Кеше Астанадағы Назарбаев орталығында Түркі академиясы халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Ұлы Дала» І гуманитарлық ғылымдар форумы өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың конференцияға қатысушыларға арналған құттықтауын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. «Ұлы Дала – Еуразия кеңістігін мекендеген халықтардың мыңжылдық байланыстарының шежірелі куәсі, Батыс және Шығыс өркениеттерін тоғыстырған тоғыз жолдың торабы. Оның географиялық ауқымы алыс көкжиектерді қамтиды. Тарихи тамырлары тереңнен таралады. Бай мәдени мұрасы – бүкіл адамзаттың ортақ игілігі. Сондықтан, бүгінгі форум тақырыбының ынтымақтастырушы қуатқа ие символикалық мәні бар деп ойлаймын.
Менің бастамам бойынша құрылған халықаралық Түркі академиясы алғаш рет мұндай форматтағы алқалы жиынның өтуіне ұйытқы болып отыр. Осы арқылы Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір саналатын Астананың өз қақпасын әлемдік ғылымға айқара ашқаны – мағынасы зор оқиға.
Бұл форум құрлықтарды шекарасыз жалғаған ғылыми интеграцияға үлкен серпін береді деп сенемін. Оның аясындағы баршаға пайдалы пікір алмасулардың өзара түсіністік пен ықпалдастықтың дамуына игі ықпалы болары сөзсіз» делінген онда.
Түркітілдес елдер тәуелсіздіктерінің 25 жылдығы мен Түркі жазуы күніне орайластырылған салиқалы басқосудың салтанатты рәсімінде, сондай-ақ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы IRCICA ұйымының Бас директоры Халит Ерен, ЮНЕСКО істері жөніндегі Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы М.Өжал Оғыз, Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жөніндегі Жоғары құрылым басшысы Дәрия Өрс, Түркия Ғылым академиясының президенті Ахмет Жеват Аджар, Қазақстан ҰҒА, сондай-ақ, Түркі әлемі Ғылым академиялары Одағының президенті Мұрат Жұрынов сөз сөйледі.
Олар алтын бастауын арғы замандардан алатын түркі жұртының тағылымды тарихы, олардың өзара бауырластық байланыстары, айналасындағы басқа мәдениет өкілдерімен қарым-қатынасы туралы тұшымды ойлар ортаға салынуға тиіс осы форумның табысты аяқталуына тілектестіктерін жеткізді.
Айрықша айта кетерлік бір жайт, алыс-жақыннан ат арытқан мәртебелі меймандар алдында TWESCO түркітану ғылымына сіңірген ерекше еңбектері және шығармалары арқылы халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мәдени байланысты тереңдеткендері үшін бірқатар тұлғаларды алтын медальмен марапаттады. Олардың арасында Орталық Азиядағы қола және ерте темір дәуірлерінің археологиялық ескерткіштерін зерттеп, көптеген іргелі жаңалықтар ашқан өзбекстандық тарихшы, академик Ахмадали Асқаров, «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер», «Азия – Берингия – Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі», «Америкалық үндістердің алтайлық тегі», «Еуразия коды: бесінші өркениет қарсаңында» секілді сүбелі туындыларымен көзіқарақты оқырманға кеңінен танымал қазақстандық ғалым, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов, «Российская тюркология» журналының бас редакторы, әйгілі «Ежелгі түрік сөздігін» дайындаушылардың бірі, білікті шығыстанушы Дмитрий Насилов және қазақтың көрнекті қаламгері, қоғам қайраткері, атақты «Аз и Я», «1001 сөз», «Таңбалар тілі», «Атамзаманғы түркілер» кітаптарының авторы Олжас Сүлейменов бар.
Жақында ғана сексеннің сеңгіріне сергек көтеріліп, Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Еңбек Ері атанған асқар таудай ағамыз қашанда айналасындағыларға абырой-беделін сезіндіріп жүретін әдетінен бұл жолы да жаңылған жоқ. Астана әуежайына аяғы тиген бойда осында асыққанымен ақын біраз адасып барып, өзі айтқандай «елорданың ендіктері мен бойлықтарын шарлап», әрең жеткен көрінеді. Көпшілікті төрт-бес минут күттіріп, ортаға шыққан оған көрсетілген қошеметке еріксіз қол соқтық.
Форум аясында әлемнің жиырмаға жуық елінен, соның ішінде түркітілдес мемлекеттерден және АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбританиядан келген 150-ден аса ғалымдар мен зерттеушілердің қатысуымен 4 панельді отырыс өткізілді.
«Еуразия кеңістігіндегі ғылыми ынтымақтастық: заманауи тәсілдерді іздеу» атты алғашқы отырысқа Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық ұйымы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман модераторлық етті. Мұнда Мичиган университеті Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры Норман Грэм, IRCICA бас директоры Ерен Халит, Әзербайжан мемлекеттік экономика университетінің ректоры, Түркі әлемі экономистер одағының төрағасы Әділет Мурадов, ECO Science Foundation қорының тұңғыш президенті Суиро Манзур Хусейн мен Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің депутаты Джеваншир Фейзиев баяндама жасап, байыпты пікірлерін білдірді.
АҚШ-тағы Мэдисон университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы жүргізген «Ұлы дала өркениеті: жалпы және жалқы ерекшеліктері» тақырыбындағы мәжілісте де мәнді мәселелер көтерілді. Әңгімесін қазақша бастаған төрағаның «Америкадан келген атым бар емес пе, енді ағылшыншаға көшейін» деген әдемі әзіліне де езу тарттық.
«Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры Қадыралы Қоңқобаев Алатаудың арғы бетіндегі Саймалыташ петроглифтері төңірегінде тереңнен толғап, 3,5-4 мың метрлік биіктіктегі таста қашалған көне суреттердің сырын аша білсек, көмескі тарта бастаған көне тарихымыздың талай беттерін толтыруға мүмкіндік туатынын алға тартты.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарихшы Болат Көмеков көшпенділер өркениетінің өзіндік ерекшеліктері жайында өте орынды сөз қозғады. Академиктің айтқандарынан ұққанымыз, ат жалында өскен ата-бабаларымыз адамзат игілігіне айналуға лайық небір құндылықтарды артындағы ұрпақтарына мұраға қалдырып кеткен. Өлшем бірліктеріне сыя бермейтін Ұлы Дала ұландарының ұлағатты мұралары мұқият зерттеулерді қажет етеді. Қиян даланы қиқулатқан Дешті Қыпшақ қырандарының даңқы Азиядан асып, Еуропа елдерін дүрліктірген.
Татарстан ҒА Археология институтының директоры Айрат Ситдиков Ресей жеріндегі түркілер қоныстары, Алтын Орда феномені жөнінде мақтанышпен айтты. Бізді қызықтырғаны, татар туғандардың төл тарихтарын тірілтудегі іргелі ізденістері болды. Қырымдағы Бақшасарайда, Рязандағы Қасым хандығының орнында, Ставропольдегі Мажарда, Түмендегі Искерде, Нижегородтағы Құршында, Саратовтағы Үкенде, Астраханьдағы Сарай-Батуда археологиялық қазба жұмыстарымен айналысып, біраз шаруаның басын қайырғандарына сүйсініп қалдық.
Сондай-ақ, «Түркітанудың жаңа кезеңі: әдіснамалық ұстанымдар және пәнаралық аспектілер», «Қазіргі ықпалдасу жағдайындағы түркі мұрасы» дейтін тақырыптарда мәслихат құрылып, түбі бір түркілер мәдениетінің әлемдік деңгейдегі жетістіктері мен қолға алынуға тиіс іргелі істерге байланысты өзекжарды сұхбат өрбіді.
Бұл күні, сонымен бірге, Түркі әлемі Ғылым академиялары одағының жиыны өтті. Кездесу барысында халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі одақ құрылған күннен бері TWESCO-ның ұйымға мүше Ғылым академияларымен бірлесіп жүзеге асырылған шаралар мен ғылыми жобалары жөнінде жан-жақты баяндап берді.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»