Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің мүшелерімен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кеңес мүшелері қатарында ЕҚДБ президенті С.Чакрабарти, JP Morgan Chase International Директорлар кеңесінің төрағасы Д.Френкель, The Blackstone Group төрағасы әрі негізін қалаушылардың бірі С.Шварцман, Ресей Сбербанкінің президенті әрі басқарма төрағасы Г.Греф сияқты беделді қаржы институттарының басшылары бар.
Кездесу барысында Қазақстандағы қаржы қызметінің жетекші халықаралық орталығы ретіндегі Астана халықаралық қаржы орталығының алдағы жұмысының мәселелері әлемдік үздік тәжірибелер негізінде талқыланды.
Қазақстан Президенті Орталықты құру ісі еліміздің экономикасын әртараптандыруға және оның қазіргі жағдайдағы орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған құрылымдық реформалар аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Жобаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатымен конституциялық заң қабылданды, инвесторлардың жұмысы үшін теңдессіз жағдайлар жасалды. Дербес пішім бойынша қызмет ететін және ағылшын құқығы қағидаттарын қолдануға, шетелдік судьяларды қатыстыруға негізделген арнаулы жүйе жұмыс істейтін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана халықаралық қаржы орталығы бүкіл өңір үшін жұмыс істеп, уақыт өте келе танымалдыққа ие болады деп үміттенетінін жеткізді.
– Біз бұл жобаның ауқымды әрі күрделі іс екенін түсінеміз. Бүкіл өңіріміздің қызығушылығын оята білу, АХҚО-ны «Жібек жолының экономикалық белдеуі» аясында қаржылық қызмет көрсету орталығына айналдыру маңызды. Бұл тараптағы бос орынды иемденіп, біртіндеп дами бастау қажет. Біз Қазақстанға келіп, осында жұмыс істеуге болатынына көз жеткізген халықаралық қаржы ұйымдары мен ірі бизнесмендер атсалысады деп үміт артамыз. Жан-жақты қолдау арқылы аталған жоба аясында жұмыс істеу қызықты болатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов Кеңес мүшелерінің жұмыс жүргізіліп жатқан бағыттардың танымал өкілдер екенін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, бұл бағыттар – активтерді басқару, «жасыл» қаржы индустриясын құру, жаңа қаржы технологияларын ілгерілету бағыттары.
Ол сондай-ақ биылғы жылдың соңына қарай «роуд-шоу» өткізу жоспарланып отырғанын, оның аясында шетелдік инвесторларға орталықтың мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылатынын айтты. Жалпы алғанда, АХҚО «ЭКСПО» халықаралық көрмесі аяқталатын 2017 жылдың қыркүйегіне қарай қызметін бастауға, компаниялардың алғашқыларын қабылдауға дайын болады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің мүшелері орталықты дамытуға қатысты өз көзқарастарын білдірді, сондай-ақ АХҚО-ны және оның қызметтерін ілгерілету жөніндегі нақты ұсыныстарын айтты.
Айталық, С.Чакрабарти ЕҚДБ бұл жобаның белсенді қолдаушысы екенін жеткізді.
– Қаржы орталығын құру ісіне өзіміздің сарапшылық үлесімізді қосу біз үшін мәртебе. Сондай-ақ, Қазақстан «жасыл экономика» саласында маңызды көшбасшыға айналып келе жатыр деп ойлаймын. Өзгелер де Қазақстанға келуге мүдделі болуы үшін біз халықаралық қаржы институттарын дамытуға қолдау көрсетеміз деп берік сеніммен айтамын, – деді ЕҚДБ президенті.
The Blackstone Group төрағасы әрі оның негізін қалаушылардың бірі С.Шварцман АХҚО құру туралы шешімнің маңыздылығына тоқталды.
– Біз бүкіл әлемде заңның үстемдігі, ағылшын құқығын, америкалық заңгерлік тәжірибені қолдану сияқты барлығы сенім артатын мәселелерге жиі кезігіп отырамыз. Қазіргі уақытта әлемде мұндай қаржы орталықтары көп емес. Осы арқылы Сіз Қазақстанды әртараптандырып, оны дамудың қазіргі заманғы бағыттарын өз тәжірибесіне енгізген азғантай елдердің қатарына қосасыз, – деді С.Шварцман.
***
АХҚО жобасын жүзеге асыру ел экономикасына қосымша елеулі қаржы ресурстарын әкеліп, отандық қаржы секторын экономиканың қызметтерді экспорттайтын және елдің ішкі жалпы өнімін ұлғайтуға үлес қосатын бәсекеге қабілетті саласына айналдыруға мүмкіндік береді. АХҚО-ны дамыту стратегиясы капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру және қаржы технологиялары сияқты негізгі бағыттарды қамтиды.
Капиталдың локалды нарығын дамыту үшін Орталық әлемнің көш басындағы биржалары арасындағы стратегиялық серіктеспен бірлесіп, АХҚО-ның әлемдік стандарттарға сай келетін, жоғары технологиялық биржалық инфрақұрылымын қалыптастыру жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс аясында Орталық Лондон қор биржасымен және металдар биржасымен, NASDAQ, Чикаго тауар биржасымен, NASDAQ Dubai, Нью-Йорк қор биржасымен қызу келіссөздер жүргізді.
Бұдан бөлек, АХҚО-ның қызметтері ұсынылатын серіктес елдердің қаржы нарығына қатысушылармен, реттеушілермен кездесулері және алқалы жиындары өтті. Мәселен, Шанхайға, Гонконгқа, Лондонға, Мәскеуге, Торонтоға барған сапарлар аясында орталық банктердің басшыларымен, инвестициялық банктермен, қор биржаларымен, сондай-ақ, осы елдердің бизнес құрылымдарымен келіссөздер жүргізілді.
Әлемдік экономика бағдарын таза технологияларға қарай ауыстыру үдерісіне көшіп жатқанын ескере отырып, АХҚО аясында «жасыл» қаржыландыру тетіктерін енгізу мен дамыту ісі жоспарлануда. Бұл ретте жоғары технологиялық ЭКСПО-2017 көрмесі «жасыл технология» саласындағы зерттеулер үшін нақты инфрақұрылымды ұсынса, АХҚО оның қаржылық бөлігін қамтамасыз етеді.