• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2011

Сәбит ОРАЗБАЕВ: Өрелі өнер өзіңді де өсіреді

1671 рет
көрсетілді

Өмір өрімдері

– Ардақты Сәбе! Газетімізде «Өмір өрім­дері» атты айдар ашып, халқымыздың игі жақ­сыларымен көлемді сұхбаттар жариялап жүрміз. Бұған дейін Гүлфайруз Ысмайылова­мен, Дариға Тналинамен, Бибігүл Төлегенова­мен, Төрегелді Шармановпен емін-еркін әңгі­ме-дүкен құрғанбыз.  Дәл осы күндерде 75 деген жастың табалдырығында тұрсыз. Әңгімені дәстүрлі ыңғайда бастай берейік. Болашақ бала шақтан басталады. Көп нәр­се адамның өскен ортасына байланысты. Ауыл­дағы орта, мектептегі орта, кейінгі оқу­да­­ғы орта, қызмет еткен орта... Соның ішіндегі ауыл, мектептегі ортада сіз Құрекеңді, ардақты Құрманбек Жандарбековті жиі ауызға алып жүресіз. Аға тұтқан, үлгі тұтқан ада­мыңыз ғой. Өзіңізге әсер еткен тағы қандай адамдар болды? – Адам алдымен табиғаттың перзенті. Мен бәрінен бұрын өзім өскен жердің табиғатына қа­рыздармын ба деймін. Туған жерім – ғажайып сұлу жер. Оңтүстігі – Алатау, солтүстігі – Қара­тау, күн батысы – Қазығұрт. Осы үш таудың орта­сында тұрған, Арыс пен Ақсудың құйылған жері. Сол ғажайып табиғат қиялыма қанат бітіріп, сезімімді сұлуландырған шығар. Ал енді адамдарға келсек, ауылдағылардың бәрі ұстазым болды ма деп те ойлаймын. Жас кезімізде ауылдағы жиын-той­дың бәрі керемет қызықшылықпен өтетін. Жұрт шетінен әнші, шетінен айтыскер еді. Әй­теуір ма­ған солай көрінетін. Бірімен бірі сөзбен қақтығы­сып, қыран күлкі болып жататын. Біреулер жеңеді, біреулер жеңіледі, сол екі ортада күт­пеген жерден өзінше әділқазылар шыға келіп, өзін­ше «приз» береді, онысы кішкентай орамал, құрт-май сияқты нәрселер. Соның өзіне жұрт мәз-мәйрам. Осының бәрі маған әсер етті-ау деп ойлаймын. Төлеген молда деген жырау бабамыз болды. Иә, кәдімгідей жырау. Ылғи айтатыны «Зарқұм», «Қамбар батыр», «Алпамыс» сияқты жырлар. Оның ешқайсысы бір-екі сағатта біте қоймайды. Қазір ойлап қарасам, сол Төлеген атам бір жағы­нан актер екен. Аттың шабысы кезінде, қызыл­бас­тармен соғысқанда домбыраны жайына қал­ды­­рып, екі қолын көтерген күйде айқайлап, отыр­ған күйінде жортақтай жөнелетін. Кейін сон­дай орын­дау мәнерін мен қырғыздардан, манас­шылардан көрдім. Қыстың ұзақ түндерінде өзім құралпы ба­лалардың бәрі жыр  тыңдап отырып, ұйықтап кететін де, жалғыз мен сол дастан біткенше тыңдай­тынмын. Өзімнің анам Апақай да өнерлі кісі еді. Жергілікті жүлде алғыш, айтқыш, айтысқа мықты еді. Сонан кейін Топаш деген нағашым болды. Өнерді жақсы көретін.  Көп жыл ауыл-аймақты басқарған кісі. – Нағашылар жағынан да болып тұр ғой? – Сөзуарлық сол жағынан сияқты. Ол кісінің отырған жері той-думан болатын. «Төлен жаныс­тар­дың маңдайы жарқырап тұрады», деп шашын ауық-ауық қайырып қоятын жарықтық анам қай­тыс болғанда Топекең жетті апатайлап. «Мені оқыт­қан да сен едің, адам қылған да сен едің», деп ке­ліп, мені құшақтап тұрып: «Сәбитжан-ай, жөн­деп күткеніңде жүз жасқа да келетін екен ғой», дейді. «Нағашы-ау, осы тоқсанның сегізіне зорға жет­кіздім, сонда да көңілдерің толмай ма?» деп жа­тырмын. Қайғыны да әзілмен жеңілдетіп тұрғаны ғой. Топаш нағашым мектеп бітірерімде ылғи айтатын, «Құрекеңе бар, көмектеседі» дейтін. Ол кісінің Әбиба деген әпкесімен менің шешем қатар өскен құрбы. «Алдымен Әбибаға бару керек, Әбиба арқылы Құрекеңе бару керек», деп маған жолын айтты. Бірақ мұның бәрі болмай қалды. Мен малдәрігерлік институтына баруға ұйға­рылдым. – Неге? «Ұйғарылғаны» қалай? – Солай. Мектеп бітірісімен Мергенбай, Әбді­қадыр, Әмірсейіт деген  ағайындарымыз жинал­ды да... – ...бізге зоотехник керек деп шешті ме? –Дәл сөйтіп шешті. Елге қайтып келесің деді. Мына жалғыз шешеңе біз қарайласамыз, сен мал дәрігері болып ауылға орал, мұндағы жағдайды көріп жүрсің ғой, маман жоқ деді. Сол жерде Әбдіқадыр көкем Шөлбай деген кісі туралы бір әңгіме айтты. «Ол өзі малдың тәуібі еді», деп сөйлейді, мал дәрігері, ветврач демейді. Жаңағы Шөлбай қандай мал ауырса да, қандай аурумен ауырса да бір-ақ диагноз қояды екен, диагнозы – «Бұл енді оңалмайды, бұны сою керек». Сөйтіп, кез келген мал  ауырса болды сойыла береді екен. Сен оқып келіп, сондай «малдың тәуібінен» құт­қар бізді дейді ғой көкелерім. Ол кезде үлкендер айтты – бітті. Айтқандары – заң. Сөйтіп, мал­дәрігерлік институтына келдім. Құжаттарымды өткіздім, емтихандарымды тапсырдым. Ол кезде абитуриент аз, конкурс деген жоқ, құлап қалма­саң болды студент атанасың. Әне-міне оқуға түскелі тұрсам да көңілім күпті. Оған Алматыға жетер жолдағы бір оқиға да себепкер еді. Қай жер екені есімде жоқ, бір стансадан қалың қасты, еңсегей бойлы, орта жастағы кісі отырды біздің вагонға. Біріміз ән айтып, біріміз күй тартып, улап-шулап келе жатқанбыз. Бір кезде жаңағы кісі домбыраны қолға алып, күй тартты. «Сары­жай­лауды». Ол кезде шертпе күйлер, неге екенін білмеймін, аз тар­ты­латын. Жұрт сілтідей тынып тыңдады. Күйін тартып болды да, орнына барып отырды. «Жол­дарың болсын, балаларым. Өнерлі болыңдар!», деді. Кімсіз, не істейсіз деп танысатын дәрмен жоқ бізде. Ауыл баласымыз ғой. Содан ол кісі Алма­тыға жақындаған тұста бір стансадан түсіп қалды. «Өнерлі болыңдар!» деген сөзі құлағымда қалып қойды. Әлі күнге есімнен кетпейді. Өнерлі адам осындай болады екен ғой дегендей қатты әсер етті. Жан дүниемнің бәрі біртүрлі болып кетті.

–  Сізге аян бергендей болған екен ғой. – Дұрыс айтасың. Содан АЗВИ-дің жатақхана­сында жаттым. Жатақхана дегені кәдімгі үлкен спорт залы. Күнде кешке төбелес. Екі күннің бірінде ұрлық. Сол ортаны жатсынып жүрдім. Енді «әртістер дайындайтын институт» іздей баста­дым. Ол консерватория деп аталады екен. Ғима­раты қаланың дәл ортасында. Барсам – басқа бір әлем. Үш қабатынан да құйқылжып музыка төгі­ліп жатыр. Біреу ән айтып, біреу скрипка тартып, біреу фор­тепианоға қосылып шырқап жатыр. Аң­қидым да қалдым. Сөйтіп тұрғанымда, жаныма бір қазақ кісі келді. «Әй, бала, неғып тұрсың аузың ашылып?», дейді. «Ой, аға, мына бір керемет жер екен ғой», деймін. «Өнерің болса кел­мейсің бе?», деді де ол кісі кетіп қалды. Бұл сөз де маған қосымша қозғау салды. Қойшы, соны­мен, зооветке түсіп тұрған жерімнен құжат­та­рым­ды зорға дегенде қайтарып алып, консер­ва­торияға тапсыр­дым. Консерватория емти­хан­­дар­ды өзге оқу орындарынан кештеу қа­былдайды екен. – Сөйтіп, Тоқпановтың тоқпағына түстіңіз ғой? – Жоқ. Ол кейін. Алдымен ән факультетіне, Бекен Жылысбаевтың класына түстім. Курганский деген керемет ұстазымыз болды. Ермек Серке­баев­ты дайындаған сол кісі. Ол өзі де тамаша әнші. Соған даусымды тыңдатты. «Әлі жас бала. Бірақ тембрі жақсы. Тек диапазонын кеңейту керек», деді. Бір жыл бойы менің дау­сым­ның диа­пазонын кеңейтумен айналысты. Келесі жылы театр факультеті ашылды. Енді аңсарым соған ауды. Дегенмен, бір жыл болса да әншілікке оқығаным­ның пайдасын көп көрдім. Әсіресе, кейіпкері ән орындайтын спектакльдерге келгенде аузымның салымы болушы еді. Театр факультетіне кілең бір ығай мен сығай келгендей әсер етеді. Шаштары дудырап Асанәлі мен Райымбек жүр, Нүкетай жүр, Матан жүр, Күләй Хамзина жүр. Фарида кейін екінші курстан соң келді  Қытайдан. Содан ойым әбден бұзылып, Асқар Тоқпановтың алдына бардым. Бірден басымнан бастады. «Басыңды қай­дам, шашың мықты екен, өзі бұйра ма әлде бұй­ралатып алдың ба? Ана Ашимов пен Сеитметов шаштарын өздері бұйралатып алыпты ғой. Кеше екеуіне де ұрсып-ұрсып жібердім», деді. Сөйтсем, Асанәлі мен Райымбек шынында да солай жасаған екен. Асанәліге кейін соны айтсам кү­леді: «Ой, қойшы, қай-қайдағыны, өзім ұмытып кеткен нәрсені сен ұмытпайды екенсің» деп. Асқар Тоқпанов мені әб­ден сұрақтың астына алды. Драматургтардан кімдерді білетінімді, қандай спектакльдер көрге­німді, қандай кітаптар оқығанымды тәптіштеді. Бұл жағы­нан менің сауатым басқалардан артық­тау болды. Бәрі ауылдан жаңа келгендер ғой. Райымбек тек үнді фильмдерінің әнде­рін айтады, өзі шілтиіп қалған. «Режиссерлардан кімдерді білесің?» деді Асе­кең. «Қазақтың алғашқы про­фес­сио­нальный режиссері Асқар Тоқпанов­ты білемін. Алланың айтуымен алдыңызға келіп тұрмын», деп сарт еткіздім. «Дұр-е-е-с», деді ол кісі... Дегенмен, менің әншілікке оқығанымды да, Бекен Жылысбаевтың класында оқығанымды да онша ұната қойған жоқ. – Айтқандай, сіз қалай Бекен Жы­лысбаевтың класында оқып жүрсіз? Ол кісі классикалық мәнердегі ән­шілерді дайын­дайды ғой? – Мен классикалық мәнердегі әнші­лікке оқыдым ғой. Фортепианоның сүйе­мелдеуімен айтатынмын. Қазақ­тың халық әндерін былай қойғанда, Глинка­ның «Северная звезда» деген романсы сияқты күрделі шығар­ма­ларды да орындайтынмын. Сүйе­мел­деумен айту демекші, соған байла­нысты бір қызық жағдай болды. Емти­ханға бардық. Проректор Лебедевтен бастап, атағынан ат үркетін талай адам отыр. «Ғайниді» айтатын болдым. Сүйемелдеуші тональності дәл тапты да әнді бастап жібердік. Неге екенін білмеймін, жұрт ауық-ауық күле береді. Және ең жоғары нотасына көтеріп, «Ғайни-и-и-оу» деген жеріне келгенде күледі. Нотаны төмен түсіргенде күлкі тыйылады. Ән өзі үш куплет қой, сол үш куплет қайырмасымен айтылып біткенше жұрт үш рет күлді. Сөйтсем, мәселе мынада екен. Жа­дау-жүдеу кезіміз ғой, базардан шама келген арзан бірдеңелерді алып киіп жүреміз. Аяғымдағы тері туф­ли емес, брезенттен тігілген башпай болатын. Ау­зы сөгілген екен. «Ғайни-и-и-оу» деп қайыр­ма­ны со­зып, күшке салған кезде бойымды көтеремін ғой, сон­да бойыммен бірге башпайымның аузы да көтері­летін, төмендегенде қайтадан жабылатын көрінеді... – Содан оқуға түстіңіз. Тоқпанов­тың тоқ­пағы басталды. – Жоқ. Неге екенін білмеймін, оқуға түскен 24 баланы екіге бөлді. 12 студентті Тоқпанов алды да, қалған 12 студентті Моисей Исаакович Гольд­блат оқытатын болды. Ол кісі бірден театр­дың өзінен бастамады. Алдымен кәдімгі жүріп-тұрудан, отырудан, амандасудан, есікті қағу, ашудан бастады. Біз өзіміз көңіл бөлмейміз, есікті тарс еткізіп ашады екенбіз, тарс еткізіп жабады екенбіз. Жүрісіміз де тарс-тұрс. Ауылдың бала­лары ернін тілімен жалай береді деген сияқты. Соның бәрін ана кісі байқайды екен. Ақыр аяғы отырғанда шалбардың балағын сәл тартыңқырап барып отырса, тізесі қалталанбайтынына, қыры әдемі тұратынына дейін үйретті ғой ол кісі. Осыдан кейін барып әрқайсымызбен жеке-жеке әңгімелесті. Орысшаны да жарытып сөйлемек тұрмақ, жарытып түсінбейтін кезіміз. Род, склонение дегеннің басын жарып, көзін шығарамыз. Еш қабақ шытпайды. Ең бастысы – ойыңды, бойың­ды, өзіндік ерекшелігіңді байқайды. Сайын Мұ­рат­беков бізбен бірге оқыған еді. Сол Сайынға Мои­сей Исаакович: «Сенің образды ойың бар, қиялың бар, актерлікті қума, жазушы­лықтың соңы­на түс, жазып көр», деп кеңес берген. Бұнысы не сөз деп таңғалғанбыз. Кейін айтқаны айдай келді ғой. Сайынның да дәл сол кезде тасып бара жатқан орысшасы жоқ, алдында ағылып сөй­легені де онша есімізде қалмапты, сөйте тұра актерлікке оқып жүрген жап-жас жігіттен қалам­гер шығатынын қалай білгеніне әлі күнге аң-таңмын. – Сіздің курстастарыңыздан тағы бір қа­лам­­гер шықты ғой. Оспанхан Әубәкіровті айтамын. – Оспанханды Асекең біраз қырына алды. Оның сөйлеу мәнерінде аздап мүкісі бары рас та еді. Әйтсе де ол ақыры актерлікті бітіріп шықты, дипломдық спектакльде «Қозы Көрпештегі» Жан­тықты ойнады. «Ойнаймыз деп Жантықты, Қал­ма­ды ғой жан тіпті. Оспан әртіс болмас деп, Кейбіреулер тантыпты», деп қабырға газетіне өлең жазатыны сол кез. Онысына Асекең біраз тулаған. Оспанханның тілінің тотияйыны бар еді. – Ол кезде сіздерде кәдімгідей  демократия екен, мұғалімді мысқылдап өлең жазуға мүм­кіндік беріліп жатса. – Жақсы, еркін орта еді ғой. Оспанханның басқа ұстаздарына жазған эпиграммалары да шығып тұратын. Содан бір жылдан кейін Гольдблаттың басына қара бұлт үйіріліп, ол қазақ драма театрының бас режиссерлігінен кетірілді. Мықты адам еді, өзіміздің қазақтар арыздан арыз жазып шыдатпадық. Сөйтіп, біз жаңағы он екі студент енді Асқар Тоқпановтың класына қосылдық. – Тоқпанов десе сол баяғы тоқпағы, яғни талапшылдығы айтыла береді. Ол кісінің тағы қандай қасиеттері бар еді? – Шешен болатын. «Аруағыңнан айналайын, Константин Сергеевич», деп күңіре­ніп бастап, арғы-бергі театр тарихынан сөйлеп кеп бергенде, сөз тасқыны құйылып келіп жата­тын. Жадының мықтылығына таң қалатынбыз. Абайды бастан- аяқ жатқа айтатын. Мен үнемі ойлап оты­ратынмын, осы кісі бір айтқанын қай­таламаған күйі кетер ме екен деп. Үшінші курс­тың басында барып кей айтқандарын басқашалау етіп айтаты­ны байқалды. Екі жыл бойы сөйлегенде таусыл­маудың өзі оңай емес қой. Асқар Тоқпановтың қазақ театр өнерінің актерлік мектебін қалыптас­тырудағы еңбегі ересен. Оған ешкім дауласа алмайды. Бикен Римова да, Шолпан Жандарбекова да, Байділда Қалтаев та, Мұхтар Бақтыгереев те... қайсыбірін айта берер­сің, қазақ сахнасының ажарын ашқан актердің бәрі Асекеңнің алдынан өткен. Мына менің де өмірдегі бір бақытым ұстаз­дан жолымның болғандығы. Асекеңнің ерекше қа­сиеті адам танығыштығы еді. Осы Асанәлі алды­мен ауылшаруашылық институтына түскен. Сонда оқып жүрген жерінен көріп: «Қой, Қазақстанда бір агроном кем болар, сен актер боласың», деп консерваторияға алып келген.  Кейін Тұңғышбайды Жамбылдың, қазіргі Тараздың гидромелиорация институтында үздік студент боп жүрген жерінен ойын, бойын көріп Алматыға шақырған. Ондай мысалдар көп. Асекеңнің ұстаздық ұлағаты ғажап. Ал режиссерлігін тым асыра бағалаудың жөні жоқ деп ойлаймын. Мизансценаға мықты емес еді. Әуезовтің Асекең туралы айтқан өте бір ауыр сөзі бар. «Арманы көп те, дәрмені жоқ», деген екен. Ми­зансцена жағынан шебердің шебері, тіпті ке­мең­гері  Әзекең еді ғой. Жалпы, қазақ театры­ның өткен ғасырдағы ең шұғылалы шақта­рының бәрі  ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбе­товтің есімімен  байланысты. Оны біреуіміз кезінде білдік, біреуіміз білмедік, біреуіміз бағала­дық, біреуіміз баға­ла­мадық, бірақ шындық осы. Әзекең Мәскеуден оқу бітіріп, бізге қатардағы режиссер болып  келгенде қазақшаны тіпті нашар сөйлейтін. Репетиция кезінде бір үлкен актриса­мызға: «Жәләп, жә­ләп түс», деп айтып,  күлкіге қалғаны бар. «Жай­лап, жайлап түс» деген түрі ғой. Ал енді шығар­маның айтар ойын терең түсіндіруге келгенде, әр образдың түпкі түйінін ұстауға келгенде, рөлге адам таңдауға келгенде, жаңағы айтқан мизанс­ценаға келгенде керемет еді. Рөлдің сөлін дәл табатын. Пьесаның бірінші, екінші читкаларында әркім өзіне тиген кейіпкерлерді әлі келгенше пайымдап жатса, Әзекең әріден тартатын. «Ол ондай адам еме-ес, ондай еме-ес...», деп ойланып отырып қалатын. Не айтатыны да белгісіз, соның өзінде образдың бетінен қалқып отырғаныңды өзің-ақ шамалай­тынсың. Сонда бұл қандай адам болды екен деп ойға қаласың ғой аса бір саңлау­сыз болмасаң. Әзекең алдымен «предлагаемое обстоятельстводан» бастайтын. Заман қандай, қоғам қандай, адам қандай, оларды не нәрсе қозғалысқа, өзгеріске түсіріп жатыр дегенді ежіктеп тұрып түсіндіретін. Айтқандай, Әзекеңнің әуелде қазақшасы шорқақ еді дедім ғой, кейіннен жақсы сөйлеп кетті. Кей тұста ойын дәл жеткізу үшін орысшаны да орнымен келтіріп жіберетін. «Қан мен тердің» репетициясында Ақбаланың Еламандай ерін тастап, азаматтың сағын сындырып, оның ата жауындай Тәңірбергеннің алдына барып, қатын үстіне түсетін тұсында Фарида қатты қиналды. Сцена бойынша Тәңірбергеннің табал­дырығына отыра қалып, алдына еңбекте­гендей еңкейіп жететін жері бар еді. Сонда Әзекең: «Понимаешь, она ползет как сука», дегені. Сол екен-ақ Фарида Ақбаланың қорлық халін бір ауыз сөзден ұстап алды да, жаңағы сценаны айналасы жарты сағаттың ішінде тамаша шығар­ды. Әзірбайжан Мәмбетов біздің театр өнерімізді провинциализмнен арылтты, алдымен одақтық, одан кейін әлемдік деңгейге көтерді. Меніңше, мұны оның қазақ мәдениеті алдындағы ерен еңбегі, тіпті ерлігі деуге әбден болады. – Сіздің актерлік бағыңызды ашқан адам да Әзекең ғой. – Әрине. Мен мұның алдында Құрекеңнің – Құрманбек Жандарбековтің театр директоры бо­лып тұрғанында консерваторияның актерлік факультетін бітірген бір топ жасты қара шаңыраққа қызметке алуға тәуекелі тұрғанын разылықпен айтқым келеді. Әзекеңнің театрда қойған алғашқы спектакльдерінің бірі Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-айы». Маған сонда суретші Сұлтанның рөлі тиді. Бұл 1960 жыл еді. Ақын рөлінде Райымбек, доцент – Қабдеш Сүлейменов, қойшы – Таңат Жайлыбеков, ол кезде жайнап, жайқалып өсіп тұрған гүлдей жас актрисалардың бәрі сонда ойнады: Фарида, Нүке­тай, Салиха, Зәмзәгүл. Сол спектакльмен бүкіл Қазақстанды аралап шықтық. Қанша жыл сахнадан түспеді. Дәл ондай аншлаг берген спектакль болған емес. Қысы бар, жазы бар, қай кезде де театр көрерменге аузы-мұрнынан шығып тұратын. Содан бері елу жылдан астам уақыт өтті, тек бір шаңырақта жұмыс істеп келемін. Небір құ­діретті адамдармен кездестік осы жерде. Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Нұрмахан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев... Нұрмахан мен Ыдырыстың бүкіл репертуарды ұстап, дүрілдеп тұрған кезі. Дауыс деген қандай, қозғалыс деген қандай, шіркін. Не айтары бар, ғажап еді. Әсіресе, Нұрмахан нағыз классикалық актер болатын. Көп білетін. Талай мизансценаға келіспей, режиссермен  айтысудан тайынбайтын. Апырмай, осы кісілердің көлеңкесінде қалып қояр ма екенбіз деп едік, жоқ, қабысып кеттік. – Сәбе, осы Әзірбайжан Мәмбетов пен Нұр­махан Жантөриннің арасындағы келіспеуші­ліктің сыры неде еді?

– Жаңа айттым ғой, Нұрмахан актерлігі – клас­сикалық үлгі. Ол қандай атаққа да, қандай абыройға да лайық еді. Мінез деген адамның тағ­дырын құрайды. О баста репетициядағы сцена­ның құрылуы, сөздің айтылу мәнері төңірегіндегі шарт па шұрттан басталып, кейін ашылып кетті ғой аралары. Нұрмахан киноға түсуге сұранса қайта-қайта жібермей қала берді. Басқа театрлар жекелеген спектакльге шақырса да жібермейді. Содан ақыры ол өтінішін жазып, киностудияға кетіп қалды. Мәмбетов киностудияға директор болып барғанда Жантөрин театрға қайтып келді. Сол тұста актерлік өнеріміздің тарихындағы ең ғажайып рөлдердің бірін – Булгаковтың «Жендеттеріндегі» Мольерді ойнап кетті. Қызық болғанда, Мәмбетов театрға оралғанда Жантөрин киносту­дияға қайтты... Ірі тұлғалардың арасын­дағы келіспеушілік те ірі болады ғой. Бірақ, негізінде әу бастағы қақтығыс жеке бастан емес, шығарма­шылық принциптерден басталғанын айту міндет.

– Қара шаңырақтағы аға-апалардың ара­сында кімдерді бөлекше үлгі тұттыңыз? – Бөле-жара айтқаным жараспас, бәрінен де үлгі алуға тырыстым. Ал айрықша айту шарт десең, Серағаң мен Сәбира апамды айтайын. Театрдың маңдайалды актерлерінің ішінде маған ерекше жақын болғаны, бөлекше жақын тартқаны – Серке аға. «Оразбаёвский» деп қоя­тын мені. Үйге келіп, апаммен әңгімелесіп тұратын. Серағаң театрдың киесіндей еді. Ол кісінің жай, репети­цияға қатысып кеткенінің өзі  үлкен көмек бола­тын. «Ойбай, Серағаң отыр», деп жұрт жанын сала­тын. Халтураға жібермейтін. Ағаларымыздың бір-біріне айтатын әзілдері де жарасымды шыға­тын. Бір күні Серағаң бәріміз репетиция кестесі жазылған тақтаға қарап тұр едік, Құрекең келе қалды. Бізге жақындады да Серағаңа қарап: «Мұрныңды тарта тұршы, өтіп кетейін», деді. «Иә, қалайсың, үйіңдегі мал-жануарларың аман ба?» деп қояды Серағаң да. Құрекең Шолпан екеуі ойнаған спектакльдердегі кейіпкерлердің аттарын балаларына шетінен қоя берген, Қозы, Ақтоқты деген сияқты. Талай әзілді ағаларымыз бізге де айтатын. Асанәлінің алғашқы басты рөлдерінің бірінен кейін Елағаңның рөліңді жумайсың ба деп қажағаны есімде. Асанәлі жумайын демейді, қал­та­сы жұқалық қылады. Жас актер. Бәріміз пәтерде тұрамыз. Содан қашқақтағанда ғой Елағаңның: «Жарайды, жумасаң жумай-ақ қой. Маған бәрібір. Просто өзің жадный атанасың», дейтіні. Сағи Жиенбаевтың Жамал Омароваға ар­наған бір өлеңі бар. «Жамал апа!» дегенде жалт қарай­мын, кең далам кіріп келе жат­қандай-ақ» деп бітеді. Сол айтқандай, сахнаға Сәбира апа­мыз шыға келгенде театрдың ішіне дарқан да­ламыз көшіп келгендей болушы едік. Сәбира Май­қанованың ойнаған рөлдерін айтып не қы­лайын, оны жұрт­тың бәрі біледі. Жарты ғасыр бойы мың-мың жанды күлдірген де, жылат­қан да құдіретті талант иесі еді. Өнер адамы ретіндегі ішкі алай-түлейі де ерекше болатын. Не нәрсені де тұп-тура жүрегі­мен қабыл­дайтын. Өте бір өкінішті сәт есіме түсіп отыр. Бір жолы гастрольмен Бішкекке бардық. Ол кезде Фрунзе ғой. Гастрольді «Ана – Жер-анамен» ашатын болдық. Спектакль қойылатын күні Шың­ғыс Айтматов Әзекеңнен сұрады: «Бүгін Толға­найды кім ойнайды?» деп. Бәріміз түс кезінде шәй ішіп отырған болатынбыз.  Әзекең: «Бүгін бірінші состав.  Сәбира Майқа­нова ойнайды», деді. Сонда Шыңғыс: «Сәбира апамның ойыны керемет. Алматыда екі рет көрдім. Жұрт Фарида Шә­ріпованың Толғанайын да қатты мақтайды. Ертең Парижге ұшып бара жатыр едім. Фариданың ойынын көрейін деп едім», деп тілек айтты. Автор айтса, әрі ол автор Шыңғыс болса тілегін қалай орындамассың. Әзекең Сәбира апайға Шықаңның тілегін жеткізді, бүгін сахнаға Фарида шығады дейді. Содан Сәбира апам бұрқан-талқан ашула­нып, қатты күйініп, қатты сөздерге барып, ақыр аяғында аяқ астынан мәшине талап етіп, екі кештің арасында Алматыға жалғыз өзі кетті де қалды. Қанша айтсақ та көнбеді. Ол кісіні де түсінуге болады, қырғыз жұртына Толғанайды көрсетейін деп жылдар бойы дайындалып жүрген адам ғой. Бәріміз де қиналып қалдық. Апамыздың қайтымы тез болушы еді, ашуы басылар дедік. Өйтпеді. Ашуы басылса ба­сылған шығар, өкпесі басылмады. Келді де ауырып қалды. Ауырғанда тіпті орнынан тұра алмастай құлады. Қатты стресс алды. Осыны естіп  Шыңғыстың қатты өкінгенін, қатты күйін­генін де білеміз. Әзекең де қиналды. Сәбира апам сол ауырғаннан оңалмады. Ақыры дүние­ден өтті. Мұның өзі де  сахнаның ұлы шебер­леріне тән күрделі табиғаттың белгісі деп ой­лаймын. Неге екенін білмеймін, қайтыс болғаннан кейін Сәбира апам көп жыл атаусыз жүрді. Өзі тұр­ған үйіне ескерткіш тақта да осы кейінде ғана қойылды. Театрдағы жарты ғасырдан артық өмірімде қазақтың небір асылымен араластым, сыйлас­тым, аға тұттым, апа тұттым, қазіргі жастар енді мені  аға тұтады. Жаман атымыз шыққан жоқ. Ағала­рымыздың қолына су құйғандай қызмет еттік, гастрольдерде осы Асанәлі, кешегі Райымбек бәріміз Серағаңдар мен Елағаңдардың, Қапан ағаның шабадандарын көтеріп жүретінбіз. Қазіргі жастар, неге екенін қайдам, ондай емес. Әнеу күні Құдай­бер­ген қайтыс болды. Қаралы жиын аяқтала салы­сы­мен театрдағы асхана жаққа бара қалып едім, бір топ жас актерлер анекдот айтып қарқ-қарқ кү­ліп жатқанының үстінен түстім. Шыдамай, айқай­лап жібердім. «Ей, шерменделер! Жаңа ғана Құ­дай­берген шықты осы жерден, қа­зақтың маң­дайалды, марғасқа актері. Сендер немене, бір күнге шыдай алмайсыңдар ма? Шымкенттен ана «Шаншар» театры осында жүр, айтады ғой әкем­театрдың  актерлері қаралы күнде де қарқылдай күліп жатыр деп. Шетіңнен шолақ байталдың құйры­ғындай шолтаңдап кетіпсіңдер», дедім. Бәрі үн-түнсіз қалды. Арасында бір жасы егделеу ак­три­самыз бар еді, артынша маған келіп жылады, кешірім сұрады. Кейде жастарымыздың ашық-шашық жүргеніне де шыдамай айтып қаламын. «Сіз Серағаң сияқты болып барасыз», деп кейбіреулер наразылық білдіріп те жатады. Оларға айт­тым, «Серағаңдай болсам арманым жоқ. Сахна деген қасиетті жер. Осы сахнада  ұлы адамдар хал­қы­мыздың тарихын жасады. Шаңның астын­да қал­ған батырларымыз осы жерде тіріліп, даусы шыққан. Қозы мен Баянның, Ақан мен Ақтоқты­ның табысқан жері бұл. Сахнаға аттап басқаннан-ақ сен басқа адамсың. Бұл – дәстүрлі театр», дедім. Обалы не керек, жастарымыз кәдімгідей жи­нақталып қалды. Есмұқанның да орны үлкен. Жиын-жиналыстарымызда сәтсіз айтылған, нәрсіз жеткізілген сөйлемдерге дейін естен шығармай, тез­ге салып отырады. Шүкір, қазір театр қайта өр­леп тұр. Көрермен көп. Биліктің қабағы да жақсы. Әнеу күні Астанадағы айтысқа жюри мүшесі бо­лып барғанымда Мәулен бауырымыз театр туралы менімен әбден сөйлесті. Сағаттың ұлы ғой, халыққа, халық­тың өнеріне жаны ашиды. Министр ініміз Мұх­тардың да театрға көңілі дұрыс. Еткен еңбек бағаланып жатыр. Фарида да былтыр,  өмірден өтерінің алдында Президент Жарлығы­мен орден алып үлгерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында көптеген ірі сахна шеберлері сияқты, Фарида да көп қиындық көрді. КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты бола тұрып ана бір тұста театрдың негізгі штатынан шығары­лып, келісім-шарт бойынша жұмыс іс­теу­ге мәж­бүр болғаны да жанына батып кетті. Өзі ойнайтын талай спектакльдердің ішінде атақты «Ана – Жер-ана», «Қан мен тер», «Көктөбедегі кездесу» де бар, репертуардан алынып қалғаны да жүрегін күйзелтті. Оның үстіне Ыдырыс өмірден өтіп, тіпті жалғыз қалды. Тура бір жыл ауырып жатты. – Фарида демекші, мынандай бір жағдай еске түсіп тұр. 1974 жылы, «Қан мен тер» КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғанда негізінен Ақбала рөлін арқау етіп,  «Социалистік Қазақ­станға» «Шынайы талант, шын сезім» деп үлкен мақала жазғанмын. Содан бір жылдай өт­кенде маған сәлем айтып жіберіпті, хабар­лас­сын деп. Хабарластым. «Бәлен күні «Ана – Жер-анаға» сен қалайда кел», деді телефонмен. Нақты не себеп болғаны қазір есімде жоқ, әйтеуір сол күні театрға бара алмай қалдым. Арада біраз уақыт өтті. Көшеде кездейсоқ кездесіп, қатты ренжіді. «Сен келмедің ғой, келмедің, мен Толғанайды енді дәл сол кештегідей ойнай алмаймын, көруің керек еді ғой», дей береді. «Ой, сол күні өлтіріп ойнадым ғой», деп тағы қосып қояды. Сөйтсем, дәл сол күні Шыңғыс деген ұлын әскерге шығарып салған екен. Кешке Толғанайды ойнаған... Ұлын екі жылдық әскерге бейбіт күнде шығарып салған ана жүрегі күйеуін, үш ұлын қан майданға аттандырған Толғанайды дәл сол күні қалай сезінгенін шамалауға болады... – Фарида өте шоқтықты актриса еді. Қабіле­ті қайран қаларлық. Өзі Қытайдан келген, бір ауыз орысша білмейді, оны айтасың, әуелде біздің жазуды да оқи алмайтын, төте жазумен келген ғой, сөйтіп жүріп Батыс Еуропа театрының тарихы, бейнелеу өнерінің тарихы деген сияқты пәндерді «беске» тапсыратын. Қалай дейсің ғой? Жауап­тарды сұрап, түп-түгел жаттап алады. Сахнада еш­қашан сыртқы жарқылға жібермейтін. Рөлге дайындалу, образға ену жағынан керемет. Рөл тисе болды қуанып кететіндердің санатынан емес. Талай-талай тамаша образдарды сомдады сахнада. Әсіресе, Толғанайды ғажап етіп шығар­ды. Ал ол сол тұста Сәбира Майқанованың өзімен өнер жа­рысына түскен болатын.  Тіпті бара-бара Толғанай рөлінде Сәбира апамнан да жиірек шығуға айнал­ды. Сахнадағы бәсеке деген қиын, Сәбира апам театрдағы парторг, ол жағынан да қолында билік бар. Кейіннен Фариданың Толғанайды ойнауы сап тыйылды. Қатты қиналды. Бір күні Фаридаға ақыл қостым. «Сен бұлай жүре берме. Сәбира апамның алдына бар. «Апатай, алдымдағы үздік үлгім тек өзіңіз. Мен тек сіздің ойыныңызды қайталаумен жүрмін», деп айт дедім. «Ойбай, өйтіп айтсам мазақтап тұрсың деп мені қуып шығады ғой», дейді. «Көресің, қуып шықпайды», деп жібердім. Содан бір спектакльден кейін Фарида артынып-тартынып, тәтті-пәттісін алып, бой қыздыраты­нын тағы салып, Сәбира апамның грим бөлмесіне бар­ған ғой. Айтқанымдай болыпты. Өнер адамдары бала сияқты. «Өй, айналайын, осыны білген ақылыңнан сол. Сен де ойнай бер, сен өзіңше ойна», деп апам жайылып түсіпті. Содан екеуінің арасы дұрысталып кетті. – Фарида Шәріповамен сіз көп спектакльде партнер болдыңыз. Солардың ішіндегі ең ерекшесі «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт пен Ақбала шығар? – Өзім де соған келе жатыр едім. Әбдіжәміл ағамыз Сүйеу рөліне Елағаңды – Елубай Өмірза­қовты ұсынған көрінеді. Неге екенін, Әзекең көнбей қойыпты. Әбең әуелде алпыстағы Сүйеу рө­лінің қырыққа да толмаған актерге тапсырыл­ға­нына келіспей жүрді.  Оны өзіме айтып та кететін. – Өз басым жиырмасыншы ғасырдағы қа­зақ театр өнеріндегі он образ іріктелсе соның ор­тасы­нан осы Сүйеу қарт ойып тұрып орын алар еді деп ойлаймын. Сүйеу рөлі сіздің ата­ғыңызды асырып, беделіңізді биіктетті. Сахна­ның небір сұңғыла шеберлері керемет пікірлер айтты. «Замечательный артист! Артист, отражающий не только дух нации, но и глубину характера, тонкость этого характера, обобщенного характера своего народа. Только так я могу рас­ценить его успех, его удивительно народную, современную актерскую культуру. Как замечательно, что есть такие мастера сцены!» –  ұлы актер Иннокентий Смоктуновский сіз туралы түсірілген деректі фильмде осылай деген болатын. Сіз Сүйеу образының кілтін қалай таптыңыз? – Не дейін? Мен Сүйеуге өзімнің бойым­дағы бар қабілетімді ғана емес, өмір бойы хал­қым туралы ойлаған, сезген, білгенімнің бәрін сал­дым-ау деймін. Адам болып, жер басып жүр­геніміз тек ата-ананың арқасы емес қой. Біз бәріміз ең алдымен, халықтың бір баласы­мыз, ұлттың бір бөлшегіміз ғой. Сол халықтың үшінші мыңжыл­дыққа осындай тазалығын сақтап жетуіне Сүйеу сияқты қарттардың әсер-ықпалы ерекше болған шығар. Мен Сүйеуге қазақ қарттарының жиынтық образы, халық­тық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Өз басым сондай кейіпкерді сомдаған Әбдіжәміл ағамызға да 37 жасымда сондай дана қарт рөлін маған берген Әзекеңе де, спектакльдегі Ыдырыс аға, Асанәлі, Фарида, Әнуар секілді парт­нерлеріме де шексіз ризамын. Әсіресе, Фа­ри­даның көмегі көп болды. Сүйеуді тап­сыр­ғанда тіземнің дірілдегені рас. «Сәбит, сен саспа. Алғаш Тол­ға­найды бергенде са­ған барып кәдімгідей жылағаным есіңде ме? «Әзірбай­жан­ға айтып, мына рөлді біреулер ма­ған әдейі бергізіп отыр, мені осы рөл­мен құлат­пақшы, сөйтіп, біржола құртпақшы. Әйт­песе, жас актрисаға беретін рөл емес қой бұл», демеп пе едім?  Содан кірістім ғой Толғанайға. Шықты ғой ақыры Тол­ғанай. Сен де шы­ғарасың Сүйеуді», деді Фарида. Айтқаны келді. – Сәбе, сіздің өнер­паз ретіндегі жұртқа жақ­сы мәлім тағы бір қы­рыңыз – әншілігіңіз, саз­герлігіңіз. Компо­зи­тор­­лы­ғыңыз демегеніме рен­жімессіз. «Төле бидің өсиеті», «Тоқта, бо­там, атаң келеді ар­тыңда», «Туған күн», «Анама» деген әндеріңіз әжеп­тәуір танымал. Сіз­дің ән­деріңіз қалай туады осы? –  Әндеріңізді қалай  шығарасыз демей, әндеріңіз қалай туады деге­нің ұнап отыр. Осы сөз дәлірек сияқты. Мен  ән шығаруды еш уақытта мақсат тұтқан емеспін. Өлең кітаптарын көп оқи­мын. Талай өлең­дерді, тұтас толғауларды жатқа білемін. Ана жылдары Сүйінбай мен Қатаған­ның айтысын толық ай­татынмын. Оларды да жат­тайын деп жатта­май­мын. Оқыла-оқыла жатталып қалады. Сол сияқты Мұқағали өлеңдерін де оқи беремін, оқи беремін. Кейбірін домбырамен сүйемелдеп отырып оқи­мын. Сөйтіп, шертіп отыр­ған­да өлеңнің ыр­ғағынан ба, ішкі са­зы­нан  ба, әйтеуір, бір ды­быстар шыға бастайды. Сол ды­быстардың кейбірі кә­дім­гідей әнге ай­налып кетеді. Бары сол. «Кө­ңілімде жүр­гені-ай бір қауіптің, Сабағын­дай шыр­майды шыр­ма­уық­тың. Арманменен, үміт­пен, тілекпенен, Па, шір­кін, барады өтіп зыр­­лауық күн» – Мұқа­ға­ли­дың осындай өлең­дері жәй оқығанда-ақ өзі­нен өзі әндеткелі тұр­ған жоқ па? Тіпті әннің қандай ың­ғайда шыққа­ны жөн болатынына дейін аңғарылып тұрған жоқ па? – Асанәлі до­сыңыз­дың жазғандарына қа­рап Асқар Сүлей­ме­нов: «Сәбит Мұқанов­тың үрді­сіндегі жазу­шы екенсіз», деп әзіл­дейтін кө­рінеді. Ол сияқты бірнеше кітап шығар­мағаныңызбен, сіздің де қалам тар­та­тын қабілетіңізді жақ­сы білеміз. 2000 жылы жа­рияланған «Сәбит Оразбай» деген кітапта «Актер қала­мынан туған шығармалар» де­­ген тұтас бір тарау сіздің театрдағы қилы-қилы хи­каяларды ба­ян­­дайтын жазба­ла­ры­ңыздан құралған. Газет-журналдарға да ма­қалалар жазып қоясыз. Бұл қырыңыз да бұрыннан бар ма еді? – Біз өзі қызықпыз, өлең жазбайтын қазақ жоқ дейміз де, сол қазақтың көрген-білгенін қара сөзбен қағазға түсіргеніне сонша көңіл бөліп жатамыз. Мен, мақтанғаным емес, ауызекі әңгімені бір адамдай қызғылықты етіп айта аламын. Жазып жүргендерімнің көбі сол жұртқа айтатын әңгімелерімнің қа­ғазға көшірілуі ғана. Әңгіме айтқанда мимикамыз, дауысымыз қосы­лып әсерлірек бола­тын шығар, қағаздағы нұс­қаларына көңілім тола да бермейді. Бұл бір жағынан жалпы сөзге бейімдіктен, екінші жа­ғынан өмір бойы оқитын кітаптардың, сөзін жаттайтын пьесалардың да әсерінен деп ой­лаймын. Әуезовтің, Мүсіреповтің, Ахтановтың ағылып тұрған ақ өлеңдей драмалық шығар­маларындағы рөліңді жаттағанда ақын боп кете жаздайсың. Жалпы, өрелі өнер өзіңді де өсі­реді. Өнердің мен үшін ерекше қасиеті де осында. –  Сіз жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір шаңырақта қызмет істейсіз. Академиялық театрдағы ұстаздарыңыз, тұстастарыңыз тура­лы жақсы айтып жатырсыз. Ал өзіңізді осын­дай биікке жет­кізген мамандығыңыздың қадір-қасиеті жайында не айтар едіңіз? – Міне, жарты ғасырдан асып кетсе де мен актерлік деген мамандықтың құдіретіне қайран қалумен келемін. Осы мамандықтың арқасында хан да болдық, қараша да болдық, бай да болдық, сері де болдық, қаншама адамның өмірін кештік, солардың тіршілігімен тыныстадық. Ойлап отыр­саң, тіпті талай рет өмір сүріп тастағандай бола­сың кейде. Ал мұндағы адамдар қандай ғажап! Театрдың іші қашан көрсең айтыс-тартыс, бітпейтін де қоймайтын интрига, атақ үшін, рөл үшін мылтықсыз майдан жүреді де жатады. – Ғафу етіңіз, интригаға байланысты бір сөз есіме түсіп отыр. Дулат Исабеков айтып еді. Сочиге ме, Ялтаға ма, әйтеуір, драматург­тар­дың бүкілодақтық семинарына Асқар Сүлей­менов екеуі барыпты. «Бұрын драматургия жанры болмаған қазақ әдебиетінде айналасы жиыр­ма-отыз жылдың ішінде классикалық пьесалар қалай туған?» деп сұраған адамға  Асекең, мұны енді орысша айту керек,  «Драматургия, как известно, жанр интриги. А казахи, это тоже известно, большие интриганы», дейтін көрінеді. – Асекең сондай еді ғой. Тіліп түсетін. Жаңағы ойымды жалғастырайын. Театрда тартыс көп. Біреуге атақ ерте беріледі, біреуге кеш беріледі, бі­реу­ге тіпті берілмейді, біреуге рөл көп беріледі, біреуге аз беріледі, біреуге тіпті берілмейді дегендей. Сахна сыртындағы өмірде кейде ашық, кейде жасырын алысып-жұлысып жүретін сол адамдар сахнаға шыға сала өзгеріп сала береді,  керек болса бір-біріне өліп-өшкен ғашық жандарға айналады. Соның бәріне сізді сендіреді. Тіпті екі сағатқа болса да өз­дері де бір-біріне ғашық болып кетеді. Құдірет емес пе? Театр – тұнып тұрған тап-таза өнер, саф таза сұлулық. Өзіңнен өзгені жасайсың. Сахнада саған ешкім көмектесе алмайды. Жалғыздан жал­ғыз­сың. Сені биікке көтеретін де өзің, құлататын да өзің.

Актерліктің тағы бір тамаша артықшылығы – адамның қасиетін білуге баулитыны. Қанша жерден жаттаған сөз ғой десең де сахнадан айтқан ақылды сөздері көкірегінде сәулесі бар адамның санасына жұқанасын болса да жұқтырмай қой­майды. Құдайға шүкір, осы өнердің арқасында елдің құрметіне бөлендім, биліктің марапатынан да құр алақан емеспін. Мемлекетке жасаған азды-көпті еңбектің өтеуін де көріп жатырмыз. Ана жылы қатты ауырып, өлім аузынан қалғанда айналайын үкіметіміз сонау Германияға жібертті, елдің есебінен емдетті. – Ол дерттің өзін сіз осы театрда жүріп тапқансыз ғой. Солай емес пе? – 1976 жылы Францияның Нанси деген қаласындағы фестивальға «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» дайындап жатқанбыз. Репетиция бітіп қалған кез еді. Асанәлі Қодарды, мен Жан­тықты ойнап жүргенмін. «Бәле қайда, бассаң ая­ғыңның астында» деген ғой. Өзімнен болды. Қозы Көрпешті екі жақтап өлтіретін жерімізде мен: «Әзеке, біздің найзамыз көрінбей қалады екен, қайтадан, басқаша жасайықшы», дедім. Әзекең: «Давай, давай», деп жатыр. Сұмдық финал. Мөл­діреген жап-жас Қозыны шаншып өлтіргелі тұр­мыз. Сонымызды құдай да қолдай көрмеді ғой деймін.  Мен жардың ар жағында құз екенін ұмытып ке­тіппін. Шегіне бергенімде жардан шалқамнан құлап түстім. Басымда Жантық­тың жаман тымағы бар еді, жанымды сол алып қалды. Әуелде есімнен танып қалдым. Бел деген ауырып әкетіп бара­ды. «Жедел жәрдем» ша­қыртты. Дәл сол күні кешке театрға Димаш Ахмет­ұлы келетін еді. Францияға апара жатқан спектакльді көрейін дегені ғой. Әзекең дәрігерлерге жалынып жүріп, мені қалдыртты. Бөлмесіне алып барып, екі жүз грамдай коньяк құйып беріп еді, тартып жіберг