...Редакциядан тапсырма түсті. «Жақсы газет кейде ойыңды дөп басып отырады-ау!» – деп разы болып қалдым. Өзім де осы теледидар терезесі арқылы әлдебір толғандырған тақырыптарды қаузағым келіп жүрген. Соған түрткі болды.
Не туралы жазам деп көп ойланбадым. Себебі, көңілдің өз қалауы бәрін күнілгері айқындап қойғандай-тын. Таңдауым белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіттің «Дара жол» бағдарламасына түсті.
Ұмытпасам, «Қазақстан» телеарнасының бұл хабарына бауыр басуым әнші, ақын, сазгер Елена Әбдіхалықованың дара жолына арналған көрсетілімнен бастау алған тәрізді. Әбіштей абыздың ризашылығына бөленген осынау бірегей талант иесінің тағдыр, талайы, шығармашылықтың азапты көрігі, рухани толысқан өмірі, Арал толқынындай тербелген тынымсыз көңілі тәнті еткен. «Есіңе мені алғайсың» әнін Мәдинаға сыйлауы таланттың талантқа тамсана үн қатқанындай еді! Мұқағалидан ауысқан мұң Еленаның еміренгіш, нәзік жүрегін сыздатып, мұңнан қуаныш жасап бергендей болды. Әттең-ай, Мәдинаны неге жоғалтып алдық десек те, оның әнімен, үнімен қоштаспағанымыз – қазаққа тартқан тағдыр сыйы! Хабардың «Р.S.» түйінінде Дана тапқыр қойылған сауалдарына Еленадан тұшымды жауап алып жатты. Нағыз шарықтау шегі осы! «Жалғыздық мүмкін бағым да шығар...» деген сыңайда Елена мейірімді көзін өткір сүзіп отыр. Жалғыздыққа қаһарланып, жалпының бақыты үшін, әлемнің алаңсыз бейбіт өмірмен, махаббатпен әлдиленуі үшін осы күйін, тіршілігін ешқашан мансұқ еткісі келмейтіні жанарынан оттай шашылып тұр еді... Шығармашылық құдіреті осы болса керек! Жарайсың, Елена! Әбіш ағаңның бір айтқаны бар еді: «Бақыт – қолыңның қимылында, көңілдің пиғылында!» – деп. Көңілің өссін, таза пиғылды, жақсы ниетті ұлт аруы! Демек, сен – Бақыттысың! Хабардың өн бойында бақыт лебі есіп тұруында да сондай шаттық сыры салтанат құрғаны анық. Осылайша көрермендеріңді де бақытты ете алдың. Ойландырдың! Дананың да көздегені осы мұрат емес пе!
«Дара жолдың» кейінгі бір хабарында әнші, сазгер Әбиірбек Тінәлиев: «Жалғыздықсыз ешнәрсе жазылмайды»,– дей келіп, өзінің «Қос жалғыздық» атты хикаяты бар екенін сыналап өтті. Оның да сан қырлы бейнесін Дана жарқырата ашып берді. Өзінің қынулы, қымбат, сара түсінік сөздерімен қоса, студия қонақтарын ортақ әңгімеге тарта білуімен-ақ хабарының ұтқырлығын ұштай түсетіні сезіледі. Не хабарының сөзі, не шеберлігі шыңдалған Дананың өзі тартып тұрмаса, көрермен ілтипатына бөлене алмас еді ғой. Яғни, жүргізуші «дирижерлік» қабілетін әбден ширатқан екен. Көрерменнің көзін ғана емес, жан дүниесінің ләззат-пернесін дөп басуымен де ерекшеленеді.
Дананың кезекті қонақтарының бірі аламан айтыстың ақтангері Надежда Лушникова болды. Ана тіліміздің нағыз насихатшысы. Қазақ үшін қазақтан бетер намысшыл. Сөзі майда, жүрегі нұрлы. «Иі қанбаған қамырды етке салма!» – деп еді батыр Бауыржан атам. Қандай тағылым! Аманатқа адалдығы екен ғой, абыройы асқақтап жүргені. Түйін сауалында Дана: «Өмірде нені қимайсыз?» – деп қолқалады. Надежда: «Шыққан күнді, батқан күнді қимаймын!» – дегенде, өмірдің бір сәттік сәуле екендігіне анық көз жетті.
Аманкелді Айталы! Ресейде туып, атақонысының алтын айдарлы ұлы атанған ересен тұлға! Терең ойлы философ ғалым. Ақтөбеден арнайы атбасын бұрған. Өзіне арналған қолпаш өлеңге баладай қысылып, тіпті шамданыңқырап қалды. Имандылығы, кішіпейілдігі көзге ұрады. Қоғамдағы жемқорлық дертінің асқынғандығына тойтарыс бере ағындап: «Бай адам таза болмайды, таза адамның бай болуы екіталай», – деп қойып қалды. Әлде дұрыс, әлде бұрыс...Отыз екі тістен шығып кетті... Айыз қанды!
Осы Әбекең, қасындағы зайыбын нұсқап бірер сөз айтқанда, тіпті, теледидар экраны да күңіреніп кеткендей болды. Дананың да жанары дымқылданды... Көрермендерге не жорық? Былай бопты. Алғашқы жары дерттен қайтыс болып, аза тұтып жүргенде осы кісімен сөз байласады. Балаларының туған анасындай жарасып кетіпті. Бір күні кішкене қорапшаға қара топырақ салып, гүл өскінін егіп жатқанда, мұның сырын сұрайды ғой. Әбекеңнің жарының құлпытасы етегін алқызыл гүлдермен көмкермек екен... «Мен сол сәт, бұл кісіні бұрынғыдан бетер ардақтай түстім!» – деді атпал азамат басын ие егіліп. Арғы жағын айтуға сөз жетпейді.
Он тоғыз жасында Ауған соғысының қияметін кешкен, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Дара жолдың» кейіпкерлігіне бекер таңдалмағаны анық. Еңбегі, ерлігі, халыққа қалаулылығы, ақындығы, ұлтжандылығы – бәрі-бәрі қай талапқа да сайма-сай. Ол бірнеше рухты кітаптардың авторы, ол туралы «Мен көрген соғыс» деректі фильмі түсірілген. Әскерилердің «Армысың, айбынды сарбаздар!» – деп бір үлгіде жаңаша сәлемдесуін Елбасына бекіттіріп алған тілі мен ділі берік жан. Әне, Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырылған хабарда қақ жарылып сап түзеген жауынгерлердің ортасында Дана да әлгіндей тәртіппен сәлемдесіп, қолын күнқағарына қойып, нық адымдап барады. Жас көрермендердің әскерге алынбаққа деген делебесі қоза түскендей. «Дара жол» нағыз тәрбие құралына айналып кетіпті.
Қазақстанның халық әртісі Н.Мышбаева мен ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері А.Миразованың дара жолдары да тағылымды әрі қызғылықты өрілді. Бақытты алтын немесе қазына іздегендей іздемейді екен. Оны бір басында қажыр-қайрат, білім, іске деген сүйіспеншілігі жетіп-артылатындар ғана жасап алады екен. Осы екі тұлғаның бойынан сондай өршіл мінез кесектеліп көрінді.
Талантты тележүргізушінің ізденімпаздығы, қолтаңбасы сүйсінтеді. «Дара жол» нақты тақырыптық хабарларға да ауыса бастағандай. Мысалы, өмірден өтіп кеткен «Тамашаның» тарландарына» арналған көрсетілім бүгінде әзіл-оспақты сәл-пәл арзандатып алғандарға үлкен сабақ болары хақ.
Бүгін «Дара жолға» кеңінен тоқталғанымызбен, қазақ телеарналарының басқа да авторлық мазмұнды бағдарламалары жеткілікті. Көрермендердің көзайымы болып үлгерген «Айтуға оңай...» (Б.Құранбек), «Сіз не дейсіз?» (М.Садық), «Серпіліс» (М.Әбенов), «Сырласау» (Ә.Сейфолла), «Отбасы» (Ж.Айжанова), «Әйел бақыты» (Л.Сұлтанқызы), т.б. тағылымды тележобалар жұртшылық ықыласына бөленуде. Әрине, кемшіліксіз ешнәрсе болмайды. Ол жағын санамалап жатпадық. Біздің мақсат – осы хабарлардың жалпы қажеттілігіне көз жеткізе түсу еді.
«Рейтинг, әдетте, танымалдықтан кейін жүреді. Әуелі көптің аузына ілінесің, содан кейін ғана көрермендеріңнің қатары арта бастайды», – деп телебілгір Арманжан Байтасовтың айтқанына қосып-алу қиын-ақ. Жоғарыда тізімдеген авторлардың бәрі де сондай талғамға сай тарпаң телетұлғалар екендігінде дау жоқ!
Қайсар ӘЛІМ
АСТАНА