• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2016

Тарихпен тілдескен түн

368 рет
көрсетілді

Ғажап! Ақшам мен екіндінің арасында Астана төріндегі Ұлттық музейге қарай ағылған қарақұрым халық­ты көргенде көз қуанып, көңіл сүйсінді. Арғы-бергі тарихын тануға талпынған ағайынның алғаусыз ниетінен айналып кетсең болғандай. Еріксіз таңдай қағатындай жөніміз бар екен. Бұл күні мұнда келушілер саны отыз мыңнан асып, бұрын-соңды болмаған межеге жетіпті. Дүйім елорданы дүрліктірген «Музей түні-2016» атты акцияның ашылуында сөз алған осынау мәдениет ордасының басшысы Дархан Мыңбай әлемнің әр түпкірінде өтіп жатқан дәстүрлі шараның мән-маңызына тоқталды. «Ең басты мақсатымыз – қорымыздағы жәдігерлерді бұқараға мейлінше кеңірек насихаттау. Сол арқы­лы мәдениет пен тарихтың өркен­деуіне үлес қосу», деді ол орайлы ойын түйіндеп. Аумағы 14 мың шаршы метрді алатын аталмыш нысан дүниежүзіндегі ең үлкен мұра­жайлардың қатарына кіреді. Араласаң аяқ талатындай атшаптырым 8 көр­ме залы әртүрлі экспозициялық тақы­рыптар бойынша бөлініпті. Телегей-теңіз ақпарат берерліктей тегін экскур­сияға қатысқан қалың көпшілікпен бірге біз де ежелгі дәуірлерден басталып, бүгінгі жарқын заманмен жалғасқан төл тарихымызды тағы бір таразылап көрдік. Түйсігі бар жанға түрлі ой салар қаншама құнды дүниелер бар мұнда. Күллі түркінің киелісі саналатын Күлтегін ескерткішін айналып өтуің екіталай. Жыл санауы­мызға дейінгі уақытта өмір сүрген адамдар жасаған тұрпайы тас құралдар мен кейбірі жер бетінен мүлдем құрып кеткен жануарлардың қураған сүйектерінің қалай сақталғанына қайран қаласың. Қазақстан территориясындағы Отырар, Сығанақ, Сауран, Сарайшық, Тараз және тағы басқа ортағасырлық қалаларда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде та­былған қыш құмыралар, тұр­мыс­тық бұйым­дар, ыдыс-аяқтар, қа­ру-жарақтар, су құбырлары ата-бабала­рымыздың еуропалық ғалымдар астам­шылдықпен айтқандай жартылай жабайы тіршілік кешіп, құла түзде беталды көшіп-қонбағанын көрсетеді. Өкінішке қарай, құм жұтып, құрдымға кеткен құнды­лықтарымыз әлі жетерлік. Бірақ, Елбасының қолдауымен жү­зеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы арқа­сында қайта оралған қазыналарымыз да баршылық. Ертедегі ғұндар тұлпарының тұяғы Еуразия­ның апайтөс даласын дүбірге бөлегенін ескі жыл­намалар шежіре қылып шертеді. Ат аяғы жетер жерді жаппай жау­лап, құзырына құлдық ұрғызған Түркі қағанатының дүрілдеген даңқы кейінгі ұрпақтарының құлақ тұндырар ұранына айнал­ғаны қашан. Айналасын айбарымен билеген Алтын Орда, оның заңды мұрагері Қазақ хандығы тұсындағы ерен ерліктерді, ата жауларымен айқасып, артын­дағы ұрпағына аяулы атамекенімізді ама­натқа қалдырған ұлы тұлғаларды дәріп­тейтін деректер мен дәйектерге қаныққан жастарымыздың күні ертең-ақ еліне тұтқа болар елеулі азамат атанарына ешкім шек келтірмесе керек. Қазақтың қамын ойлағандары үшін Қызыл империяның қаһарына ұшыраған Алаш арыстарын, адамзатты фашизм аранынан аман алып қалған қанды қырғынның қаһармандары атанған ағаларымызды халқымыз ешқашан ұмытпақ емес. Бейбіт өмірде өнегелі істерімен еліміздің абыройын асырған асылдарымыз қаншама. Сол жақсы-жайсаңдардың көзіндей көптеген жәдігерлердің көрермен назарына ұсынылуы олардың жарқын бейнелерін жадымызда қайта жаңғыртуға септігін тигізері сөзсіз. Ал енді археологиялық жұмыстар н­ә­тижесінде аршылып алынған асыл тас­тар, зергерлік заттар, әйелдердің әше­кейлері секілді арте­фактілер баяғы ба­ба­ларымыздың бай-қуатты болғанын білдіреді. Олардың беліне байлаған бес қаруы, ас ішер аяғы, киер киімі түгіл астарына мінген арғымақтарына дейін алтынмен апталып, күміспен күптеліп жабуланғанын Есіктен, Берелден, Тақсай­дан, тағы басқа аймақта­рымыз­дан қа­зылып алынып, қалпына келтірілген көрнекі көнеліктеріміз дәлелдейді. Тұрмыс-салтымызды, әдет-ғұрпы­мызды, қолөнерімізді паш ететін этно­графиялық элементтерге толы көрмені тамашалаушылардың да талай мағлұмат алары талассыз. Алаң ортасындағы ақ шаңқан киіз үй, ішіндегі көздің жауын алардай мүлік-мүкәмал, сырттағы байланған жылқы, ана­дайда жайылып жүрген қойлар... Бәрі-бәрі алыс қырдың астындағы ауылда қалған қимас күндерімізді еске түсіргендей. Музейдің Тәуелсіздігімізге, Астана­мызға ар­налған бөлімдері де құнды құ­жат­тар мен сирек фо­тосуреттерге бай. Қарыш­ты Қазақстанның әр сала­дағы сәтті қадам­дары барынша айшықты көрініс тауыпты. Ұлағат ұясы іспетті Ұлттық музейге арнайы атбасын бұрғандардың арасынан академик Оразақ Смағұлды байқап қалып, әңгімеге тартқанымызда «Әлемнің барлық елдерінде ұлттық музейлер бар. Онда сол арада кіндік қаны тамған халықтың басынан кешкен ірілі-ұсақты оқиғалардан елес беретін экспонаттар қойылған. Мұны кейінгі ұрпақ білуге тиіс. Бүгінгідей шаралар, әсіресе, кейінгі толқын өкілдеріне қажет. Тарихи санасы оянып, танымы кеңейді. Егеменді еліміз жасай берсін!» деді атақты антрополог. Әсерлі кеш Майра Мұхамедқызы, Та­мара Асар, Досымжан Таңатаров, Ди­маш Құдайбергенов, Индира Расылхан секіл­ді сахна саңлақтары салған әндермен әдіптеліп, соңы лазерлік шоуға ұласты. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» АСТАНА