• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2016

Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысы (+онлайн)

320 рет
көрсетілді

АСТАНА. 21 мамыр. Бүгін сағат тура 10:00-де Астанадағы Ұлттық музейде Жер реформасы жөніндегі комиссия өзінің кезекті отырысы өз жұмысына кірісті. Естеріңізге сала кетейік, Жер туралы кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәуір айының ортасынан бастап қоғамның әртүрлі топтары тарапынан наразылықтар білдіріле бастаған болатын. Осыған орай Президент 5 мамыр күні Ақордада кеңес өткізіп, онда кодекске енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды іске қосуға мораторий жариялады. Сонымен қатар, Үкіметке кодекстегі дау туғызып отырған баптар мен тармақтарды қайта қарап, пысықтау үшін қоғамдағы әртүрлі ұйымдар мен қозғалыстардың өкілдерінен, тиісті мамандар мен жерге қатысты сала қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия құруды тапсырды. Артынша құрылған сол комиссияға 75 осындай тұлға енгізілді. Өткен сенбі күні сол комиссия өзінің бірінші отырысын өткізді. Оған комиссия мүшелерінің 70-і қатысты. Жеті сағатқа созылған сол отырыста көптеген мәселелер қозғалып, алдағы талас-тартыстың қай арнада өрбитіні белгілі болып қалды. Ал бүгін сол әңгіме қайта жалғасын тауып жатыр. Төменде «Егемен Қазақстан» газеті интернет-редакциясының тілшілері Талғат Райымбек, Аян Әбдуәли және Орынбай Балмұрат (фото) осы отырыс барысынан онлайн сипатындағы репортаж жүргізіп отыр. 10:00. Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев кезекті отырыстың басталғанын айтты. Ол осы жиынға комиссия мүшелерінен 67 адамның қатысып отырғанын жеткізді. "Біздің комиссияның негізгі мақсаты - жер мәселесі жөнінде жан-жақты талдау жасап Парламент қарауына өз ұсыныстарымызды жіберу. Біз уәкілетті орган емеспіз. Нақты шешім шығарып, мөр басатын. Сондықтан біз халыққа пайдалы жағын қарастырайық", – деді комиссия төрағасы. 10:25. Комиссия отырысының төрағасы жер мәселесін зерттеуге бағытталған жұмыс тобының жетекшілерін сайлау үшін дауысқа салуда. Жетекшілікке Нұртай Сабильянов пен Мұхтар Тайжан ұсынылды. Нұртай Сабильянов жұмыс тобына жетекшілік етуден бас тартып, Мұхтар Тайжановтың кандидатурасын қолдайтынын айтты. 10:28. Мұхтар Тайжанның кандидатурасын Мұхтар Шаханов пен Мырзатай Жолдасбеков те қолдады. 10:29. Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев Мұхтар Тайжанды "Құқық" тобына жетекшілік ету үшін дауысқа салып, комиссия мүшелері бір ауыздан қолдады. 10: 31. Мұнан кейін Бақытжан Сағынтаев "Ақпараттық түсіндірме" тобының жетекшісін сайлауды ұсынды. 10: 33. "Ақпараттық түсіндірме" тобы төртінші топ екенін естеріңізге саламын. Біз алдыңғы отырыста комиссия мүшелерін төрт топқа бөлеміз деп келістік. Сондықтан соңғы топтың мақсаты - халықпен жұмыс жасау, біздің жұмысымызды елге  көрсету", – деді Бақытжан Сағынтаев. 10: 37. "Ақпараттық түсіндірме" тобының жетекшілігіне Мұрат Әбеновтің кандидатурасы ұсынылды. 10: 41. Комиссия мүшелері Мұрат Әбеновті бір ауыздан қолдап, "Ақпараттық түсіндірме" тобының жетекшісі етіп сайлады. 11: 15. Комиссия жиынында Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндама жасады. 11: 16. Отырыста комиссия мүшелері жердің шетелдік азаматтарға сатылып кетпеуіне алаңдаушылық танытты. Осыған орай Жексенбай Дүйсебаев сөз алып, өз ұсынысын айтты. 11: 19. "Жерді жерді жалға беру кезінде шетелдіктерге шектеу қою керек. Ең бірінші кезекте ел азаматтарына беру керек деп есептеймін", – деді Жексенбай Дүйсебаев. 11: 23. Комиссия мүшесі Сайран Буканов: "Жерді сатып алуға қарсы емеспін. Алайда, болашақ ұрпаққа жердің мол қорын қалдыру керек. Сонымен қатар, жерді жалға алғандар ай сайын емес жылына бір-ақ рет төлеуі керек. Тағы бір айтарым, халық жерді бәрі сатып алады, біз жұмыссыз қаламыз деп қорқады. Сондықтан елді, мемлекетті ойласақ дұрыс шешім шығарайық"– деді. 11: 29. "Жерге жеке меншік керек. Ал жайылымдық пен шабындықты жекеге беруге болмайды. Өйткені, мал шаруашылығымен айналасытандарға өте қиын", – деді Берік Әбдіғали. 11: 35. Ғани Қалиев: "1993 жылы жер реформасын қарау кезінде біз мынаны еске алғанбыз. Ол кезде мен депутат болатынмын. Сонда біз жерді кім алып өңдейді, еңбек етеді соған берейік деп шештік. Сол сияқты біз осы жолы да мұқият болайық. Кейбір шаруа қожалықтары жұмысшыларды құлша жұмсап келеді. Осыны да ескерейік", – деді. 11:35.  Владислав Косарев: "Мемлекет үкімет тарапынан жерді жауапсыз қарауына мүмкіншілік берді. Көптеген жер игерусіз жатыр. Жердің ресурстарын пайдалануды реттеу қажет", – деді. 11:43. Марат Шибутов: "Халық реформаны қолдасын десек, 50 гектардан жері төмен болса, жерді тегін берейік. Осыдан кейін шаруалар тарапынан наразылық болмайды", – деді. 11:47. "Жайылымдық жерлер жалға және сатылуға беруге болмайды. Қарапайым халықтың өзі малдарын қайда жаяды. Меніңше осыған қатты мән бергеніміз дұрыс", – деді комиссия мүшесі Бөкенов. 11: 50. "Жерді сату дегенді реформадан мүлдем алып тастау керек. Менің жеке пікірім қазақтың жері сатылмауы керек. Ал жалға беруге келісемін. Оныда да ойластырып, жан-жақты қарауымыз қажет", – деді Мереке Құлкенов. 11: 54. "Ауылшаруашылық жерлер инвестор тартуға өте мұқтаж. Сол үшін біз шаруа қожалықтарына тиімді шешім қабылдайық", – деді Қайрат Бисетаев. 11: 56. Зәуреш Баймолдина: "Жерді жалға алу туралы айтар болсам, осы жылдың 31 желтоқсанынан дейін жермен жұмыс жасай алмаған азаматтарға беру, бермеуді ойлану керек", – деді. 11:59. Мұхтар Тайжан: "Айтайын дегенім, жерді өзіміздің азаматтарымызға беруіміз керек. Жеке меншікке. Ал шағын қожалықтарға жерді тегін беруіміз қажет. Сондай-ақ, жерді тек Қазақстанда туған азаматтарға берген дұрыс. Кейбір қарындастарымыз өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығады. Оларға берілмесін жер", – деді. 12: 04. Қызылорда облысынан келген комиссия мүшесі Самұрат Имандосов  жерді отандық кәсіпкерлерге сату керек деп есептейді. Ол: "Жерді игеру үшін жерге пайы бар азаматтарға көмек берген жөн. Жерді пайдаланатын адамдарға өзен-көлдердің сағасы мемлекет меншігінде қалу керек. Тағы бір айтарым шабындық, жайлымдық жерлер сатылмағаны дұрыс", – деді. 12: 08. Мұхтар Құл-Мұхаммед: "Конституцияда жер жекеге де беру керек, сатылу да керек. Сондықтан біз қанша комиссия құрып қарасақ та, заң бар. Егер оған бағынбасақ, онда заңның күші жоқ болып табылады. Жер сатылу да керек, жалға да берген дұрыс. Кейбір азаматтардың жерді сатып алуға қаржысы жоқ. Олар жалға ала алады сол үшін. Тағы бір көтерілген мәселе шабындықтар мен жайылымдар. Қазақстанда осындай жер 23,7 млн. құрайды. Сол үшін біз заңға бағына отырып, қаулы қабылдарда бәрін ескерейік", – деді. 12.10. "Меніңше, біз шешім қабылдамас бұрын ауылға барып шаруалармен кездесіп, пікірлескеніміз дұрыс", – деді  комиссия мүшесі. 12:12. Мұрат Әбенов: "Мен көп адаммен сұхбаттастым. Көбісі жерді шетелдіктерге сату мәселесі жөнінде алаңдаушылықтарын білдіріп жатыр. Қарапайым халыққа белгілі мөлшерде жер беріп, мүмкіншілік бергеніміз жөн. Осының арқасында миграциялық мәселені де реттеуімізге болады", – деді. 12:18. Бақытбек Смағұл: "Ауыл мәдениетін дамытамыз десек, жайылымдарын сақтауға тиістіміз. Көпшілік жерді жалға алып қойған. Осы мәселені қарауымыз керек. Сондай-ақ, сатылу мәселесінде құнары кеткен жерлерді жалға алып, көктетсе, өндірсе, жақсы болар еді"– деді. 12:21. Әкім Жанұзақ: "Стратегияның маңызды жерін табуымыз керек. Сол кезде ауыл шаруашылығы дамиды. Соңғы жылдары мал шаруашылығын назардан тыс қалдырып қойдық. Сондай-ақ, жерді мәңгі деп қарап, эволюциялық жолмен беру керек", – деді. 12:26. "Заңда барлығы нақты жазылған. Жер қазақстандықтарға әрі сатылуы, әрі 49 жылға жалға берілуі тиіс. Сондай-ақ, шабындық, жайылым алқаптары туралы мәселені анықтауымыз керек", – деді комиссия мүшесі. 12:33. Азат Перуашев: "Жерді қазақстандықтарға жеке меншікке беруіміз керек деген ойдамын. Алайда, жер сату туралы шешімге асықпауымыз керек. Біз ауыл шаруашылығын қаржыландыруды қолға алуымыз керек", – деді. 12:38. Иван Сауэр: "Көпшілікті не алаңдататыны маған белгілі.  Көпшілікке қажетті нәрсені берсек, мәселені шешкен болар едік", – деді. 12:42. "Қазір жерді қарқынды түрде игеруіміз керек. Сол кезде ғана біз түйткілді мәселелерді шешеміз", – деді комиссия мүшесі. 12:48. Сағындық Елеусінов: "Жер қазақстандықтарға жеке меншікке берілуімен қатар жалға беру мәселесінде қойылған талаптардың бәрі сақталуы керек. Сонымен қатар, елді мекендерді газбен, сумен қамтамасыз ету керек. Көбісінде тіпті, тас жол да жоқ. Тағы бір мәселе – шабындық мәселесі. Қазір көп жер жалға алынып қойылғандықтан, мал жаятын орын жоқ. Осындай мәселелерді шешуіміз керек" – деді. 12:54. "Қазақстанда дүниеге келмеген азаматтарға жер сатылмасын деген пікірмен келіспеймін. Мысалы, қазір оралман қандастарымыз бар. Бұл кезде олардың құқықтары сақталмаған болар еді", – деді комиссия мүшесі. 13:03. "Жерді сату мен жерді жалға берудің айырмашылығы жоқ сияқты", – деді комиссия мүшесі. 13: 10. "Жер мәселесіне келсек, мен импералдық тұрғыда жердің сатылуына қараймын. Бірақ мен қай мемлекетте өмір сүріп отырғанымды жақсы білемін. Сол үшін халықтан қорқамын. Жерді қытайлықтарға бердік дейік. Алайда, халық олардың жерін өртеп, малын өлтіріп кетсе ше? Сонда ұлтаралық дау туындауы мүмікн ғой. Сол үшін біз осындай мәселелердің алдын алайық", – деді Айдос Сырым. Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында Бақытжан Сағынтаев жинынның қорытынды сөзін айтты. Ол: "Бүгінгі отырыста 37 ұсыныс айтылды. Бәрі дерлік екі бағытта. Біріншісі, жерді сату жөнінде. Екіншісі, жерді кімге, қалай сату жайында болды. Сондықтан біз келесі жиында осы мәселелерді тағы бір пысықтайтын боламыз. Сондай-ақ, келесіде бүгін құрылған топтардың жұмыс жоспарын бекітеміз. Жер мәселесін әбден пысықтап, сүзгіден өткізіп барып елге шығамыз. Халықпен кездесіп, өзіміздің ұсыныстарымызды айтамыз. Өңірлердегі ағайын бізді не айтады деп күтіп отыр. Сол үшін ұсынысымыздың дұрыс екеніне көз жеткізейік", – деді. Сонымен қатар, комиссия төрағасы келесі отырыс 28 мамыр күні өтетінін айтты. Айта кетейік, бүгінгі отырыста жерді сату және сатпау мәселесі пысықталып, комиссия мүшелерінің ұсыныстары қаралды.