• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2016

Құнарын арттырсақ, құт-береке келеді

355 рет
көрсетілді

Қандай кәсіптің басында жүрмесін, жер үніне құлақ түріп, онымен бірге тыныстай білетін жандар аз емес. Іссапар  барысында, Астрахан ауданында Жібек Сейілова деген кісімен таныстым. Кезінде экономика, есеп саласында, мемлекеттік қызметте істеп, абырой арқалағаны көрініп тұр. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған. Жасы біршамаға келген кісі. Соған қарамастан, «Шілікті» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқарады екен. Бұған да он жылдай болыпты...  Жылы сәлемдесуден кейін жақсы бір әңгіменің желісі тартылып сала берген. – Бұндай қадамға не үшін бардыңыз? Байқаймын, Алланың бергені, өзіңіздің тергеніңіз жетіп жатқандай көрінеді. – Қазақы қалпымызды қастер­леуден. Анау бір жылдары тарихи отандарына көшушілер көбейіп, ауылдың шеті сетіней бастаған еді. Бұл елге де, жерге де белгілі дәрежеде әсер етті. Еңсе көтеру керек болды. Біздің қатарластарымыздың көбісі орысша оқыдық. Одан жама­ндық көрген жоқпыз. Алға­шында «Шілікті» шаруа қожа­лығын күйеуім құрған. Біраз жылдан кейін, менің экономист мамандығым кәдеге жарады. – Көзіқарақты адамсыз, кейбіреулер кезінде тәр­бие­ленген ауылдарының жұртын таба алмай жатады. Уақыт өктемдігі солай дейік. Бірақ, жер гүлдеп, жүректерді лүпілдетіп тұруы керек. Жердің киесі дегеніміз осы емес пе? – Дұрыс айтасыз. Адам баласының тағдыры жермен байланысты. Ол – тіршіліктің тірегі. Диқандарымыз көктемгі дала жұмыстарына кірісер шақта ойламаған жерден жер сатылады екен деген әңгіме шыға келді. Бұл талқылануға жатпайтын дүние ғой. Өйткені, ертеңнің қамындағы халықпыз. Бірақ, азды-көпті пайлары барлар жер үлесі саудаға түсе ме деп алаңдағанын көрдік. Қалай дегенде де, бұл артық сөз. – Қазір заманға баға беру емес, заман ағымына алаң­даушылық белең алып тұр­ғанын өзіңіз жақсы білесіз. Әйел кәсіпкер ретінде, жерді не қыламыз, біреулер айтып жүргеніндей, сату деген әңгіме біздің тіршілік пайымымызға келе ме? – Қазақ бұған дейін саудадан айтақаларлықтай пайда айырған емес. Біздің халқымыз Ұлы Жібек жолын ашу арқылы ынтымақтың ортақ пайымын белгілеген. Қақпамыз өріс кеңіту үшін ашылған. Сауданың тілі осында деп білеміз. Бірақ, өзгелерге саудаға қойылмайтын қастерлілеріміз бар. Соның ең қасиеттісі – жер. Сондықтан, бұл ешқандай негізі жоқ әңгіме. Жердің табиғатын түсініп, үніне құлақ түрген кісі мұндайды айтпайды. Елбасымыздың мынадай сөздерін ұмытпайық:  «Соңғы уақытта шетелдіктерге Қазақстанның жері сатылмақ деген жалған ақпараттардың үздіксіз жариялануынан жер мәселесіне қатты назар аударылып отыр. Бір­неше мәрте түсіндірілді, мен де бұл шындыққа сәйкес келмейтіндігін айттым. Тағы да бір мәрте айтқым келеді, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компанияларға сату туралы мәселе тұрған жоқ және талқыланбайды да. Бұл тақырыптағы алыпқашпа сөздер негізсіз». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жер кодексінің кейбір баптарына тоқтау салуы осыдан. – Сонда, кейбіреулердің «шөптің басын қимылдатып» жатқаны несі? – Байыбына бармай байбалам салатындарға таңым бар. Жермен бірге тыныстап жүргендер, еліміздің ырысын еселеп жүргендер мұндайды айтпақ түгілі ойына да алмайды. Сондықтан, бауырларымның парасат биігінде болуын қалар едім. Халыққа кінә тағу­дан да аулақпын. Жерге қатысты мәселеде абай болуымыз керек. Елбасымыз жауапты орындарға ескертпелер жасауы осыдан. Тіпті, кадрлық тұрғыда адал қадамдар­ға барды. Біздің халқымыздың бұ­дан тиісті қорытынды жасайтыны­на сенемін. – Сіз анасыз. Жаңа механизаторлардан сұрастырсам, «апамыз алқаптармен амандасып жатады» дегенді айтып жатыр... – Асырып айтады ғой, қулар. Әйткенмен, асыраушымызды аялап жүрсек, мейір-шапағатын аямайды. Оның құнарын арттырып, нәрлендіріп отыруымыз керек. Жер ыңғайына сай біздің егістік алқабымыздың құнарлылық бонитеті 36 балды құрайды. Көрші Сандықтау ауданында 85 балдық жерлер бар. Соған қарамастан, еншіміздегі 5339 гектардың егістікке қойылған 4124 гектарының әр айналымынан былтыр 12 центнерден астық алдық. Сапасы жоғары. Осы жағынан ұтамыз. Сондықтан, жерді күту арқылы қайтарым алып отырмыз деуге болады. Түйіндей келгенде, жер экономикалық айналымда болуы керек. Жердің шетелдіктерге сатылмайтыны анық. Оны жалға беру – нағыз иесін белгілеу деген сөз. Мәселен, біздің Шілікті ауылында біршама шаруа қожалықтары болған еді. Ұқыпты пайдалануға шамалары жетпеді. Ақыры мемлекеттік қорға қайтарылған. Біз мұны конкурстық әдіспен 49 жылға жалға алдық. Қазір ЖШС дәрежесіндеміз. Барлық қаражатымыз өндірісті дамытуға салынып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар да өрісімізді кеңітетіні анық. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан  Ақмола облысы