Таң атқан, күн батқан. Өткінші жауындай өтіп бара жатқан өмір-ай! Осыдан сексен жылдай бұрын Мәскеудегі НКВД-ның Бутырка түрмесінде Алашы үшін азап шеккен Әлихан атамыз тұтқын анкетасын өз қолымен толтырыпты. Мамандығын журналист, аудармашы деп көрсеткен. Туған жері – Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысындағы 7-ауыл. Әлеуметтік тегін қазақтың ұлымын, әкем 1900 жылы, анам 1918 жылы қайтыс болған депті. Революциядан кейін қазақтың Алашорда Үкіметінің төрағасымын деп тайға таңба басқандай жазып кетіпті.
Тізесін бүкпеген, ешкімнен айылын жимаған, ешкімнен қаймықпаған. Қазақтың талай арысы жапон шпионы деген жаланы азапқа шыдамай мойындағанда, жалғыз Әлекең ғана сынбапты. Рухы тасты да тіліп, қақ бөлетін алдаспандай болғаны ғой. Шыңғыс ханнан, Жошыдан тамыр тартатын асыл қаны бүлкілдеп соғып тұрғаны ғой.
Мен білетін саясаткерлерден СССР деген алып державаның іргетасын қалап кеткен Ленин мамандығын анкетасында «журналист» деп жазған. Сталин «марксист» деп жазыпты. Бұл екеуі де негізгі мамандықтары басқа бола тұра, журналист болған. Ленин «Искра» газетін шығарып, өзі редактор болса, Сталин бүкіл мақалалары мен сөйлейтін сөздерін өз қолымен жазған. Осы екі тұлғамен де Әлихан атамыз кездескен. Сөйлескен. Олардың алдында өзінің тегін адам емес екенін дәлелдеген. Әлекеңді Бутыркаға қамап тастағанда ескі марксист, Сталинге сөзі өтетін қарт большевик, Карл Маркстің өзін көрген В.Шелгунов: «Әй, Коба, кімді тұтқында ұстап отырсың?» – деп босаттырыпты. Әлихан атамыздың үйқамақта болуы содан. Бірақ, ақырында НКВД Нығымет Нұрмақов екеуін қосақтап, бір күнде атып тастаған.
Әлихан Бөкейхановтың Лениннің де, Сталиннің де алдында кішіреймегеніне тағы бір дәлел бар. Ленин Алашорданы ақтап, кешірім жасағаннан кейін Қазақ елінің атынан Ресеймен келіссөз үстеліне Алашорда Үкіметі отырады. Әлекеңнің өзі баратын жөні бар ғой. Бармайды. Алаш арыстарының ішіндегі ең жасы Әлімхан Ермековті жібереді. Ленинмен төрт сағат ырғасқан Ә.Ермеков Қазақстанның осы бүгінгі шекарасын алып, басқа да көп шаруаны тындырып шығады. Сонда Ахмет Байтұрсынов айтты деген сөз бар. «Сақау Ленинің біздің Әлімханмен төрт сағатқа сөйлесуге жарады. Осал емес екен», деп.
Біз университетте оқығанда марксизм-ленинизм классиктерінің талай еңбектерін мүжідік. Сонда Ленин алты тіл біледі деп оқытқан ұстаздарымыз – ғылым докторлары. Біздің Әлихан Бөкейханов атамыз тоғыз тілде еркін сөйлеп, көсіліп жазған. Францияның күні бүгінге дейін шығып келе жатқан «Фигаро» газетіне француз тілінде 1930 жылы екі мақаласы жарияланған дейді. Шіркін, тауып әкелсе ғой.
Амал нешік, бәрі НКВД-ның қызыл қасабында құрбан болды. Не дейміз? Өткенге – салауат, бүгінге – барақат. Қазіргі ұрпақ осы Алаш арыстарындай болса екен деп армандаймыз. Ұлы Абай: «Болмасаң да ұқсап бақ», деген сөзді бекер айтпаған ғой.
Мағауия СЕМБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы
ҚАРАҒАНДЫ