• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2011

Халық қалауы

1001 рет
көрсетілді

Елбасымен біргеміз! Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

Халық қалауы Бұл күндері қазақ қоғамы үлкен серпіліс үстінде тұр. Бұл күндері қазақ әлеуметінің, Қазақстан Республикасының болашақ тағ­ды­ры шешіліп жатыр. Және қоғамдық са­на­ның түйткілі халықтың өз қалауы, елдің келешегін ойласқан мыңдаған асыл көкіректің қалауы арқылы шешімін табайын деп тұр. Бастан өткен тарих – ең үлкен ұстаз. Алайда, тарих өткенге ғана сәулесін түсі­ре­ді. Еңбегің еш, тұзың сор, кеңестік тота­ли­тар­лық жүйеде кешкен жетпіс жылдық өмірдің тәжірибесінен пайда жоқ еді, себебі, ол ұлттың асыл арманы тапталған, бойын­дағы ынтасы өлген тарихтың тағылымы ғана болатын. Жаңа заманға – жаңа тәжірибе. Бай­қасақ, егемендік алғаннан бергі ағыны қатты осы азғантай жылдың ішінде біз мүлдем басқа халыққа айналып. пыз. Ұлттың бойында өскелең күш ояныпты. Осының бәрі бір адамға – асау теңіздей дүниенің төсінде елдігіміздің, егемендігіміздің кемесін аударып алмай басқарып келе жатқан Президентімізге, оның қажыр-қайраты мен ақыл-парасатына байланысты. Ақылды кітаптарда айтылған, адамды басқа емес, тындырған ісіне қарап бағала деп. Алға жылжыған сайын өзінің орнын тауып жатқан игілікті істердің шежіресіне көз жүгіртейікші. Халықаралық қауымдастық мойындаған егемендігіміздің алғашқы жылдарында Қазақстанның ахуалы қандай еді? Кеңес Одағының ең ауыр салығы мен салмағы бізге түсетін, шикізат қана өндіретін өлке едік. Одақ тарағанда өзіне тиесілі еншісін де ала алмай күйреп шыққан ел едік. Ешқашан іске аспайтын коммунистік уто­пия аяқталды. Қолымызда – егемен­дік­тің туы, қарсы алдымызда – аяусыз өмір, аяу­сыз тарих шындығы. Тәуелсіздік деп ата­латын тайғақ кешуі мол осы қиын жолды бас­тарда Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің та­лантына ғана, қажыры мен қайратына ғана сенді. Ол өтірік уәде берген жоқ. Шын­дық­ты айтты. Бәрі де оп-оңай, аспаннан түсе қалады деген жоқ. Өркениет деген теріңді аямай төккенде ғана жетіліп гүл­дейтін өскін деді. Кейде жеңіске жету үшін шегіну керек, болашақта ұлтқа керекті ұтыс­қа қол жеткізу үшін қимасыңды беруің ке­рек деді. Өз бетінше тұрған бостандық болмайды, бостандық деген ең әуелі жауапкершілік, сондықтан арланбайық, озық елдерден жауапкершілікті болудың амалдарын үйренейік деді. Ауруын жасырған өледі, шындық қана мұратқа жеткізеді, сондықтан барлық жағдайда тіпті Отанымызға, елімізге қатысты жағдаяттарға келгенде де шыншыл болайық деді. Егемендіктің шежіресін толғағанда, әлбет­те, ең әуелі Астананы – тәуелсіз елдің жаңа ас­танасын айтамыз. Астананың қоныс ауда­руы – ұлы мемлекеттердің тарихында талай рет қайталанған жәйт. Бүгінде әлемге зор ық­пал етіп отырған Ресей, Жапония, Қытай, Түр­кия жұмхұриеті – астаналарын әлденеше рет жаңартқан елдер. Тіпті Германия сияқты ұлы мемлекеттің өзі екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін Бонн қаласын амалсыз уа­қыт­ша астана еткен. Шығыс Германия қосыл­ған­нан кейін Берлинді қайтадан астана деп жариялаған. Біздің жағдайымыз да осыған ұқсас. Қазақ Ордасы, хандардың заманы келмеске кетті, ал қазақ жерінде салынған жаңа қалалар отаршылдықтың тарихымен тығыз байланысты еді. Рас, Алматы жетпіс шақты жыл қа­зақ­тың астанасы болды. Бұнда бірнеше ұрпақ  қазақ туып-өсті, жетілді. Қазақ санасы осы Алматыда оянды. Бүгін де Алматының мәнін ешкім жоққа шығара алмайды. Алатаудың етегіндегі жауһар қала қазақтың рухани астанасы болып қала бермек. Заманынан озып ту­ған бірегей тұлға алдына заңғар мақсат қойып, сол мақсатты орындай біледі. Басқалар үшін мүмкін емес болып саналатын іс­терді тындырады. Шы­нын айту керек, Астана іргесі қалана бастағанда көп адам бұл жаңа іске күмәндана қараған. Алай­да, бірнеше ғана жылдың беделінде қиян даланың төсінде бүкіл құрылым­да­ры өскелең заманға лай­ық, зәулім ғимарат­тары аспанмен таласқан шаһар пайда болғанда көлденең жұрттың өзі қуана қол соққан. Қазақстан экономика­сы бұл күнде тоқтаусыз даму үстінде. Шикізатты  өндіру ғана емес, оны өң­деуді қолға алдық, көп­теген салаларда көр­ші­лес елдерге, олардың экономикасына тәуел­діліктен құтылдық. Бұ­рын метрополияның құ­қы­ғында ғана болған күр­делі құрылысты игердік. Бұл ғана емес, қазақтың ұл-қыздары біз үшін бұрын бей­таныс болған талай өнерді осы азғантай жыл­дың ішінде түбегейлі меңгерді. Жұмыс­шы табы қалыптасып кемелденді. Ел іші компьютерленді. Жаңа ұрпақтың интеллек­туал­дық деңгейі көтерілді. Айта берсе ұл­ты­мыздың жеткен жетістіктерінде есеп жоқ. Алайда, осының бәрінің сыртында, осы игілікті құбылыстарды мүмкін еткен ең басты жетістігіміз – ел тыныштығы, қоғамдағы татулық. Елбасы билікке келгендегі ең басты мұраты – осы татулық еді. Және күні бүгін­ге дейін ол осы мұратынан айныған емес. Біз жоғарыда қысқаша айтып өткен бай­ырқалы дамудың жетістіктері – осы ел ішіндегі тыныштықтың, бейбіт заманның жемісі. Заманында Бенджамин Франклин ай­тып­ты: «Кішкентай қайықтар жағаға жақын жүру керек», – деп. Біз енді ғана дамудың даңғыл жолын тапқан кішкентай қайықпыз. Сақтық – қорқақтық емес. Ақымақ қана еш­теңеден қорықпайды. Нұрсұлтан Назарбаев көзсіз ерлікті емес – ақылды ерлікті уа­ғыздайтын Президент. Екі қарап, үш қарап бір шоқымасаңыз, қандай биік қабілетіңіз бол­са да ақыр соңында қасіретке, сәтсіз­дік­ке ұрына­сыз. Сол себепті, сақтық – ақылдың ең биік тү­рі. Сол себепті, сақтық – ерліктің ең биік түрі. «Әйнектен салынған үйлерде тұратын адамдар бір-бірімен тас лақтырыспауы керек», – дейді ағылшын мақалы. Бір-бірімен егескен мыңдаған, миллиондаған мүдде­лер­ден тұратын, шытынаған әйнек-заманада өмір сүру – біздің маңдайымызға жазылған несібе.  Мұндай кезде әлемді апаттан алып қалудың бір ғана жолы бар. Ол – мәміле, тіл табысу, татулық. Сондықтан, Нұрсұлтан На­зар­баевтың республика деңгейіндегі ғана не­месе аймақ деңгейіндегі ғана емес, әлем­дік деңгейдегі бейбітшілік шараларын, осы, әлемдік мәміле, әлемдік татулық сияқты биік мұратты көздеген ерлік істері деп танимыз. Әрине, Азияның түкпірінде жатқан Қа­зақ­станның жаһандық саясатқа араласуы, әлем­ге зор ықпал етіп отырған елдердің саяси қайраткерлерінің, бүкіл әлемдегі діндер басшыларының Астанаға қайта-қайта жи­на­луы көлденең көзге түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл мәселенің сырт көрінісі ғана. Бүгінде ешкім ештеңеден тыс бола ал­майды. Жаһанданған дүниеде ешкім де оңа­ша жүріп жол таба алмайды. Ал бұл қағи­да­ны мойындамай бұра тартпақ болған ел­дер­дің қандай күйге ұшырағаны белгілі. Айдаладағы, дүниенің ана шетіндегі бір елде болған зобалаң шым-шытырық саяси-экономикалық байланыстар арқылы келіп еліңіздің ахуалына ықпал етеді. Және көп жағдайда бұл – теріс ықпал болуы мүмкін. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, басқаға келетін зияннан өз еліне келетін иненің жасуындай пайданы жоғары қоятыны – осыдан. Бұл анық прагматик саясаткер екендігінің дәлелі. Сынғаннан – иілген артық. Қандай да болмасын бір іске аяқ басарда, ол істің өзін ғана салмақтамау керек, сондай-ақ өзіміз жай­ында, өткеніміз, бүгінгіміз және ертең­гі­міз, ол істің салдары, басқа адамдарға, бізден кейін келетін ұрпақтардың тағдырына қа­тысы жайында ойланып, осы жәйттердің барлығын бір-бірімен байланыстыра білмек керек. Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың еппен жүргізген сыртқы саясатының мән-ма­ғынасы осы. Мемлекет дегеніміз – күш. Бұл оның басты сипаты. Герцог Чарльз V-нің айтқаны бар: «Билік дегеніміз – жұмсақ қолғап киген темір қол», деп. Яғни, мемлекеттің жал­ғыз ғана кемшілігі – әлсіздігінде. Күшті мемлекет қана өзінің азаматтарына бостан­дықты қамтамасыз ете алады. Қоғамдық тәртіпті жолға қоя алмаған елдің мемлекет болып ұйысып өркендегенін көріп пе едіңіз. Маңайдағы жапсарлас елдерде болып жатқан түрлі-түсті революция­лар­ды пайымдаңыз, ол елдердің босқын­дары басқа емес – Қазақстанды паналап, тыныш өмірге қалай жетілгенін зерделеңіз. Сонда ел ішіндегі бейбітшілік пен байыр­қалы дамуды бұрынғыдан да бағалайтын боласыз. Бірақ Елбасы алақайдан аулақ. Себебі, туған елді байлыққа, бақытқа жеткізу жо­лында әлі бойымдағы барымды бере алма­дым, тындырғанымнан тындырмағаным көп деп біледі. Біз де осыған сенеміз, себебі, Елбасы бойында қажыр-қайраты мол, кемел шағына енді келді. Көкірегінде қаншама арман, көңілінде ел игілігін көздеген қаншама заңғар жобалар. Өмірлік істі орта жолдан тастап кетпей ұшығына шығарған, осылайша туған жұр­тын әлемнің ең дамыған елдердің қатарына жеткізіп барып байырқалаған талай бас­шы­ны мысалға келтіруге болады. Малайзияның отаршылдықтан құтылған кездегі ахуалы өте аянышты еді. Мемлекет болу үшін керекті бірде-бір тетігі жоқ, тіпті сыртқа шығарып сататын шикізаты жоқ, күйзеліс, ашаршылық үстіндегі ел еді. Алайда, Малайзияның бағына орай билік басына Махатхир Мохамед сияқты ақылды, отаншыл азамат келді. Қазір Малайзия ең дамыған елдердің қатарында. Неге? Себебі, басшысына сенді, билігін уақыт жағынан шектемеді. Ел ағасының айтқанын екі етпеді. Ақыры мұратына жетті. Сингапур дамыған батыс елдерінен келген туристердің көңіл көтеретін жері ғана еді. Коррупция, қылмыс жайлаған жахил ел, жабайы өлке еді. Бағына орай билік басына Ли Куан Ю сияқты азамат келді. Синга­пур­дың қазір қандай елге айналғаны эконо­ми­ка­лық ғажайып ретінде оқулықтарға еніп отыр. Тарих тағылымынан аңдағанымыздай, бір адамның билік басында байырқалап отыруы орнықты дамудың кепілі болады екен. Себебі, көп жағдайда, билікке заман талабымен келген адамның алдына қойған мақсатының үлкендігі сондай, оған бөлінген уақыт аздық етеді. Міне, еліміз дамудың ең қиын бір өткелі­нен өтіп, келесі жүретін жолдың басы­на келіп тұр. Тағы да таңдаудың алдында тұр. Мұндайда, халық бойкүйездікке жол бермеу керек. Сіз, жақсы басшыны сайлауға қатыспай, оған дауыс бермей үйде отыр­ғаныңыз – өзіңізге жаман басшы сайлаға­ныңыз. Сіз саясатпен айналыспасаңыз, саясат сізбен айналысады деген қағида бар ғой. Референдум да – сайлау. Соның бір түрі. Екеуінің айырмасы, сайлауға халық элек­торат болып анонимді түрде қатысады. Ал референдумда халық өзінің басшысымен болашақ билік мәселесін бетпе-бет келіп, жүзбе-жүз шешеді. Рас, Президент референдумге тыйым салды. Бұл белгілі бір халықаралық талап­тар­ға сай жасалған қадам болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан халқы әлемдік қауымдас­тық­т­ың шарттарын құрметтей отырып, өз тағ­дырын өзі шешуі керек. Сондықтан Қа­зақстан халқына, зиялыларға, өнер қауы­мына, барлық қоғамдық топтарға қаратып айтарымыз – ағайын, береке-бірлікте болайық, бірауызды болайық. Егемендіктің байрағы тігілген күні басталған келелі іс, өзінің жалғасын тауып мұратына жетсін десек – онда бүгінгі басшымызға тағы бір өкілет берейік. Мойнына ауыр міндет артайық. Халқына аянбай еңбек етсін. Осыған тоқтайық. Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

«Елбасы кемеңгер – көші түзу кемелді ел!»

атты акцияға 10 мың қызылордалық қатысты

Мына фәниде сатып алуға бол­май­тын, құны ақшамен өлшен­бей­тін дүниелер болады. Соның бірі – пейіл, адамдардың көңілі. Ат ба­сындай алтын беріп адамның көңі­лін аулау, оның саған деген ниетін сатып алу мүмкін емес. Сыйлас­тық – сатылмайды. «Жақсыларды Құ­дай жолықтырады» деген тәм­сіл бар. Асылында, Жаратушы жап­пар иеміз қазақ жұртына жақ­сы басшы жолықтырған. Өйткені, елдің Ел­ба­сыға деген пейілі ерекше. Ақмешіт алқабы ақ қарға оран­ды. Қыс бойына Табиғат ана тосын мінез танытып, қар болмап еді. Бірнеше күн бұрын Қызылорда ақ көр­пе жамылды. Бұған дейін төбе­сін­де күн күліп тұрған Қызыл­ор­дада қазір аяз салтанат құрып тұр. Сонда да жұрт қаланың орталық алаңына қарай ағылуда. Себебі, мұн­да облыстық азаматтық қоғам өкілдерінің бастамасымен «Елба­сы кемеңгер – көші түзу кемелді ел!» атты акция өтіп жатқан. Бір сөз­бен айтқанда, қызылордалық­тар Елба­сы­ның өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға үн қосып жатыр еді. Елбасы мерзімін ұзартуға қа­тыс­ты акцияны ұйымдастырушы – Қы­зылорда облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы. Акция­дағы алғашқы сөзді қауымдас­тық төр­айы­мы Дариға Ақмағамбетқызы құт­тықтау сөз сөйлеп ашты. Ол Ел­басының ерен еңбегіне, мемлекетті нығайту ісіне қосқан өлшеусіз қа­жыр-қайратына, жұртты жұмыл­ды­рып, халықты қайырымдылыққа бастап отырған көреген саясатына ерек­ше тоқталды. Төрайымнан кейінгі сөз тізгіні дербес зейнеткер, Қы­зылорда облысының құрметті аза­маты Абдолла Дәулетұлына тиді. – Бүгінде қазақты әлем таны­ды. Азулы, саясаттағы сан қилы ал­пауыт­тар Қазақстан деп ата­ла­тын мем­лекетті білді, оның Көш­бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі салиқалы саясаткер ретінде мойындады. Мұ­ның бәрі бір күнде қона салған бақ емес. Елба­сының сындарлы сая­сатының арқа­сын­да жеткен, елдің ауызбірлігінің нәтижесінде келген даңқ еді. Сондықтан мен Елбасының мерзімін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдауға шақырамын, – деді. Сыр сүлейлерінің соқпағын жал­ғастырып келе жатқан Мұхтар Ниязов мінберден көрінді. «1986 жылы Алматыда жастар алаңға ағылды. Не үшін? «Әр елді өз ұлы басқаруы керек» деген ұранмен шықты олар. Билігіңнен айырылып, басқаның тізгін ұстағанына шы­дай алмады. Сон­дықтан дәл бүгін­гідей болып алаң­ға барып, ұран тастады. Ал бү­гінгі біздің алаңға шығуымыз бө­лек дүние. Өйткені, елімізді бас­қарып отырған Ер бар. Елбасын қол­дайтын елі бар.  Көреген Көш­бас­шы қазақ көшін бұдан әрі де бастай беруі керек. Сол себепті Елбасының өкілетті­гін 2020 жылға дейін ұзартуды бірауыздан қолдайық». Ақынның арынды сөзі­нен кейін алаң ұранға басты. «Қа­зақ­стан! Нұрсұлтан! Нұр Отан!» деген ұранды тіркестер аспанда қалықтап тұрып алды. «Нұр Отан» партиясының Қы­зылорда облыстық филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары Өлмес­хан Болатбековтің сөзі де көптің көкейіне қонды. – Қаңтардың қақаған қасиетті қысы, Ақмешіттің аңқылдаған ай­на­лайын желі сіздерді, аналары­мыз, аталарымыз, ардагерлеріміз, сан түрлі өндіріс орындарының жұмыс­шы қызметкерлерін және мыңдаған жастарды ешбір тоңдыра алмайды. Себебі елім, жерім, халқым деп тұрған Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­баевтың ыстық ықыласқа толы, тұла бойыңды жылытар қамқор көңілін сезініп, бүгінге де, ертеңге де сенімді сезімде тұрасыздар. Мен сөзімді сауалмен баста­ғанды жөн көрдім. Сыр бойында алып өндірістер болып па еді? Сыр бойында әлем бағалаған Олим­пиада саңлақтары қанша­лық­ты еді? Сыр бойында мың­да­ған бала оқи­тын мектептер болды ма? Жетпіс жыл бойы жол жөндеу көрмей, ауыл арасы алыстап кеткен емес пе еді? Біз кешеге дейін құдықтан сапа­лы ауыз су ішіп пе едік? Та­мақты талғап ішетін, киімді таңдап киетін халықтың жағдайы осындай дәрежеде ме еді? – деді Өлмесхан Мәтенұлы. – Ал осының бәрі көреген Көш­басшы, сарабдал саясаткер Нұрсұл­тан Назарбаевтың жемісті еңбегі­нің арқасы, – дегенде алаң жаппай қолдады. – Тарих бетінде теңізді екіге бөлген жағдай жоқ, қуатты Қазақстан Арал теңізіне осыны жасады. Қазақстан дегенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқын бейнесі, парасатты ісі көрінеді. Арал қаласында тұратын 105 жастағы көкірегі күмбез әже Әл­пеш Садықова айтады: Айналайын Өлмесхан, жасым болса 106-ға қа­ра­ды. Нұрсұлтан балам менен 40 жас­тай кіші, әлі қанша болашағы бар, соны үлкен болсам да көргім келеді. Ендеше, сол күнге жетуге Қазақстан, Нұрсұлтан, «Нұр Отан» есімдерімен ертеңгі күнге бірге бару бақытын бұйыртсын, – деп аяқтады сөзін. Президент мерзімін ұзартуға қа­тысты акцияға Қызылордадағы бар­лық азаматтық қоғам өкілдері қа­тысып, бастаманы бірауыздан қол­дайтындарын білдіріп жатты. Олар­дың қатарында «Руханият» пар­тиясының облыстық филиалы­ның жетекшісі Атабай Базарбай, «Қа­зақстанның орыс ұлты» қау­ым­­дас­тығының облыстық бөлім­ше­сі­нің басшысы Владимир Толоконников, «Қызылорда жастары» қау­ым­дас­тығының төрағасы Бау­ыр­­жан Мастеков, самбо күресінен халықара­лық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия ойын­да­рының чемпио­ны Диана Сәдуа­қасова, Қа­зақстан кәсіпкерлері мен жұмыс беруші­лері­нің жалпы­ұлттық «Атамекен» одағының Қызылорда фи­лиалының жетекшісі Алмасбек Тұртаев, «Игілік» кор­поративті қо­рының президенті Ақтолқын Шерехандар  бар. Жиын барысында акцияға қа­тысушылар облыс жұртшылығына үндеу қабылдады. Үндеуде «Алаш­тың анасы» атанған Сыр елінің жұртшылығы Қазақ­стан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Нұр­сұлтан Назар­баевтың президенттік өкілет­тігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы жалпы­халық­тық референдум өт­кізу бастамасына қолдау білдіре отырып, Елба­сымыздың мемлекеттік ішкі және сыртқы саясаттағы, экономикалық дамуымызды, халықтың әлеуметтік игілігін арттырудағы өзі бастаған игі істерін өзі аяғына дейін жеткізуін қалайды және Елбасына зор сенім білдіреді» делінген. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.

Келешек үшін керек

Заң ғылымдарының докторы, кәсіпкер Қайрат Балабиев осыдан аттай жеті жыл бұрын Елбасының халыққа Жолдауында кәсіпкер­лер­ді әлеуметтік нысандар салуға шақыр­ған бастамасын қызу қол­даған­дардың бірі. Халыққа қажетті сауда орын­да­рын салып, тасы өрге домалап тұр­ған жігіт ағасы жұбайы Қар­лығаш Бекбосыновамен кеңесіп, “АТФ” және “Центркредит” банктерінен 10 млн. доллар несие ала­ды да бала ­бақшалар мен мектеп салу ісіне кірісіп кетеді. Бас­тап­қыда банктердің үстемесі 18 пай­ыз болған. Ел мүд­десі үшін тәуекелдің қайы­ғы­на мінген Қайраттай жігіттерді долы дау­ылдың өтіне тастамапты Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаевтың арала­суы­мен әлеуметтік нысандар салып жатқан кәсіпкерлердің банкке берешегі 11 пайызға дейін азайған. Соның нәтижесінде, халық­ара­лық стандарттарға сай “Әйгерім”, “Бала би” бала бақшалары мен еркін ойлы, талантты мұғалімдердің өзін­дік бағ­дарламаларын жүзеге асы­руға жағдай жасайтын қа­зақ­ша, орыс­ша және ағылшынша оқыта­тын “Бәйтерек” мектебі ашылған. Дүние жүзін дағдарыс сал­қыны сергелдеңге салғанда біздің Қазақ­стан ел экономикасына орасан қар­жы салып жатты, дейді Қайрат Рахымұлы. Референдум туралы игілікті бастама көтерілген соң Шым­кент қаласындағы өзім және зайы­бым Қарлығаш екеуміз құрыл­тай­шы ретінде басшылық жа­сайтын сегіз серіктестіктің бас­шылары мен мүшелерінің бізге білдірген өтініш­теріне сай «Нұр Отан» ХДП Төр­аға­сының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен осы партияның Оң­түстік Қа­зақстан облыстық филиалы төр­аға­сының бірінші орынбасары Ұлас­бек Сәдібековке арнайы хат жолдадық. Елбасының өкілеттік мер­зімін ұзартуды толық қолдай­ты­ны­мызды және бар­ша­мыз бірауыз­дан дауыс беретіндігімізді шынайы ниетпен мәлім еттік. Сегіз серіктестікте үш мыңға жуық адам қызмет етеді. Осының барлығы Елбасының өкілеттігін ұзартуды толығымен қол­дап отыр. Тәуелсіздік алған жыл­дары кеше ғана кеңестік жүйеде болған мемлекеттер секілді Қазақ­станның да жағдайы мүшкілдеу болғаны белгілі. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның сарабдал саясатының ар­қасында 19 жыл ішінде әлем тани­тындай, мойын­дайтындай дәрежеге жеттік. Қарапайым іске бейімі бар сан мыңдаған кәсіпкерлер өздері игерген кәсіпті жетілдіруден нәсібін тауып, бизнес саласындағы жол­да­рын та­бысты жалғастыруда. Осы­ның бар­лығы кімнің арқасын­да орындалып, жүзеге асырылуда дегенде, оның ең ұшар басында біздің бүгінгі Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев сынды биік тұлғаның тұр­ғандығын қандай мақтанышпен айтсақ та артықтық етпейді. Ұлт Көшбасшысы жайында ұла­ғатпен ойланғанда ол кісінің ел үшін атқарған ісінің, жеке үле­сі­нің біздің өлшемімізден әлдеқайда биік екеніне әлемдік деңгейдегі са­рабдал сая­сатшылар мен сарап­шылар өздерінің оң бағасын әлде­қашан беріп қойған. Дамыған ел­дердің өзі дағдарыстың тұсауында бұлқынып жатқанда, сол қиын­дық­тан халқын алып шыққан әрі оның ілгері өркендеу деңгейін төмендетпеген санаулы мемлекет басшыларының басында тағы да Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сон­дық­тан да Қазақстан халқы тағды­рын Елбасымен тікелей байла­ныстырады. Басқосуда сегіз серіктестіктің басшылары осындай ой қозғады. Ин­новациялық орталықтың ди­рек­торы Наталья Тен кейбір ақпарат құрал­дарының арандатушы­лы­ғы­мен келіспейтіндігін айтты. “Кейбір мемлекеттер демократия дегенді алға тар­тып, өздеріндегі жүйе­ні бізге күштеп таңғысы келеді. Елді олай дүрліктіру жақсылық емес. Халық қалауы – Нұрсұлтан Назарбаев. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына бар керекті беріп келеді. Ең бастысы, әр түрлі этностар арасында жарасымды ын­тымақ бар. Сон­дық­тан, біз Елбасымызбен біргеміз. “Бәйтерек” мектебінің ди­рек­торы  Марина Понтий  қазақ­стан­дық білім жүйесінің деңгейі жыл сайын өсу үстінде екендігін айтты.  Ал, білімді ұрпақ – мемлекеттің кемел келешегі. Ата Заңымызға Елбасы атауының мәр­тебесі мен референдум өткізу жө­ніндегі өзгерістер мен толық­ты­руларды енгізу жөніндегі Парламент мүшелері жасаған ұсыныс­тар мемлекет кемелдігі үшін бірінші кезектегі қажеттілік екендігін естен шығармағанымыз абзал. Міне, референдум бізге осы үшін қажет. Осын­дай ойларды серіктестік басшы­лары Амантай Мамедов, Елена Касьянова, Жанәбіл Сабаев, Қарлы­ғаш Нәдірқұловалар да айтты. Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.

Референдумға жұртшылық көзқарасы қандай?

2011 жылдың қаңтар айы бойына бірқатар қа­зақстандық ұйымдар Қа­зақстан Республикасы Президентінің өкілет­ті­гін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінен референдум өткізу бас­та­ма­сына азаматтардың көз­қарастарын білу бой­ын­ша  әлеуметтік сұрау салулар жүргізді. Референдум өткізу ту­ралы оң шешім қа­был­дана қалған жағ­дай­да респонденттердің 85 пайызы дауыс беруге қатысуға дайын. Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.На­зарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту жө­нінен референдум өткізу туралы бас­таманы сұрау салын­ғандардың 93 пай­ызы қолдайды. Құлшыныс үлкен «Нұр Отан» ХДП-ның баста­масымен демократиялық күш­тердің жалпы­ұлт­тық «Қа­зақ­стан-2030» коа­лиция­сы­ның құры­луына орай Семейде қала акти­вінің жиыны болып өтті. Жиынға саяси партиялар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар өкіл­дері, жастар көптеп қатысты. Жиын жұмысын ашқан референдум өткізу жөніндегі бастама­шы топ төрағасы, Шәкәрім атын­дағы Семей мемлекеттік универ­си­тетінің ректо­ры Ерлан Сыдықов бүгінгі күн тәр­тібіндегі мәселеге қысқаша тоқтала келіп, референдум өткізу мен коалиция құру саясат жалауы емес, уақыт, ел қалауы екендігін айтты. Ол солай дей келіп, референдум өткізу жө­нін­де бас­тама көтеріліп жатқан елі­міз­дің шығыс аймағы, Семей өңі­рін­де саяси партиялар, үкіметтік емес және қо­ғамдық ұйымдар тара­пы­нан коа­лицияға кіруге зор құл­шы­ныс бола­тын­дығына сенім білдірді. Айтқандай-ақ, жиында сөз сөй­ле­­ген­дердің бәрі бір тоқтамға келіп жат­ты. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП-ның қа­ла­лық филиалы төр­ағасының орын­басары Зульфия Жамалтдинова осын­да басталған бастама жеріне жеткізілуі тиіс десе, «Ақ жол» демо­кра­­тия­лық пар­тия­сы қа­лалық фи­ли­алының төрағасы Орын­бек Сәрсен­бин жи­нал­ған­дарды елімізді бір белестен екінші белеске бастап алып келе жат­қан Елба­сы­мызды қолдауға шақыра отырып, ақжолдықтардың коа­лиция қата­ры­нан табылатын­дық­тарына сен­­дірді. Ал Ұлы Отан соғы­сының ар­дагері, татар ұлттық-мә­де­ни орта­лы­ғы төрағасының орын­ба­сары Ға­зиз Ахмеров болса, осы мәселе бой­ын­ша Астанада ардагерлер пленумы коа­ли­ция­ға кіретіндіктерін мәлімдеге­нін айта келіп, бұл игі бастамадан семейлік ардагер­лердің де сырт қалмай­тын­дықтарын білдірді. Сервис колледжіндегі жастар комитетінің төр­аға­сы Олжас Соғымбаев жастар тілегін жалынды жыр жолдарымен жеткізді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.