Атырау экспедициясы
Руханият • 16 Қыркүйек, 2021
Атыраудың апайтөс даласы құнды тарихқа тұнып тұр. Қазыналы өңірдің топырағында жауға қарсы қол бастаған батырлар да, қазақтың шұрайлы тілімен өрнекті сөз өрген ақындар мен жыраулар да, тіпті тылсымы жұмбақ сан ғажайып қасиетімен жұрт жадында жатталған әулиелер де мәңгілікке тыныстап жатыр. Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан кейін Қазақстанның киелі жерлер географиясының картасына 7 нысан енген. Сондай-ақ жергілікті маңызы бар нысандар тізімінде 20 нысан бар. Апта басында «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттері ұйымдастырған «Атамекен» экспедициясы сол нысандардың бүгінгі жай-күйімен танысты.