Қазақстан тұрғысындағы мысалдар: кеше, бүгін және ертең
Қайырымдылық жасау, көмек көрсету – бұл барлық әлем халықтарының байырғы заманнан келе жатқан дәстүрі. Қазір осы құбылыстың нақты қашан пайда болғанын дөп басып айту тіпті, мүмкін емес. Сондықтан, көмек көрсетудің қажеттілігі көптеген мыңжылдықтар бойы қалыптасқан деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Ал бүгінде өтеусіз жасалатын мұндай көмектер кез келген қоғамда, кез келген әлеуметтік-мәдени қауымда молынан кездеседі.
Біздің бабаларымыздың санасында жақындарына ізгілік көрсету қажеттілігі туралы ұғым сонау ерте заманда-ақ қалыптасты әрі бұл әрбір қазақтың бауырмалдық, туыстық міндетіне айналды. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда капиталистік қарым-қатынастар дамып, кәсіпкерлік өркен жая бастады. Жергілікті көпестермен тиімді сауда қатынастарын орнатқан америкалық, неміс және ағылшын фирмалары жұмыс істеуге кірісті. Қазақстанның барлық аумағын өздерінің экономикалық ықпалына бейімдей отырып, олар түрлі өңірлердегі өнеркәсіп иелерімен де ынтымақтастықта болды.
Жалпы, XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін дәстүрлі патриархалды құрылыстан индустриялы құрылысқа өтудің бастауы болып табылды. Сөйтіп, кәсіпкерліктің, сауданың, «классикалық» капиталистік қарым-қатынастың дамуымен қатар қайырымдылық та дами бастады. Ендігі жерде қайырымдылық түрлері бір жолғыдан жүйелі түрге ауысты. Әрі оның көлемі де молайып, білімнің, мәдениеттің, өнердің қамын ойлаған көптеген меценаттар шықты.
Қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың арасында төменде аттары аталған азаматтар алдыңғы қатардан көріне білді. Мәселен, Шығыс өңірінде Мұсатай Молдабайұлы, Әбдірахман Жүсіпұлы, Ике Әділұлы, Александр Ерыкалов, Жұмеке Оразалыұлы, Медеу Оразбайұлы, Хасен Ақайұлы, Ыбырай Ақбайұлы, Әлихан Бөкейхан болды. Ал Батыста Әлнияз Тобаниязұлы, Салық Омарұлы, Сәлімгерей Жантөрин, Иса Көпжасарұлы ерекшеленді. Оңтүстікте Ахмет және Мұстафа Оразай ұлдары, Маман байдың ұлдары – Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл, Садық Өтегенұлы бар еді.
Олардың аты-жөндері отандық тарихта ХХ ғасыр басындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің есімдерімен қатар жазылуы тиіс. Қазақтың мал өсіретін байлары мен көпестері де, Алаштың бетке ұстарлары сияқты 30-жылдары қатал репрессияға ұшырап, «қанаушылар тобы», «ұлттық буржуазия» ретінде қуғындалған.
Бүгінде сол бір қайырымды жандарды, олардың ізгі істерін көпшілік біле де бермейді. Тіпті, ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы ұлттық тарихымызды зерттеп жүрген ғалымдардың өздері алғашқы меценаттардың есімдерін жете білмейді. Өйткені, Қазақстанның қайырымдылық жасау тұрғысындағы тарихын зерттеумен ешкім нақтылы айналыспайды. Сондықтан да, қайырымдылықтың философиялық һәм идеялық негізінде не жатыр деген басты сұрақтың жауабы жоқ.
Революцияға дейінгі Қазақстанда қайырымдылық жасауға ерекше көңіл бөлінгендігін елдегі қайырымдылық пен қоғамдық қамқорлық мәселелеріне арналған «Қайырымдылық жаршысы» деген арнайы журналдың үлкен сұраныспен таралғанынан-ақ байқауға болады. Кейін революциядан соң, кеңес билігінің алғашқы жылдары қайырымдылық саласындағы міндеттерді мемлекеттік органдар атқара бастады. Бұл жұмысшылар мен шаруалардың мемлекеті ретінде құрылған кеңестік мемлекеттің барлық «қорланғандар мен жәбірленгендерді», «қайғылылар мен қиналғандарды» қорғаушы және олардың қамқоршысы функциясын өз мойнына алуымен негізделген еді. Ал 1917 жылы қоғамдық жанашырлық жасау саласындағы барлық өкілеттіктер берілген Мемлекеттік жанашырлық жасау халкомы мен Әлеуметтік қамсыздандыру халкомы құрылды. Осылардың декреттерімен және қаулыларымен Ресей патшалығы тұсындағы қайырымдылық ұйымдардың барлығы дерлік таратылды, олардың орындарына жаңа кеңес органдары – Ана мен нәрестені қорғау алқасы (1918 ж.), Қызыл әскерлердің балаларын қамтамасыз ету қоры (1918 ж.), Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған комиссия (1918 ж.) және басқалары құрылды.
Алайда, 1923 жылы В.И.Ленин бұларды «буржуазиялық көріністер» деп атап, елдегі зайырлы қайырымдылыққа толық тыйым салды. 1928 жылға қарай осы жағдай тіпті, шіркеу жанашырлығын да қамтыды. Бірақ, осыған қарамастан, революцияға дейін 1859 жылы жазушылар мен ғалымдарға мұқтаж жәрдемақы қоғамы ретінде пайда болған Әдебиеттік қор және кейбір шығармашылық одақтар сақталып қалды.
Кеңес өкіметі құрылған кезде қайырымдылық функцияларының көбісі мемлекеттік органдардың – комиссариаттар (кейіннен министрліктер) мен әртүрлі комитеттердің қол астына шоғырланды. Тек кейбір қайырымдылық ұйымдар ғана қоғамдық негізде өмір сүруді жалғастырды. Осы ұйымдардың қызметі 1970 жылға дейін ЖОАК және РКФР НКО-ның 1932 жылғы 10 шілдедегі «Ерікті қоғамдар және олардың одақтары туралы ережелермен» регламенттелді.
Бұл құжат 60 жыл бойы жалпыодақтық маңызы бар жалғыз нормативтік акт болып танылды. Онда Кеңес Одағындағы қайырымдылық қоғамдардың ұйымдастырушылық құрылымдары, функциялары, өкілеттіктері және қызметтің басқа да маңызды мәселелері айқындалды.
КСРО тарағаннан кейін қайырымдылық бірлестіктерінің функцияларын атқарып тұрған мекемелер кешені өз қызметін тоқтатты.
Бірақ бүгінде қайырымдылық практикасы қалпына келтірілді және бұл істе Қазақстан жеріне өзінің тәжірибесін алып келген шетел компанияларының рөлі аз емес. Уақыт өте келе ең алғашқы аса күрделі қайырымдылық жобалары пайда болды.
Қазіргі таңда Қазақстанда қайырымдылық қызметпен кез келген адам айналыса алады. Негізінен қайырымдылықтың даму деңгейі елдің жалпы әлеуметтік-экономикалық өркендеу дәрежесіне тікелей байланысты. Халықтың әл-ауқат деңгейі жоғары, бизнес сектор мықты және тұрақты болған сайын, қайырымдылық қызметінің қалыптасуына және дамуына қажетті шарттар көп болады.
«Асар» дәстүрі тек қазақ елінде ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанның барлық этностары арасында кең танымалдыққа және әлеуметтік практикаға айналды. Жылу, сыбаға сияқты әдет-ғұрыптар жаңа мәнге ие болды.
Мемлекет басшысы Үкіметпен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, барлық өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында елдегі барлық қайырымдылық акцияларын үйлестіру мәселелерін пысықтауды тапсырған болатын. Ел Президенті 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағаннан кейін, тап сол жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы әрбір адамға бағытталған бірқатар жалпыұлттық қайырымдылық акцияларын өткізді. «20 игі іс» әлеуметтік акциясының шеңберінде 90198 адам 5 млрд. 623 млн. 911 мың теңгеге көмек алды. Ал осы акцияға қатысушылардың саны 2586469 адамды құрады.
Дегенмен де, Қазақстандағы қайырымдылық институты әлі де қалыптасу үстінде. Бұған қазіргі осы мақсатқа жұмсалған шығынның көлемі мен қоғамның көзқарасы куә. Айта берсек, тіпті, Қазақстанда жұмыс істейтін қайырымдылық қорларының саны да белгісіз. Өйткені, қайырымдылық қорларына байланысты нақты статистика жоқ. Сондай-ақ, ақпарат алмасу істері де жүйеленбеген. Осының салдарынан қайырымдылық қорларының көбін жұрт біле бермейді. Оған бөлінген қаржылардың қайда жұмсалып жатқанынан да бейхабар. Оның үстіне, қорлар көп жағдайда көпшілікке ешқандай есеп бермейді. Соның кесірінен қоғам мен бизнес өкілдерінің қайырымдылық ұйымдары мен қорларға деген сенбеушілігі туындап жатады.
Және бір келеңсіз жайт, соңғы уақыттарда «ерікті-мәжбүрлі» қайырымдылық түрлері күннен-күнге әйгіленіп келеді. Яғни, бақуатты компанияларға жолданатын өтініштер көбіне мемлекеттік органдардың атынан (әртүрлі мемлекеттік ведомстволар, әкімдіктер және т.б.) келіп түсуде. Сондықтан, бизнес өкілдерінің қайырымдылық шараларына қатысуы тең емес. Ал бұл бірқатар мән-жайларға негізделген. Біріншіден, бизнестік ортада осы қызметтің бірыңғай бағдарламасы жоқ. Әрбір компания өз мүддесін көздей отырып, өзінің қайырымдылық параметрлерін айқындайды. Екіншіден, қайырымдылық қызметті өзінің нысаны және мазмұны бойынша қалай және кім қалыптастыратынына байланысты. Бұл бизнестің үкіметтің жария немесе латентті талаптарына берген жауабы болып табылады. Міне, осының барлығы қайырымдылық бизнесін түсінуге арналған конвенциалды тәсіл әлі де пайда болған жоқ деп айтуға толық негіз бар.
Жалпы, ашығын айтсақ, көптеген қайырымдылық қорлары өте тиімсіз жұмыс істейді. Бұған бірден-бір себеп, олардың қолдарында теориялық және әдістемелік база жоқ. Содан барып көбіне қайырымдылық құралдарын тиімсіз жұмсау проблемалары туындайды.
Қайырымдылықты дамыту жолындағы елеулі проблеманың бірі, жоғарыда айтып өткеніміздей, қайырымдылық қызметті ақпараттық және насихаттық қолдаудың тым жұтаңдығы. Өйткені, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мұндай көмек көрсетуге асықпайды, тіпті, көп жағдайда, бұл мәселе оларды мүлдем қызықтырмайды да. Себебі, олар бірінші кезекте әрдайым өз мүдделерін, яғни коммерциялық тиімділігін ойлайды емес пе?! Ал қайырымдылықтан қалтасына түсер қандай пайда?! Тек «құрғақ қасық – ауыз жыртадының» кері ғой!
Алайда, бұл үшін оларды кінәлай да алмайсың. Өйткені, қазір есептің заманы. Ақпарат құралдары да әлдеқашан бизнес-есепке көшкен. Сондықтан бұл жерде қайырымдылық істеріне байланысты ақпараттарға мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлініп, қолдау көрсетілгені жөн.
Қазіргі уақытта қайырымдылық туралы заң әлемдегі көптеген елдерде бар. Тіпті, мұндай құжат Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстанда да қолданылып келеді. Біле-білсек, дәл қазір ол аса қажетті заңдардың бірі. Аталмыш құжат қайырымдылық саласындағы құқықтық қатынастардың сипатын айқындайды, сондай-ақ, қайырымдылық қызметпен айналысатын ұйымдар үшін мемлекеттік қолдау нысандарын белгілейді.
Алайда, қайырымдылыққа қатысты осынау маңызды құжат Қазақстанда бұдан 15 жыл бұрын әзірленіп қойылғанына қарамастан, күні кешеге дейін қабылданбай келді. Тек 2015 жылдың 16 қарашасында ғана Мемлекет басшысы Бес институттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруға және қайырымдылыққа, оны ынталандыруға арналған құқықтық негіздер құруға бағытталған «Қайырымдылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Бұл заң қайырымдылық саласында туындаған қоғамдық қатынастарды реттейді. Оның мақсаты қоғамдағы қайырымдылықтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, қолдау және нығайту жолымен қоғамның өзіндік ұйымдастыруын дамытуға ықпал ету болып табылады.
Алайда, жақсы заңды қабылдау – бұл істің жартысы ғана. Енді осы құжат еліміздегі қайырымдылықты жандандыруға, қазақстандық қайырымдылық дәстүрлерін жаңғыртуға және сол арқылы азаматтық қоғамның шоғырлануын қамтамасыз етуге көмектесуі тиіс. Заңда ерекше рөл Қазақстан халқы Ассамблеясына берілген. «Қайырымдылық туралы» ҚР Заңының 7-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілікті, достық пен қоғамдық келісімді, халық бірлігін нығайту мақсатында елде қайырымдылықты дамытуға жәрдемдесіп, қайырымдылық саласында үйлестірушілік және өзге де қолдау істерін жүзеге асыруы тиіс.
Қорытындылай келе, қайырымдылық тек қоғамда әлеуметтік ынтымақтастық атмосферасын құру үшін ғана маңызды емес екенін атап өту қажет. Қайырымдылық Қазақстанның болашағы үшін өте маңызды болып табылатын экономикаға әлеуметтік сипат беретін әкімшілік тәсілмен либералдық-нарықтық балама болуы әбден мүмкін.
Сарқытбек МОЛДАБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор
АСТАНА