14 Мамыр, 2016

Жерді сатып алғандар

849 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
DSC08097оны аздыруға мүдделі болмайды «Ащы менен тұщыны татқан білер, алыс пенен жақынды жортқан білер» дегендей, жердің жағдайы мен оның жай-күйін бір білсе, барлық саналы ғұмырын жермен жұмыс істеуге арнап келе жатқандар білетініне ешкім талас туғыза алмайтын шығар. Жердің қадірі мен қасиетін терең ұғына алатындар да ең алдымен ауылдағы шаруа баққан ағайындар екені анық. Ауылда туып, ауылда өсіп, егін егіп, мал баққан еңбекқор жандар, маңдай терін сыпырып, жер­ді аялай да, баптай да білген шаруа қожа­лықтарының жетек­ші­лері республиканың қай өңірінен де табы­лады. Солардың бірі Теректі ауданындағы «Мәдиев» шаруа қожа­лы­ғы­ның басшысы Сәлембай Мәдиев. Ол зейнет жасына жетсе де ұзақ жылдардан бері қаны мен дағдысына сіңіп кеткен жермен жұмыс істеу үрдісінен ажы­рай қоймапты. Ол кісімен әңгіме Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және осы жаңа нормаларға рес­пуб­лика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған мораторийге қатысты өрбіді. Сәке, біз сіздің ұзақ жыл­дар­дан бері қойнауы құт, жері бай Теректі торабында талмай еңбек етіп жүргеніңізді жақсы біле­міз. Әрі ылғи да жақсы ха­ба­ры­ңызды естіп жүреміз. Бабын тапса – жер жомарт де­мей ме? Сондықтан сіз бұған де­йін жер­дің бабын қалай тауып жүр­ге­ні­ң­ізді айтып бермес пе екенсіз? – Айтып берейін қарағым, неге айтып бермеске? Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Жер жарықтық қай кезде де қамқорлық пен күтімді қажет етеді. Егер бұлай істеуге ерінсең, бұған мойның бұрылмаса жерге жақындамай қойғанның өзі абырой. Өйткені, жердің киесі бар. Жерге немқұрайлы қарасаң, оны күту мен баптауды салақсытып жіберсең, оның киесі ерте ме, кеш пе әйтеуір, күндердің бір күнін­де ұрмай қоймайды. Сондықтан бұған жол бермеуіміз керек. Ми­не­­ралды және органикалық тыңайт­қыштарды пайдаланудың да өз жөні мен тәртібі және бекітілген нормасы бар. Оны бей-берекет төге беруге болмайды. Егер жермен жұмыс істеушілер мен бұл алқапты уақытша пайдаланып отырмын, осы уақыт ішінде өзіме қажетті пайданы алсам болды, тапсам болды, арғы жағы пұл болмаса, күл болсын деген көңіл-күй ауанында болса жердің бағы ешуақытта ашылмайды. Ешуақытта жанбайды. Керісінше, оның соры бес елі, бес батпан болып қала береді. Байқауымша ортаң қолдай, тәп-тәуір шаруашылығыңыз бар секілді. Мына тұнып тұр­ған алқаптың бәрі сізге тиесілі ме? Күздік бидайдың шығымы қан­дай жақсы, теп-тегіс, көз­дің жауын алғандай. Бұған маң­дайы­ңыздың тері біраз тамған-ау, шамасы... – Жер кодексі талаптары мен жер жөніндегі заңдылықтарға сәй­кес мен бұл алқапты 49 жыл мер­зім­ге жалға алған болатынмын. Оған он жылдың үстінде уақыт өт­ті. Бұған дейінгі тәртіп бойынша мен осы 5500 гектар жерді әлі де отыз жылдың үстінде пайдалана аламын. Ал оны біржола өз менші­гіңізге сатып алуға қалай қа­рай­сыз? Дәл осы жерде сіз­дің таба­ны­ңыздың ізі мен қолы­ңыз­дың күсі жатыр емес пе? Мұн­дай шұрайлы жер сіз секілді аялы алақаны бар адамның ие­лігі мен жекеменшігіне көшсе азбасына да, тозбасына да кепіл­дік бар секілді көрінеді. – Сатып алу дейсіз бе? Білдірген сеніміңе рахмет, қарағым. Менің ойымша бас-көзге қарамай, алды мен артын ойламай жерді сатып алуға болмайды. Неге олай дейсіз? Заң бо­йын­ша сізге сатып алу құқы­ғы берілетін болса, бұдан неге бас тартқыңыз келеді? – Бұлай дейтін себебім, жерді жекеменшікке сатып алудың жауап­­кершілігі өте жоғары. Бұл мә­се­леге тек жеке бас пайданы көз­деу тұрғысынан қарасақ Конс­титуция бойынша еліміздің ортақ меншігі саналып кеткен жердің жағдайы жақсармайды. Жақсар­мақ түгілі, о бастағы құнар­лылы­ғын жо­ғал­­тып алуы әбден мүм­кін. Сон­­­­дық­­­тан, жерді өз меншігі мен иел­і­­­гі­не алғандар оны қорғау мен күту­­­ге мән берулері тиіс. Жерді пай­­­­да­лану­­шылар ең алдымен оны эро­­зия­­дан, әртүрлі зиянкестер мен жәнді­к­терден қорғауға мүдделі бол­маса, топырақ құнарын көтеріп отыру­ға көңіл бөлмесе, олардан не үміт, не қайыр? Сәке, егер біз қателеспесек, жерге деген ұқыпты көзқарас сіздің бойыңызда әбден қалып­тасып болған секілді. Ендеше, неден тайсаласыз? Тайсалғандық емес, қалай болғанда да жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, жақсылап ойлану керек дегендіктен туындаған ой мен алаңдаушылық қой менікі. – Мемлекет басшысының Жер кодексіне енгізілген кейбір түзетулерге мораторий жария­лау жөніндегі шешіміне қатысты не айтар едіңіз? – Өте дұрыс шешім. Аптықпай, жан-жағымызға қарап алғанымыз артық болмайды. Мораторий қатып қалған нәрсе емес. Оны қоғамдық ой-пікірлерге байланысты әрі-бері қозғауға, уақытын созуға немесе қысқартуға болады. Алайда, бұл арадағы басты мәселе мораторий емес, өзіміз күн сайын жұмыс жасап жүрген жердің жағдайы ғой. Қайткенде де оның жай-күйі төмендеп кетпегенін тілейміз. Ең бастысы, жерді тиімді пайдалану үшін ұқыпты көзқарас қажет. Оны өңдеу мен құнарын көтеру әрі әртүрлі агротехникалық шаралар жүргізу басты міндет. Медальдің екі жағы бар дегендей, бұл медаль­дің бірінші жағы. Ал екінші жағы мынада. Айталық, жақсы, бітік егін шыққан екен дейік, оны орып ала­тын алымды да шалымды ком­бай­ның болмаса, ырыс өзінен өзі қам­баға түспейді ғой. Шетелдік тех­ни­каларды былай қойғанда, қазір лизингтік тәсілмен берілетін отан­дық комбайндардың бағасы отыз миллион теңгеден әлдеқайда асып кетті. Тіпті, қырық миллионға жетіп қалғандары да бар. Жеке өз басымды мәселенің осы жағы да ойландырмай қой­май­ды. Оның үстіне егістік ал­қап­тарын сатып алу бағасын екі­нің бірінің қалтасы көтере бер­мейтінін де ескерген жөн. Өзімді де солардың қатарына қосамын. Осындай жағдайда түгін тартса майы шығатын шұрайлы алқаптар мен мал жайылымына арналған жердің оны қадір-қасиетін түсін­бей­тін, киесі бар екенін ұғынғысы келмейтін, капиталы көп, әйтсе де ішкі әлемі мен жан-дүниесі тайыз жандарға сатылып кетпегенін қалаймыз. Ақшаны кім көп төлесе, сол меншік иесі болып шыға келеді деген тәжірибе орнығатын болса, өз басым бұл мәселеге келі­се ал­ма­ған болар едім. Жерді сат­қан кез­де немесе жалға берген уақыт­та мәселенің осы жағына да ой жүгірт­кеніміз артықтық етпес еді. Қонақ аз отырып, көп сынай­ды демей ме халқымыз. Әкеге тартып ұл өсер дегендей, ұлдары­ңыз да өзіңіз секілді жер қадірін ұғынып өскен жеткіншіктер мен жас азаматтар екені байқалады. Сенім білдірсеңіз олар әке сенімі мен үмітін ақтайды, жер- анаға деген сүйіспеншілік сезімін жоғалт­пайды деп ойлаймыз. Жер- ана дәл сіз секілді оған қамқор көз­бен қарайтын жанашыр жан­дар мен оның ұрпақтарының игі­л­ігіне өтсе, киесі арта түсер еді. – Бұл әңгімеңіздің де жөні бар екен. Жаны бар сөз екен. Тағы да ойланып көрейік, ендеше. Әңгімелескен  Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы