Оның қазіргі даму бағыты қандай?
Елімізде 1990 жылдары басталған ауылшаруашылық реформасы ауылшаруашылық жеріне, өндіріс құралдарына, ресурстарына жекеменшік институтын, өндіріске жаңа басқару үлгілерін, түрлі меншік формаларындағы ірі, орта, шағын ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді қалыптастырды.
Бүгінде еліміз экономикасының аграрлық секторында көптеген шаруа (фермерлік) қожалықтары, кіші кәсіпкерлік, түрлі кооперативтік, жеке қосалқы, отбасы шаруашылық құрылымдары еңбек етіп, ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп келеді. Дегенмен, шағын, шашыраңқы ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтаушы, өнім өңдеуші, сауда құрылымдары, делдалдар мен тұтынушылар тараптарынан қолайсыздықтарды сезініп, айтарлықтай қиындықтарға кезігіп отырғандығы да шындық. Бірақ тұтынушылар тарапынан жылдан-жылға азық-түлік сапасы мен әртараптылығына қойылатын талаптардың арта беретіндігі нарықтық экономиканың заңды құбылысы екенін де мойындау керек. Жасыратыны жоқ, ірі ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер саудада, өңдеу нарықтарында монополиялық жағдайды иеленіп шағын шаруашылық құрылымдарын өздеріне тең дәрежеде сезінбей, мүделерін ескермей, тиімді, тәуекелі төмен ауылшаруашылық өндірісі түрлері есебінен айтарлықтай пайда тауып келеді. Сондай-ақ, ірі шаруашылық құрылымдары өндірістерін негізінен инновациялық, жаңғырту іс-шаралары негізінде дамыта отырып, ауылды елді мекендер проблемаларын, әсіресе еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша, толық шеше бермейді. Бұл жағдайда, шағын, жеке ауылшаруашылық құрылымдарының ауылды елді мекендердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуда, ауылда орта таптың өз деңгейінде қалыптасуына айтарлықтай әсері бар екенін айтпасқа болмайды. Сонымен қатар, таңдаулы ғылыми-практикалық зерттеулер нәтижелері көрсетіп отырғандай, елімізде сапалылығы, нәрлілігі бойынша адам тамақтануының ғылыми негізделген көрсеткіштеріне сәйкес келе бермейтін азық-түліктер ауқымының артып келе жатқандығы да толғанарлық жайтқа айналуда. Мысалы, бүгінде ауылдағы жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарында өндірілген ауылшаруашылық өнімдеріне тұтынушылар тарапынан сұраныс артып келеді, себебі, бір жағынан оларды өндірушілердің өздері де тұтынатындықтан табиғи құндылығы сақталған, экологиялық таза өнімдер болып отыр деуге болады. Демек, аталған шағын ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін құрылымдар елімізде өнімдердің басым бөлігін өндіріп қана қоймай, сапалық қасиеттерін де жоғары деңгейде сақтайтын болса, ауылшаруашылық өндірісін жандандыру бағытындағы мемлекеттік ұстаным неге шағын ауылшаруашылық құрылымдарын қолдауға да бағытталмайды? Бүгінде шағын ауылшаруашылық құрылымдары сұраныс-ұсыныс заңдылықтарын ескере, нарық тетіктерін пайдаланып және нарықта сұранысқа ие, құны жоғары өнімдер өндірумен айналысып, жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Сондай-ақ, салыстырмалы зерттеулер де ауылшаруашылық жерлерін мейлінше тиімді пайдаланатын да шағын, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары екенін көрсетеді.
Өкінішке қарай, бүгінде ауылшаруашылық секторының салалары бойынша жұмысқа жарамды ауыл тұрғындарының 45-50%-ы ғана жұмыс орындарымен қамтылып отыр, Ауылды елді мекендердегі 100 жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарына шаққанда, орта есеппен олардың 10-15-і ғана тауарлы өнімдер өндірумен айналысады екен.
Елбасының Бес институттық реформасында елімізде урбанизация деңгейінің төмендігі, халықтың 43 пайыздан астамы ауылда тұратындығы, ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің салық төлеудегі енжарлығы, соған қарамай осынау ел экономикасындағы маңызды саланы субсидиялауға бюджеттен қыруар қаржы бөлінетіндігі туралы айтылған. Сонымен қатар, таяуда Елбасы бүгінде қалыптасқан әлемдік экономикалық дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы ауылшаруашылық өндірісін жедел дамыту екенін қадап айтты. Осыған орай бүгінде мемлекет тарапынан бұл салаға жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Солардың қатарында өткен жылдың қазан айында «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заң қабылданғанын айтуға болады. Бұл заң еліміз егемендік алғаннан бері қабылданған ауылшаруашылық кооперациясы туралы заңнамалық актілердің барлық жақтарын пайымдай отырып жасалған құжат. Атап айтқанда, жаңа заң ауылшаруашылық кооперативтеріне коммерциялық тұрғыда қызметтерін атқаруға, табыстарын кооператив мүшелері арасында дербес бөлуге құқық береді. Сондай-ақ, кооператив мүшелері жарғылық төлемдері көлеміне қарамай жалпы жиналыста бір ғана дауысты иеленеді, кооперативтердің ревизиялық комиисия қызметтері шығынының 50%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады.
Дегенмен де, бүгінде «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» жаңа заңның атқарылу жағдайын, жыл басынан өңірлерден қуанарлықтай ақпараттар түсіп жатқанымен, біржақты бағалауға болмайтын сияқты, яғни көбіне сападан гөрі құрылған кооперативтер санына еліктеушілік байқалады. Өңірлерді аралап, түсінік жұмыстарын жүргізгенімізде байқағанымыз, ауылшаруашылық кооперативтерін құруға ынталы азаматтардың басым бөлігінің мақсаты ауыл шаруашылығына тиісті субсидия қаржысын иеленумен ғана шектелетін сияқты. Сондықтан да, бұл маңызды іс-шараларды ұйымдастыру кезеңінен бастап, ақырына дейін ауылшаруашылық кооперациясы бойынша айтарлықтай ғылыми-өндірістік тәжірибе жинақтаған мамандардың белсене араласуы аса қажет. Әрине, бұл дамыған елдердегі ауылшаруашылық өндірісінің озық тәжірибесін, бүгінде бізде қалыптасқан жүйеде, психологиялық көзқараста тиімді пайдалану оңайға соқпайды. Мысалы, өңірлерді аралап, өнім өндіруші құрылымдар өкілдерімен кездескенде, көбі «кооператив бізге не береді, бұрын біздерді жеке шаруа болыңдар деп тараттыңдар, енді бірігіңдер дейсіңдер», деген сұрақтар ішінара айтылып қалады. Біріншіден, дамыған елдерде орта есеппен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер өздері өндірген өнімдерінің ақырғы құнының 65-75%-ын иеленсе, бізде бұл көрсеткіш, ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін өндіретін шағын, отбасы шаруашылықтары бойынша орта есеппен 23-30%-дан аспайды екен. Мысалы, ауылдық округте белсенді бір азамат сүт қабылдайтын, түрлі сүт өнімдерін шығаратын зауыт салды делік. Ол ауылды елді мекендер тұрғындарынан сүттің литрін 80 теңгеден сатып алып, тұтынушыларға түрлі сүт өнімдеріне айналдырып сатқанда әр литр табиғи сүтке шаққанда 70 теңгеден таза пайда табады, сөйтіп бұл таза пайданы зауыт қожайыны толығымен иеленеді. Егер зауыт кооператив құрамында болса, аталған пайда кооператив мүшелеріне олардың еңбек үлестеріне сай бөлінер еді.
Екіншіден, мемлекеттік ауылшаруашылық құрылымдары жекешелендіріліп, жекеменшік ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер пайда болды, ал бүгінгі бірігу бұрынғы мемлекеттік шаруашылықтарды қайта жасақтау емес, дамыған елдерде тиімділігін дәлелдеген жекеменшік құрылымдар негізінде ұжымдық шаруашылықтарды қалыптастыру болып табылады.
Үшіншіден, кооперация монополистер, делдалдар жағынан және сырттан келетін өнімдер есебінен орын алатын келеңсіздіктермен күресуге мүмкіндік береді және ғылыми-техникалық прогрестің негізінде ірі өндірістік көлем қамтамасыз етіледі.
Демек, ауылды елді мекендер, аудандар, өңірлер деңгейлерінде түрлі формалардағы бірлестіктер құру және тиісті жағдайлар жасау ауылдық аймақтардың тұрақты дамуының және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі бола алады.
Сонымен қатар, ауылшаруашылық кооперативтерін ұйымдастыру өнім өндірушілердің дәстүрлі, ішкі жағдайында тиімділігі төмен қызмет түрлерін кооператив негізінде мамандандырылған орындаушыларға беру арқылы қызметтер сапасына кепілдік береді, шаруашылық шығындарын азайтуға, дұрыс емес шешімдер орын алғанда жауапкершілікті бөлісуге, жариялылық жағдайда инвестициялық ынтаны арттыруға жағдай жасайды.
Әлемдік тәжірибеде ауылшаруашылық кооперациясының тік және көлбеу үлгілері кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, тік кооперация үлгісінде кооперативке енген ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің жеріне, өндіріс құралдарына, мал-мүліктеріне меншіктік құқығы толығымен сақталады, яғни кооперативке белгілі бір шаруашылық бағытындағы шараларды бірлесіп атқару үшін қосылады, мысалы, өнімдерін өткізу, материалдық-техникалық жабдықтау, мал азығын өндіру, егістік өнімділіктерін арттыру. Көлбеу кооперация үлгісінде кооператив мүшелер иеліктеріндегі барлық мал-мүлік, жерлері кооператив иелілігіне өтіп жоғарыда аталған қызметтермен қоса өнім өндіруде де бірлесіп қызметтер атқарады. Бұл екі үлгінің қайсының тиімді екені жергілікті жерлердегі жағдайларға байланысты анықталады.
Сөз соңында айтарым, жоғарыда аталған жауапты да маңызды іс-шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында бұл бағытта біршама жұмыстар атқарып жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «ҚазАгро» холдингі және жергілікті атқарушы органдарға осы мәселе бойынша бірлесіп қызметтер атқаруға тура келеді.
Кәкімжан САРХАНОВ,
Қазақ ауыл шаруашылығы кешені экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту
ғылыми-зерттеу институты Астана филиалының директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы
Астана