Бықсып, тұтана алмай жатқан шоққа қау шөпті тастасаң, лап ете қалады. Жер кодексіне байланысты реформаларға халықтың құлағы түрік. Осыны пайдаланған біреу WhatsApp арқылы Шымкент қаласында үй салуға 10 сотықтан жер беріліп жатқандығы туралы қауесет таратып жіберген.
Шымкентте 2008 жылдан бері жер телімін беру тоқтатылған. Себебі, жарық, суы жоқ құла дүзден жер телімін алған азаматтар жағдайларының нашарлығын айтып, қала әкімдігінің алдында талай рет ереуіл жасаған. Сондықтан, қала әкімдігі инфрақұрылым жүйесі толық тартылмай, жер беруді мүлде доғарған еді.
Әлгіндей қауесеттен кейін жер сұрап әкімдіктің алдын торуылдаған азаматтардан екі күннің ішінде 3 мыңға тарта өтініш түсті. «Осы кезге дейін азаматтардан жер телімін беру туралы 65 мың 500 өтініш түсіп, кезек жасалған. Бірақ 2008 жылдан бастап жер телімін беру тоқтатылды. Себебі, жер телімін беретін аймақтарда инфрақұрылым жоқ. Біз ондай жерді бере алмаймыз. Ал мына өтініш тапсырған адамдар 65 мың 500 адамнан кейін кезекке тұрады. Жер кезекпен ғана беріледі», – дейді Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауов.
Әкімдік ғимараты алдына жиналған азаматтардың отызшақтысын қабылдаған қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов қала аумағы кеңейтілгеннен бері ауыл шаруашылығына тиісті 60 мың гектар жер қосылғандығын айтты. Ал қаланың ескі аумағында бос жатқан жер жоқ. Бар болса да жеке қолда сатылымға шығады. Бағасы, әрине, удай қымбат.
Оңтүстік Қазақстан облысында адам ресурсы көп. Соған орай түйткілді мәселелер де жеткілікті. Соның бірегейі – баспаналы болу. Оңтүстік жұртының тағы бір артықшылығы – жер берсең, Үкіметке артық салмақ салмайды. Айналдырған бірер жылда келісті үй салып, кіріп алады. Барды қанағат етеді, артықты сұрамайды.
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді қазақ. Дабырамен келген азаматтардың өтінішін қосқанда, Шымкентте жер кезегінде тұрғандардың саны 70 мыңға жуықтады. Жетпіс мың адам – жетпіс мың отбасы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы