14 Мамыр, 2016

Жаңашылдық байқалған басқосу

258 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
фото Рафхат Халелов (20)Президенттің Жарлығымен Алтай Көлгіновтің Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Ал облыс басшысының Ұлт Жоспарында қойылған «100 нақты қадамды» іске асыруға байланысты өткізген баспасөз мәслихатында жаңашылдық ахуалын аңғарғандай болдық. Атап айтқанда, «100 нақты қадам» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес инс­ти­туттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған. Мұнда­ғы басты мақсат – экономикасы дамыған, ғылымы мен білімі өркен­деген және рухани қазынасы байы­ған мемлекет құру. Тек осындай жағдайда ғана бәсекелестікке төтеп беруге болады. Ендеше, нақты қадамға нақты іс-қимыл жос­пары қажет екені талас туғыз­байды. Осы тұрғыда облыс басшысы не дер екен деген журналистік әуестіктің басым түскенін де жасырып қала алмаймыз. Жоқ, босқа күдіктенген екенбіз. А.Көлгінов бес реформаның бағытынан тамыр тартатын жергілікті атқару органдарының міндеттерін тайға таңба басқандай айқындап берді. Баспасөз мәслихаты үстіндегі нақты тұжырымдар, сұрақтарға қайтарылған нақты жауаптар аймақ басшысының бұл басқосуға жан-жақты әрі тыңғылықты әзірліктермен келгенін көрсетті. Бес бағыт, бес реформа бойынша Орал өңірінде атқарылуға тиісті жобалар мен бағдарламалар жүректерге жеткендей әсер қалдырды. Бірінші реформа кәсіби мемлекеттік аппарат құру десек, бұл тұрғыда А.Көлгінов Орал өңірінде де мемлекеттік қызмет кез келгеннің қолжаулығы бола алмайтынын атап көрсетті. Тек төменгі буыннан тәжірибе алған кезде ғана одан жоғары лауазымға орналасуға жол ашылады. Сондай-ақ, оның айтуынша, республикада Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі өкіл инс­титуты енгізілуіне орай облыс әкімдігінде де Әдеп жөніндегі уәкіл бекітіліпті. Ол азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерді қабылдап, қажетті көмектер мен кеңестер бермек. Олардың консти­туциялық құқықтарын қорғауға да өз ықпалын тигізбек. Алдағы 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы олардың қызметінің сапасы мен нәтижесіне байланысты төленбек. Бұл тұрғыда біз әділдік пен тазалықтың үстем түсуіне барынша мүдделі болып отырмыз, деп ой қорытты Алтай Сейдірұлы. Есеп беруші екінші реформа бойынша жергілікті полиция қызметінің ерекшелігіне кеңірек тоқталды. Бұл, бір сөзбен айтқанда, тұрғындарға ең жақын құрылым. Оның құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан, жыл басынан бері өңірдегі жергілікті полиция өкілдерінің тындырған істері айтарлықтай. Ең бастысы – оларға халықтың сенімі нығайып келеді. Бұл, біріншіден, тұрғындармен ашық әңгімеге келіп, қоян-қолтық жұмыс жасаудың нәтижесі, деді облыс әкімі. Бұдан кейін үшінші, төртінші және бесінші реформаларға сәйкес облыста атқарыла бастаған істерге екпін түсірілді. Біздің алдымызда облыста ин­дустриялық-инновациялық даму қарқынын жеделдету және аймақ аумақтарын әлеуметтік тұрғыдан одан әрі жаңғырту міндеттері тұр, деді бұдан әрі әкім. Өткен жылы өңір экономикасын өркендетуге тартылған инвестиция көлемі оның алдындағы 2014 жылмен салыстырғанда 28 пайызға өсіпті. Дегенмен, бұл деректі қанағат тұтып отыра беруге болмайды, деді облыс әкімі. Бұдан кейін терең талдаулар мен сараптамаларға қарай ойысқан өңір басшысы инвестицияның басым бөлігі негізінен өңдеу өнеркәсібіне тиесілі екенін айтты. Сондықтан, ауыл шаруашылығымен айналысатын шалғай аудандарда мал басын өсіру және ет пен сүт өндіру әрі оның өнімдерін өңдеу арқылы қосымша инвестиция тарту көзделіп отырғаны көлденең тартылды. Бұдан әрі жаңа өндіріс орындарын жасақтау мен істеп тұрған өндірістерді кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігі айтылды. Мұндай мысалдар жеткілікті. Соның басында Орал трансформатор зау­ыты тұр. Отандық кәсіпорын өз өнімдерін экспортқа, соның ішінде ТМД елдері мен Иранға шығаруды көздеп отыр. Екінші бір іргелі нысан қатарында өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, қуат көздеріне деген тәуелділікті еңсере білген «Батыс Пауэр» компаниясы бар. Бүгінде аталған газды-турбиналы стансаның екінші кезегі кешенін қолға алу белгіленген. Биыл облыста индустрияландыру картасы бойынша жүзеге аса бастаған жобалар да бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Қазіргі кезде бал татыған бекіре балық пен оның қара уылдырығы еске түскен кезде тек жұтынып, тамсанып қана қоямыз. Айтайын дегеніміз, биылғы жобалардың арасында бекіре балық пен қара уылдырық өндірілетін кешеннің орны бөлек. Жабық су айдыны жағдайында іске қосылатын айрықша жобаның жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күні шекаралық аймақта біріккен кәсіпорындар құру ісіне де жаңаша көзқарас қалыптасып келеді. Өйткені, бұл үрдіс – сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдетудің басты бір жолы әрі басты бір көзі. Батыс қақпада біріккен кәсіпорындарды көбірек құруға деген көзқарас осындай өміршең ойдан бастау алғаны анық. Оның алғашқы легінде «Желаев» астық өнімдері комбинаты» АҚ тұрғаны да басы ашық мәселе. Бұл Орал өңіріндегі экспорттық өнімдер шығаруға бағытталған ірі Қазақтан-Ресей кәсіпорны болып табылады. Бүгінде олар өздерінің бас­ты өнімдері – ұн мен макарон бұйымдарын Армения мен Ресейге шығарып отыр. Бұлардан ішкі және сыртқы нарықтарға  жүзден астам ет қалбыр өнімдері түрлерін шығаратын «Кублей» ЖШС де қалыспай келеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сай адам капиталы сапасын көтеру туралы ой қозғалды. Сондай-ақ, экономиканың алты негізгі саласы үшін өңір ау­мағындағы арнаулы және орта оқу орындарында білікті кадрлар әзірлеу мәселесі сөз болды. Мұның өзі әріптестік негізде таңдалмақ, деді А.Көлгінов. Осы орайда, Батыс Қазақстан индустриялық колледжі мен өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорындар арасында қол қойылған келісімдер қазірдің өзінде нақты нәтижесін беруде екен. Өзара ынтымақтастыққа сәйкес колледждің инженерлік-педагогикалық ұжымы Астана және Минск (Беларусь) қала­лар­ында біліктілігін көтергені осы­ның дәлелі. Міне, осылайша облыс басшысы Ұлт Жоспарында қойылған «100 нақты қадам» бойынша Орал өңірінде алдағы уақытта ат­қа­рылатын сан алуан істер мен жарқын жобаларды жаңашыл леппен баяндап берді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ