұрғындар өз ұсыныс-шағымдарын айтып, өтініштерімен бө­лісті. Мәселен, ауданға қарасты кейбір тұрғын үй кешендерінің талапқа сай емес­тігі атап көрсетіліп, «Тамыз», «Най­за-Құрылыс» құрылыс компания­лары сыналды. Бұған қоса, балалардың ойын алаңқайларын қалпына келтірудегі кейбір жүйесіздіктер, бірқатар кө­шелерді тиісінше жарақтандыру, көгал­дандыру жұ­мыс­тарын жүйелі жүргізу, үйлер ара­сындағы жолдарды жөндеу, кейбір қа­лаішілік автобустардың жүру жиілігін үйлестіру секілді мәселелер көтерілді. Тұрғындардың талап-арыздарын мұ­қият тындап алған әкім оларды оң шешуге күш салатынын алға тартты. Ал біз есеп беру формальді жиынға айналмаса екен деп тіледік іштей. Сарыарқа ауданының әкімі Сәбиля Мұстафинаның есеп беру кездесуі Өн­діріс тұрғын алабы аумағында ор­наласқан «Ақмола вагон жөндеу за­уыты» АҚ-та  өтті. Өзінің сөзінде әкім аудан кәсіпорындары 42 миллиард тең­генің өнімін өндірсе, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 155,4 миллиард теңгені құрағандығына ерекше тоқталды.  3993 пәтерлі 32 тұрғын үй және коммерциялық мақсаттағы 10 ны­сан пайдалануға берілген. Үлестік қаты­сумен салынып жатқан 9 нысанның құрылысы қала әкімдігі олардан пәтер сатып алу есебінен аяқталыпты. Со­нымен бірге, ауданы 19,5 мың шаршы метр болатын 68 жеке тұрғын үй пай­далануға берілсе, төрт балабақша және осыншама мектеп құрылыстары жүр­гізілуде екен. Үкімет және қала әкімінің қаулыларына сәйкес 8 балабақша ком­муналдық меншікке қайтарылған. Былтырғы жылы «Жол картасы» бағ­дарламасы бойынша 51 аулаға абат­тандыру жұмыстары жүргізілген. Оқу орындарында 2 шағын футбол алаңы ашылса, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» АҚ тарапынан тағы 3 спорттық алаң ор­натылыпты. Аудан аумағында ЖЭО-1, ЖЭО-2 энергокөздерін кеңейту және ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ 140 тозығы шық­қан және апатты үйлер анықталып, апаттық топтарға бекітілген. Кездесу соңында Сәбиля Мұстафина жиналғандар тарапынан қойылған са­уал­­дарға жауап қайтарып, алда тұрған міндет­терді атқаруға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Өткен жыл әкімдер үшін оңай бол­мағаны белгілі. Биылғы жыл Қыс­қы Азия ойындарының Алау эс­тафетасын өткізу құрметімен бас­та­лып, Тәуел­сіздіктің 20 жылдығын тойлау, ал жыл­дың екінші жартысынан Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төр­ағалық етумен ұласқалы отыр. Олай болса, барлық деңгейдегі әкімдерге де жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Оның үстіне жыл­дан жылға тұрғындар тара­пынан әкім­дерге деген талап та артып келеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Астана.

Атқарылған істер бар. Бітпегені де жетерлік

Бұл күндері Алматыны құрап тұрған жеті ауданның әкімдері қала тұрғындарына есеп беріп, өткен жылды қорытындылап, жаңа басталған жылды жоспарлауда. Әкімдердің дәстүрге айналған елмен есептік кездесулерінің халыққа берері аз емес. Жергілікті басшылар жұртпен көзбе-көз жүздесіп, тұрғындардың сауалына жауап береді, тілегін тыңдайды, мұқтаждықтарынан хабардар болып отырады.

Жетістіктерге қоса, кемшіліктер де көзден таса қалмайды.

Сонымен, биыл Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мә­кежанов тұрғындарға бер­­­ген есебінде: «2010 жылы Әкім­шілік құқық бұзушылық ко­дексінің 387 бабына сәй­кес, көріктендіру ережесін бұ­зу бойынша 829 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 миллион 357 мың теңге көле­мін­де айыппұл салынды, оның 1 миллион 666 мың теңгесі өн­дірілді. 3 заңсыз құрылыс қо­қыстары ошақтары жойыл­ды», – деді. Әкімнің айтуынша, қала­ның жасыл аймақтарының үш­тен бір бөлігі Медеу ау­данына тиесілі. Аудан бо­йынша гүлзарлар отырғызу жұмыстары 13 шағын бақта, 2 көшеде, 2 жолайрықта жә­не 1 саябақта жүргізіліп, 3979 шаршы метрді қам­ты­ған. «Алматы қаласының сая­бақтары мен шағын бақ­та­рын көгалдандыру және да­мыту» бағдарламасының ая­сында «Достық» және «Офи­церлер үйінің» шағын ба­ғында жөндеу және кө­гал­дандыру жұмыстары жүр­гі­зілді. Ал, экологиялық жағ­дай­ды жақсарту мақсатында қолданыстағы ережелер мен тәртіптерге сәйкес жалпы ау­мағы 65,93 гектарды құ­рай­тын 1 саябақ, 27 ты­нымбақ, 8 желек жолдарына сани­тар­лық тазалау, көгалдандыру жә­не көріктендіру жұмыс­та­ры жүргізілген. «Әрине, бұл бағыттағы жұ­­мыстар жеткілікті дең­гей­де атқарылған жоқ, сондық­тан 2011 жылы қолда бар мүм­кіндіктерді ескере отырып, бірқатар шараларды жос­пар­лау­дамыз. Оларды жүзеге асы­ру арқылы біз тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақса­р­тып қана қоймай, қоршаған ортаны экологиялық ластанудан сақтайтын боламыз», – деді Медеу ауданының әкімі. Алатау ауданының әкімі Бағ­дат Мәнізоров «Әйгерім» шағын ауданындағы № 149 орта мектебінің мәжіліс за­лын­да өткен алғашқы кездесуінде «Әйгерім-1», «Әйге­рім-2» және «Көк-Кайнар» ша­ғын аудандары тұр­ғын­да­ры­ның арыз-шағымдарын тың­дап, жауап берді. «Халықтың әл-ауқатын жақ­­сарту, білім беру, ден­сау­лық сақтау нысандарын салу секілді қарқынды жұмыстарға аудан құрылғалы бері үш жыл­дың ішінде 33 миллиард теңге бө­лінді. Басқа ауданға бөлінбеген қаржы Алатау ау­данына бө­лініп, басқа ауданда салынбаған мектеп ғи­ма­рат­та­ры осы ауданда салынып жа­тыр. Әлі де газ, жарық, көлік секілді мәселелер алдымыздан көлденеңдеп шы­ғу­да. Дегенмен, әр нәрсе өз орнымен, кезегімен болады – өмір заң­ды­лығы солай», – деді мәслихат депутаты Нағигүл Нұр­хан­қы­зы. Жоғарыда айтылған 33 мил­лиард теңгенің 13 мил­лиардқа жуығы білім ны­сан­дарын салуға жұмсалғанын аудан әкімі өз есебінде айтып өтті. Олай болса, алды­мыз­дағы 2011-2013 жылдарға аудан көлемінде әлі де 11 мектеп, 6 балабақша ғимарат­та­рын көтеру жоспарда бар екен­дігін айтып, Алматы білім басқармасының бастығы Рахат Шимашева аудан жұрт­шы­лығын бір қуантып қойды. Ал кейбір аудандық Ден­саулық сақтау бөлімдерінің мә­ліметінше, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда биылғы жылы науқастардың саны артқан. Оған экология, көктем мезгіліне қарай өріс алатын аурулар және тұрғын­дар­дың салғырттығы да себеп болуда екен. Аудандық ішкі істер бас­қар­масы есебінен ауданда қыл­мыс жасау істері біршама азайғанынан құлағдар бол­дық. Алматыда ең тұрғыны көп аудан  – Әуезов ауданы. Атал­ған ауданның әкімі Бекқали Торғаев елге берген есебінде 2010 жыл мемлекетіміз үшін де, жекелеген осы аудан үшін жемісті болғанын айта келе: – Ауданымыздағы көп­те­ген кәсіпорындар мен өнер­кәсіптердің тұрақты жұ­мы­сының нәтижесінде мемлекеттік қазынаға 32 миллиард 97 миллион 989 мың теңге са­лық түсімі түсті, яғни жоспар 103,8 пайызға орындалды. Бүгінгі күні Әуезов ауданында 14 ірі кәсіпорын жұмыс істейді, жалпы Алматы қаласы бо­йынша өнім шығарудың өн­ді­рістік үлесі – 14,7 пайыз. Ша­ғын және орта бизнес сала­сында 2010 жылы тіркелген кә­сіпорындар саны 11 613 бірлікті құрады. Жыл ішінде ауданымызда 46 жаңа кәсіп­орын ашылды. Оның ішіндегі ең ірісі – 250 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз еткен «Метро» сауда орталығы және 500 жұмыс орнын ашқан «Прайм Плаза» сауда ойын-сауық орталығы, – деді. Б.Торғаев жөнделген кө­ше­лер­ді, отырғызылған жас кө­шеттерді айта келе, Елба­сы­ның Жарлығына сәйкес өткен жылы ауданда 306 көп балалы ана «Алтын Алқа» медалімен, 328 көп балалы ана «Күміс Алқа» медалімен марапат­тал­ғанын көлденең тартты. Біз мұны бекерге мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Егер Әуезов ауданы тұрғын­да­рының саны жағынан ең көп аудан саналса, есеп беру мерзімі ішінде Алматы қала­сын­дағы 3 перзентханада 19 728 нәресте дүниеге келген, оның ішінде 11 363 нәрес­тенің кіндігі осы ауданда кесіліпті. Аудан әкімдерінің есептік кездесулерінде тұрғындар та­­рапынан қойылған сұрақ­тардың көпшілігі жаңадан салынған көшелер мен кө­лемі ұлғайып келе жатқан аудан бөліктерін абаттандыру, жа­рықпен, жылумен қам­та­ма­сыз ету мәселелеріне арналды. Қай кезде де қалада ПИК-тердің жұмысына наразылық айтылмай қалған емес. Сол сияқты қаңғыбас иттердің мә­селесі де қайта көтерілді. Қа­зіргі таңда Алматының ең өзекті мәселесінің бірі – эколо­гия мен санитарлық тазалық... Халықтың сан қырлы өмірінде ілгерілеу бар екендігін ешкім жоққа шығара алмас, алайда, Алматы ау­дан­дарының бітпеген ша­руа­сы қай кезде де шаш етектен болып келеді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.