Елімізде жылына 30 мыңнан астам адам қатерлі дертке шалдығады
Елордадағы Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы – Қазақстандағы жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін төртінші деңгейдегі қуатты көпбейінді стационар. Іс жүзінде аталған орталықтың барлық негізгі клиникалық персоналы (200-ден астам адам) АҚШ, Жапония, Корея, Германия, Бельгия, Италия, Швейцария, Түркия және жақын шетелдердің ең ірі медициналық орталықтарынан тағылымдамадан өтті. 2013 жылдан бастап осындағы мамандардың тәлімгерлік етуімен 6 мамандық бойынша 30-дан астам резидент шығарылды.
Мұнда тәжірибесі мол, диагностика мен емдеудің әлем бойынша жетекші клиникаларында мақұлданған заманауи әдістерін меңгерген медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторлары, жоғары санаттағы дәрігерлер жұмыс істейді.
Батыс елдерінде Авиценна атымен белгілі ғалым, философ, астроном Ибн Сина медицина – саулықты сақтау, науқасты кеселден айықтыру үшін адам тәнін зерттейтін ғылым екендігін дәлелдеп: «Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ», деп айтқан екен. Әр нәрсенің жақсы-жаман екі ұшы бар деп түсінсек, соның үшіншісін, тек адамның жан жарасын жазып, жақсы мақсатта ел пайдасына асырып жүрген жанның бірі – осы Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы хирургия департаментінің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, жоғары санаттағы хирург-дәрігер Әділбек Мұқажанов.
Табаны күректей 23 жыл бойы тапжылмай қызмет етіп келе жатқан бас кейіпкеріміз бойындағы бар күш-жігерін осы салаға сарп еткен білгір де білікті маман. Ресей, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея, т.б. алпауыт елдерде бірнеше мәрте болып, әрдайым біліктілігін шыңдап, жетілдіріп отырады.
Таяуда осы бір азаматпен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Әңгіме нобайы – Қазақстандағы онкологияның бүгінгі жай-күйіне ойысты. Кезінде «жаман ауру», «емі жоқ кесел» деп астарлап айтып, шарасыздық танытатын қауіпті дертті емдеудің бұл күнде аз да болса көңілге сәуле сыйлар тұстары мен жолдарының Қазақстанда да пайда бола бастағанын естігенде, іштей жүрегің жылып қалады. Барға қанағат, жоққа сабыр етпеске лаж жоқ.
Иә, соңғы жылдары медицинаның дәрменсіздігін емес, оның пәрменділігін біртіндеп мойындай бастағандаймыз. Ол да болса, осындай тәжірибелі дәрігер мамандарымыздың төккен маңдай терінің арқасы болар.
Онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші басқа дамыған елдермен салыстырғанда жоғары және бұл дертті диагностикалауда біршама кемшіліктер бар екендігі жасырын емес. Бізде жылына 30 мыңнан астам адам атынан ат үркетін осы бір қатерлі дертке шалдығады екен. Соның жартысына жуығы ІІІ, ІV сатыда барып анықталатын көрінеді. Бұл кезде тым кеш әрі науқасты емдеу едәуір қиынға соғатынын қынжыла айтқан Ә.Мұқажанов басты міндет – онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайтып, қатерлі дертті бастапқы сатысында анықтауды жақсарту және аурудың алдын алу шараларын дамыту, дейді.
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жобасы бойынша скринингтік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Бұған мемлекеттен қаржы бөлінеді. Азаматтарға тегін диагностикадан өтіп, уақытында ем алуға мүмкіндік бар. Бізде диагностика нашарлау, қазір осы бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Онкологиялық аурудың ІV сатысындағы науқастарды емдеудің жаңа кешенді жол-тәсілдері де зерттелу үстінде. Оның бастапқы нәтижелері де жоқ емес», – дейді дәрігер маман.
Орталықта 2013 жылдан бері бауыр трансплантациясы бағдарламасы жүреді. Соның арқасында 2013 жылы 8 маусымда Қазақстанда тұнғыш рет профессор Тоқан Сұлтанәлиевтің бастауымен орталықтың мамандары бас миының өлгені айқындалған мәйіт донордан ортотопиялық бауыр трансплантациясын сәтті жасап шықты. Бұл операция бүкіл елге кадаврдан (бас миының өлгені айқындалған мәйіт) бауыр алмастыру операцияларын өткізуге түрткі болды.
Әділбек Қайырбекұлының айтуынша, бауырдың туыстық трансплантациясы бойынша шеберлік-сыныптарын өткізумен қатар, орталықта қызметкерлерді шетелдік клиникаларда оқыту жөнінде белсенді жұмыс атқарылуда екен. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Питтсбург қаласында UPMC клиникаларында 5 қызметкер (4 хирург, 1 уролог) 1,5 жылдық білім алыпты. Сонымен қоса, бауыр трансплантациясы және гепатобилиарлы хирургия бойынша Беларусь, Түркия, Германия, Жапония, Испания және Оңтүстік Корея клиникаларында білімдерін жетілдіріп келген.
Аталған клиникада бауыр, ұйқы безі және өт жолдарына үздіксіз оталар жасалуда. Мәселен, соңғы 3 жылда 100-ден аса өт жолдарының реконструктивті операциялары, 155 бауырдың қатерсіз және қатерлі ісіктеріне операция және 96 ұйқы безіне операция жасалып үлгеріліпті.
Бауыр және өт жолдары аурулары бар науқастарға медициналық көмекті әрі қарай дамыту және үйлестіру, бауыр трансплантациясына науқастарды таңдау және трансплантациядан кейінгі кезеңде науқастарды емдеу мақсатымен гепатологиялық орталық құрылды. Қазіргі кезде клиникада 15 төсекке арналған гепатобилиарлы хирургия және трансплантация бөлімшесі ашылған және терапия бөлімшесінде гепатология төсектері 10-ға дейін кеңейтілген, дейді Ә.Мұқажанов. Соңғы уақытта өткізілген шаралар (шеберлік-сыныптар, оқыту семинарлары, гепатология орталығын құру және т.б.) бауыр және өт жолдары аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетуді және бауыр трансплантациясында сандық және сапалық прогреске жетуге мүмкіндік туғызып отыр. 2013-2014 жылдары бауырдың 7 трансплантациясы, 2015 жыл мен 2016 жылдың 2 айында 11 бауыр алмастыру отасы жасалды. Оның 8-і туыстық трансплантация. 2013-2014 жылдары 2 өлім жағдайы тіркелсе, 2015 және 2016 жылдың алғашқы айларында өлім жағдайы тіркелмеген.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 13 маусымдағы қаулысына сәйкес 2009 жылы 24 қазанда Ұлттық медициналық холдингтің құрамында «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ құрылды. Ұлттық медициналық холдингтің 2014 жылғы 7 ақпандағы директорлар кеңесі шешімінің негізінде орталық «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ болып атауы өзгертілген еді.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»