3 миллион теңгеге С.Торайғыров атындағы университетте өткен Business Days Pavlodar халықаралық форумы барысында сатылды.
Әрине, қазіргідей технология дамыған заманда ештеңеге таңғалуға болмас. Бірақ, біздің ата-бабамыз да ұлттық тағамдардың небір түрлерін дала технологиясын пайдалану арқылы жасап, бүгінгі ұрпақтарына жеткізіп кетті. Тек бүгінде табиғи өнімдердің қадірін көп түсіне бермейміз. Студенттер қымыздан балмұздақ дайындайды деген хабар да осы кездің кезекті жаңалығы. Таңғалып жатырмыз. Бұған дейін Жапонияда қымыздан балмұздақ жасап жүрген өзіміздің қазақ жігіті жайлы, немістердің де қымызды насихаттай бастағандарын, қырғыздардың да бұл өнімді жасауды қолға алғанын естіп, біліп жүрдік. Бірақ, Асхат Айтжанов пен Нұрғиза Қалинованың «Қымыздан балмұздақ дайындау» тақырыбында қорғаған жобасы жастардың бизнес-бастама форумында жеңімпаз атанып, 500 мың теңге жүлде алғаны ойлантты. Студенттердің де шетелдіктер секілді өркениетті білім жолына, ғылыми ізденістерге, ойлануға, ойлауға, жаңашылдыққа қарай бет бұра бастағандары қуантты. Асхаттың айтуынша, бұл идея тосыннан туып, аз уақыт ішінде қолға алынған көрінеді.
Біз енді кішкенайтымыздан ауылда қымыз ішіп өстік. Қымыздан жасалған балмұздақты үйде жасаудан бастадық. Оны балаларға, достарға дәмін татып көру үшін ұсындық. Ерекше балмұздақ деп таңғалысты. Университет басшылығы ерекше балмұздақ жобасын бірден қолдады. Enactus ұйымымен байланыс орнатып, жобамызды республикалық форумда қорғап шықтық, дейді Нұрғиза мен Асхат.
Ал, бұған дейін университет командасының «Қымыздан балмұздақ жасау» жобасы «Enactus Kazakhstan National EXPO – 2016» студент-жастардың әлеуметтік және бизнес-жобаларының республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Білім және ғылым министрлігі мен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қолдауымен өткен байқауға еліміздің жоғары оқу орындарынан 42 команда қатысты. Университет командасы экономикалық, экологиялық, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған іс жүзінде жұмыс жасап жатқан 4 жоба ұсынды. Содан, «Қазақстанды қалай тамақтандыруға болады?» деген ауқымды тақырыптағы бизнес-жобалар байқауында студенттер қымыздан жасалған балмұздақ идеясы үшін 1 миллион теңгеге ие болды.
Enactus PSU командасының капитаны Арнагүл Бүркүттің айтуынша, студенттер университет қабырғасында алған теориялық білімі мен кәсіпкерлік қабілеттерін тәжірбиеде қолданады. Команданың әрбір мүшесі еліміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Университет командасы жеңімпаз ретінде биыл қазан айында Торонто қаласында (Канада) өтетін Enactus 2016 әлемдік кубогында еліміздің атынан қатысуға дайындалуда.
Жуырда университетте өткен Business Days Pavlodar халықаралық форумында электр және жылу энергиясы, агротехнология, микробиология, машина жасау және басқа да салалардағы инновациялық жобалар таныстырылды. Өңірлік стартап академиясы ашылды. Рәсімге облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, студенттерді академияның ашылуымен құттықтап, жас кәсіпкерлердің жұмысына табыс тіледі.
Өңірлік Start up академиясы 250 жобаны қабылдады. 10 жоба жұмысын бастапты. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында шағын және орта бизнес саласында 21 жұмыс орны құрылған. Академия өз кәсібін ашқысы келетін кәсіпкерлер үшін еліміз бен шетелдердің үздік оқытушылары мен менторларының дәрістерін тыңдап, білімдерін шыңдауға мүмкіндік береді. Жыл сайын 1000-нан астам адамды кәсіпкерлікке оқыту, 200 стартап ашу, шағын және орта бизнес саласында 500 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Өңірлік Start up академиясы «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «НАТР» АҚ-пен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, «ENACTUS Kazakhstan» ұлттық кеңсесімен және басқалармен байланыс жасайды.
Форумда жас стартапшылар Demo Day бизнес жобалар макетінде өз жобаларын ұсынды. Форумға келген кәсіпкерлер «Koum_ice», «Пончита», «Люмобетон», «Асао», Frozen Yogurt» бизнес-идеяларға қызығушылық танытты. Бизнес-жоба күндері аясында мектеп және колледж оқушыларына арналған бизнес-идеялар чемпионаты, «Кемел кәсіпкер» бизнес-кейстер республикалық чемпионаты, «Enterprise`s solutions» байқауы өтті.
Жергілікті инвесторлар қатысқан стартап академияда барлығы 15 жоба ұсынылды. Қымыздан жасалған балмұздақ «KoumIce» жобасының авторлары Асхат Айтжанов пен Нұргиза Қалиноваға университет басшылығы зертханадан орын беріп, жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетті. Ерекше балмұздақ сол жерде жасалады. Қазір жоба әлеуметтік желілер арқылы сатылуда. Жоба құны – 3 миллион теңге. Осындай бағамен қымыз-балмұздақ Mirel компаниясына сатылды. Өйткені, 1,5 миллион теңгеге арнайы құрылғы, 800 мың теңгеге шикізат алынады. Қалған 700 мың теңге технологиямен жұмыс жасауға жұмсалады. Бір айдың ішінде авторлар өнімді көлеміне қарай 150-900 теңгеден қаладағы дүкендерге тасымалдауды жоспарлауда. Қажетті сертификаттары да бар.
– Бірі қышқыл, бірі тәтті дәмді екі түрлі ерекше балмұздақ жасадық. Алғашында қалай жасаудың әдіс-тәсілдерін ашып айтқан жоқпыз. Қазір жобаны онлайн сатылымға қойдық, енді сауда орындарын ашқымыз келеді. Негізгі мақсат – қымызды ұлттық сусын ретінде насихаттау, – дейді жоба авторлары.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген
Руфина ТОРПИЩЕВА