Облыс орталығынан Май ауданы жаққа қарай әкелер жол, неге екені белгісіз, міне, екі жылдай уақыт болып қалды, жабық, жартылай жөнделіп, жартылай бітпей қалған ба, қалың қарда «Джип» мәшинесінің өзі батып шыға алмай, далалық жолмен жүруге тура келді. Қыстың күні, жолдан тоңып келген біздер аудандық мәдениет үйінен жылынардай пана таппадық, даңғарадай қос қабатты ғимарттың іші тым салқын екен.
«КАРТОП ЕГІҢДЕР, КИІЗ БАСЫҢДАР!..»
Жаурағанымызды білдірмей, аудан әкімінің есебіне құлақ қойдық. Жалпы, аудан халқы қанша мал бағамын десе де, егін ексе де жері де, жайылымы да жетеді. Ауылдар болса Ертіс өзенінің жағасында отыр, балық шаруашылығы да азық десе, айнала 15 көл және бар. Өткен жылы 2 млрд. 569 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліпті. Сонымен қатар, 24 ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау орындары бар болғанымен, өкінішке қарай, өнімдерінің өтпеуіне және шикізаттың болмауына байланысты 4 шағын кәсіпорын тоқтап тұрған көрінеді. Ал, аудан бойынша 3107 жеке аула есепке алынса, оның ішінде 2408 ауланың малы бар, ал 699-ы мал ұстамайды. Өздерінің шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында «Ақжар-Өндіріс» серіктестігі, «Ағайын», «Сартай» шаруа қожалықтары және Ақшиман ауылынан Иманшариповтер әртүрлі техникалар сатып алған. Өткен жылы 418 тонна тары, 140 тонна арпа, 80 тонна бидай, 1032 тонна картоп, 467 тонна жеміс дақылдары жиналыпты.
«Осы біз қазір картоп өсіруді ұмытып барамыз. Неге картоп екпейміз? Ол екінші нан ғой! Киіз неге баспаймыз? Қойдың жүні ысырап болып жатыр. Қазір базарға барсаңыз, жамылғы көрпешелер қандай қымбат, қойдың жүнін игілігімізге неге жаратпасқа? Айнала су жетеді. Қаптатып құс неге өсірмейміз?» деп аудан әкімі Нығман Пішенбаев сұраулы жүзбен залға қарады. Былтыр «Ақжар Өндіріс», «Ағайын» шаруа қожалықтарына егін егіп, шөп дайындау үшін республикалық бюджеттен 3 млн. 211 мың теңге несие беріліпті. Өткен жылы аудан бойынша 75 700 тонна шөп дайындалыпты. Шалғайдағы ауылдарға шөп жеткізіліп берілген. Жұқпалы мал ауруларын болдырмау мақсатында 11 ауылдық аумақта мал соятын алаңдар іске қосылып, әрбір ауылда мал дәрігері штаты енгізіліпті. Ветеринарлық-профилактикалық жоспар әзірленіп, жүзеге асырылуда екен. Өткен жылы аудан бойынша бруцеллез ауруына қарсы 31 500 ірі қара мал, 96 000 қой, 200 бас жылқы тексерілген көрінеді. Ауылдағы қазақтың малсыз күні жоқ. Алдағы уақытта, аудан әкімінің баяндамасында айтылғандай, енді ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін цехтар ашпай болмайды, ауылдан сүт сатып алып жинау үшін Баскөл, Көктөбе ауылдарында сыйымдылығы 1000 литрлік 2 тоңазытқыш қою жоспарда тұр. Ал, «Ақжар-Өндіріс» серіктестігі енді жыл бойы қымыз өндіріп, оны шөлмекке құятын цех ашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қойдың жүнін жуып, теріні илейтін цехтар ашылса, жаңа жұмыс орындары пайда болар еді. «Сондықтан, бұл салаға инвестиция тартуымыз қажет. Ертіс өзеніне жақын бұрынғы суармалы жерлерге картоп отырғызып, бау-бақша өсірумен айналысуымыз керек», – деді Нығман Пішенбеав.
АУЫЛҒА СУ ҚҰБЫРЫ ҚАШАН ЖЕТЕДІ?..
Өткен жылы аудан орталығы Көктөбе ауылында су мұнарасына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазір 19 су алатын колонкалар жұмыс істеп тұр. Ал, ең бастысы, бұрынғы істен шыққан топтық су құбырларын қайтадан қалпына келтіру жұмыстары басталыпты. Бұл мақсатқа 65 миллион теңге қаражат бөлініп, Баскөл, Майтүбек ауылдары аумағында жер асты суының қорын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімінің баяндамасынан ұқанымыз осы болды. Ал, ауыл халқы, мысалы, Жұмыскер, Баскөл, Май ауылдарындағы ауыз су бекеті құрылғыларының ескіруінен істен шығып қалу қаупі бар екен. КБМ-дар орналасқан жердегі жерасты су көздерінің тартылып қалу себептері – бұрғылау жұмыстарын жүргізген мердігерлер де тиісті тереңдікке дейін қазбайтын көрінеді. Егер колонкалар жұмыс жасап тұрса, онда судың тұрғындарға кесте бойынша арнайы көлікпен тасымалданатыны қалай?.. Былтыр аудан орталығында “Жол картасы” арқылы 2100 метр су құбыры тартылып, 6 су бағанасы іске қосылыпты. Тұрғындар болса, қыс кезінде 15-20 градустық суыққа шыдамай су бағаналары қатып қалады дейді. Ал, Ертіс жағасында тұратындардың көбісі өздері де өзен суын тұтынады, малын да өзеннен суарады. Бозша, Жаңатілек, Ақсарай, Қызылеңбек, Жалтыр сияқты шағын ауылдардың тұрғындары санитарлық талаптарға сай келмейтін құдық суларын ішетін көрінеді. Жалпы, аудандағы ауыз су мәселесі топтық су құбыры құрылысы аяқталысымен толық шешіледі деп айту да қиын. Құрылысы басталады деп жүргелі талай жыл өтті. Сөйтсе, жерасты су қоры анықталмаған болып шықты. Ақыры, Ауыл шаруашылығы министрлігінің су комитеті тендер өткізіп, Май аудандық топтық су құбырының құрылысын “Центр Стройкомплекс НС” серіктестігі жүргізетін болды. Қазір су құбырларының жолдары тазартылуда.
АУДАНДА 1798 ОҚУШЫ ҒАНА ҚАЛЫПТЫ...
Бұл – облыс орталығындағы Абай атындағы бір мектептің оқушыларының санына тең. Аудан әкімі Нығман Пішенбаев ауданда 14 жалпы білім беру мектебі бар екенін, оларда осыншама оқушы оқитынын, Көктөбе, Саты ауылдарында балабақша ашылғанын, 89 жаңа жұмыс орны құрылғанын айтып өтті. Өткен жылы ауданға 2 дәрігер, 8 медбике келіпті. Облыс әкімінің грантымен аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларының 46 баласы облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында оқыды. Нәтижесінде, былтыр оқу бітірген 10 маман дипломдарын алып ауылға оралды. Ал, «Жол картасы» бағдарламасы барысында 105 жұмыссыз жұмысқа орналасып, 40 адам жергілікті кәсіптік лицейде кәсіби даярлықтан өткен. Өкінішке қарай, өткен жылы 6 нәресте шетінеген.
Жиында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, алты баланың әкесі Айтмұханбет Қожабек 11 мың ғана халқы қалған аудандағы демографиялық аухалдың нашарлығын, ауыл мектептеріндегі оқушылар санының жыл сайын азайып келе жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Ауылды тастап көшіп жатқандар бар. Себеп – жұмыс жоқтық. Аудан әкімі Нығман Пішенбаев қорытынды кездесуге келгенге дейін бүкіл ауылдарды аралап шығып тұрғындармен кездесіпті. Алдағы іс-жоспарларымен бөлісіпті. Бала саны демекші, Ақжар ауылына ел егемендігін алған жылдары келген оралман ағайындар көп тұрақтап қалды. Ауылдарға бас-көз болатын оралман ағайындарды шақыру үрдісін қайта қолға алып, орта толтырмасақ, бара-бара ауыл іші бос қалып жүрер деген күдік те жоқ емес.
Аудан әкімі Нығман Пішенбаевқа залдан сұрақ қоятындар қарасы көріне қоймады. Үнсіздік. Ең жаманы осы ғой. Алғашқы жылдары ауылдағылар белсенді еді. «Сайланып» келгендер де тым-тырыс. Жалғыз үн шығарып сөйлеген Рымбике апамыз аудан орталығымен Ақжар ауылындағы мешіттердің жағдайына тоқталды. Халқым, мешітке барайық, құбыламызды таниық, күйі кетіп тұрған мешіттерге бәріміз ел болып көмектесейік, деді. Одан кейін бүкіл залдағы қалың қазаққа аудандық оқу бөлімінің бастығы Айжан Қойсоймасова орыс тілінде баяндама оқып берді. Мемлекет осыдан екі жыл бұрын аудан орталығына жарқыраған жаңа қазақ мектебін не үшін салып берді?.. Қазақ тілінің өркендеуі үшін. Осы құрметке бас иіп сыйлау керек қой. Жарқыраған аурухана тұрғызды. Енді игілігін халық, қарапайым ауыл тұрғындары көруі тиіс. Жаңа әкім келгелі бұрыннан таныс қызмет жасап жүрген білімді, беделді, іскер деген жігіттер ауыс-түйістердің «құрбаны» болып кетіпті. Кадрдың қадіріне жете бермейтін сияқтымыз. Күні кешегі Елбасы Жолдауында айтылған кейбір мәселелердің кезінде полигон жарылыстарының зардабын көрген Май ауданына да қатысы бар. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, жұмыспен қамту, халыққа таза ауыз су жеткізу мәселелері жылдар бойы күн тәртібінде тұр. Сондықтан, қолда барды ұқсатып, қайткенде ауылдарды сақтап қалуымыз керек.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.