• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2016

Дала көкжалы

621 рет
көрсетілді

Оның есімі ел жадында жаңғыра береді,–  дейді батыр, ақын, композитор Иманжүсіп Құтпанұлының немересі Раушан Иманжүсіп Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толады. Бұл  тәуелсіздікті аңсаған халықтың отаршылдыққа қарсы ашу-ызасының көрінісі болатын. Кең-байтақ қазақ жерінің әр шалғайында ол әртүрлі көрініс тапты. Халқымыздың «ноқтаға басы сыймаған» ұлдары атқа мініп, қылыш көтерді, іштегі мұң мен шерін әні мен жырына қосты. Азаттық үшін алысқан ерлерді қуғындау кеңестік қызыл саясат кезінде үдей түсті. Оның соңы 30-жылдарғы саяси қуғын-сүргінге ұласып, асылдарымыз сүттің бетіндегі қаймақтай сылынып тасталды.  Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі мен өнері соның айқын мысалы болды. Тәуелсіздікпен бірге  есімі еліне қайтқан Иманжүсіптің немересі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан ИМАНЖҮСІППЕН біздің тілшіміз сұхбаттасқан еді. – Раушан Нұрханқызы, Иманжүсіптің есімі Кеңес Одағы жылдарында-ақ ел аузында жүрді. Ол аңыз секілді естілетін, бірақ оның нақты өмірбаяны, өмірінің қалай аяқталғаны, шығармашылығы толық айтылмайтын. Осының нақты себебін өз аузыңыздан естісек дейміз. – Тәуелсіздік жолындағы халқымыздың күрескер ұлдарының есімін атағанда да, 30-жылдарғы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ауызға алғанда да Иманжүсіпті аттап кете алмаймыз. Ел жадында болса да, ірі тұлғаның терең зерттелмеуіне оның ұзақ уақыт бойы ресми ақталмауы себеп болды. Атам Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, 1992  жылдың маусым айында ғана толық ақталды. Бірақ Иманжүсіп ақталмай тұрған кезде де, ғалымдар тарапынан  нақ­ты зерттелмесе де, ол ел жадынан шық­қан жоқ. Оған атамның  өмірі мен шығармашылығын зерттеуге бел буған кезімде көзім анық жетті. Ақмола, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда облыстарын аралаған кездерімде Иманжүсіпке деген елдің ынтызар көңіліне куә болдым. 90-жылдары оның көзін көрген кісілердің біразы әлі арамызда жүр еді.  Солардың таңды таңға ұрып айтқан әңгімелерін жазып алдым. Атамның ел жадында жаңғыра беретініне оның ерекше мінездің, жігердің, жүректің және өнер­дің адамы болғандығынан деп ойлаймын. Азаттықты аңсаған халықтың біртуар ұлдарының барлығы бірден көтеріліске шыққан жоқ. Көтеріліс – халықтың ашу-ызасы тарихи пісіп-жетілгенде сыздауық жарасы секілді жарылатын құбылыс. «Ноқтаға басы сыймаған» ұлдардың отаршылдыққа, заманның әділетсіздіктеріне көрсеткен қарсылығы әртүрлі көрініс тапқан. Ол Иманжүсіптің: «Тумай жатып өш болды маған болыс, Аударылды сол үшін та­лай қоныс. Сатырлатып сабаушы ем шеттерінен, Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс!..» – деген өлеңдерінен де  байқалады. Атам нағыз дала рыцары, даланың серісі, көкжалы болған. Ол осындай жаратылысынан Қазан төңкерісіне дейін де, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де қуғындалды. Оның көзін көргендер 2 метр 10 сантиметр бойы бар ерекше ірі тұлғасын, сәнді киім киісін, өжет мінезі мен тамаша әншілігін тамсана айтатын. Кеңестік қызыл империяның кезінде-ақ қазақ қайраткерлерінің, ақын-компози­торларының, ғалымдарының қызыл идео­логиядан қаймықпай, Иманжүсіп туралы жазып, айтып кеткендері де аз емес. Олардың қатарын Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Жүсіпбек Елебеков, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Александр Затае­вич, Әбділда Тәжібаев, Евгений Брусиловский, Әуелбек Қоңыратбаев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қасым Аманжолов, Ғабдол Сланов, Қалижан Бекхожин, Оралхан Бөкеев, Мұзафар Әлімбаев, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков деп тізе беруіме болады. – Жалпы, Иманжүсіптің зерттелуі қалай? Зерттеушілердің басында өзіңіз­дің тұрғаныңыз аян.  Қандай тың деректер табылды? – Негізі, Иманжүсіптің зерттелуін мен үш кезеңге бөлемін. Оның алғашқысы ХХ ғасырдың басынан бастап, 60-жылдарға дейінгі уақытты құрайды. 60-жылдардан Тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытты екінші кезеңге жатқызуға болады. Тәуелсіздік алған 90-жылдардан бастап бүгінге дейінгі  жасалып жатқан жұмыстарды үшінші кезеңге жатқызамыз. Иманжүсіп пен оның атасы, әкесі туралы алғашқы деректі Әуелбек Қоңыратбаев берген болатын. Автор онда Қоқан хандығы тұсындағы Түркістан билеушісі Тұрғанбай Сіргебаевтың ата-тегін, оның баласы, Кенесарының серігі болған Құтпан Дайрабаевтың, немересі   Иманжүсіптің тарихын баян етеді. Кеңірек айтсақ, Иманжүсіптің атасынан бастап, әкесі, өзі – үш ұрпақ халқының азаттығы үшін көкжалдай күресіп өткен. Атасы Тұрғанбай датқа Қоқан хандығына қарсы азаттық қозғалысын бастап, Түркістан шаһарында қазаға ұшырайды. Ел аузынан жеткен әңгіме­лерге қарағанда, Тұрғанбайға қарасты қыпшақтарды қоқандықтар көгенге байлап бауыздаған, датқаның үстіне ыстық су құйып өлтірген. Қоқан әскерлері Тұрғанбай ауылын шапқанда, оның әйелі Малбике үш жасар баласы Баймырза мен бес жасар қайнысы Басығараны алып қашады. Әбден қалжыраған әйел қайнысын жетектеп, өзінің ұлын жолдың шетіне отырғызып кетеді. Ауылға әзер жеткен әйелдің сілтеуімен іздегендер  баланы таппай қалады. Бұл кезде Арқаға бара жатқан керуеншілер жол шетінде шырылдап жатқан баланы алып кетеді. Оны Дайрабай деген кісі асырап алып, атын  Құтпан деп қояды. Сол Құтпаннан Иманжүсіп туады. Менің атам осындай тағдырлы да жан болған. Ал әкесі Құтпан  Дайрабайұлы – Кенесарының ұлт-азаттық соғысына бастан-аяқ қатысқан адам. Кеңес дәуірінде Иманжүсіп елдің жадынан шыққан жоқ дедік.  Бірақ атамның тағдырын ойлағанда, әкем Нұрханның аузынан жалын ататын. Әкесінің сүйегінің қайда қалғанын, суретін табуды  балаларының арасында маған қатты тапсырды. Өзі сауатты кісі болса да, қызыл империяның кезінде аяғы тұсаулы аттай ештеңе істей алмады. Менің атамды ғылыми жұмысыма арқау етуіме алдымен әкемнің аманаты себеп болды, екіншіден, Тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. Иманжүсіптің жазықсыз жаламен атылғаны архив құжаттарымен анықталды, сүйегінің қайда жатқаны да белгілі болды. Мойынқұм даласында 1929-1930 жылдарда болған шаруалар көтерілісінен кейін Иманжүсіп қамауға алынып, 1931 жылдың 2 наурызында ОГПУ жанындағы үштіктің шешімімен ату жазасына кесіледі. Батырға «банда-шайка басшыларының бірі,  көтеріліске жан-жақты мәліметтер жинады, шайқастарға қатысты, банда-шайкаға мылтығын сатты» деген төрт түрлі айып тағылады. Атамды зерттегендегі тағы бір олжам – оның суретінің табылуы еді. Оны батырдың 100 жастан асып қайтқан қызы Күләнда апамның көзі тірісінде ол кісіге көрсетіп, анықтап алуға үлгердім. Атамның көзін көрген жандардың әңгімелерін жазып алуым арқылы, Иманжүсіптің толық сипатын, оның портретінің галереясын жасағандай сезінемін. Иманжүсіп туралы жазылған еңбектер бүгінде баршылық, бірақ олардың арасында туған жылына, туған жеріне байланысты қате пікірлер де орын алды, оларды нақты дәлелдермен түзетіп жазғанбыз. – Иманжүсіп батырлығымен қатар, қазақтың ән өнерінде үлкен мұра қал­дырған тұлға ғой. Қазір қанша әні та­былды? Олардың орындалуы, тыңдау­шысына жетуі көңіліңізден шыға ма?  –  Иманжүсіп әндері сағынышқа толы лирикалық  және өжеттігі білініп тұратын, елін, жерін сүйген патриоттық сипатымен, философиялық тереңдігімен де  ерекшеленеді. Бізге жеткен оның әндері негізінен 1895-1906 жылдар аралығында Иманжүсіп түрме мен айдауда жүрген уақытта жазылған туындылар деп білеміз. Александр Затаевич Иманжүсіптің көзі тірі кезінде 6 әнін нотаға түсіреді.  «Сарымойын» әні  авторының өзі ақталмай тұрып, Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Бекежанның ариясына айналып кетті. Көпке дейін бұл арияның Иманжүсіптің атақты әні екенінен кейінгі ұрпақ бейхабар болды. Кеңес Одағы жылдары ұйымдастырылған фольклорлық экспедициялардың да  композитор әндерінің өмірге оралуына септігі тиді. Иманжүсіп әндерінің  бірнеше нұсқасы қалыптасқан. Бұл ән авторы атының аталуына көп уақыт тыйым салынуы мен әндерінің қағазға түспей, ауыздан-ауызға таралуынан, орын­даушыларының көп болғандығынан болар деп ойлаймын. Иманжүсіп әндерінің насихатталуы жаман емес. Қазақ радиосының «Алтын қо­­рында» атамның 13 әні сақталған. Әндерін елімізге белгілі әншілер орындайды. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін Иманжүсіп әндерінің мәтініне жеңіл-желпі қарау үрдісі байқалады. «Бес ғасыр жырлайды» жинағының құрас­тырушылары Иманжүсіптің барлық әндерін 31 шумаққа кіргізіп, бір ғана «Ерейментау»  деп атаған да қойған. Бұл орындаушыларды шатастырады. Бүгін және болашақта Иманжүсіптің әндерін орындаушылардан 2000 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Иманжүсіп» атты кітапқа енген ән мәтіндеріне ғана жүгінуін мен композитордың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші және оның ұрпағы ретінде өтінер едім. Соңғы жылдары Иманжүсіп Құтпанұлы туралы бірнеше деректі фильм түсірілді, «Ерейментау» әніне жасалған клип те өте сенімді, әдемі шыққан. Осының барлығы  оның шығармаларын насихаттауға қыз­мет етеді. Атамның туғанына 150 жыл толуына орай Қызылорда облысындағы Шиелі кентінде Иманжүсіпке, Шіліктіде атасы Тұрғанбай датқа, әкесі Құтпан және өзіне ескерткіш орнатылды. – Дегенмен, қазақтың осындай нар тұлғасының еліне еткен қызметін кейінгі ұрпаққа насихаттау жұмысы мұнымен сая­бырлап қалуы тиіс емес екенін білеміз. Өзіңіз атаңыздың зерттеушісі ретінде қазір не бітіріп жүрсіз? –  Атам туралы деректерді там-тұмдап жинаудан шаршаған емеспін. Зерттеу жұмыстары тоқтамайды. «Қазақтың 1000 әні» жинағын шығарған Александр Затаевич қазақ тілін білмеген ғой, сондықтан  әуенін нотаға түсірген әндердің мәтінін жазбаған.  Ол 1921 жылы Қостанай губерниясы,  Фе­доров оязындағы Шұбартеңіз болысы ауыл­дарынан келген 15 жасар Қамқа Ерназарова мен Зәуре Байзақова деген екі қыздан Иманжүсіптің «Ел қайда?» деген әнін жазып алады. Бірақ әннің осы күнге дейін мәтіні белгісіз. Осы әннің мәтіні мен екі қыздың кейінгі тағдырын анықтау да оқыр­ман үшін өте тағылымды дүние болар еді. Жақында мен Қостанайда Нұршат Жамал­­ханкеліні деген қарияны кездестірдім. Ол кісі белгілі Досбол шешеннің бел бала­сы Әуездің қызы Күнімханның келіні екен. Әуез ақын – Мәнсүр Бекежановқа «Иманжүсіпке хат» дастанын жазуды ұсынған,  Иманжүсіптің 1913 жылы Сыр бо­йына келуін ұйымдастырған адам. Сол 1913-1914 жылдары Күнімханның 13-14 жастағы жасөспірім кезі екен. Әкесі Әуез қонақ еткен Иманжүсіпті киіз үй  туырлығының жыртығынан сығалап көргенін айтып отырады екен. «Ұзын бойлы, қапсағай кісі, үстінде астары қып-қызыл мауыты шапаны бар» деуші еді», деп еске алады Нұршат апай енесінен естігенін. Осы Нұршат қарияның аузынан  «енем айтып отырушы еді» деген өлеңнің екі жол жұрнағын естідім. «...Ел қайда, Есіл қайда, Нұра қайда, уа, дариға, бізге сіздей аға қайда?!» деген екі-ақ жол. Бірақ осы екі жол  маған Иманжүсіптің бізге жетпеген әнінің жолдарындай сезіледі. Әрине, бұл да зерттеуді қажет етеді. Мен ғылым адамы ғана емес, ең алдымен ұстазбын.  Жас ұрпақты қолдан келгенше білім нәрімен сусындатуға атсалысып келемін. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдайтын дәстүрлі Жолдауларын мұқият оқып, оның мән-мағынасын студенттерге жеткізгенше асығамын. Бұл ісімді  мақтан тұтатынымды да жасырмаймын. «Мәңгілік Ел» идеясы бүгінгі жас ұрпақтың болашаққа бастар темірқазығы болуы керектігі айтылды. Қайткенде Мәңгілік Ел боламыз? Рас, еліміз экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан дамуы тиіс. Бірақ рухани кенжелесек, жас ұрпақты тарихи тұлғалар, қаһармандардың үлгілі істері негізінде тәрбиелеу мүмкін болмайды, үгілеміз, ұтыламыз. Бүгіннің  мәні – кешегі, жаңа­ның өзі ұмытылған ескі емес пе? Елбасы «Ұлытау төріндегі толғанысында»: «Тарихты білмеген ұлттың болашағы бұлың­ғыр», деген болатын. Осының бар­лығы сөз жүзінде қалмауы үшін әр отандасым  істі өзінен бастауы керек деп ойладым да, мен де соған бел будым. Осыдан 3 жыл бұрын мен атам Иманжүсіптің қа­сиетті қонысы болған Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылына қоныс аудардым, қазір сол жерде тұрамын. Қойған мақсатыма орай, бүгінде  осы ауыл мектебінде иманжүсіптану  факультативтік сабағын жүргіземін,  атамның музейін ашу жұмысын бас­тап кеттім. Көп жылғы ізденіс, зерттеу еңбегімнің арқасында атамның пай­да­ланған ер-тоқымын, мылтығын таптым, Иманжүсіп заманының жәдігерлері, тарихи құжаттар бар. 30-жылдардағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында музейді ел игілігіне ұсынбақпыз. 30 мамыр күні Астанадағы Орталық концерт залында «Мен болам Иманжүсібің!» атты кеш-концерт өтеді. – Игі іс болғалы тұр екен. Ұлылар мен жақсылардың рухы ұрпағына мәңгі қызмет етеді. Иманжүсіп те солардың қатарындағы тұлға. Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»  Қостанай