Астанада алдағы маусым айының 2-сі мен 5-і аралығында өтеді
«KADEX-2016» IV Халықаралық қару-жарақ және әскери техникалық мүлік көрмесі әлемдегі үздік қорғаныс өнеркәсібі бар компаниялар үшін кәсіби ынтымақтастық алаңына айналмақ. Қорғаныс өнеркәсібі саласында сарапшылар мен мамандардың пікір алмасып, тың идеялармен бөлісуіне мол мүмкіндік береді. Көрменің басты экспонаттары – әскери техника мен қару-жарақ.
Жақында Астанада жаһанның Қытай, Түркия, Германия, Канада, Корея, Франция және Ресей сынды 35 мемлекетінен 300-ге жуық компания әскери техниканың ең озық үлгілерін көпшілікке паш етпек. Сонымен, халықаралық көрмеде 200-ден аса шетелдік және 100-ге жуық отандық кәсіпорындар әскери техниканың қандай түрін көрсетеді, сарапшылар мен қонақтарды, барша елордалық тұрғындарды қарудың қандай түрімен қызықтырады?!
«KADEX» – бұл отандық брендті ілгерілету тұрғысындағы бірден-бір нық қадам. Қазақстан әскери техниканы шетелдік қару-жарақ өндірісінің ірі магнаттарынан сатып алып қана қоймай, өзінің де төл өнімін өндіруде. Сөйтіп, нарыққа жол тартып отыр. Бұл – қорғаныс саласындағы айтулы жетістік, жағымды жаңалық.
Көрмеде экспозицияның біршама бөлігін жоғары технологиялық танкке қарсы зымыран кешендері мен шабуылдау қару-жарағын паш ете отырып, Ресей Федерациясы ұсынады. «КБП» АҚ зауытының Ресейде қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасауда 85 жылдық тәжірибесі бар. «Вологда оптика-механикалық зауыты» АҚ жетекші ресейлік өндірушілермен шығарылатын (Т-90, Т-80У, БМП-3, БТР-80, МТ-ЛБМ) броньды техникаға арналған атысты басқарудың көп арналы тұрақтандырылған жүйелерін көрсетеді. Зауыт құралдар мен кешендерге сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асырады. «Швабе» инновациялық оптикалық холдингінің құрамына кіреді.
КАDЕХ-те жалпы мақсаттағы турбобұрандалы ұшақтар шығарудағы көшбасшы саналатын канадалық компания да жоғары ұшу үлгілерін көрсетпек. Көрме шеңберінде «Viking Air Ltd» әлемдік дәрежедегі әуе-ғарыштық компаниясының өндірісі «Series-400» 19 орындық әуекемесінің көрсетілімі өтеді. Зауыт дәстүрлі әуе кемелерінің әлемдік паркіне арналған жабдықтар шығарады.
Зымыран жүйелерінің әлемдік өндірушісі – Франция да қалыс қалмайды. «MBDA» компаниясы жерүсті, теңіз және әуе жүйесінің талаптарын қанағаттандыруға арналған өнімнің түр-түрін ұсынады. Ал Түркияның жетекші «ASELSAN» қорғаныс компаниясы болса, әскери байланыс саласында радар және радиоэлектрондық жоғары технологиялық жүйелерді ұсынатын болады.
Бүгінде қай ел үшін де басты мақсат – қару-жарақ пен әскери техниканы шетелден сатып алудан бас тарту. Яғни, өз елінде өндіруге, керек десеңіз, экспортқа шығарып, қаржы көзіне айналдыруға ұмтылады. Қазақстан қорғаныс-өндірістік кешені де осы бағытта жұмыс жасауда. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы Қорғаныс министрлігінің сұранысын қамтамасыз етіп, отандық әскери өндірістің санын да, сапасын да арттырып келеді.
Мәселен, біз үшін қуантарлық жаңалық минаға қарсы қорғанысы бар «Арлан» броньдалған автомобилін шығаратын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС зауытының іске қосылуы болып табылады. Өнім өте жақсы сипаттамаларға ие. Сынама барысында «Арлан» броньды транспортері үздік нәтижелер көрсетті. БКМ «Арлан – бұл арнайы әскерлерге, арнайы мақсаттағы жауынгерлерге, сондай-ақ, әскери полицияға арналған броньдалған дөңгелекті машина.
Ұзындығы 6,5 м, биіктігі 3 м, ең үлкен жылдамдығы 120 км/сағат болатын броньдалған жол таңдамайтын көлік лаңкестік актілерде пайдаланылатын қолдан жасалған бомбалардан толық қорғалған. Радиотолқындарды «жұтып алатын» қосымша функциясы бар. Дөңгелектеріне оқ тигеннен кейін де 50 шақырымды жүріп өте алады. Ең бір ерекшелігі – өзінің салмағы 10-ақ тонна болғанымен, қосымша 18 тоннаға дейінгі жүк тасымалдай алады. Мұндай әскери техника шығару, әлемде қару-жарақ дамуының заманауи үрдісін ескере келгенде, тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі кешенін қалыптастыру үдерісінде жаңа кезеңге айналды деуге болады.
Қазақстан зауыттарында шығарылатын өнімдер заманауи тактика-техникалық сипаттамаларға жауап береді және жекеменшік әзірлеменің инновациялық технологияларын қамтиды. Мәселен, «Семей инжиниринг» зауыты халықаралық нарыққа шығуды жоспарлауда. Бұл бағытта отандық кәсіпорынның жоспарларына Т-72, Жаяу әскердің жауынгерлік машинасы (ЖӘЖМ-1) мен БТР-7 броньды транспортерлерін жасап шығару кіреді.
Бұл – броньды техниканы күрделі жөндеу мен әскери және әскери-инженерлік техниканың базасында конверсиялық техниканы дайындаумен айналысатын – Қазақстандағы бірден-бір зауыт.
Сондай-ақ, көрмеде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құрамына кіретін «С.М.Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ-та шығарылатын мамандандырылған өнім ұсынылады. С.М.Киров атындағы зауыт негізінен теңіз суасты қаруын, теміржолдың қозғалмалы құрамын жобалау мен әзірлеуге, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін азаматтық өнім мен жоғары техникалық бұйымдар шығаруға мамандандырылған. Осы орайда айта кететін бір жайт – құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасының әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері мен құралдарының, арнайы мақсаттағы құралдар мен мүліктердің, IT-технологиялардың, байланыс жүйелері мен құралдарының, тылдық және техникалық мүліктердің де көрсетілімі өтеді.
Қазақстан зауыттары үшін бұл – өз өнімін көрсету және оны әлемдік деңгейге шығарудың үлкен мүмкіндігі. Жалпы алғанда, бұл Қазақстан Қарулы Күштері қорғаныс әлеуетінің дамуы мен артуына септігін тигізеді. 2010 жылғы көрменің қорытындысы бойынша 1,5 млрд. АҚШ доллары сомасына 10 ұзақ мерзімді құжат жасалғанын айта кетейік. Оған 156 компания, оның ішінде 86 отандық компания қатысты. Ал 2014 жылы көрме барысында қол жеткізілген уағдаластық негізінде 2,6 млрд. АҚШ доллары сомасында 31 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. Қатысушы компаниялардың саны 300-ге дейін, оның ішінде отандық компаниялардың саны 92-ге дейін ұлғайды.
Тағы бір жаңа өнімімен еліміздегі «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ зауыты қуантып отыр. Ол – отандық су жаңа «Қажымұқан» катері. «KADEX-2016» көрмесі аясында кәсіпорын «Қажымұқан» мұз жаратын тартқыш катердің сызбасын ұсынады. Катердің жобалануы мен жасалуы 2014 жылы Қазақстан ҰҚК Шекара қызметінің тапсырысы бойынша басталды. Ол өзендерде, су қоймаларында және Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде қалыңдығы 30 см-лік мұзда патрульдік қызмет атқаруға арналған. Экипажы 4 адамнан тұруы мүмкін. Жүзудің автономдығы 5 тәулікке жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ көрме келушілерінің назарына «КамАЗ»-дың базасында жасалған сүңгуірлерді автономды қамтамасыз ететін жылжымалы стансаны ұсынады. Станса айлақтан және жүзу құралдарынан 40 метрге дейінгі тереңдікте диверсиялық күштерге қарсы іс-қимыл шараларын орындау кезінде жауынгерлік жүзушілердің суасты операцияларды жүзеге асыруына жағдай туғызады. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ-тың құрамына кіреді. Институт кеме құрастыру, мобильді роботты техника, сүңгуір техникалар, навигациялық жабдық, мұнай-газ секторына арналған жабдық сияқты бағыттар бойынша жоғары технологиялы техниканың үлгілерін зерттеу мен жобалауға мамандандырылған.
Сондай-ақ, көрмеге қатысатын қазақстандық кәсіпорын қатарында «Семей инжиниринг» АҚ зауыты, «Зенит» Орал зауыты» АҚ, «Тыныс» АҚ, «С.М.Киров атындағы машина құрастыру зауыты» АҚ, «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС, «Қазақстан Aselsan инжиниринг» ЖШС бар екенін айта кетейік. Олар экспортқа корабльдерге қажетті түрлі торпедаларды, кеме гидравликасын, авиациялық қажеттіліктерді қазіргі заманғы жылу құралдарын, көздеу линзаларын, түнгі көру құралдарын ұсынатын болады.
«KADEX-2016» көрмесі – әскери мамандардың конструктивті жағдайда пікір және тәжірибе алмасатын кәсіби үнқатысу алаңы. Бұл отандық әскери ойдың дамуына, сондай-ақ, шетелдермен әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға кепілді түрде септігін тигізеді. Жоғары технологиялық өнімдер шығаруға қабілетті бола отырып, ғылымды аз қажет ететін өнімдердің өрісін кеңейтеді. Сөз жоқ, дәстүрлі түрде мұндай көрмелерде әскерлер мен қаруды басқару кешендері, жоғары дәлдіктегі қарудан қорғаныс жүйелері, авиациялық техника, әуе шабуылынан қорғаныс құралдары мен жүйелері, оптикалық-электронды құрылғылар үлкен сұранысқа ие болады. Сондықтан, электронды және электронды-оптикалық жүйелер, байланыс және басқару жүйелері, желілік шешімдер саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінгі таңда Астананың халықаралық әуежайының әскери секторында «KADEX-2016» көрмесіне дайындық қарқын алған. Павильондардың құрылысы да қарқынды жүруде. Енді көрмеде көрсетілетін әскери техникалар келе бастайды. Елорданың барша тұрғындары мен қонақтарын KADEX-ті тамашалауға шақырамыз.
Сәулебек БІРЖАН