көлемі 80 пайызға азайып кеткен
Алматы апортының дақпыртын жақсы білеміз, таңдайымызда қалған дәмін жақсы сеземіз, бірақ көпшілігіміз осы жемістің он ғасырлық тарихы барын, мың жылдық шаһардың құрдасы екендігін біле бермейміз. Сонымен қатар, әйгілі апорт қасқырдың цирк аренасына үйрене алмағаны секілді, кезінде ғалымдар қанша күш салғанымен, Ресейдің кейбір аймақтарында және Германия мен АҚШ-тың топырағына жерсінбеген.
Кеңестік ғалымдар Алматы апортының түп атасы Ресей аймағынан әкелінген дегенді тарихқа жазып та кетті. Алайда, Алатауда жабайы алманың сан ғасыр бұрын жайқалып өсіп келгенін сол ғалымдар жоққа шығарған емес, шығара да алмайды. Тау бөктеріндегі түп-түп болып жайқалып, тауықтың жұмыртқасындай жеміс салатын жабайы жемісті ғылыми тілде «Сиверс тұқымды» алма дейді. Неге олай? Алатау баурайында тұнып өсетін жабайы алма туралы Ресей география қоғамына осында жолы түскен дәрілік шөп жинағыш ғалым Иоганн Сиверс алғаш рет 1769 жылы мәлімет берген екен. Сол кезден бастап Алатау баурайындағы жабайы тәтті алмалар Сиверс алмасы атанған де кеткен. Бүгінгі апорттың тұқымы сол сиверс алмасының жалғасы болып саналатыны да сондықтан.
Қазақ ғалымдары таяуда тау бөктерінің сәні – жабайы алмалар тұқымының жыл санап жоғалып бара жатқаны туралы дабыл қақты. Алатау баурайындағы бұл жемістің көлемі 80 пайызға дейін азайып кеткен. Содан да шығар, алма бағы Іле Алатауы ұлттық табиғи қорығы аумағында өсетіндіктен дереу қамқорлыққа алынды. Олқылықтың орнын толтыру үшін ұлттық саябақтың ботаник ғалымдары селекциялық орталықпен бірлесіп үлкен жоба бойынша жұмыс істеп жатыр.
Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағының аға ғылыми қызметкері Раиса Төреханова:
– Біз қазір алдымен көшеттерді өсіруді қолға алу үстіндеміз. Ол үшін Түрген тауында, Белшабдар шатқалында 2 гектар гектар жерді дайындап қойдық, – дейді.
Ендеше... Алатау баурайында ғана өсетін Алматының алмасы, айналып келгенде, апорттың сан ғасырлық тарихы бар түпкі тұқымы қайта түлейтін күн де алыс емес.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ