Сарайшықтан басталған сапар
Экспедиция құрамы алдымен Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылына ат басын бұрды. «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» мекемесінің директоры Әбілсейіт Мұқтардың айтуынша, тарихи жәдігерге айналған қалашық ХІІІ-ХVІ ғасырларда өркен жайған. Археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары 1937 жылы басталған. Оны алғаш рет Н.Арзютов, ал 1950 жылы қазақ археологиясының негізін қалаған Әлкей Марғұлан жүргізген. Қазба жұмысын 1996-2009 жылдары Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы жалғастырған.
– Қалашықтың тарихы тым тереңде жатыр. Әбілғазы Баһадүрханның шежіресімен байланыстырып айтсақ, Алтын Орда дәуіріндегі Батый мен бауыры Берке ханның тұсында пайда болған. Бұл – ХІІІ ғасырдың екінші жартысы. Сарайшық Алтын Орданың астанасы – Сарай Бату қаласынан кейінгі үлкен шаһардың бірі болды. Кейіннен Ноғай ордасының, ХVІ ғасырдың басында Қазақ хандығының астанасына айналды. Мұнда қазақ тарихындағы айтулы тұлға – Қасым хан да жерленген. Бұл туралы алғаш рет Қадырғали Жалайри жазған. Ол Қасым ханның аталарының жанында жүрген билердің бірі болған. Биыл Қасым ханның Сарайшықта жерленгеніне 500 жыл толуына орай конференция ұйымдастыру көзделіп отыр, – дейді Әбілсейіт Мұқтар.
Қазір археологиялық қазба жұмысы жүргізілгенімен, тарихи қалашықты қалпына келтіру мүмкін емес. Мұнда 1999 жылы «Хан ордасы – Сарайшық» мемориалды кешені салынды. Сол жылы мешіт пен 7 хан жерленгені туралы естелік тақта орнатылған биіктігі 17 метр кесене тұрғызылды. Ал 2016 жылы облыс бюджетінен Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына 1,7 млрд теңге бөлінді. Қорғаныс бөгетінің құрылысы 2018 жылы аяқталды.
– Биыл Мәдениет және спорт министрлігінен ғылыми жоба арқылы қазба жұмысына 6 млн теңге бөлінді. Археологиялық қазбаны жүргізуге Сарайшық ауылының 20 тұрғыны тартылды. Тарихи қалашықтың орнынан әр жылдары бірнеше жәдігер табылып отыр. Оның ішінде біздің заманымызға дейінгі кезеңге жататын белемнит, ұлутас, балық сүйегі, VІІ ғасырдағы қола келсап, қола айна бар. ХІІ-ХІІІ ғасырда меруерттен жасалған құлпырмалы тас та келушілерді қызықтырады. Бұған қоса, 40-тан астам күміс тиын, ХІV ғасырға жататын жебелер, қола, темір, қанжар мен селебе пышақтар табылды. Жақында археологиялық топ керемет тұрғынжайдың үстінен түсті, – дейді Әбілсейіт Мұқтар.
Директордың айтуынша, сапар орталығының құрылысы басталады. Жобаға сәйкес бұл орталықта туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасалады. Екіқабатты әкімшілік ғимаратта экспозициялық-көрме залдары, қор қоймасы, 100-150 орындық конференц-зал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады.
– Сапар орталығының қасбеті ортағасырлық сәулетке сәйкес жоспарланып отыр. Орталықтың алдына Батый ханның ескерткішін, төрт мемлекеттің штандартын қойғымыз келеді. Төрт мемлекет – Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы мен тәуелсіз Қазақстан. Сарайшықтың өркендеу кезеңін бейнелейтін көріністерді қамтуды ойластырдық. Дәл осы жерде Алтын Орданың музейін, ортағасырлық Сарайшықтың декорациясын, тіпті ашық аспан астындағы музейді салсақ, бұл біздің тарихымызды ұрпақ жадына сіңіруге жасаған қадамымыз болар еді, – деген ойымен бөлісті Әбілсейіт Мұқтар.
Қарой жазығындағы қорық
Индер ауданынан киелі жерлер картасына енген нысаның бірі – Қарой қорымы. Дәл осында азаттық таңын аңсап, ұлтының рухын көтерер мол мұраға бергісіз жырларын қалдырған рухты ақын, ақберен батыр, дауылпаз күйші Махамбет Өтемісұлы жерленген. Сол себептен бұл – қасіретті әрі қасиетті мекен. Адамзат тарихында үш жерленген пенде көп кездесе бермейтін шығар. Бірінші рет мұнда ақынның бассыз денесі жер қойнына берілді. Екіншісінде жендеттер қолында кеткен бас жерленді. Ал 1966 жылы арнайы топ ақынның сүйегін қазып алған. Содан соң антрополог Ноэль Шаяхметов сүйекті Алматыға алып кеткен. Алайда ақын сүйегін Қарой жазығындағы мәңгілік мекеніне жеткізу 17 жылға кешікті. Сөйтіп, Махамбеттің сүйегі 1983 жылғы 15 мамырда үшінші рет жерленген.
Махамбет мұрасы, адамдық болмысы мен өмір жолы зерттеуге лайық екені даусыз. Өткен ғасырдың 50-жылдары ақын туралы зерттеуді белгілі қаламгер Берқайыр Аманшин қолға алған. Содан кейін 1980 жылы Мәдениет министрлігінің Орал экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Әдеби һәм драмалық шығармалардың басты кейіпкеріне айналған Махамбеттің аты берілген қорықта мазары тұр. Мазардың екі жағына Махамбетпен бірге болған 14 батырдың есімі жазылған белгі қойылыпты. Сондай-ақ ХІХ ғасырға жататын оннан астам құлпытас тұр. Кейбірі құлап қалған. Ал жағалай егілген тал шыбықтары биіктеп, саялы көлеңкесі түсетін деңгейге жеткен.
– Ақын мазары 1995 жылы тұрғызылды. Оның авторы – маңғыстаулық сәулетші Көпбол Демесінов. Он екі қырлы мазардың сыртқы бөлігінің диаметрі – 7,6 метр. Ішкі диаметрі 6,2 метрді құрайды. Ал биіктігі 12,2 метрлік мазар қабырғаларының ішіне ақынның
11 өлеңінен үзінді жазылып тұр, – дейді М.Өтемісұлы атындағы Әдеби-мемориалдық тарихи-қорық музейінің меңгерушісі Аймекен Осихина.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Қуанұлының айтуынша, Қарой жазығындағы қорық Жарсуат ауылдық округінен 40 шақырым қашықта орналасқан. Жарсуаттың тұсынан қорыққа бұрылатын жолмен жүру қиындау. Қара жолдың шаңы аспанға көтеріліп жатыр. Қолқаны қабатын шаң көліктің салонына кіріп, тынысты тарылтты. Қорықтағы мазарда жыл сайын Махамбет поэзиясы күні өтеді. Былтырдан бері пандемияға байланысты қорыққа келетін адамдар қатары азайған. Соған қарамастан жақында ақынның Батыс Қазақстан облысында тұратын туыстарының ұрпағы келіп, рухына тағзым етіп, қолтаңба қалдырыпты.
– Қаройға жылына екі рет келіп, баба рухына тағзым етемін. Махамбет поэзиясы күнінде тек ақынның өлеңдері оқылғанын жөн санаймын. Өйткені ол – өршіл рухтың, жалынды жырлардың иесі, – деп жергілікті ақын Әлия Дәулетбаева Махамбеттің бір өлеңін оқып берді.
Жарсуат ауылдық округінің аумағында Махамбеттің мазары жалғыз емес. Ер тұлғалы Махамбет қайтыс болғанда Зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы үш жаста екен. Демек екі ақынның жас айырмашылығы 40 жас. Сәйкестік пе, әлде кездейсоқтық па, Қарой жазығындағы Махамбет пен Жарсуат ауылының іргесіндегі Мұрат мазарының ара қашықтығы 40 шақырымнан кем емес. Мұрат ақынның да жырларынан Махамбеттің рухы сезіледі. Елінің азаттығын аңсаған рухтас тұлғалар бір топырақта туып, сол топырақта мәңгілік мекен тапқан.
«Құлшан атаға соға келіңіз...»
Жылыой ауданында да киелі мекенге баланған тарихи нысандар аз емес. Соның бірі – Құлшан ата мешіті. Екі бөліктен тұратын жерасты мешіті бор төбенің үстіне үңгіп салынған. Ақкиізтоғай ауылынан Ақмешіт қорымына баратын жол бойында орналасқан. Жергілікті тұрғындар арасына кең таралған әңгіменің желісіне қарағанда, Құлшан ата пайғамбар жасына жеткен соң мешіттің бір бөлмесін мекен еткен.
– Ол Бекет атаның жиені әрі шәкірті ғой. Өзі де осында шәкірт тәрбиелеген. Бекет ата «батыстан келе жатқан мұсылман баласы әуелі Құлшанға соғып, дұғасын оқысын» деген өсиет қалдырған. Ақмешіттегі шырақшы да «Құлшан атаға соға келіңіз...» дегенді айтады, – дейді жергілікті өлкетанушы Нұрдәулет Ақназаров.
Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, Құлшан ата 1876 жылы 72 жасында Құнанбаймен бірге Меккеге барған алты адамның бірі болған. Бірақ оның өмір сүрген кезеңі жөнінде нақты дерек айтылмайды.
– Оның мешіттің бір бөлмесіне жерленген денесін 1851-1852 жылдары орыс топографы Алексеев-2 көргенін ескерсек, жоғарыда айтылған дерек шындыққа жанасады. Сондай-ақ оны Бекет атаның замандасы ретінде қарастырсақ, онда ол ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген деуге негіз бар, – деп есептейді Мұхамбетқали Кипиев.
Ақмешіттің саф ауасы
Өңірдегі киелі мекеннің қатарында Ақмешіт қорымы да бар. Бор төбенің үстінде тұрғандықтан ба, әлде Жем өзенінің жағасында орналасқандықтан ба, әйтеуір бұл жерде самал жел соғып тұрады. Дәл осы жерде 1750 жылы ағартушы, сәулетші, абыз-көреген Бекет Мырзағұлының кіндік қаны тамған. Ақмешіт жайлы кезінде А.Дюгамель «Ақ бор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сыяды. Үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым, биіктігі кісі бойындай, дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдығы бар», деп естелік қалдырған.
Жұрт қадірлеген Бекет ата 1771-1774 жылдары Ақмешітте жерасты мешітін салып, бала оқытқан. Мұнда оның атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, ұлы Тоғай жерленген. Шырақшы Мейрамбай Қалимановтың айтуынша, ХVІІІ ғасырда салынған алғашқы жерасты мешітін кезінде
оқ-дәрімен жарып, құлатып тастаған. Көнекөз қариялар мешіттің орнында қос шұңқыр қалғанын айтады. Сол мешітті Жылыой ауданының азаматтары қайта жаңғыртты.
– Бекет ата Хорезмдегі Бақыржан қажыдан дәріс алуға барған. Бақыржан қажы өзге шәкірттерінен гөрі, Бекет атаны жанына көбірек тартқан. Оның ұстамдылығына, білімге құмарлығына, зеректігіне риза болған ұстазы батасын берген. Кейіннен атамыз Ақмешіттен, Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан жерасты мешіттерін қашап салған, – дейді тікелей ұрпағы Мейрамбай Қалиманов.