Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста декларация, заң, қағаз, халықаралық талаптар мен нормативтер және құжаттар негізінде егемендік жарияланғанымен, іс жүзінде шын мәніндегі шынайы дербес ел болудың ауылы әлі алыс жатқандай еді. Дәл осы кезде тәуелсіздікке қойылатын талаптардың он екі де бір нұсқасы болмағаны да ақиқат. Байыппен айтқанда, тәуелсіздігіміз аяғын жаңа ғана тәй-тәй басқан сәби іспеттес еді. Әрине, тәуелсіздік қажет еткен талаптардың бірі – егемен елдің дербес ақша-несие жүйесі еді. Тәуелсіздік алған тұста еліміз біртұтас бұрынғы кеңестік рубль аймағында тұрды. Сабан ақша тәй-тәй басқан тәуелсіздігімізді тұқыртып жібере жаздады. Сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты ұлттық валюта айналымға енгізіле қоймаған еді. Не істеу керек? Ұлттық банк жүйесі филиалының бұрынғы басшысы, аталған саланың майталман жетекшілерінің бірі Борис ІЗБАСАРОВПЕН әңгімеміз осы бағытта өрбіді.
– Борис Ізбасарұлы, сіз 1992 жылдың басында сол кездегі Ұлттық банктің төрағасы Ғалым Байназаровтың ұсынысымен және сол жылдардағы Орал облысының басшысы Нәжімеден Есқалиевтің келісімімен Ұлттық банктің облыстық басқармасының басшысы болып тағайындалған екенсіз. Сол кездегі елдегі ақша-несие жүйесінің жай-күйі жөнінде не айтар едіңіз?
– 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз егемендік алғанымен республикамыздағы банк жүйесі бұрынғы Кеңес Одағының мемлекеттік банк құзырына тәуелді болып қала берді. Мұндай тәуелділік, қираған КСРО мемлекетінің қаңсығына амалсыздан мойынұсынушылық төл теңгеміз айналымға енгізілген уақытқа, яғни 1993 жылдың 15 қарашасына дейін жалғаса берді. Соның салдарынан тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында сол кездегі республиканың банк жүйесі тікелей өзінің ақша-несие саясатын жүргізе алмады. Бұлай болатын себебі, егемен елдің өз ақшасы айналымға еніп үлермеген еді.
– Сіздің жеке пікіріңізше, мұның себебі неде?
– Әрине, кезінде оның әртүрлі себептері болғаны белгілі. Сол тұста бұрынғы кеңестік кеңістіктегі Балтық бойы республикалары, Украина, Белоруссия, тіпті, Өзбекстан мен Қырғызстан да алды-арттарына қарамай өздерінің ұлттық валюталарын бірінен соң бірі айналымға енгізіп жатты. Ендеше, біздер неге олардан қалып қоямыз деп асығыстық жасаудың соңы Қазақстан жағдайында орын алуы әбден ықтимал келеңсіз жағдайларға апарып соқтыруы да мүмкін еді. Сондықтан Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл теңгемізді енгізу жөнінде жеті рет өлшеп, бір рет кесу сипатындағы орнықты көзқарас ұстанғаны дұрыс болды деп есептеймін.
Сөйтіп, Қазақстан 1993 жылдың 15 қарашасына дейін сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты рубль аймағында қала берді. Біріншіден, мұның өзі республикадағы байырғы тұрғындар саны қырық пайызға да жетпейтін жағдайда елдің тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында саналы түрдегі кешеуілдеу болды деп те ой түюге болады. Оның үстіне, іргедегі көршіміз Ресей бұл кезде бұрынғы кеңестік ақша жүйесінде қалып қойған еді. Екіншіден, біз қайткенде де Ресейдегі жоғары-төмен балды өзгерістерден сырт қала алмайтын едік қой. Сондықтан да әрине, әліптің артын бағуға тура келгені анық.
– Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде ең алдымен Ресейде, содан кейін Қазақстанда тауарлардың құны еркін айналымға жіберілген кез есіңізде ме? Оның қандай теріс салдарлары болды деген ойдасыз?
– Мұны да тәуелсіздіктің таңсәрі шағы мен өтпелі кезеңнің бізге артқан тағы бір үлкен сынағы деп есептегеніміз жөн шығар. Қазақы түсінікке сайғанда былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі деген шақ еді бұл. Тауарлардың еркін айналымының тиімді жақтарына қоса теріс әсерлері де болмай қалған жоқ. Бұл үдеріс инфляцияның кеңінен етек жаюына әкеліп тіреді. Өтпелі кезеңде өндіріс орындары бірінен соң бірі жабылып, өндіріс көрсеткіштері құлдырап түсіп жатты.
Елде тауар тапшылығы басталды. Оның әсері инфляция мөлшерін одан әрі тереңдете түсті. Бұл факторлар республикадағы бұған дейінгі кеңестік сипаттағы банк жүйесінің де біржолата тұралауына әкеліп соқтырмай қоймады. Елде жаппай жұмыссыздық етек ала бастады. Жалақы, өтемақы және зейнетақы секілді әлеуметтік төлемдердің уақытында төленбеу көріністері де дәл осы кезеңге сәйкес келді. Ақшаның құны болмаған соң өзара есеп айырысудың жабайы тәсілдері көрініс бере бастады. Соның бірі – бартерлік тауар айналымы жүйесі және өндіріс орындарында жұмыс істейтін адамдарға ақшаның орнына әртүрлі заттай төлемдер берілуі еді.
– Сол 1992 жылы Ұлттық банктің республика облыстарындағы басқармаларына тән қызмет тәсілі қандай еді?
– Айтайын. Дегенмен, дәл осы арада маған сәл шегініс жасауға рұқсат еткеніңіз жөн шығар. Бұл арада айтайын дегенім, 1988 жылы Кеңес Одағының мемлекеттік банк жүйесінде бірқатар реформалар мен өзгерістер жасалды. Соған сейкес банктерді мамандандыру жолдары жүргізіліп, Агроөнеркәсіпбанк, Кредсоцбанк және Өнеркәсіпқұрылысбанк делінетін салалық банктер құрылды. Бұның бәрі де бұрынғы КСРО мемлекеттік банкі құрамынан енші алып шыққандар еді. Облыстарда бұлардың басқармалары құрылды. Бұлар республикалық ведомстваларға қарады.
Мен сол кезде елімізде жаңадан құрылған Ұлттық банктің облыстық басқармасына осы жүйеден ауысып келдім. Ұлттық банк бұрынғы КСРО мемлекеттік банкінің ізінде құрылды. Әрі бізге сол кезде бюджеттің орындалуының барлық есеп-қисабын түгендеу ісі тапсырылды. Бұл міндетті бұған дейін Кредсоцбанк, яғни несиелік- әлеуметтік банк жүйесі атқарып келген еді. Бұлар негізінен коммерциялық банктер болғандықтан, атқарып келген функциялары қайтадан Ұлттық банк жүйесіне ауыстырылды.
– Әрісін айт та, берісін айт, енді төл теңгеміз айналымға кірген 1993 жылдың қарашасына қарай жақындасақ...
– Әрине, жақындаймыз. Оның алдында мынандай бір керағар жайтты айта кетуге болады. 1993 жылдың тамыз айында Ресей өз рублін айналымға енгізді. Сол кезде қоғамдық өмірде жоқ елдің әбден құнсызданып кеткен сабан ақшалары Қазақстанға қарай құйылды. Топан ақшаға пайдаға асатын дүние-мүлік пен ішуге және жеуге келетін азық-түліктің бәрі де қопарыла сатылып алынып жатты. Оның қаншасы сыртқа кеткенін бір құдайдың өзі біледі.
Инфляция деңгейі бұрын-соңды болмаған шекке, яғни 360-380 пайызға дейін аспандап көтеріліп кетті. Бұл әрине, бұрынғы кеңестік рубль жүйесі туралы екенін оқырман аңғарып отырған шығар. Темекі тартатын әдетім болушы еді. Сондықтан да өзгесін айтпағанда сол кезде бір қорап темекінің бағасы бес мың рубль болғаны есімде қалыпты. Осындай қысылтаяң шақта 1993 жылдың 15 қарашасында төл теңгеміз айналымға енгізілді. Сабан ақша осылай сарқылды. Дәл осы күннен бастап, егемен еліміз өзінің ақша-несие саясатын ешкімге алаңдамай дербес жүргізуге мүмкіндік алды.
– Осы бір күндер сіздің жадыңызда қандай ерекшелігімен сақталды?
– Есімде қалғаны екі күн бойы, нақтырақ айтқанда, 1993 жылдың 15-17 қарашасы аралығында елде тұрғындардың қайта есеп жасап үлгерулері үшін бұрынғы кеңестік рубль мен ұлттық теңгеміз қатар қолданылды. Яғни, осы күндерде оның екеуі бойынша да сауда-саттық жұмыстары жүргізіліп жатты. Төл теңгеміз айналымға енгізілгеннен кейін, ел-жұрттың рухы одан әрі көтеріліп, кеуделерін мақтаныш сезімі кернеді. Сол кезде АҚШ долларына шаққанда теңгеміздің бағамы 4,67 теңгені құрады.
– Борис Ізбасарұлы, сіз бұған дейінгі барлық саналы ғұмырыңызды еліміздің Ұлттық банк жүйесінің нығаюына арнадыңыз. Әрі бұл саланың білікті жетекшісі ғана емес, сонымен бірге білгір маманы да бола білдіңіз. Осы тұрғыда алғашқыда 4,67 деп белгіленген теңге бағамының тұрақтап тұра алмай қалғаны жөніндегі пікіріңізді білгіміз келеді?
– Бұл сауалдың жауабы өте қарапайым. Өзіңіз айтап өткендей, о бастағы теңге бағамының тұрақтылығы ұзаққа созылмағаны шындық. Біз бұл мәселеге шынайы көзқарас тұрғысынан қарай білуге тиіспіз. Менің ойымша өтпелі кезеңдегі ел экономикасының тұрақсыздығы, бауырын еркін жаза алмауы АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валюта бағамының өсуіне әкеліп соқтырды. Бір сөзбен айтқанда, теңге тұрақтылығы ел экономикасының өсуіне тікелей байланысты.
Екіншіден, сол тұстағы әртүрлі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар, өндіріс орындарының жабылуы мен экспорттық әлеуетіміздің төмендігі де бұл үдерісті үдете түсті. Сонымен бірге, егемендіктің алғашқы жылдарында теңге бағамының өзгеруі елдегі алтын-валюта қорының аздығынан әрі оның жинақталып үлгере алмай жатқанынан да орын алғанын ашық айтуға тура келеді.
Банк жүйесі терминінде төлем балансы деген ұғым бар. Оны уақытында ұстап, қадағалап тұрмаса, белгілі бір елдегі ақша-несие жүйесі күрделі жағдайларға кездеседі. Бұл арада айтайын дегенім, егемен еліміз сол бір жылдарда төлем балансының тұрақтылығын сақтау үшін Халықаралық валюта қорынан қаржылай көмек алған еді. Кейін өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде бұл қаражат қайтарылып берілді.
Сонымен бірге, кеңестік кезеңдегі КОКП саясаты Қазақстанға негізінен шикізаттық аймақ деңгейінде қарау мен бағалау үрдісін қалыптастырды. Бұл белгілі бір дәрежеде шындыққа да сәйкес келеді. Соның салқыны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да сезіліп тұрушы еді. Теңге бағамының өзгеруіне бұл жайттың да әсері болғанын жоққа шығара алмаймыз. Қалай десек те, төл теңгеміз айналымға кіргеннен кейін еліміз томаға-тұйықтықтың көрпесін серпіп тастап өзге мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды емін-еркін орнықтыра бастады.
Бәріне де уақыт төреші. Адам жақсыға тез үйренеді емес пе. Бір кездегі өтпелі кезеңнің қиыншылықтары бүгінде артта қалды. Ел экономикасы өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жая түсті. Өзге елдерге шығарылатын экспорттық әлеуетіміздің үлес салмағы жылдан-жылға көбейіп келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында және өтпелі кезеңде тұралап қалған нысандарды орнынан тұрғызу және жаңа кәсіпорындар ашу үшін мықты инвесторлар қажет еді. Солай болды да. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Отанымыз – Қазақстан бүгінде әлемдегі инвестициялық тартымдылығы жоғары мемлекеттердің біріне айналды.
Республикамызда индустриялық-инновациялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы экономикамызды тек мұнай-газ секілді стратегиялық шикізат көздері арқылы көтеру қажеттілігінен суырып алып шықты. Осы жетістіктердің бәрі теңгеміздің тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын таптырмас тетіктер еді. Теңге – тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі. Бүгінде егемен елімізде ақша-несие саясаты оң жолға қойылған.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы