Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Парламент қабылдаған заңның Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өтінішін өндіріске қабылдаған Конституциялық Кеңес кеше өзіндік ұйғарым жасады.
Үстіміздегі жылы Парламент палаталары өзінің бірлескен отырысында республика халқының пікірін қолдап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту мерзімін көздейтін Конституцияға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын талқылап, қабылдады. Ол Заң Президент қарауына жіберілді. Ал Президент оның Ата Заңға сәйкестігін тексеруді Конституциялық Кеңеске жүктеді.
Конституциялық Кеңес өз кезегінде жинақталған заңды құжаттарды саралай келе Парламент қабылдап, Президенттің қол қоюына ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Заңын ел Конституциясына сәйкес емес деп тапты. Сөйтіп енді ол заңға қол қойылмайды және ол қолданысқа енгізілмейді және шағымдануға жатпайтын болды. Осыған орай аталған нормативтік қаулының мән-жәйін Конституциялық Кеңес Төрағасы И.Рогов қысқаша түсіндіріп берді.
Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, Конституция республикалық референдумды халықтың өз билігін тікелей жүзеге асыруының нысаны және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін шешудің демократиялық әдісі деп айқындайды, демек, Тұңғыш Президенттің – Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту да осындай мәселе болуы мүмкін. Парламент өзінің конституциялық өкілеттігі негізінде Мемлекет басшысының президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту жөнінде халықтың ерік білдіруін қамтамасыз етуге құқықтық негіз жасауға тиіс болатын Заңды қабылдады.
Алайда, Заңды зерделеу барысында Конституциялық Кеңес бұл Заңның Президенттің өкілеттігін ұзартуды көздейтін нормасы заңдық тұрғыдан дәл жазылмағанын анықтады. Заңның 1-тармағынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының президенттік өкілеттігі қай мерзімге ұзартылатыны байқалмайды, мұндай ұзартудың бір жолғы әлде қайталанатын сипатта болатыны, не болмаса Мемлекет басшысын сайлаудан толығымен бас тарту көзделетіні анық емес.
Осы конституциялық норманың анық жазылмауы Конституцияда көзделген мемлекеттік және қоғамдық институттардың тәжірибе жүзінде үйлеспеушілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, ел Президентінің Парламент қабылдаған заңның конституциялығына күмән келтіруі әбден негізді болып шықты деп атап өтуге болады. Конституциялық Кеңес бұл заңды Конституцияға сәйкес емес деп тапты.
Александр ТАСБОЛАТОВ.