Қыдыр дарып, ырыс қонған қасиетті Байзақ ауданының топырағы, қыр-сайы, тау-тасы тарихқа тұнып тұр. Өңірде Кіші Бурыл тауының тасына Қобыланды батырдың жүйрігі Тайбурылдың тұяғы тигендігі және ғаламның жеті кереметіне тең келетін Ақыртастың құпиясы әлемді таңдандырып келеді. Содан болар Байзақ датқаның есімін иеленген бұл ауданда бүгінгі күні халыққа қызмет көрсететін, демалатын нысандар көптеп бой көтеріп, кәсіп игергендер саны артуда. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, отыздан аса ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өңір халқы ел бірлігі мен татулығын нығайта отырып, егемен еліміздің мәртебесін биіктету жолында аянбай тер төгіп, еңбек етіп келеді.
Қазір ауданда 5420 субъекті тіркелген, олардың 3464-і (немесе 64 пайызы) жұмыс істейді. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шағын кәсіпкерлік заңды тұлғалар бойынша тіркелгені – 442, оның жұмыс істейтіні – 428. 2684 шаруа қожалығы бар. Жеке кәсіпкерліктің тіркелгені – 2294. Бұл салада барлығы 7828 адам еңбек етеді. Яғни, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10,0 пайызға өскен.
Соңғы төрт айда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнімі 21098813,0 мың теңгені құрап, бюджетке жалпы 163210 мың теңге түсті. Ал бөлшек сауда айналымының көлемі 586,8 млн. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 92,9 пайызға ұлғайып отыр. Көтерме сауда айналымының көлемі 623,2 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 126,3 пайызға көбейді.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау аудан көлемінде «Байзақ», «Азия», «Арнұр», «Алатау» шағын несие серіктестігі, сонымен қатар Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы 4 айлық есепті кезеңге аудан бойынша кәсіпкерлерге 85 080 мың теңге 550 адамға несие берілді.
Бүгінгі таңға жалпы сомасы – 85,0 млн. теңге құрайтын 3 жоба дайындалып іске асырылды. Нақтырақ айтсақ, «Күнсанай» ЖК халық тұтыну тауарларын сатып алу үшін кепілдеме бойынша Халық банкінен 42,8 млн. теңге, «Аском» шаруа қожалығы негізгі құралдарды толықтыру үшін пайыздық ставканы субсидиялау бойынша Халық банкінен 4,2 млн. теңге, «Күлзипа» ЖК мал сатып алу, цех құрылысы, айналмалы қорды толықтыру үшін пайыздық ставканы субсидиялау бойынша «БанкЦентрКредиттен» 38,0 млн. теңге несие алды.
Ал, өткен жылы дайындалып, мақұлданған жалпы құны 416,8 млн. теңгені құрайтын 5 жоба биыл іске асырылады деп жоспарлануда. Яғни, «Лесняк» ЖК қазандық құрылысы үшін кепілдеме бойынша «Сбербанктен» 25,1 млн. теңге, «Серік» шаруа қожалығы электр желісі мен газ тарту үшін инфрақұрылымды дамыту бойынша 5,3 млн. теңге, «Талап» ШҚ инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 312,6 млн. теңге, «Асыл-Мұра қызмет» ЖШС электр желісін тарту үшін инфрақұрылымды дамыту бойынша 13,9 млн. теңге, «Есенбаев» ЖК айналмалы қорды толықтыру үшін пайыздық ставканы субсидиялау бойынша «АТФбанктен» 59,9 млн. теңге несие мақұлданып, күтілуде. Бұдан бөлек 2016 жылға жобалары дайындалып, үйлестіру кеңестеріне жолданған 25 млн. теңгені құрайтын 2 жоба ұсынылуда.
Елбасымыз Н.Назарбаев аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы аса маңызды екенін, сондай-ақ, барша қоғам ел игілігі үшін аянбай тер төгу қажеттігін, заманның беталысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет екендігін сәт сайын айтып отырады. Біздің ауданның қол жеткізген жетістіктерін саралап, даму жолының бағыттары туралы айтар болсам, ауыл шаруашылығы саласын айналып өту мүмкін емес. Бүгінде Байзақ ауданында ірі қара саны 35791 басты құрап, жылқы саны 9946 басты, түйе саны 812, қой 225,5 мың басты құрап отыр.
Ауданымызда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» және «Жайылымдарды суландыру» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Соның арқасында өңірде асыл тұқымды малдың үлесі артты. Ауданның ауылдық округтерінде өткізілген жиналыстарда шаруа қожалығы жетекшілеріне мал шаруашылығындағы осы бағдарламалар туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Ауданда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7 шаруа қожалығы жалпы сомасы 92,52 млн. теңге несие алу үшін құжаттарын дайындап өткізді. «Заңғар» шаруа қожалығы 2,550 млн. теңге несиеге 17 бас, «Сіргебай ата» шаруа қожалығы 20,0 млн. теңге несиеге 109 бас, «Амангелді» шаруа қожалығы 3,450 млн. теңге несиеге 21 бас, «Ай-Би» шаруа қожалығы 9,720 млн. теңге несиеге 60 бас ірі қара мал алды. Ал, «Мұнал» шаруа қожалығының 2,8 млн. теңге несиеге 14 бас ірі қара мал алуға құжаттары мақұлданды. Сондай-ақ, «Руслан» шаруа қожалығының 4,0 млн. теңге, «Жақып» шаруа қожалығының 50,0 млн. теңге несие алу үшін өткізген құжаттары қаралуда.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспар 470 бас болатын. Бүгінгі күнге 207 бас мал алынды, яғни, орындалуы 44 пайызды құрап отыр.
Сондай-ақ, «Құлан» бағдарламасы бойынша 6 шаруа қожалығы жалпы сомасы 26,37 млн. теңге несие алу үшін құжаттарын дайындап өткізді. Бұл бойынша «Еламан» шаруа қожалығы 5,2 млн. теңге несиеге 20 жылқы алса, «Жанкулиев» шаруа қожалығының 2,350 млн. теңге несиеге 9 жылқы алуға құжаттары мақұлданды. Қалған 4 шаруа қожалығының жалпы сомасы 18,82 млн. теңге несие алуға өткізген құжаттары қаралуда.
Ал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 10 шаруа қожалығы жалпы сомасы 45,057 млн. теңге несие алу үшін құжаттарын дайындап өткізді. «Ырыс» бағдарламасы бойынша «Асыл Мұра Қызмет» ЖШС 200 бас, «Кеңесхан» шаруа қожалығы 100 бас және жеке кәсіпкер Айбек Қалмұратов 100 сауын сиыр алу үшін құжаттарын дайындауда.
Міне, Байзақ ауданының жұртшылығы ел дамуында осындай белсенділік танытып, өз үлестерін қосуда. Халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған саясаттың арқасында, бүгінде, егеменді еліміз үшін әрбір жылдың толысу, кемелдену жылына айналғаны – өмір шындығы. Тәуелсіз Қазақстан халқы берекелі тіршілік кешуде, еліміздің дәулеті мен сәулеті артып, экономикалық дағдарыстарға қарамастан қарқынды өсіп-өркендеуде. Лайым, берекелі тірлігіміз өмірімізге мереке, шуақ сыйлай берсін.
Мұратхан ШҮКЕЕВ,
Байзақ ауданының әкімі
Жамбыл облысы