14 Мамыр, 2016

Даламызды асқақтатқан дарабоз

325 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ERA_8768+Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Олжас Сүлейменовпен кездесу кеші өтті. Ине шаншар орын қалмаған зал ішінде иін тірескен оқырман өздерінің сүйікті қаламгеріне қолдан келген қошеметін көрсетті. Олжекең туралы ода айтудан аулақ­пыз. Онсыз да Алаштан ат оздырған әлемдік әйдік тұлға оған оншалықты зәру емес. Ал­ғашқы аяқ алысынан-ақ алысқа шабар арғымақтың арынын байқатқан талант­ты ақынына алқалаған әлеумет әділ бағасын баяғыда-ақ беріп қойған. Кеңестік тоталитаризмнің «то­лық­сып» тұрған тұсында «Аз и Я» атты әйгілі кітабын жазып, айды аспанға бір-ақ шығарған көзсіз ерлігі көкірегі ояу көпшіліктің есінен сірә, кетер ме. СОКП Орталық Комитеті саяси бюросының тапсырмасымен, Сусловтай сұр кардиналдың сұқ саусағын шошай­туымен «ұлы орыс хал­қына қарсы жазылған ұлтшылдық  рухтағы» ең­бекті талқыға салғанда азулары алты қа­рыс академиктер жан-жағынан арадай талағанымен ата жаумен айқаста атойлап алдымен шабатын Олжабай батырдың жетінші ұрпағына қисынды уәж айта алмай қиналғаны әмбеге аян. Кейін іс насырға шабуға айналған соң Дінмұхамед Қонаевтай данагөйдің ақылымен баспасөз бетінде кешірім сұрағандай сыңай таныта салды... Осындайда ойға оралады. Жетпісінші жылдардың ортасында Мәскеудегі Ос­танкино телестудиясындағы шығарма­шылық кешінде оған керауыз біреу: «Осы уақытқа дейінгі жазғандарыңыздың ішінде бас тартатындай дүниелеріңіз бар ма?» деген қиямпұрыстау сұрақ қойды. Сол кезде сегізінші сыныпта оқып жүрген біздің өзіміз әлгі қудың нені меңзеп тұр­ғанын сездік те, теледидар бетіне телміре қалдық. «Қайтер екен?» Қаны қою әр қазақ­тың санасында осындай сұрақ қылаң бергені анық. Сабазыңыз сас­пады. Қалың көрер­менге қасқая қарап: «Я ничего подлого не написал», деді де келесі сауалға көшіп кетті. Еліміз тәуелсіздік алған соң айналасына ажал сеуіп келген Семей полигонын жабуға аттандап атсалысқан  азамат тағы Олжас Омарұлы екенін бүгінде екінің бірі біледі. Ал енді оның ел тарихын екшеудегі еңбегі тіптен ерен. Ұзақ жылдарғы ұдайы ізденістің жемісіндей «Мың бір сөз», «Атам заманғы түркілер» және басқа кесек туын­дылар автордың атақ-даңқын аспанда­тып жібергенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазағын ұлықтаған қайраткердің әм­бе­баптығын әр саққа жүгірткендер де болмай қалмады. Билік басындағы базбір идеологтарымыз: «Екі кеменің құйрығын ұстап екіленгенше, өлеңін жазып жайына жүрмей ме», дегенге дейін барды. «Егер тарихшыларымыз елге­зектік танытып, халқымыздың өткен-кеткенін, айналасындағы алыс-жақын көрші­лерімен аралас-құраластығын, рухани ауыс-түйісін жеріне жеткізе зерттеп, зерделесе әрине мен махаббат жырларын маздатып мамыражай поэзиямен айналысар едім. Амал қанша...» Кітапханадағы кездесуде осылайша ой толғаған көрнекті қаламгер көкейіндегі көшелі пікір­лерін көмейінде ірікпеді. Кейбірін келтіре кетейік. «Былтыр Қарағандының техника­лық университетіне барсам, менің ілгеріде айтқан: «Ұлттың күші – арсеналдарда емес, кітапханаларда», деген сөзімді қабырғаға көр­некі етіп іліп қойып­ты. Сол пікірімнен қайтпаймын. Кітапхана – адамзат ақыл-ойы­ның қоймасы. Бұл баға жетпес бай­лықтан айы­ры­луға болмайды». Осыған байланысты ол Ас­тана төріндегі Ұлт­тық кітапхана қорында бүкіл дүниежүзінде бірер данасы ғана сақтал­ған сирек құн­ды­лықтар барлығына ризашылығын біл­діріп, жас­тарды мұндай асыл қазы­наның қадірін сезінуге шақырды. «Біз қандай заманды бастан кешіп жатырмыз? Айтайын, бәріміз өтпелі кезеңде өмір сүрудеміз. Қайда барамыз? Қайда болушы еді, келесі өтпелі кезеңге келеміз. Кеудесінде жаны тұрғанда кез келген халық алға тарта береді. Бұл – қарапайым өмір қағидасы». Сөз сүлейі Сүлейменов енді бір сәт: «Социализмге қалай қарайсыз?» деген сауалға байланысты сөйлеп кетті. «Өзімді іштей социалист санаймын. Бұл ежелгі гректерде, Платон дәуірінде туған ескі һәм есті идеология. Түп-төркіні қоғам ұғымына саяды. Ендеше, қарақан басыңның ғана қамын жемей, қо­ғам жайында қордалы мәселе қозғағанның несі жаман?!.». Дуалы ауызды қойсаңшы бұл. Атақты адамның пайымдары әжеп­тәуір әсер етіп, көз алдымыздан баяғыда кітап сөрелеріне сыймай сіресіп тұратын Маркс, Энгельс, Ленин томдары еріксіз елес­теп өтті. Расымен де, жоғарыдағы жарық­­тықтардың шығармаларында іліп аларлық игі идеялар жетерлік-ау із­деген жанға. Ағыл-тегіл ақтарылған абыз өзін қан­дай өзекті проблемалар толған­дыра­тынын жұртшылыққа жайып салды. «Алды-артымызды абайламайтын албырт шағымызда өз жайымызды көбірек күйттеген шығармыз. Ал жас ұлғайған сайын мойныңдағы жауапкершілік жүгі ауырлап, халқыңның алдындағы қарызың мен парызыңды көбірек есте ұстайтын боласың. Ел, жер, әлем тағдыры жарғақ құлағыңды жастыққа тигізбей мазалайды. Әсіресе, дүбірге толы дүниенің аласапыран ахуалы қатты алаңдатады. Бейнелеп айтқанда бәріміз Планета атты алып мем­лекетті мекендейміз. Қазақстан соның бір аймағы іспеттес. Біздің еліміздің бейбітсүйгіш, бітімгершілік бағытындағы қайырлы қадамдары өзгелерге үлгі-өнеге бол­ғанын мақтан тұтамын. Өйткені, бейбіт күннің астында берекелі тірлік кешіп, қалаған ісіңмен шұғылдануға ештеңе жетпейді!». Белгілі журналист Ғаділбек Шалах­метов жүргізген басқосуға бір топ зиялы қауым өкілдері қатысып, мерейтой иесіне жылы лебіздерін жеткізді. Алғашқы сөзді алған Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрах­манов ғұлама ғалым Қаныш Сәт­баевтай ұлылардың кіндік қаны тамған қасиетті Баянауыл жерінде жетпіс жеті атасы өсіп-өнген Олжастай тарланбоздың то­пырағына тартып туғанын тілге тиек етіп, оның бүкіл болмыс-бітімімен  туған халқымыздың тұлпар мініп, ту ұстар ұлына, маңдайына басар марғасқасына айналғанын атап көрсетті. Содан соң арғымақ тектес ақынның сонау 1962 жылы жазылған: «Вблизи Чингизских гор его могила», деп басталатын өлеңіне тоқталып, небәрі екі шумаққа данышпан Абай дүниеге келген киелі өңірдің атомдық сынақтар салған жарасын сыйдырып жібергенін сүйсіне еске алды. Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов сегіз қырлы, бір сырлы Сүлейменовтің күш салуымен 2008 жылы ЮНЕСКО арнайы конференция ұйымдастырып, адамзаттың төрткүл дүниеге тарауы жөніндегі батыл болжамдарға жол ашылғанын алға тартты. Алқалы жиындар қазір Колумбия университеті секілді іргелі ғылыми орталықтарда жалғасын тапқанын, Аме­риканы ашқан арғы түріктердің айбынын асыруға Олжастай дархан дарынның қомақты үлес қосқанын айтты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин осыдан пәлен жыл бұрын: «Батыс та жоқ, Шығыс та жоқ, Бір әкенің екі баласы бар», деп көрегендік танытқан ағасының ұстанымы қазіргі уақыттың талабымен толықтай үндесетіндігін, қазақтың арғымағын, домбырасын, сағым ойнаған сары даласын жырға қосып асқақтатқан ақынның шалқар шабыты әлі де шалқи беретініне сенім білдірді. Кездесуде сахнаға жас талапкерлер шығып, орталарында отырған мәртебелі мейманның өлеңдерін оқыды. Өз кезе­гінде кемеліне келген кемеңгер Олжас ізбасарларына сәттілік тілеп, ақсақалдық ақ батасын берді. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» Астана