Ал сіз не дейсіз?
Тарих жазушылар тарапынан адамзат баласының бүкіл өмір жолы екі кезеңге бөлініп қарастырылды. Олар: «Тарихқа дейінгі кезең» және «тарихтан кейінгі кезең» деп аталды. «Тарихқа дейінгі кезеңге» адамзат баласы жаралғаннан бастап, жаңаша жыл санауға, яғни христиан эрасына дейінгі VIII ғасыр аралығы; ал «тарихтан кейінгі кезеңге» осы х.э дейінгі VIII ғасырдан бермен қарайғы мерзім жатқызылды. Сонымен бірге, адамзат баласының өсіп-өніп, әр тарапқа өркен жайған кейінгі ұрпақтарын да екіге бөліп, оның бір бөлігін «тарихи халықтар», екіншісін «тарихи емес халықтар» деп тану қалыптасты. Бұл баяғы «біз және басқалар» деп бөлінудің ғылыми тұрғыдан алғаш заңдастырылуы еді. Мұның «тарихи халықтарына»: «Жаратушының ерекше мейірі түскен, өркениетті, мәдениетті жасауға қабілетті халықтар», ал «тарихи емес халықтарына» бұған керісінше: «Жаратушының қарғысына ұшыраған, ізгілікті білмейтін, «тарихи халықтар» жасаған игілікті қиратушы, тонаушы жабайылар, тағылар» деген анықтама берілді.
Бүкіл саналы ғұмырын көшкіншілер тарихын зерттеуге арнаған ХХ ғасырдың авторы, орыс ғалымы Л.Н.Гумилевтің: «ХІХ ғасыр бүкіл прогресшіл өркениетті тек отырықшы халықтар жасаған, ал Орталық Азияны бейнебір тоқырау, болмаса жабайылық пен тағылық жайлаған деген тұжырымдаманы (концепцияны) мұра етіп қалдырды. Бұл тұжырымдаманың ең жаман жері – оның қателігінде ғана емес, оны ешқандай сынауға жатпайтын ғылымның жетістігі ретінде ұсынылуында» (Гумилев Л.Н. Хунны в Китае. Санкт-Петербург. 1994.стр.6) – деп ой түюі, осындай қитұрқы орын ауыстырудың мәніне көз жеткізгендігінен болса керек. Ал «ХІХ ғасыр қалдырды» деген осы мұраның ХХ ғасырдан да қаймағы бұзылмай өтіп, ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттағаны да бұл күнде ешкімге жасырын сыр емес. Бұл арада Л.Гумилевтің «Орталық Азияны» деп отырғаны соның ежелгі замандардан бергі тұрақты тұрғындары көшкіншілер жөнінде екенін түсіну тарихтан хабары бар кім-кімге де онша қиындық туғызбайды ғой деп білеміз.
Еуропалық емес халықтардың дүниені еуропалықтардың таным-түсінігімен зерделеп, болмысқа солардың көзімен қарауы – білімділіктің, ғалымдықтың белгісі болып саналды. Осыған орай көшкінші халықтар уақыт өте келе ғылыми танымды былай қойып, тіпті, өздерінің қалыптасқан қарапайым өмірлік төл танымын да еуропалық таныммен алмастыруға мәжбүр болды. Бұған айғақ ретінде қазіргі таңда Шығыс халықтарының алыс пен жақынды өз таным-түсінігімен ажыратудан қалып, өздерінің дәл жанындағы өңірді «Қиыр Шығыс» («Дальний Восток»), ал өздерінен тым алыста, батыс елдерімен шектесіп жатқан шалғай өңірді «Таяу Шығыс» («Ближний Восток) деп атап, атау мәнін осы мағынада танып жүргендерін айтсақ та жеткілікті. Мұның тек еуропалықтар үшін ғана солай, ал өздерінің таным-түсініктеріне мүлде кереғар екенінде қазір ешкімнің шаруасы жоқ. Өкінішке қарай, бұл және тек географиялық танымға ғана қатысты емес-ау!.. Ең ғажабы – сол, өзгенің таным-түсініктеріне жасалған осындай қиянаттардың кейде ешқандай мақсатсыз тек білмегендіктен кеткендігін кейін өздері білсе де, соны түзетіп, шындықты қалпына келтіруді де қажетсінбейді. Мұхиттың арғы жағындағы Америка атты алып құрлықтың кезінде аты-жөні ешкімге белгісіз ұсақ саудагер Америго Веспуччидің атымен аталып кетуі де, елінен Үндістанға барам деп шығып, адасып Америкаға барған Христофор Колумбтың құрлықтың тұрғындарын білместікпен «үндістер» деп таныған қателігінің кейін өзгертілмей сол күйі тарихқа енуі де осы айтылғанның айғақты дәлелі болса керек.
Қазіргі ұрпақтың тарихи санасы, міне, осындай жағдайда, яғни еуропалық таным-түсінікте жазылған тарих негізінде қалыптасты. Сол себепті де байырғы отырықшылар мен көшкіншілердің бүгінгі ұрпақтары бұл күнде өздерін қанша жерден жан-жақты білімдіміз, тарихи сауаттымыз дегендерімен, әлі күнге өздерінің ежелгі ата-бабалары жөніндегі тарихи таным-түсініктері осындай. Ішкі түйсік қарсылығына қарамастан, бірі – өздерін өркениеттілердің, екіншісі – өздерін жабайылардың ұрпағымыз деп сезінеді. Өйткені, тағылым алар ортақ тарих танымы ұрпақ санасын осылай қалыптастырған. Біздің жаратылыс тегі бір адам баласын бөлшектеп, жіктеуді «адамзатқа жасалынған әділетсіздік, тарихына жасалынған қиянат» деуіміз де осындай пайымдаулардан туындаған.
Бұл ретте еуроцентристік бағыттағы ғалымдар тек өзінікін ғана жөн көріп, өзгенің пікірімен санаспайтын өзімшіл өлермен өркөкіректерге тән мінезбен өздері әр кез кездесіп, танып-білген өмір шындығын да қаперлеріне алмады. Өйткені, бір ел басқа бір елдің шекарасын басқыншылықпен бұзып, бейбіт халқын қырғынға ұшыратып, елін тонап, байлығын талауға салса, сол шабылған елдің адамдарының оларды, тіпті, неше жерден дамыған, өркениеттің шырқау биігіне көтерілген елдің өкілдері болса да, оларды міндетті түрде «жабайы», «жауыз», «қанішер» деп атайтыны табиғи заңдылық екенін, басқаны айтпағанда да, кешегі отарлау дәуірінде еуропалықтардың өздері де өз көздерімен көріп, өз құлақтарымен талай естіді ғой. Оның сыртында, отырықшы елдердің жазба тарихынан басқыншылардың жаулаған елінің тұрғындарына жәбірлеудің, қорлаудың, азаптаудың жан түршігерлік неше түрін көрсеткенін талай оқыды емес пе?!. Ендеше, 1014 жылы Византия императоры Василийдің әмірімен тұтқынға түскен 15 000 бауырларының көзін ағызып, суқараңғы соқыр еткенін көрген болғарлардың; болмаса Арыстан Жүректі Ричард Палестинаны жаулап алғанда, жеңімпаздардың тұтқынға түскен 3000 адамды түгел өлтіріп, олардың ішін жарып, «жұтып қойды» деп ішек-қарынынан алтын мен асыл тас іздегенін көрген палестина тұрғындарының; немесе Италияның Кремон қаласын алғанда қолға түскен тұтқындардың басын кесіп, сол кесілген бастарды Рим императоры Фридрих Барборостың жауынгерлерінің доп қылып ойнағанын көрген кремондықтардың оларды өркениетті, мәдениетті елдің адамдары екен деп ардақтап дәріптемегенін, керісінше, «жабайылар», «жауыздар», «жыртқыштар», «қанішерлер» деп лағнет айтып, қарғысын жаудырып, зар еңірегендері ешқандай дәлелдеуді керек етпейтін шындық емес пе?!. Болмаса, дінді желеу етіп, ХІ ғасырда мұсылман елдеріне «Крест жорығын» жасаған батысеуропалықтардың ашкөз жабайылықтары, тіпті, жауланған елдің адамдарын былай қойып, жаулаушылардың өздерінің жанын түршіктіріп, төбе шаштарын тік тұрғызғанын жабайы тағылық, қанішер жауыздық демей, адамгершіліктің, өркениеттіліктің, мәдениеттіліктің көрінісі еді дейміз бе?! Егер олай болса, Бірінші крест жорығына қатысып, бәрін өз көзімен көрген француз хронисті Робер де Кларидің батыс адамдарына: «готовых продать за обол жену и детей» («қатыны мен баласын бір тиынға сатуға дайын». Обол – Византияның қола монетасы) (Робер де Клари. Завоевание Константинополя. Москва. Наука. 1986.), – деп баға бермес еді ғой. Сондай-ақ, осы Крест жорығына қатысушылардың Константинопольды қалай тонағанын өз көзімен көрген император Алексейдің қызы Анна Комнинаның оларды «тағы жабайылар» деп жиіркенішпен жазғаны да сол кездің өз шындығы емес пе еді. Бірақ «жазба деректерде осылай жазылған» деп бұл күнде бүгінгі батысеуропалықтардың ата-бабаларын ешкім де «жабайылар», «тағылар» демейді ғой. Олай болса, осындай өмірлік шындықтарды нақты біле тұрып, есте жоқ ескі замандардан қалған көне жазба деректері авторларының оңтүстік өңірлерге Ұлы Даладан әр кезеңде жаугершілікпен келіп, елін жаулап, жерін иеленген көшкінші халықтарды «жабайы», «тағы» деп жазғанын қалайша осы халықтардың нақты болмысын танытатын тарихи дерек деп қабылдауға болады?!. Неге көшкіншілер тарихы тек соларға ғана негізделіп жазылуы керек?! Бұл деректер де, барлы-жоғы, көне жазба авторларының елін шауып, бейбіт бауырластарын қырғынға ұшыратқан жаулаушылардың (көшкіншілердің) сол кездегі іс-әрекетіне қатысты берген бағасы, жеке өз көқарастары ғана емес пе!?. Басқаша айтқанда, көне жазба деректердегі «жабайы», «тағы» деген анықтауыштар отырықшы халық өкілдерінің елін шапқан көшкіншілерге деген ыза-кегін, жек көрушілік сезімін білдіретін, дәрменсіздіктерінің орнын толтыру ретінде айтылған жеке кемсіту қыжылын ғана көрсетпей ме?! Олардың қалдырған жазбаларындағы «жабайы», «тағы» деген сөздердің мәні де, мағынасы да, жоғарыда айтқан, Робер де Клари мен Анна Комнинаның жазбаларындағы «жабайы», «тағы» дегендерімен айтылу салмағы да, сөздік мағынасы да бір ғой. Сол себепті де қазір «жазба деректерде осылай жазылған екен» деп, жаңа айтқанымыздай, ешкім батысеуропалықтарды «жабайылар», «тағылар» деп жатқан жоқ. Оны сол кезде болған тарихи оқиғаның бір шындығы деп қана қабылдайды. Өйткені, болған оқиғаға байланысты сезім әуенімен айтылған сөздердің ешқайсысы белгілі бір халықтың халықтық болмысының ақиқатын танытатын, бұл жерде, олардың жабайы болған, болмағанын анықтап беретін тарихи дерек бола алмасы хақ. Олай болса, «жазба дерек» деп көшкіншілерге қатысты қағазға түскеннің бәрін алтынға балай бермей, ондағы мәліметтің мән-мазмұнына үңіліп, оның кезінде неге, не үшін, қандай мақсатпен жазылғанын анықтап, ғылыми зерде елегінен өткізу қажет. Онсыз шындыққа жету қиын, тек бір жаңсақтықты екіншісімен жалғастырып, қателіктер тізімін ұзарта береміз.
Осындай жағдайларға қарамастан, еуроцентристердің ешқандай өмірлік негізі жоқ сыңаржақ көзқарастарының ғылымда үстемдік алып, өз ықпалын жүргізуі – көшкінші халықтардың шынайы болмысынан бірден-бір дұрыс мағлұмат беретін олардың өздерінен қалған
Ауызша тарихты ұмыт қалдырды. Сол арқылы көшкінші халықтың өзінен шыққан тарихшыларды ауызша тарихтың берер деректерін көне жазба мәліметтерімен салыстыра зерделеп, өткен замандар шындығын өз тараптарынан айқындау мүмкіндігінен де айырды. Бұрын тарихты тек жазба дереккөздері дерегіне сүйеніп жазу – өркениетке ертерек қол жеткізгендердің өздерін өзгелерден артық етіп көрсетуге тырысқан өзімшіл кеудемсоқ менмендігінен өріс алса, ол енді отарлаушылардың кешегі отарлау дәуірі кезінде отты қарудың күшімен қырып-жойып жаулап алған елдерінің халқының ұрпағының санасын қалыптастыру идеологиясына қызмет етті. Сөйтіп, көне жазба деректердегі «жабайы», «тағы» деген сөздерді мейлінше жалаулатып: «міне, көрдіңдер ме, сонау есте жоқ ескі замандардан бері жабайы, тағы едіңдер, сендерді ел қатарына қосып, мәдениетті еткен біз» дегенді ұрпақ санасына тықпалаудың тиімді құралына айналдырды. Бұған айғақ ретінде, басқаны айтпай-ақ, кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі қазақ халқының тарихын өзінен шыққан бір тарихшыға жаздырмай, басқа ұлттың өкілдеріне ғана жаздыруын және оларды тек бірыңғай жазба дереккөздеріне ғана сүйенуге мәжбүрлеуін айтсақ та жеткілікті. Өйткені, бұл – бәріміз бірдей куә болған кешегі күннің шындығы.
Осындай себептермен ауызша тарихтың дерегі еш кәдеге жарамай, қажетсіз болып қалды. Оның бәрі бос қияли әңгіме, мифтік аңыз, ертегі, әрі кеткенде «өздерін өздері дәріптеуі» деп бағаланды. Ауызша тарихтың табиғатын түсінуге, оның деректерін саралай талдап, зерделеуге көшпелі өмір салттың болмысынан мүлде бейхабар еуропалық таным-түсініктің дәрмені жетпеді, жеткізейік деген ниет те болмады. Соның салдарынан даланың ауызша тарихының (ДАТ-тың) дерек беру тәсілі мен образға оралған ойлардың астары ашылмай, шешілмеген жұмбақ күйінде қала берді.
Осы орайда бұлай деуіміздің мәнін аша түсу әрі әр халықтың тарихын еуропалық таным-түсінікпен шектелмей, сол халықтардың өздерінің таным-түсінігімен сараптаудың қажеттілігін көрсету үшін, көрнекі айғақ ретінде, ауызша тарихтың түрік, үйсін, қырғыз халықтарының бәрінің шығу тегіне қатысты ауызша тарихтың ортақ бір дерегіне талдау жасап көрелік.
Бұл дерек бойынша: «Ерте заманда жауласқан екі елдің бірі екіншісіне тосыннан шабуыл жасап, адамдарын түгел қырып, үйлерін өртеп, бар малын тігерге тұяқ қалдырмай айдап әкетеді. Жұртта тек аяқ-қолы шабылған бір бала ғана аман қалады. Осы аяқ-қолы кесіліп, қанға бөгіп жатқан баланы кейін қасқыр асырап, ержеткізеді. Баланың өлмегенін естіген жау жақтың ханы оны өлтіруге арнайы адам жібереді. Әлгі адам келсе, шынында бала тірі екен, қасында қасқыр, төбесінде ет тістеген қарғалар ұшып жүр дейді... Құдайдың құдіретімен аман қалған осы баладан өсіп-өнген ұрпақтан кейін тұтас бір халық пайда болады» («Сүй кітабы» («Сүйшу»). 84-буманың 49-баяны және «Жыу кітабы (Жыушу») 50-буманың 42-баяны). Бір-біріне ұқсас үш аңыздың ортақ мазмұны осындай.
Ауызша тарихтың осы дерегін еуропалық таным-түсінікпен талдасаңыз, бұл, шынында да, қияли ертегі, миф сияқты. Оған тарихи дерек деп қарауға да, сенуге де болмайды. Өйткені, біріншіден, аяқ-қолы шабылып, айдалада жалғыз қалған баланың басқа бір адамның, онда да медицинадан хабары бар адамның көмегінсіз тірі қалуы мүмкін емес, көпке бармай қансырап өледі. Екіншіден, қасқырдың табиғаты белгілі, қан көрсе, қасындағы серігінің өзіне ауыз салатын жыртқыштың қанға бөгіп жатқан баланы асырау орнына, оны сол жерде пәрша-пәршасын шығарып жеп қояры даусыз. Бұл – шынайы өмірден жұрттың бәрі білетін шындығы. Бұған талас жоқ.
Енді ауызша тарихтың осы дерегін көшкіншілердің өздерінің таным-түсінігі тұрғысынан талдасақ, мұнда ешқандай әсірелеу де, миф те жоқ. Бұл бар болғаны кәдуілгі өмірде болған тарихи оқиғаның образға оралып берілген нақты баламалық көрінісі ғана. Көшкіншілер ұғымында: қырғын тапқан елдің жұртында аман қалған бір бала – сол елдің халқының түгел қырылмағанын, жұртында өсіп-өнер тұқымның қалғандығын білдіретін символдық тұлға. Басқаша айтқанда, бұл – сол шабылған елдегі бас көтерер ересек азаматтардың бәрі түгел қырылып, жұртта қайрат қылар қауқары жоқ, дәрменсіз бала-шаға, кемпір-шал ғана қалды деген сөз. Баланың аяқ-қолының кесілуі соның айғағы. Өйткені, баланың аяқ-қолының кесілуі – шапқыншылардың шабылған елдің асыраушы азаматтарын түгел өлтірумен бірге қорек қылар азық-түлігін де, аяқ артар көлігін де түк қалдырмай сыпырып әкеткенін білдіреді. Бұған көшкіншілердің жұмсар баласын, асыраушы азаматын – «қолым», «қол-қанатым»; ал мінетін көлігін – «аяғым», «аяқ-ылауым» дейтіні куә. Мұны, басқаны айтпағанда, «аяқ-қолы кесілді», «қолды-аяқтай» тіркестерінің күні бүгінге дейін қазақтар арасында дәл осы мағынасында қолданылатыны да дәлелдейді. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиын кезеңде қолғанат етіп жұмсап отырған баласы мен аяқ ылау жасап отырған жалғыз атын белсенділер (бригадирлер) шөп шабу науқанына зорлықпен алып кеткенде, қысқы отын-суын дер кезінде дайындап ала алмай қалған қарттардың: «көрмейсің бе, мыналардың аяқ-қолды бірдей кесіп, кәріп қылып қойғанын» деп бір-біріне мұң шағып, ренішін білдіріп отырғанын өзіміз де талай естіп, көріп өстік.
Осы ретте мұндай ұғымның басқа шығыс халықтары үшін де жат еместігін және оның тым ерте заманнан бар ұғым екенін де еске салуға болады. Мысалы, х.э.дейінгі ІІ ғасырда өмір сүрген қытайдың әйгілі жиһанкезі Жан Чиәннің (Жан Кяньнің) өзі болған батыстағы елдер жайында айта келіп, патшасына (императорына) усундардың күнмиіне «император қызын» әйелдікке беру арқылы оларды сиуңнуларға қарсы соғыста одақ қылуға болатынын айтып: «Егер осылай істесек, сиуңнулардың оң қолын кесер едік» дейтіні бар (Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавщих в Средней Азии в древние времена. Т. ІІ. М.- Л. 1950. Стр. 155-156). Осы бір деректің өзі-ақ ауызша тарих дерегінің бәрі бірдей қиялдың жемісі еместігін, табиғатпен қойындаса егіз өскен көшкіншілердің болған тарихи оқиғаны көркемдік көрпесіне орап, тұспалдап жеткізудегі тәсілі, образды ойлаудың көрінісі екенін анық көрсетсе керек.
Ауызша деректің бұдан кейінгі «аяқ-қолы кесілген баланы қасқырға асыратуы да, үстінде ет тістеген қарғаларды ұшыртуы» да осы айтылғандардың айғағы. Мұнда да мифтік ештеме жоқ, бәрі далалық тірліктің өз шындығы. Мұны өз болмысында түсіну үшін асырар азаматтарынан, тұтынар мал-мүлкінен, ішіп-жер азық-түлігінен бір сәтте түгел айырылып, жұрдай болып, айдалада қаңғып қалған дәрменсіз жандардың алғашқы уақыттардағы күнкөрісінің қалай боларын көз алдыңызға елестете алсаңыз жетіп жатыр. Сонда теріп жер жеміс-жидегі жоқ, жалаңаш жайдақ далада оларға тек қасқыр өлтірген жас өлексеге ортақ болудан басқа амал жоғына көз жеткізесіз. Бұған әйгілі Шыңғыс ханның тікелей атасы Бодончардың ағалары қуып жібергеннен кейін айдалада осылай өлексе жеп күн көргені де дәлел. Бұл ретте «Моңғолдың құпия шежіресі»: «Бодончар қасқыр жеген жемтікті теріп жеп,.. бір қыс өткізеді» (Моңғолдың құпия шежіресі. Өлгей. 1979. 25-б.) деген дерек береді. Ал мұндай жағдайда, мына ұшы-қиыры жоқ, далиып жатқан байтақ даланың қай жерінде, қай қырқасының астында жас өлексенің бар екенінің жедел хабаршысы – жемтікке үймелеп, ұшып-қонып жүрген қарғалар екені тағы белгілі.
Міне, ауызша тарихта берілген: «баланы қасқыр асырауының, үстінде ет тістеген қарғалардың ұшып жүруінің» көшкіншілердің өз танымымен талдағандағы деректік ақпараты осындай. Ал бұл – бір осы жағдайда ғана емес, ауызша тарихтың кез келген деректерінің де өзіне тән осындай шешуі бар деген сөз. Тек өкініштісі – ғылымда өз үстемдігін орнатқан еуропалық таным-түсінік ауызша тарих дерегін көшкіншілердің өз таным-түсінігі бойынша талдап-тануына әлі күнге ырық бермей, не өздері тануға талпынбай, оларды шындығынан жалғандығы басым көне жазбалардың «жабайылар» деген дерегіне тәуелді етумен келеді.
Ауызша тарихтың бір қайнар көзі – шежірелік деректер екені белгілі. Өйткені, дүниежүзі халықтарының қай-қайсысының да төл тарихының бастауының түпнұсқалық негізі осы шежірелік деректерде жатыр. Бірақ шежіренің тарихи-әлеуметтік дерекшілдігіне, әсіресе өздерінен жазба дерек қалмаған көшкіншілер үшін оның танымдық мән-мағынасының әмбебаптығына қарамастан, қазіргі тарих ғылымы осы шежірелік деректерге әлі күнге әрі кеткенде тек жанама, қосымша дереккөзі ретінде ғана қарап келеді, «жанұялар (әулет) тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тетік» (А.Сейдімбек) ретінде қарайды. Алайда мұндай түсінік шежіренің шын мәніндегі мазмұны мен қызметін толық ашып бере алмайды.
Жалпы, бұл ретте, еуропалық таным-түсініктегі шежірешілдік пен көшпелі өмір салт тудырған шежірешілдіктің арасында айтарлықтай айырмашылық барын естен шығармаған жөн. Көшкіншілер үшін шежіре, ең алдымен, адамдардың жады арқылы ұрпақтан ұрпаққа дәстүрлі түрде беріліп келген, сан алуан айтушылар мен тыңдаушылардың таным, талғам сүзгісінен өткен тарих. Бұл тарихтың негізгі өзегі – әр кезеңде басынан өткерген тарихи оқиғалары жөніндегі халықтың өзінің естелігі. Мұнда ататекті түсіндіре таратып, кімнің кімнен өрбігенін айқындайтын есімдер тізбегін нақтылаумен бірге ру-тайпалардың пайда болу, қалыптасу тарихынан жүйелі кең мағлұмат беріледі. Онда және қазақтың этнолог ғалымы А.Сейдімбектің сөзімен айтқанда: «...халықтың қария сөздерінің аясында ұрпақтың генеалогиялық сабақтастығы ғана баяндалып қоймайды, ең бастысы, нақтылы тарихи оқиғалармен бірге тұлғалар туралы эпикалық жыр-толғаулар, тарихи аңыз-әңгімелер, ғибратты шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер, әсіресе, ситуациялық мысалдар генеалогиялық ақпараттың негізгі мазмұнына айналып отырады. Яғни қазақ шежіресін (шежірешілдігін) халық болмысының барлық қырын сан алуан үлгіде паш ететін тарихи ақпарат қоймасы десе болады. ...Өткен тарихтың көпшілік ортада ауызша баяндалуы, сөйтіп этнос тарихының ұжымдық жадқа (памятіне) айналуы, ең алдымен шежіре деректерінің объективтілігі мен шыншылдығын қамтамасыз етіп отырған» (Сейдімбек А.С. «Қазақтың ауызша тарихы. Астана. «Фолиант». 2008. 13-б.).Шежіренің осындай қасиетіне мән бермей, оның айтпағын жан-жақты талдап, танып тұшынбай, тарих тұңғиығының тереңіндегі шындықтың бүгінге жеткен жаңғырығының баламасын ажырата тану да, одан нақты бір тұжырым жасау да мүмкін емес.
Осы орайда ретіне қарай айта кететін тағы бір мәселе бар. Ол – ресми тарихта әу баста «көшкіншілер» деген атау көшпелі өмір салтын тұтынатындардың бәріне ортақ болғанымен, кейінгі ғасырларда бұл атаудың негізінен Орталық Азияның тұрғындарына, одан да гөрі нақтыласақ, бірыңғай түріктектес халықтарға қатысты қолданылатындығы. Мұның бұлай болуының басты себебі, біздің пайымдауымызша, ХІ ғасырда мұсылман елдеріне қарсы ұйымдастырылған атышулы «Крест жорығынан» басталып, ұзаққа созылған ортағасырлық текетірестің еуропалықтар санасында түрік халықтарына деген дұшпандық көзқарасты қалыптастыруында жатқан секілді. Өйткені, мұсылмандарға қарсы жорыққа шыққан крестшілердің бетін қайтарып, оларды үлкен жеңіліске ұшыратқандар негізінен түріктектес халықтардың жауынгерлері болатын.
Шындығына келгенде, «түрік» атауы тек ХІХ ғасырдың аяғында дат ғылымы В.Томсен Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі беймәлім құпия жазуды оқудың кілтін тауып, оны 1893 жылдың 15 желтоқсанында Данияның Ғылым академиясының Президиумының алдында жалпы жұртқа жария еткенінен кейін ғана барып, біртіндеп атала бастады. Онда да түрік халқы тек х. э. кейінгі VI ғасырда шаңырақ көтерген, ресми тарихта «Түрік қағанаты» деп аталатын мемлекеттің тұрғындары ретінде ғана танылды. Өкініштісі – «түрік» аталған осы мемлекеттің тұрғындарының да, сондай-ақ олардың ежелгі ата-бабаларының да және олар пайдаланған жазудың да осы алтыншы ғасырдан да бұрын болғаны, соған қарамастан, бұлардың бір де біреуінің, атап айтқанда, не халқының, не олардың ата-бабаларының, не жазуының осыған дейін неліктен түрік аталмай келгені ешкімді ойландырмады. Соның салдарынан «түрік халқы VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық» деген тұжырым тарих ғылымына еніп, ақиқаты анықталған ғылыми тұжырымдама ретінде берік орнықты. Осыдан кейін жалпы жұртшылықта VI ғасырдан бұрын түрік халықтары болмаған деген ұғым қалыптасты. Сол себепті кейінгі заман ізденушілері түрік халықтарының көне тарихын тек Түрік қағанатының тарихынан бастауға мәжбүр болды. Ал бұл түрік халықтарының бастау тарихы, яғни VI ғасырға дейінгі тарихы зерттеусіз қалды деген сөз еді. Осыған байланысты түріктектес халықтардың тарихына қатысты куәлік берер есте жоқ ескі замандардан жеткен заттық айғақтар мен жазба мұралар жан-жақты зерттеліп, ақиқаты анықталмай-ақ, жер бетінен із-түзсіз жоғалып кеткен тегі белгісіз халықтардікі деп танылып, бәрін соларға телу дәстүрге айналды. Осыдан келіп, адамзаттың ортақ бастау тарихы сол адамзаттың бір бөлігі түріктектес халықтардың тарихынсыз жазылды. (Солай екеніне көз жеткізу үшін «Әлем тарихының» алғашқы томдарын оқып көрсеңіз жетіп жатыр).
Осы айтылғандардан ой қорытсақ, ортақ тарихымыздағы осындай олқылықтардың орын алуының басты себебі, жоғарыда айтқанымыздай, тарих жазушылардың әу баста өзімшіл менмендіктің (эгоцентризмнің) қосын жегіп, ата тарихтың өткеннің өмір тәжірибесін алға тарта отырып, адамзат баласының ұрпағын адамдық қалыптан шығармай, бірлікке, кісілікке, парасаттылыққа, бауырмалдыққа, мейірімділікке, жарасымды үйлесімділікке және тағы басқа осылар тәрізді ізгі қасиеттерге баулып жетілдірер тәлімгерлік қызметін ескермей, оны әр заманда үстемдік етуге ұмтылған билеуші топтардың қажеттілігін өтеудің құралына айналдыруынан деп білген жөн сияқты. Соның салдарынан тарих – ата-бабаларымыздың сан мыңжылдық тірлігінің тәжірибесінен жинақталған, тағылымы мол өмір мектебі болудан қалды. Тіршілік керуенінде толқын-толқын болып, бірін-бірі ауыстырып жатқан ұрпақтар сол өмір мектебінің тәрбиесін ала алмай, үдере соққан кезеңдік саясат желінің жетегінде кетті. Нәтижесі – бүгінгі бәрімізге ортақ бастан өткеріп жатқан тірлік: соғыстар, дағдарыстар, жарылыстар, жазықсыз құрбандар, босқындар... Мұның бәрі адамзат баласының адамдық қалыбына ақау түскендігінен, шыққан түп-тегіміздің бірлігін ұмытып, бір-бірімізді бауыр тұтып, жанашырлық таныта алмағанымыздан болып жатқан тірлік. Құдай бізді әуелде жер бетіндегі бүкіл жан иелерінің бәрінен ерекшелеп, Адам етіп жаратты. Сондықтан, Жаратушының осы берген артықшылығын бағалап, алдымен, өзіңнің Адам екеніңнің мән-мағынасын жете танып, сол арқылы басқаларға, яғни хайуанға да, мақұлыққа да ұқсамай, Адам болып өмір сүру – біздің қай-қайсымыз үшін де жаратқан Жалғыздың да, аялаған Табиғаттың да, өсірген Қоғамның да алдындағы басты парыз болмақ. Осы киелі парызды ойдағыдай өтеуде баршамызды ата-бабаларымыздың өмір тәжірибесін жинақтап, тағылымды тәрбие мектебінен өткізетін құдірет – болмысты боямасыз көрсететін Ақиқат қолымен, періштелік тазалықпен жазылған Ортақ тарихымыз екенін естен шығармайық. Тарихты қайта жасауға болмайды. Бірақ бар тарихқа байыппен қарап, кезінде түрлі-түрлі себептермен орын алған кемшіліктерді ғылыми зерде елегінен өткізіп, екшеп отыру – әр ұрпақтың алдында тұрған келелі міндеттердің бірі болса керек .
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ