Біз өңіріміздің қадірлі ақсақалы, облыстың құрметті азаматы Жақсылық ЫСҚАҚОВҚА жолығып, Елбасы Жер кодексінің кейбір нормаларына не себепті тоқтау салғаны жөніндегі пікірін білген едік.
– Киелі атамекен еске түссе, жасымыз сексеннен асса да елең ете қаламыз. Бойымызға жастайымыздан елдік ұғымдарын сіңірген қасиетті ауыл бәріміз үшін жұмақ іспеттес. Дүниеге шыр етіп келгеннен кейінгі өңір әркез ыстық көрінеді. Танымал жазушы Шерхан Мұртазаның «Құдай-ау, не құдіретінің барын, Алматыда жүрсем де, алыс шетелдерге қыдыра барсам да не ойымнан, не түсімнен шықпайды. Ойыммен сол ауылда жүремін. Бала кезімдегідей сылдырап аққан бұлағы, желмен жайқалып, толқындана тербелген шалғыны көз алдыма келеді», деп ақтарыла сыр шертуінен сайын даланың таңғажайып ерен құбылысын терең ұққандай боласың. Туған жерді, елді қадірлеу, қастерлеу– ата-бабаларымыздан қалған аманат. Сол себепті, «Батырлар дүрілдеп өткен жер, Тұлпарлар дүбірін төккен жер, Бас иіп, иіскеп топырағына, Тағзым жасамай өтпеңдер» (М.Мақатаев) деген тағылымды бүгінгі ұрпаққа ұғындыра білсек, аға ұрпақ парызының өтелгені.
Мұның бәрі көз алдымда сақталып, көкіректе жатталып қалған кешегі өмір көріністері. Ал, үлкен толғаныспен сыр ақтарып отырғаным, Президенттің Жер кодексіне енгізілген кейбір түзетулерге мораторий жариялауына байланысты. Ертеректе Әлмерек шешен: «Еліңнің сырын біл, жеріңнің тілін біл. Ел ішінде дау туса, осы екеуінен туады. Еліңді көшіресің, жеріңнің бар жақсысын өшіресің», деген екен. Бірлікшіл ағайынның тірлігін, ел қуаты бірлігін алтыбақан алты ауыздығы емес, көшелі көсемдігі танытса керек. Бар гәп Жер кодексі баптарының дұрыс түсіндірілмеуіне, жан-жақты насихаттың жүргізілмеуіне, ашық әңгіме-сұхбаттардың ұйымдастырылмауына келіп тіреледі. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны секілді, бұрынғы заңға енгізілген ұсыныс-толықтырулар ашық, мөлдір жүргізілгенде орынсыз дүрлігулерге жол берілмес еді. Елбасының ескертпесінен кейін ғана құзырлы органдардың шабан үйрек құсап қозғала бастағандары сондықтан. Бұрындары халық үшін қызмет ету, ел үшін тер төгу, адал еңбекті ардақтау басты ұран, айнымас қағида, асыл мұрат болатын. Өмірімізбен қоса әрбір ісімізде өз қолтаңбамызды қалдыруға ұмтылатынбыз. Қазір ше? «Кім екеніңді еңбегіңмен дәлелде, Басқа жол жоқ әлемде» (Қ.Мырзалиев) дәурені өтіп, құнды дүниелеріміздің маржаннан арзанға айнала бастаған кезеңіне тап болдық. «Құлағыңдағы алтын сырғаңды қайтейін, алтын сөзді ұқпаса», деген екен біреу налығаннан. Жер кодексіне түзетулер енгізілгеннен кейін тиісті ведомостволар мен билік орындары бар шаруа осымен бітті дегендей арқаны кеңге салғаны жасырын емес. Ең бастысы, жұртшылық хабарсыз қалды. «Келісімге келмей керісе берсең, елден береке, ерден қадір кетеді» (Шөңкі би) деген осы!
Жасыратыны жоқ, жерге кім болса сол ие, сол қожа. Алған өнімі жұмсаған шығынын ақтамайтын шаруашылықтар да аз емес. Мамандығым агроном болғандықтан, көп жыл аудандық партия, облыстық атқару комитеттерін басқарғандықтан, табиғаттағы жаратылыстың бәрі бір-бірімен тамырлас, сабақтас екенін жақсы білемін. Бір жылдары «кіші ирригация» деген науқаншылдықты бастан кешіргенімізді әлі ұмыта қойған жоқпыз. Оның салдарынан кішігірім көлдер тартылып, суалуға, қоршаған орта бүлінуге айналды. Мен облатком төрағасының орынбасары қызметінде жүргенмін. Әңгіменің тоқетері, мәселені обкомның бюросына дейін жеткізіп, жұртшылық тілегімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шешімді тоқтатқанымыз бар. Қазір жер күтіміне кім жауапты деген сауал қойылса, әкімқаралар теріс айналады. Фермерлер жалға алып отырғандарын, меншік иесі емес екендіктерін көлденең тартады. Қазанның қақпағын ұстағандар, жерге иелік етушілер материалдық игілікті бірінші орынға шығарды. Бұл– қасірет. Ашкөздік, қанағатсыздық ар-ұяттан бездіріп, оның соңы рухани кемелсіздікке ұрындырады. Жер-ана мұндай «еркелікті» көтермейді, кешірмейді. Біліктілігі мен білімділігі келмесе де, екінің бірі–диқан. Аты бар да заты жоқ фермерлер көбейген. Латифундистер шұрайлы жерлерді иеленіп алған. Жер өңдеу технологиясынан бейхабар. Аз жеген ұры, көп жеген ірі болды. Әрқайсысының ойлайтыны–қара бастың қамы. Елді мекендер жетімсіреп, ұмыт қалған. Оны көріп өскен ұрпақ кімге еліктейді, кімнен үлгі алады? Агрономдар ауылға барудан қашқақтайды. Біз тың игеру сықылды дүрбелең шақта диплом алып, еңбекке араластық. Елді мекендерге жіберер алдында Мельник деген ауыл шаруашылығы министрі қабылдап, жас мамандарға ақжол тіледі. Үкімет қамқорлығы осындай еді! Қазіргі кей министрлер өз міндеттерін тиісінше атқара алмайтынына намыстанбайды, әдет болып жұққан. Дәстүр үзілген жерде дүрмек басталады. Баршамыз болып ойланатын мәселе осы.
Елбасының төрағалығымен өткен келелі кеңесте жер заңнамасына байланысты қабылданған шешімдерді жүзеге асыру –бәрімізге сын. Онда мәселенің егжей-тегжейлі зерттелмегені, соның салдарынан шала қарпылған киіздей ұсыныла салғаны қадап айтылды. Алаш арыстары аңсаған бақытқа қол жеткізген дәуірде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді қалай болса солай пайдалануға, кім көрінгенге ұстата салуға еш қақымыз жоқ. «Қазақ құдайға өкпелемеуге тиіс. Ол қазаққа бай жерді де, талантты ұл, қызды да берді. Бірақ соның қызығын бұл қазақ көре алмай келеді. Еврей талантының, байлығының бәрін кәдеге жаратады. Неміс құдай бергеннің 70-80 пайызын пайдаланып қалады. Ал, қазақ ең құрығында сол құдай бергеннің тым болмаса 20 пайызын неге жүзеге асырмайды? Жер бай, талант бар, ақыл да жетеді. Ендеше, қазақ неге кедей болуға тиіс» (Г.Бельгер) деген сөзді билік тізгінін ұстағандар да, еңбек еткендер де бір сәт естен шығармаулары керек. Бабаларымыз қалдырған бай жеріміздің ырыс-берекесін, ризығын көретін күндер алда. Өмір бүгінмен шектелмейді. Ел басындағы ауыртпалықтар әлі-ақ өтеді.
Біз алапат аштықтың кезінде туып, аман қалған ұрпақпыз. «Қарны тойып, нан жеген адамда арман бар ма», деген сөзді естіп өскендіктен, Жер-ананың қадірін жақсы білеміз. Енді жерге деген жекеменшік пиғылды нық қалыптастырудың жолдарын қарастырайық!
Жазып алған
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы