Түркіменстан шекарасынан заңсыз өтпекші болған Өзбекстан азаматы оққа ұшты. Шекарадан заңсыз өтуге барлығы 12 адам әрекеттенген. Олардың, жоғарыда айтылғандай, біреуі атып өлтірілсе, 5-і қамауға алыныпты. Ал қалғандары із жасырып үлгерген.
Өзбекстан азаматтарының көтерме саудамен айналысқан кәсіпкерлер екені белгілі болып отыр. Шекарашылардың нақты қандай жағдайға байланысты қару қолданғаны белгісіз. Тәртіп бұзушылардың қарсылық көрсетіп, шекара қызметіндегілерді оқ атуға мәжбүрлегені туралы да ештеңе айтылмайды. Жалпы, 1993-2009 жылдар аралығында Түркіменстан шекарасында 60-тан астам өзбек азаматы оққа ұшқан көрінеді.
МЫСЫРЛЫҚТАРДЫ ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРДЫ
Америка университеттерінің 100-ден астам ғылыми қызметкері АҚШ президенті Барак Обамаға Египет халқына қолдау көрсету туралы өтініш білдірген ашық хат жариялады. Атап айтқанда, ғалымдар өз президенттерін Мысырдағы демократиялық қозғалысты қолдауға шақырады.
Қазіргі кезде елдегі тәртіпті ұстап тұруды қолдарына әскерилер алып отыр. Олардың нақты кімнің жағында екені әзірше беймәлімдеу. Жалпысында, бүгінде ел тағдыры әскерилердің қолында тұрғандай. Коменданттық сағаттың ұзаруына қарамастан, Египетті 30 жылға жуық уақыт басқарған Хосни Мүбәрактің биліктен кетуін талап еткендер ереуілдерін тоқтатар емес. Ал Х.Мүбарак үкіметті таратқанымен, өзінің биліктен кеткісі жоқ.
ДІНИ ҚАҚТЫҒЫСТА 35 АДАМ ҚАЗА БОЛДЫ
Нигерияда христиандар мен мұсылмандар арасындағы діни қақтығыс салдарынан 35 адам опат болды. Бұл келеңсіз оқиға елдің солтүстік-шығысындағы Баучи штатының оңтүстік бөлігінде орын алған. Сондай-ақ Баучидегі шіркеуге дайындалған лаңкестіктің беті қайтарылған.
Оның алдында, яғни 28 қаңтарда Плато штатының орталығы Джоса қаласында да діни сарындағы кикілжіңнен 10-нан астам адам көз жұмған болатын. Бұл адам өмірін қиған оқиғаға мұсылман дінін ұстанатындардың жергілікті университет студенттерін өлтіргені себеп болған көрінеді. Ал өткен жылдың 25 желтоқсанында аталған қаладағы лаңкестік салдарынан 32 адам көз жұмған еді.
ЖЕБЕУШІСІНІҢ ҚОЛЫНАН СҮЙДІ
Түркіменстанның Мары уәлаятындағы балалар бақшасында жұмыс істейтін тәрбиешілердің бірі жұрттың көзінше ел президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің қолынан сүйген. Осы ақпаратты таратқан «Түркіменстан хроникасы» телеарнасының мәлімдеуінше, бұған дейін қазіргі президентке қатысты сезімін осылайша білдіру формасы тәжірибеде болып көрмепті.
Ал Түркіменстанның бұрынғы президенті марқұм Сапармұрат Ниязовтың кезінде мұндай үрдіс халықтың дәстүрлі бір салтындай көрінетін. Тіпті, қазіргі президенттің өзі де Түркіменбашының қолына ернін тигізген сәт ұмытылған жоқ. Осыған қарап, елге бұрынғы кезең қайта оралып келе жатқандай ма дейсің. Өйткені, түркімендердің көпшілігі Г.Бердымұхамедовті «жебеушім» десе, Түркіменстандағы бүгінгі кезеңді «Ұлы қайта өрлеу дәуірі» деп атайтын көрінеді.
ЭКС-МИНИСТРДІ ҚАЙТАРЫҢДАР ДЕЙДІ
Ирландияға Қырғызстанның бұрынғы энергетика министрі Сапарбек Балқыбековті елге экстрадициялау туралы сұрау жіберілді. Бұл сұранысты Қырғызстанның бас прокуратурасы дайындапты. Халықаралық іздеу жарияланған Балқыбеков Ирландияның астанасы Дублин қаласында ұсталды деген хабар жақында тараған-тын.
С.Балқыбеков энергетика министрі болып 2008 жылға дейін жұмыс істеген болатын. Ол қызметінен елдегі энергетикалық дағдарысқа байланысты аластатылған-тын. Артынша С.Балқыбеков «Электр стансалары» ААҚ-тың бас директоры лауазымына тағайындалса, билік ауысқан соң оған қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып, ол елден қашуға мәжбүр болған еді.
ҚУҒЫНДАҒЫ ИСЛАМШЫЛ ЕЛІНЕ ОРАЛДЫ
22 жыл бойы қуғында болған исламшылардың көсемі Рашид Ганнуши ел басшысы Бен Әли тағынан тайдырылған соң өз отаны – Туниске қайта оралды. Оны әуежайда мыңдаған жақтасы қарсы алса, қарсыластары да төбе көрсеткен. Ганнуши «Ан-Нахда» («Қайта өрлеу») ислам партиясын 1981 жылы құрған екен.
Енді бұрынғы қуғын көруші партиясын ресми тіркеуден өткізіп, алдағы сайлауға қатысатынын жариялап үлгерді. Жалпы, Ганнуши 1970-жылдары радикалды мұсылман дінін ұстанушы ретінде танылған болатын. Осындай біржақты көзқарасы үшін елдегі билікке және өзге дінді ұстанушыларға жақпай, солардың қырына ілігіп, өмір бойы түрмеде отыруға кесілген соң, елден қашуға мәжбүр болған еді. Бүгінде ол өзінің исламға қатысты ұстамды көзқараста екенін білдіруге ұмтылып отырған секілді. Көксегені – ел халқының көңілінен шығып, президент атану.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
• Синай түбегінде орын тепкен курортты қала – Шарм-әл-Шейхке Египет әскерінің бөлімшелері енгізілді. Олар елдің туристік аудандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Өйткені, туризм – Мысырдағы аса ірі табыс көзі.
• Боливияның оңтүстік-шығысындағы өзендердің бірі ернеуінен асып кетуі салдарынан 34 адам қаза тапты. Тасқынға толассыз жауған нөсер жаңбыр себеп болса керек.
• Қырғызстанның қаржы министрі Чоробек Имашев отставкаға кетті. Ол өзінің бұл шешіміне депутаттармен арадағы түсініспестік туындатқан жанжал себеп болғанын көлденең тартты. Ч.Имашев аталған лауазымға өткен жаздың ортасында келген болатын.
• Мәскеудің Домодедово әуежайындағы лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен дағыстандық Ибрагимхалил Даудов жасағының бірнеше өкілі ұсталды. Оларға жаңа жыл түнінде де лаңкестік жасамақ болды деген айып тағылып отыр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.