• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2016

Шешеннің сөзі саф алтын

989 рет
көрсетілді

* Ғибрат Қарауыл Бекше би кәдімгі Қанжығалы Бөгенбай батырдың Бапанынан туған немересі Саққұлақ (Сәбден) шешенмен үзеңгілес жүріп, сыйлас, сырлас дос болған деседі. Ағалары Көкшетау жаққа көшіп барып, мыңғыртып мыңды айдап күрсіп тұрғанда егде тартқан әкесі Дүйсенге қарайлап, алмас тілді алғыр жас Бекше Ерейментау өңірінде қалып қояды. Саққұлақ шешенге еріп, ел билігіне араласқан ол мұнда ертелі-кеш аттан түспей, ағайын арасындағы дау-дамайды шешіп жүріп өз шаруасын құнттамай, қоңыр-төбел тірлік кешеді. Аш-арығын білдіртпей желке жүнін дүрдиткен арлан бөрі сияқты арлы бидің іштей үңгіп жеп жатқан жай-күйін жан досы да онша елемей, қасынан екі елі қалдырмай ұдайы ертеді де кетеді. Шыдамның да шегі бар, бірде Бекше Саққұлаққа ермей, үйінде жатып алады. Аузы дуалы, сөзі уәлі төкпе шешен досынсыз дау шешіп, жұртты бітімге келтіру қиын соғатынын сезген Саққұлақ би кезекті сапарын доғарып, бәйбішесіне: «Жарлының бір тойғаны шала байығаны» деуші еді бұрынғылар. Соғым еті таусылған шығар, сыбаға жіберіп, Бекшені шақыртшы», – дейді. Сақаңның Нұралы атты баласы шешесі салып берген сыбағаны қанжығаға бөктеріп шешенді шақыруға келеді. Ұсынған қоржын басын ақтарып көрсе, арнайы жіберген сыбағаның ең тәуір деген мүшесі қойдың жауырыны болып шығады. Бекшенің зайыбы бәйек болып, әкелген сыбағаны қосып, қазан көтеріп, апыл-ғұпыл ет пісіреді де, табаққа салып, ері мен мейманның алдына қояды. Сонда шешен табақтан жауырынды алып, жас мырзаға күлімсірей қарап былай дейді: Байқаңыз еттің азын жауырыннан, Бар болса, кім аяйды бауырынан. Жоқтық шіркін кісіге не істетпейді? Бұл-дағы келіпті өз ауылыңнан. Мынаны сүр ме десем, сірі екен ғой, Сараң бай өлді десем, тірі екен ғой. Дүниеге көзі тоймай, өзі өлмей, Бірі – көрде, бірі елде жүр екен ғой. Бетінен оты шығып, құлақ-шекесіне дейін қызарып кеткен Нұралы табаққа қол салмақ тұрсын, үй иесіне тура қарай алмай, көзімен жер шұқып тас боп отырады да қалады. Іштей шешесінің қараулығына күйініп, жыларман болады. Тек аттанарда ғана әкесінің шешенді арнайы шақыртқанын айтады. Ділмәр Бекше тағы да тіл безеп тебірене тұрып: «Биге де, бәйбішесіне де сәлем айт» дей тұрып: Мен Сақекеңнің Бекшесі едім, Сақтаулы алтын текшесі едім. Бүгінде кісі жіберіп шақыратын Етігінің өкшесі ме едім? Керексінсе өзі келсін!.. – депті. Семсер сөз шымбайына батқан сұңғыла би Саққұлақ ізінше-ақ өзі келіп, айыбына ат-шапан беріп, қайтадан төс түйістіріп, әр сөзі саф алтын Бекше шешенді ертіп кеткен көрінеді. («Ел аузынан», Жазушы, 1986). Бұдан әрі Бекшенің Ереймен өрінде, Қанжығалы елінде қанша жүргені беймәлім. Зайыры, көп ұзамай айтқыр шешендігімен, алғыр көсемдігімен, ғаділ қазылығымен атағы алты Алашқа жайылған жайсаң биді әке тағына отырып, Орта жүздің ханы сайланған Уәли хан Көкшетауға шақыртып алып, мәмілегер елші етіп, өз жанында ұстайды. Елдің де, жердің де арғы-бергі тарихын жетік білетін, ұлт мүддесін қашан да ұлық тұтып, қай тараппен болсын терезесі тең мәміле жүргізетін ойы өрелі, тілі өткір, сөзі ұтқыр шешен ханға да, халыққа да жағады. Елшіліктің елдестірер жолымен ол Омбы мен Орынборға, тіпті, Бейжіңге де барып, ойда орыс, қиянда қытаймен қазақ халқы атынан келіссөз жүргізіп, ел іргесін нығайтар пәтуалар жасайды. Сындарлы жазушы, сарабдал тарихшы Қойшығара Салғараұлының қытай мұрағаттарын ақтарып жариялаған «100 құжат» (Алматы, «Санат» 1998) кітабында мынадай бір дерек бар: «Қазақ ханы Уәли сұлтанның інісі Шығай сұлтан бастаған елшіліктің қатарындағы тоғыз адам Шианлинанның сыртында Ежен ханмен дидарласты. Оларға дәрежесіне қарай ұлықтық жыға, шен-шекпен және күміс сияқты сый-сияпат ұсынылды» (1782 маусым айы). Осы тоғыздың ішінде біздің Бекше би болғаны дау туғызбаса керек. Тағы бір деректе «Алдияр Жуан-ны деген жерде дидарласуға келген қазақтың Орта жүзінің ханы Уәлидің інісі Қазым басқарған бес адамды қабылдады» дейді. Онда да Бекше болғаны күмәнсіз. Ал «ХVIII-ХІХ ғасырлардағы орыс-қазақ қатынастары» құжаттар жинағының (2 том) әр жерінде Бекше бидің есімі қылаң береді. Терең үңгіп табандап зерттесе, би бабамыздың еңбегі тарихи құжаттардан аз ұшыраспаса керек. Мәшһүр Жүсіптің «Есте тұтып, есте жоқ ескі күндерді әңгімелегенде Бекшеге байқап-байқап барған жөн шығар» деуінде де мән бар. Айтулы би, адуын шешен, анау-мынау көптің бірі емес, тарихта сирек кездесетін біртуар тұлға. Оның өзін де, сөзін де, өрлігін де, ерлігін де саны көп, сапасы аз былайғы сөзуарлардан ажырата білу керек дегенді білдіреді. Амал нешік, кешегі қандықол қызыл саясаттың тұсында оның еңбегін зерделеу былай тұрсын, есімін атаудың өзі қиямет-қайым болды ғой. Әйтпесе, бұл әулеттің атадан балаға мирас болып жалғасқан шешендік өнері, билік қабілеті сонау саятшы Дүйсен биден бастап күні кешеге дейін үзілмей келді ғой. Дүйсеннен Бекшеге, Бекшеден Өтегенге, одан Алтыбайға дейін кілең ғаділ би, ғұлама шешендер бәрі. Бекшенің тұңғышы Мардақтан туған немересі Алтыбай Орта жүздің соңғы ханы Ғұбайдолла Уәлихановтың кеңесшісі болды емес пе. Қазіргі Көкшетау қаласының іргетасын алғаш қаласқандардың бірі сол. Өз басым Бекше тұқымымен баяғыдан бері таныс-біліспін. Бұл әулеттің біраз жастарымен бір мектепте оқып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Ел ағасы болған Нұралы, Рақым қажының ұрпақтарымен құдандалы жекжаттығымыз бар. Олармен ауылы аралас, қойы қоралас Малдығұл әулеті әкемнің нағашы жұрты. Бәрінің ата қонысы – қазіргі Дөңгілағаш ауылы өнер сүйетін сауыққой ел. «Бек айдарлы Бекшенің заманында бақ-қыдыр қонған екен әр ауылға» деп жас кезінде Үкілі Ыбырай бұл ауылға жиі келіп, айлап жатады екен. Оның біраз өлеңдерін алғаш мен осы ауылда естігенмін. Ақынның атын ауызға алуға тыйым салынған кезінде-ақ, оның «Қалдырғанын» осы ауылдың бір өжет азаматы Шәйке кез келген жерде аңыратып қоя беретін. Қазір оны Қапаш қарындасым қалай шырқатады десеңші! Бүгінде Бекше ұрпақтары даңқты бабасының Дөңгілден төрт шақырым жердегі Ақбейіт аталатын төбедегі зиратына ескерткіш құлпытас қойып, ас беруге әзірлік жасап жатқан сыңайлы. Әрине, ескерткіштің ең дөйі де, сойы да кітап болмақ. «Қаламмен жазғанды балтамен шауып өшіре алмайсың» деген сөз тегін болмас. Осынау қастерлі қарекетті қолына алып, жер-жерге қоңырау шалып, естелік жинап, кітап құрастырып жатқан профессор Қасымхан інімнің игі еңбегіне сәттілік тілеймін. Ата-бабасының аруағы қолдап, еңбегі жанып, жұлдызы жарқырай берсін! Сарбас АҚТАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі Алматы