Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,
«Жақсылық» шаруа қожалығының
жетекшісі, қоғам қайраткері
Мені әдетте адамдар Олимпиада чемпионы, балуан ретінде таниды. Сонымен қатар, мен соңғы жиырма жылдай уақыттан бері ауыл шаруашылығында өнім өндірумен айналысып келемін. Ірі қара мал, жабы жылқыларын өсірумен, солардың тұқымдарын асылдандыру жұмыстарымен шұғылданамын. Бұған тиісті мамандығым да бар. Кезінде Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіргенбіз. Сондықтан, өзімді ата-баба кәсібін жалғастырушылар қатарына қосамын.
Осы ата-баба кәсібімен шұғылдана жүріп, бір байқағаным біздің барлығымыз: «Жер-Ана, Жер-Ана!» деп айғайлаймыз, шын мәніне келгенде, оған жанымыз ашып, қамқорлық жасау мәселесін естен шығарып аламыз. Сондықтан, қанша миллиондаған гектар жеріміз тусырап босқа жатыр.
Әрине, бұған қарапайым халықты да кінәлап қажеті жоқ. Өйткені, жерді күтіп-баптау, оның құнарлылығы мен беретін пайдасын арттыру үшін ең алдымен қаржы, содан кейін білім мен жақсы технологиялар керек. Ол қаржы мен білімді, жаңа технологияларды әкелу үшін елімізге инвестиция тарту керек. Әлеуетті инвесторлар пайда болмай, біздің ұлан-байтақ жеріміз бос жатқан күйінде жата береді. Міне, сондықтан да мемлекетіміз осы орасан зор ресурстар көзін іске қосу үшін бүкіл әлем халқы жүгінетін шараларға барып отыр. Мұның өзі ең алдымен, ел мүддесінен туындайтындықтан, мұны біз қажетсіз шара деп айта алмаймыз.
Менің Алматы облысының Жамбыл, Балқаш аудандарында шаруашылыққа пайдаланып келе жатқан жерлерім бар. Осы жерлерде ерте уақыттары біраз ғимараттар болып, олар кейінгі уақыттары пайдалануда болмағандықтан, әбден тозып кеткен екен. Кейбіреулері құлап қалған. Мен осы ғимараттардың барлығын күтімге алып, қайта қалпына келтірдім. Барлық жинаған қаржыларымды осы іске жұмсадым. Мұндағы мақсатым – жеріміз бен оның бетіндегі байлықты ұрпақ игілігіне жарату. Спортпен айналысып, сол ғимараттардың қызығын көрсін деп ойладым. Ал енді осы жерді жалға алған мерзімім көп ұзамай бітеді. Сонда оның бетінде жасаған менің еңбегім текке кетіп, басқа біреудің еншісіне айналмақ па? Мені осы жағы толғандырады.
Енді, екінші бір мәселе. Бір айдай уақыт болды маған Оңтүстік Кореядан кәсіпкерлер келіп, өз ұсыныстарын жасады. Ол ұсыныстарын жасардың алдында мені әбден зерттеп біліп, жасап жатқан жұмыстарыммен танысып, мүмкіндіктерімді байқап алған екен. Олар маған: «Жақсылық аға, біз сізбен бірлесіп жұмыс істеп, біз әкелетін жаңа технология бойынша жұмыс жүргізсек. Ол технология сапалы ет өндіруге арналған. Өндірілген өнімді өткізу көзін де өзіміз табамыз. Қажет болса, Оңтүстік Кореяға шығарамыз. Сіз өз қолыңыздағы жеріңізбен қосылып, біз техникалар мен технологияларымызды әкеліп, бірлесіп кәсіпорын құрсақ», деп отыр. Ал енді осы істе қандай оғаштық бар?
Сондықтан, мен осы уақытқа дейін бос жатқан жеріміздің мәселесіне қалайда бір қозғау салу қажет деп есептеймін. Әрине, халықтың жасап жатқан әрекеттерін де жөнсіз деуге келмес. Елбасымыздың өзі: «Халыққа қажет емес дүние бізге де қажет емес», деген жоқ па. Сондықтан, Елбасының жер заңдылықтарындағы жаңа өзгерістерге мораторий жариялап, оны асықпай ойланып, халықпен кеңесе отырып барып шешу жөніндегі шешімін қолдаймын.
Алматы облысы
Мұхит ТҰМАБАЕВ,
«Приречное» ЖШС директоры
Біздің шаруашылығымыз Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласының маңына орналасқан. Осы кәсіппен шұғылданғаныма көп уақыт болды. Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болысымен жаңа шаруашылық құрдық. Ал енді менімен қатар осындай кәсіп бастап, ауыл шаруашылығымен айналысқандардың көбі оның ауыртпалықтарын көтере алмай, шаруашылықтарын таратып алды. Неге?
Себебі, ауыл шаруашылығымен шұғылдану үшін қаржы қажет. Онан кейін жаңа технологиялар керек. Бастапқы кезде осылардың болмауы көбіміздің жұмысымызға кедергі жасады. Біз амалдап жүріп оның жолын тапқандай болдық. Алыстағы Голландия елінің көмегіне, оның ауыл шаруашылығы саласындағы технологияларына сүйендік. Голландиялық әдіс бойынша солардың мамандарының бізге берген кеңесіне және қаржысына сүйене отырып, картоп өсіріп, одан жақсы өнім алдық. Сөйтіп, шаруашылығымыз алға басып, қиын кезеңнен сүрінбей өтті.
Яғни, біздің Қазақстан үшін қазіргі уақытта шетелдіктердің жаңа технологиялары мен техникалары, қаржы көмектері ауадай қажет. Мұнсыз болмайды. Өйткені, өз елімізде ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқандардың қолында қаржы да, технологиялар да жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында бірлескен кәсіпорындар құра отырып, алға кеткен елдердің кәсіпкерлерінің білімі мен ақыл-кеңестерін алу бірден-бір дұрыс жол екендігіне күмәнданбаймын.
Жалпы, менің ауыл шаруашылығында қызмет етіп келе жатқаныма 36 жылдай уақыт болса, соның ішінде шаруашылық басқарғаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Сондықтан мен жоғарыдағы сөздерді біреулерден естіп немесе көріп-білгеніме емес, тікелей өз тәжірибеме, өз басымнан кешкендеріме сүйене отырып айтып отырмын.
Осы тәжірибеме сүйеніп айтсам, ауыл шаруашылығы жерлерін сонда жұмыс істеп жатқан фермер, шаруа қожалықтарына сату өте пайдалы іс болып шықпақ. Бұл жаңағы фермерлерге ғана емес, қоғамға да пайдалы. Өйткені, фермер өз жерін сатып алатын болса, оған аялы көзқараспен қарап, жердің тозуына жол бермейді. Оны уақытында тыңайтып, тыңайтқыштар сеуіп, ауыспалы егіс тәртібін сақтап отырады. Сөйтіп, мол өнім алып, оны еліміздің рыногына шығарады. Осылай ел ішінде азық-түлік молшылығы пайда болады.
Екіншіден, жерді меншікке алғаннан кейін оған әлеуетті инвестор тарту ісі жеңілдейді. Тіпті, болмаған жағдайда ол жерді кепілдікке қою арқылы қаржы тарту мүмкіндігі молаяды. Шаруашылықтар осылайша қосымша қаржы көздеріне ие болып, еңсе тіктейді.
Біз осы уақытқа дейін ең әрі кеткенде өз өнімдерімізбен өз рыногымызды ғана қамту мүмкіндігіне ие болып, ал сыртқа өнім шығаруға қол жеткізе алмай келеміз. Сыртқа өнім шығару үшін шетелдіктермен күш біріктіре қимылдаудың пайдасы мол.
Біздің шаруашылығымыз екі бағытта жұмыс істеп келеді. Суармалы жерлерімізді көркейту үшін мемлекеттен ұзақ мерзімге 2,5 миллион доллардай несие алдық. Ол несие бізге 25 жыл уақытқа берілді. Қазір жыл сайын сол қарыздың бір бөлігін жауып келеміз. Неге 25 жыл? Себебі, ауыл шаруашылығында қарызды қайтару оңай емес. Оған осыншама уақыт кетеді екен. Демек, шетелдік инвесторларға да жерді жалға беруде 25 жыл уақыттың белгіленуі тегін емес. Мұнда бәрі экономикалық тұрғыдан есептеліп қойылған.
Жоғарыда голландиялықтармен бірігіп картоп өсіргенімізді айттым. Бұл іс пайдалы болғаннан кейін біз солармен бірігіп пияз бен сарымсақ өсіру технологиясын да енгіздік. Енді олар бізге қызанақ өсіру технологиясын ұсынып отыр. Бұл технология да өте қызық. Өскен қызанақты үш қайтара жинап алу мүмкіндігін береді. Ең бірінші, өнімнің бетінде өскен қызанақтар піседі. Оны жинап алғаннан кейін ортасы піседі. Оны жинап алғаннан кейін төменде орналасқан өнімдер пісе бастайды. Міне, сөйтіп, мол өнім алуға және жұмысты дұрыс ұйымдастыруға болады. Голландиялықтар осы өнімді өсірсек, бізге қызанақты өңдеп, одан әртүрлі өнімдер алатын зауытты өз қаржысына салып бермек. Одан түскен қаржының қызығын олар да көретін болады. Яғни тиімділік екі жаққа бірдей болады. Демек, шетелдік инвесторлардан қорқып қажеті жоқ. Біз олардың технологиясы мен қаржысын пайдаланамыз. Осылайша, дамимыз. Ал жеріміз оларға сатылмайды. Бұл мәселе заңда нақты жазылған.
Шығыс Қазақстан облысы