Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Бұл жолғы басқосудың басты міндеті алдағы маусым айында Өзбекстан Республикасының астанасында өтетін ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитіне дайындық болды.
Отырыс барысында министрлер 2015 жылы Уфа қаласында мүше мемлекеттердің басшылары қол жеткізген келісімдерді іске асыру жөнінде пікір алмасты. Уфа саммитінен кейін ШЫҰ-ның жұмысын одан әрі жетілдіру, Ұйым шеңберінде саясат, қауіпсіздік, экономика және гуманитарлық байланыстар салаларында нәтижелі іс-қимылдарды нығайту бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылғаны туралы айтылды.
Тараптар ұйымның қазіргі жағдайын және қызметінің әртүрлі бағыттардағы іс-қимылының даму болашағын, халықаралық және өңірлік істерде оның рөлі мен орнын талқылады.
Е.Ыдырысов өзінің сөзінде қазіргі жағдайларда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ШЫҰ кеңістігіндегі мемлекеттердің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті. «Дәстүрлі қауіп-қатерлердің алдын алудан басқа, әлемнің жаңа зұлымдығы – терроризм алға шығуда. Осы жаһандық қауіп-қатерге қарсы күресте ШЫҰ өзінің салмақты сөзін айтуы тиіс деп есептейміз», – деді қазақстандық министр. Осы орайда, ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қатынастарда сенімді қалпына келтіруге бағытталған бірқатар негізгі бастамаларын, соның ішінде «Әлем. XXI ғасыр» манифесі бастамасын атап өтті.
Е.Ыдырысов БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрестегі аса маңызды рөлін баса айта отырып, Қазақстан Президенті бастамашылық еткен БҰҰ терроризмге қарсы күрес туралы бүкіләлемдік конвенциясын жедел қабылдаудың және БҰҰ қолдауымен Жаһандық терроризмге қарсы коалициясын (желі) жедел құрудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Е.Ыдырысов қазіргі кезеңде ұйым кеңістігінде өндіру мен қайта өңдеу, транзиттік-көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар құру арқылы ұзақ мерзімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерінің негізгі векторы болуы тиіс екенін атады. «ЕАЭО, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты Қытай бастамасы мен ШЫҰ арасында «көпір орнату» аса маңызды болып табылады. Осы бағыттағы жұмыс ШЫҰ-ның ұзақ мерзімді еуразиялық саясатты қалыптастыруға негіз болады», – деді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі.
Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше елдер сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Ауғанстандағы жағдайды және бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіру бойынша шараларды талқылады, 2015 жылғы 12 ақпандағы Минск келісімдерін іске асыру негізінде Украинадағы дағдарысты, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдайды саяси жолмен ретке келтірудің маңызын қуаттады.
Кездесудің қорытындысы бойынша 2016 жылы 23-24 маусымда Өзбекстанда өтетін отырыс барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары кеңесіне бекіту үшін ұсынылатын құжаттарға қатысты шешімдер, соның ішінде ШЫҰ-ға 15 жыл Ташкент декларациясы, 2025 жылға дейінгі ШЫҰ даму стратегиясын іске асыру бойынша Іс-қимыл жоспары және өзге де құжаттар қабылданды.
Отырысқа Қазақстанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Ресейдің, Тәжікстанның және Өзбекстанның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, ШЫҰ-ның Бас хатшысы және ШЫҰ-ның Терроризмге қарсы өңірлік құрылымының Атқарушы комитетінің директоры қатысты.
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»