• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2016

Жол

389 рет
көрсетілді

десе, семейліктердің жонарқасы шымырлайды «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» демекші, семейліктердің де қала жолдарының ахуалына келгенде күмілжіп қалатыны бар. Әрине, бұл – бір күн немесе бір жылда жинақталған жағдай емес, 20 жылдан бері үсті-үстіне қордаланып келе жатқан түйткіл. Содан да болар, соңғы жылдары Семейдегі жолдың жағдайы жұрттың жанды жеріне айналып, ащы дауыстарға арқау бола түсуде. Мәселенің көбі қаржының аздығы мен қолдың қысқалығынан туындаған болатын. Себебі, Семей қалалық мәртебеге ауысқан 1997 жылдардағы 3,5-4 миллиард тең­гелік жергілікті бюджеті 2015 жыл­дары ғана 13,5 млрд. теңге шамасына шықты. Ал, бұл бюджеттен қаланың ажарын арттыруға бөлінетін үлес 340 мың тұрғыны бар мекен үшін мүлде мардымсыз екені былайда белгілі болар. Бюджет мардымсыз болған соң одан жолдың мәселесін шешуге қа­растыратын қаражат қайдан манди қойсын. Аталған бюджет­тің әлеуметтік сала мен өзге де ба­ғыттарға тиесілі бөліктерін алып тастағанда қала жолдарын сақтау мен жөндеу жұмыстарына қалатын қаражат алғашында 100-150 млн. теңге болса, 2010 жылдары ғана біртіндеп молая бас­тады. Бұл қала бюджетінің 8 мил­лиардқа енді жақындаған шағы болатын. Осы жылдарда қаланың орталық көшелері кеңейтіліп, орта жөндеуден өте бастады. Қала бюджеті 2012-2014 жылдары 13 миллиардқа жақындап, жолға бө­лінетін ақша алғаш рет 1 млрд. теңгеден асты. Соның арқасында орталық автовокзал мен базарларға баратын асфальты мүлде жойылып кеткен жолдар жер астындағы құбырларымен қоса толықтай жа­ңарды. Сонымен бірге, кейбір жол­дарға қайта жаңғырту жүргізу мен шағын аудандар жолдарын жөндеу де бірінші рет қолға алынды. Алайда, осы уақытқа дейін қор­даланып қалған инфра­құрылым мен абаттандыру мәселелерін қыс­­қа мерзімде еңсеру бәрібір мүмкін болмады. Өйткені, әр мәсе­ленің өзіне тән түйткілдері бой көтеріп, қомақты күшке келіп тіреліп отырды. Қаланың ішкі көшелерін байланыстыратын 756 шақырым жолдың қай тұсы болсын толыққанды жөндеуді немесе жеткілікті жаңартуды қажет етті. Орталық пен шағын аудандарды жалғастыратын асфальт жолдардың басым көпшілігі кем дегенде 30 жыл бойы жөндеу көрмей келген. Оның үстіне жаңағы қалаішілік 756 шақырымның 442 шақырымы әу бастан ештеңе төселмей қалған қара жолдар болса, 23 шақырымы қиыршықтас төгілген жолдар. Сонда қалған 291 шақырымының ғана асфальт-бетон төсемі бар болып тұр. Жыл сайын жамап-жасқап келе жатқан жолдарымыз да осы 291 шақырымның аумағында. Жыл­­дағы бөлінетін қаражат қау­қары 20 шақырымға жетпейтін аумақты ғана қамтитынын ескерсек, барлық жолдың қай уақытта заманауи тасжолға айналатыны мүлде белгісіз. Ал, жол жөндеу мәселесі қазіргі күйінде қала берсе, семейліктер үшін тәуір жолмен жүру арман күйінде қала бермек. Мәселен, жол жұмыстарына қа­ла бюджетінен биылғы бөлінген қаражат 256 млн. теңге ғана. Ал­дағы уақытта толықтыру болуы мүмкін делік. Соның өзінде де бұл тек ағымдағы жөндеу жұ­мыстарына тиесілі күйінде қала беретін сыңайлы. Яғни, жол­дың бүлінген жерлерін жамай тұру немесе ілекерлеп ұстау. Ол «жамаулардың» шыдамдылығы бір маусымға жетер-жетпес бол­ғандықтан, биыл бүтіндеген жолың келесі жылы екі есе талқаны шығып жатуы әбден ықтимал. Әрине, ол үшін «ешкім кінәлі емес»! Өйткені, ағымдағы жөндеудің кепілдік мерзімі де бір маусымдық. Содан келіп, жолдың бүлінген тұс­тарының ауқымы жыл сайын ұлғайғанның үстіне ұлғая түсуде. Негізі жол жөндеу жұмыстары 3 сатыдан тұрады: ағымдағы жөн­деу, орташа жөндеу және қайта жаң­ғырту. Ағымдағы жөндеудің кепілдік мерзім – бір маусымдық екенін айттық. Орташа жөндеудің кепілдік мерзімі – 3,5 жыл. Жөн­деу­дің бұл түрі жол бетіндегі ескі асфальтты түгелдей қырып тас­тап, жаңасын төсеуден тұрады. Ал қайта жаңғырту мәселесі, аты айтып тұрғандай, жолдың бетін ғана емес, астыңғы төсенішін қоса жаңалау. Кепілдік мерзімі – 5 жыл. Оны айтып отырғандағы себебіміз, қала жолдарын жаңалау мен жаң­ғыртуға жергілікті бюджет шамасы жетпейтіндігіне назар аудару. Шамасының жеткен жерін айта кетсек, 2012 жылдан бері қайта жаң­ғыртылған жолдың жиынтығы 1,2 шақырым болса, орташа жөн­деуден өткен жолдардың жалпы ұзын­дығы 46,921 шақырымды құ­­райды екен. Екеуін қосқанда сапалы жолымыздың көлемі 50 ша­­қы­­рымға толмайды. Аз ба, көп пе, ол жағын әркім өзі мөлшерлей жатар... Осыдан шығатын қорытынды, қаржы жетіспеушілігіне сүйеніп, тек ағымдағы жөндеумен шек­телетін болсақ, енді бір-екі жылдан соң қала жолдары кілең ке­дір-бұдырға айналады. Бұл бүкіл қала тұрғындарының қа­бырғасына батып келе жатқан мәселе. Сондықтан, семейлік жұрт­­тың ендігі үміті Үкімет кө­мегінен дәмету. Олай болатыны, сонау жылдардың жырына өзек болған қаланың жылу мәселесі Үкіметтің тікелей араласып, республикалық бюджеттен 37 миллиард теңге (2007 жылдары) бөлуінен кейін барып оң қадам басқан. Нәтижесінде сол жағалауда жылу орталығы салынып, бірқатар қазандықтар терможаңғыртудан өтті. Былтырдан бері «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында жерасты жылу және ыстық су желілері жаңартылып жатыр. Осы жағдайды сол сәтте Үкімет ті­келей өз бақылауына алмағанда соншама тереңдеп кеткен түйткілді тарқатуға жалғыз қаланың немесе облыстың шамасы жетпеген болар еді. Сол секілді, қаланың қордала­нып қалған жол мәселесі де Үкі­мет көмегінсіз оң шешім тап­пай­тындығы байқала түсуде. Жергілікті бюджеттің мөлшері белгілі, ол жолдарды жаңартпақ түгілі, бар жолды сақтап тұруға жетер-жетпес. Айналып келгенде айтпағымыз, Семей жолдарын республикалық бюджет есебінен бірқабат жаппай жөндеуден өткізу жолдарын қарастыру қа­жет­тігі. Қаланың стратегиялық маңызы мен рухани ерекшелігі баршаға мәлім. Халықаралық, республикалық іс-шаралардың да жыл сайын бірнешеуі өткізілуде. «Даңқты Се­мей» көшелерін көргенде алыс-жақыннан келетін қонақтар мен турис­тердің көңілдері пәс болып жататынын несіне жасырайық. Бұл жерде осы жағдайға бә­лен тарап кінәлі десек, ол да ақи­­қатқа жанаспас. Өйткені, даму үрдісінің бірнеше кезеңін өт­керген мемлекетіміздің бір бөл­шегі ретінде Семей қаласы да әлеу­меттік-экономикалық түрлі реформаларды бастан кешірді. Жергілікті халық барлық сәтте төзімділік танытып, алға қойған мақсаттардың орындалуына бел­сенділік танытты. Ежелгі Жібек жолының желісіне жататын Семей бүгінгі таңда да шағын және орта кәсіптің дамуына, логистиканы өрістетуге қолайлы мекен болып тұр. Ірі өндіріс орындары, ауыр өнеркәсібі болмаса да 340 мыңнан астам адам осы қаладан несібелерін тұрақты тауып келеді. Аймақтарды ірілендіру кезінде тұрғындар саны 260 мыңға дейін төмендегенімен, 2010 жылдарға қарай 340 мыңға қайта жетті. Яғни, Семейдің қалалық дәрежеде қалып қоюы халықтың өз еркімен келіп қоныстануына кедергі емес екен. Тұрғындар саны, коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым аумағы жағынан кез келген облыс орталығымен деңгейлес, кей жағдайда басым да болып келеді. Демек, осыншама аумақтың сан-алуан мәселесін бір ғана жергілікті бюджет шеше алмайтындығы тағы да айқындала түспек. Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бүгінгі таңда белгілі бір деңгейді артқа тас­тап, өрісін кеңейте түсуде. Қала мен қалалықтардың қандай да бір жаңа белеске, тың табысқа қол жеткізіп жатуы – ол, әрине, мемлекеттік бағдарламалар­дың игілігі! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұлылар мекені, руханият бесігі Семейге ұдайы көңіл бөліп келе жатқандығының жемісі. Кезінде ауылшаруашылық өнімі өндірісімен дүрілдеп тұрған Семейдің негізгі кәсіпорындары 1990-шы жылдар ортасындағы реформа кезінде өздігінен тоқтап, жарты қала жұмыссыз қалды. Сол кездегі экономикалық және өзге де себептер Семейді облыстық дә­режеден қалалық деңгейге түсірді. Елбасының «Алдымен – экономика, содан соң – саясат» идеясына жүгінген жерлестеріміз білекті сыбанып тастап, бизнесті дамытуға бет бұрды. Бірі ілгері, бірі кейін кәсіпкерліктің қыр-сырына қа­нықты. Іскер азамат­тар Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бағыт-бағдарын ұстанып, қаланың тұралап қалған кәсіпорындары мен өндіріс желі­лерін қайта жаңғыртты. Бірқатары жаңа өндіріс орындарын ашып, тың­нан жол салды. Оның бәрін сипаттау жеке әңгіме. Бәрін бір сөзге сыйдырсақ, Семей қаласы шағын және орта кәсіпті дамыту бойынша республиканың алдыңғы легіне енді. Бизнес жолын үдету жөнінде Семей Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларын өкшелеп келеді. Экономикалық өлшемге сүйенсек қала бюджетінің 40-45 пайызы осы шағын және орта кәсіп саласынан құралып отыр. Бұл дегеніңіз, семейліктердің «Ша­ғын және орта бизнестен түсетін мемлекеттік кірісті 50-60 пайызға жеткізу керек» деген мемлекет ұстанымына іс-әрекетпен жауап беруімен бірдей болса керек. Алайда, Ертісті енжайлаған елдің еңсесін көтертпей тұрған бір мәселе бар. Ол – жоғарыда сөз еткен қала жолдарының жағдайы. Осы жол дегенде семейліктердің жонарқасы шымырлайды. Оның үстіне, жиі айтылатын әлемдік қаржы дағдарысының салдары ма, болмаса басқа себебі бар ма, жол жұмысына бөлінер қаражат соңғы жылдары тіптен төмендеп кетті. Биылғы жылғы жол жұмыстарын қала және облыстық бюджетті қосқанда қарастырылған бастапқы қаржының барлық көлемі 453 млн. теңге болса, былтырғы жылға 381 млн. теңге ғана. Оның 219 млн. теңгесі облыстық бюджеттен бө­лініпті. Инфрақұрылым ішінде өзіндік құны ең қымбат тұратыны жол жөндеу жұмыстары екенін ескерсек, мұндай қаражатпен қала жол­дарының сапасы әсте көтеріле қоймас. 15 жыл бұрын жапон технологиясымен салынған Ертіс өзені үстіндегі аспалы көпірдің де асфальттары соңғы жылдары ыдырай бастады. Былтырдан бері бұл стратегиялық нысанның күтімі облыстық жол мекемесіне беріліп, жағдайы оңала бастағандай. Бір ғана Семейде жалпы автокөлік саны 120 мыңға тақағанын ойласақ, бар жолдардың ұзаққа шыдас бермеуіне ол да бір себеп. Оған қалаға сырттан кіріп-шығатын техникалар санын қосыңыз. Ауыр жүк көліктерінің аспалы көпірден басқа өтетін жері жоқ екені тағы бар. Айналып келгенде айтпағы­мыз, Семейдің әлеуметтік-эко­номикалық әлеуетінің, мемлекеттік кіріс мүмкіндігінің осылай орны­ғуы – уақыт қалыптастырған жағ­дайлар. Десек те, осы мәселе орталық биліктің көмегімен оң шешілер деген үміт бар.  Қайрат САБЫРБАЕВ, журналист Шығыс Қазақстан облысы