Бірде, 54-ші жылғы мамырдың соңғы күндері болар, жаңа келген облыс басшысы (бұған дейін республиканы сегіз жыл басқарған) Ж.Шаяхметовтің тікелей тапсырмасы, партия активі жиналысының шешімімен ішкі істер саласын қазақ кадрларымен толықтыруға (облыстық басқармадағы 72 офицер арасында небәрі 7 қазақ бар екенбіз) аудандарға іссапармен суыт аттанатын болдық.
Үлесімізге тиген Шаян, Созақ, Арыс – үш ауданда іс тындырып қайтуға сапарлас серігім Назаров екеуміз жол бойындағы Шаянға келдік.
Осындағы үшкүндік жұмысымыздың екінші күні болар, ертеңгілікте аудандық бөлімнің бастығы Ерхожаев Бабахан аға маған көз қиығымен күлімдей қарап отырды да: «Кеше біздің жігіттер осында бұзақылық жасап ұсталған, Мәскеудегі оқу орнынан Байжансайда өндірістік практикада жүрген екі студентті алып келіпті. Біреуінің фамилиясы Тұрысов. Қасындағы серігі сіздің осында екеніңізді естіген болар, «бұл бала Шымкенттен келген Тұрысов Ерекеңнің туған інісі» депті. Соларды осында келтірейік, көріңізші», дегені.
Мен мынадай тосын жайға бір жағы толқып, екіншіден таңдана аңтарылып сұрағандағы істің жайы: Мәскеудегі түсті металлургия институтының соңғы курсынан осында, Байжансай кенішіне өндірістік практикаға келген өрімдей екі жас жігіт Сәрсенбаев Әбді-Әзім (осы ауданның Кеңестөбе ауылының баласы) мен оның серігі Тұрысов Қаратай алдағы демалыс күнінде Шымкентке қыдырып қайтқалы тау жолына шығып, жол үстіндегі «Қарабастау» бұлағы саясында кідіріп, қала мен кеніш арасында тауар жүгін тасып жүрген жүк машинасына қол көтеріпті. Тоқтаған шофер жол ақысын сұрайды. Бұлар студентпіз ғой деп жағдай айтады. Жанында сауда дүкенінің сатушысы, қызыл ерінді сұлу бикеші бар Богамазов дейтін шофер жігіт: «Тегін жолаушыны алмаймын», деп мәшинесін от алдырып, жөнеле береді. Екі жігіт мәшинеге қуа жармасып, мініп алады. Осыны көрген шофер мәшинесін тоқтатып, өзі қорабқа қарғып шығып бұларды күштеп түсірмек болады. Осы жерде алыс-керісте екі жақтан жұмылған жұдырықтар іске қосылады, жаға жыртылады. Ашу, ыза қысқан жарақатсыз, дені сау шофер мәшинесін зулата айдап, Шаян-Шымкент жолы айрығындағы Глинково селосына тоқтап, осында көше үсті, МТС мекемесінде кездесе кеткен ауданнан келген милиция өкілдеріне болған жайды хабарлап, табан асты актілеп, «екі жауапкерді» қарулы өкілдер қолына беріп, өз жөніне кете барады. Бар жағдай осы.
Қысқа әңгімеден соң біз отырған бастықтың бөлмесіне екі бозым жігіт келіп кірді. Қатарлай орындыққа жайғасты. Оның бірі маған бұрыннан көзтаныс, соғыстан соң бірер жыл Шаянда аудандық сотта хатшы болған Әбді-Әзім. Көз қиығында қуақы күлкі. Маған ұрлана жымиып қарайды. Қасындағы Қаратай атты серігі жазғы дала жолына бейім қарасұр кенеп шалбар, жол жейдесін жеңін түре киінген, мығым денелі, шағын тұлғалы қараторы балаң жігіт. Асау тарпаңның жалындай бұйра толқынды қою шашы өз бойына жарасып, ұясы кең, әлдеқалай мұң басқандай ойлы жанарын төмен салып, томсарып үнсіз отыр.
– Иә, оқуларың қалай, Қаратай? – дедім мен, оны ішке тарта үн қатып. Ол бәсең жүзін көтеріп қарады да, жайқоңыр, жайлы дауысымен:
– Оқып жүрміз, аға. Алдағы жылы бітіреміз, – деді.
– Е-е, солай де. Түсті металлургия маманы біздегі тау-кен өндірісіне ауадай қажет екені естеріңде шығар. Ұмытпаңдар осыны.
– Иә, солай, аға.
Осылай деп, Қаратай әлдеқалай намыс оты қысқан кінәлі жандай томсырған қалыңдау ернін қымти-жымырып, ойлы жүзін тағы да төмен салды.
– Жарайды, ендеше. Аман көргенше қайыр-сау болыңдар.
Дүниеде адам жанынан сезімтал, көңіл пердесінен жұқа нәрсе жоқ. Бұлармен қайырласу сәтінде ұшқыр ой талай күн, талай жылдарды шарлап кетті. Көз алдыма ағадан айырылған жыл соңында он алтыға жаңа толған жас жеткіншек шағында төтен келген іштегі дертке жасалған операция үстінде шетінеген жалғыз інім, Мекембегім елестеді. Аман жүргенде ол да институтта жүрер еді-ау, осылай...
– Иә, Бабахан аға, анау Қаратайды маған іні деп теліген екен жігіттер. Солай-ақ болсын. Жастар ғой, бұлар. Көңілдері кірлемесін. Аман жүрсе, бұлар да адам боп, азамат боп, мына кең дүниенің бір жерінен шығар.
Тәңірі жолын ашса, адам затына деген өмірдің өрісі шексіз. Арада жылдар өткенде қасиетті Қаратау, Тәңіртаудың аясында ұландар ұясынан алысқа қанат қаққан бала қыран, қиырдағы қазақ ауылының кішкене қара тайы топшысы бекіп, қабырғасы қатая азаматтық ұлы сапар жолының кең айдынынан көрінер деп кім ойлапты. Жаңа заманғы жаңалықтың жаршысы – саналуан ақпарат құралдары мемлекеттік басқару жүйесінде Қаратай Тұрысов атты көрнекті бір қайраткер азаматтың бар екенін, ол өзі жай бір қатардағы көптің бірі емес, аса парасатты ірі тұлға, жаңа кезеңдегі тәуелсіз қазақ елінің ғарыштап өрлеуінің басы-қасындағы ерен азаматтың бірі екенін жарыса көрсетіп жатты. Бұл өзге емес, соно-оу бір жастық дәуренде сапар жолда туған іні, жан бауыр боп жолыққан Қаратайдың өзі екенін көріп те, біліп те, іштей Тәңірге тәубе етіп сүйсініп те жүрдік.
Сонау алыста қалған жетпісінші жылдардың соңы болар, қара күз – қарашаның қалың ортасында кезекті демалыстың кезі – Кавказдың әйгілі «Нарзан» шипалы суында (Кисловодск) емделіп, қайтар мезгіл жеткенде осында бірге келіп, бір жүрген темір тегеурінді, аңқылдаған ағайын Төкең Назарбеков:
– Әй, писатель, анау Мәскеуде, кәсіподақ кеңесінің басында отырған ақ басты Қаратай сенің бауырың екені рас па? – деп күркіреді.
– Бірге тумаса да бір туғандай екені рас.
– Қалайша?
– О, ол ұзақ хикая, Төке.
– Ал сен осында екеніңді айтпадың ба, оған?
– He деп айтам. Қажеті не, әлденеге әурелеп.
– Оу, қызықсың сен. Мәскеу арқылы қайтқалы отырмыз. Хабарласу, сәлемдесу деген бар емес пе?
– Дұрыс қой, сол үшін дабыра қағу керек пе?
– Ендеше, тыңда. Қаратай менің де көптен сыйлас, жақсы көретін інім. Хабарласпай кеткеніміз тіптен жараспайды бізге.
Сөйткен Төкең үлкен есіктерді іркілмей ашып, шалқая басып, өмір додасының қалыңында жүретін ер көңілді Төкең сол күннің кешінде санаторий бастығының «тікелей» телефонымен Мәскеуде, Бүкілодақтық Кәсіподақтар Кеңесінің (ВЦСПС) бір басшысы болып отырған Қаратаймен хабарласыпты.
– Бар проблема шешілді, писатель. «Ленинград» қонақ үйінде люкс номер, Бүкілодақтық көрмеге жолдама, оның қаражат шығыны түгелдей профсоюз есебінен, – деп шалқыды Төкең.
Расында, Мәскеуде, Төкең айтқандай, Қаратайдың қамқорлығына кенелдік. Қонақжайдағы жайма төсек, жайлы орын, үш күнге созылған астананы аралау, көрме, тарихи мұражайлар мен Останкино, Кремльге саяхат... Қашан аттанып кеткенше әр күніміз бен түніміз бір тәңірі берген сыпайы қамқорлықтың аясында өтті. Бірақ қалың мемлекет ісіндегі Қаратаймен жүздесе алмадық.
«Сүтпен біткен сүйекпен бірге кетеді» дейтін халықтың сөзі әсте шын өмірдің өзінен туған өз қағидасы. Оны тезге салып өзгерте алмайсың. Ішің езіліп, қаншалық жақсы көрсең де, қайсыбіреулердей елбіреп, желбірей алмайтын құдайдың берген мінезі. Арада қаншама өмір кезеңі өтсе де «Қаратай-ау, қайдасың?» деп алдына іздеп бармаппын. Жата қап хаттар жазбаппын. Тек жол ортасы әлдеқашан ойысқан тоқсан төртінші жыл жазында Қаратайдың бала жастан бірге өскен досы Шерханмен бірге Сарыағаштың шипалы суында екенін естіп, сонда тарттым.
Бірақ сол күні қоналқаға Ташкент асып, дариядан арғы елге кеткен Қаратаймен кездесудің реті келмеді. Арнайы алып барған сәлем-сауқат қатарында «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан тарихи роман «Темірланның» бір томдығын кезекші медбикеге аманат етіп қалдырып, қайттық.
Сол аптаның соңында аудан әкімі, ізетшіл іні Амангелді Мәліков арқылы Қаратайдың хабары да жетті. Үйге көлігін жіберіп, алдына шақырып алған әкім іні: «О, Ер-аға, Қаратай ініңіз жора-жолдастары Мырзатай мен Мәрия, әйгілі өнер қайраткері Оразбаев Сәбитті, Света келініңізді бастап сізге, елге сәлем бергелі келе жатыр. Таудағы ұлы атамыздың мекен-жайына Қосмола, Теректі әулиеге бастап барып, бірер күнді бірге өткізетін болдық», – деп кең кеудесі биіктей түсіп, жарқырап отыр.
Сол күні айтқан хабармен ауданның белді азаматтары Талғат, Әбілдабектер бастаған таудағы ауыл жігіттері мезетті жер – жоғары Балабөгеннің саялы алма бауы, ақ теректер аясына сегіз қанатты ақбоз үйлерін қатар тігіп үлгерген екен. Келесі күннің үлкен сәскесі кезінде Қаратай бастаған іні, дос, келіндерді Нұрила апа (Домалақ ене) ғимаратына қараған Балабөген көпірі алаңында қарсы алдық. Жол басы – әулие ана, таудағы ұлы Бәйдібек, Қос ананың мекен жайында ұлылар рухына тағзым ету рәсімінен соң – ұзақ жылдар адасып табысқандай күй кешкен Қаратаймен қасиетті Қаратау қойнында, сылаңдай аққан сырлы бұлақ жағасы, алып бәйтеректер саясында бар өмірде естен кетпейтін жайсаң жаздың жақсы күндерін өткіздік.
– Ұлы бабаның тереңде қалған тарихын қайта тербетіп, ұлыққа ұлағат етер іс жасап жатқандарыңыз тіптен орынды болған. Біз алыста жүріп сырттай сүйсінеміз. Жаңа басталатын атаның ғимараты құрылысына қосқан аз ғана үлесіміз болсын, қабыл алыңыз, – деп, Қаратай қойын қалтасынан шығарып көгілдір конвертін ұсынды. Бұл күндерге дейін «көк қағаз» деп, ол кезде атын естігеніміз болмаса, қолға ұстап көрмеген Америка долларының «100» таңбалы алты қағазы екен. Ол кезде әжептәуір ақша
– Бәрекелді, ниет қабыл болсын. Бұл қосқан үлестерің жақында ортамызға келіп, ата аруағына арнап ел мінгізген қаракөк арғымағын байлап аттанған Асабай ағадан кейін екінші болып тіркелді. Ұлы бабаға арналған ұлағат ұмытылмайды, – деп азамат інілерге ізгі тілекті алғысымызды айттық.
Сол бір тоқсаныншы жылдардың орта тұсы тәуелсіздік таңымен бірге туған рухани өрлеудің естен кетпес шуақты бір кезеңі болды. Сол жылдары қазақтың біртуар ерен азамат ұлы Нұрсұлтан бабалар мен қасиетті аналар алдындағы перзенттік парызымен жарқырап екі дүркін ортамызға келді. Оның келуі ұлы дәуірдің шапағатын ұзақ жылдар күткен қалың елдің шаттық мерекесіне айналды. Осындай ұлағатты кездесу, қауышу, табысудың салтанатты жиындары қатар жатқан Жуалы, Таласта, Меркі мен Қордайда қазақ елінің азаттығы жолында жорық, жосынды өмір кешкен батыр бабалар – Рысбек пен Қойгелді, Саңырық пен Өтеген, Бөлтірік шешен мен Сыпатайдың мерейлі-мерекелі жиындарына ұласты.
Толассыз өмір ағынында тоқтам жоқ. Бірде шуақты күні жарқыраған көктемнің күніндей, енді бірде қара бұлты қаптаған қарашаның күзіндей сан құбылған дүние ойда-жоқта теледидар арқылы халықтың ұлы Қаратайдың маңдайалды перзенті Нұрланның өмір өрін өрлеген ғарышты шағында қапылыста қаза тапқан қаралы хабарын жеткізді. Ол кез емдеу орнында жатқандықтан азамат інім алдына біршама кешігіп жеттім.
Жүзі сынық, сабырлы-сабаз Қаратай нар мен ер көтерер тағдырдың зілмауыр жүгін сезбейтіндей бәз баяғы биязы, сыпайы қалпы:
– Қалайсыз, аға, ауыл-елдеріңіз аман ба, жеделхатыңызды алдық, рахмет, – дейді жайбарақат, сабырлы даусы бәсең тартып.
– Әне бір жылы өзің барып көрген ел бәрі-бәрі орнында ғой, Қаратай. Қыс ызғары кетер, алдымыз жаз, жақсы бір күні іні, дос, келіндерді қатарға алып елге келіп, ортамызда болсаң көңіл-күйіміз бір көтеріліп қалар еді-ау.
Ол ойлы жүзін төмен салып, көз жанары жасаурап үндемеді. Жай қозғалып, жұмыс үстелінің ішкі текшесінен қызылқоңыр мұқабалы қалың кітабын алып, ішкі беташар бетіне қолтаңбасын жазып: «Естелік болсын, аға», деп алдыма қойды.
Бұл кітап оның сан ғасырлар асуын асып, Тәуелсіздіктің таңына аман жеткен қазақ елін ғаламдық дамудың биігіне бастаған халықтың арманшыл азаматы Нұрсұлтанның оң қолы, ең жақын кеңесшісі ретіндегі зерделі зерттеулері мен ұшан-теңіз жоба-жоспарлардың жиыны. «Қырық жыл инемен құдық қазған» ғылым докторының ересен еңбегінің жиыны. Аты жөні: «Казахстан: Становление рыночной экономики» («Қазақстан: Нарықтық экономиканың қалыптасуы»). Астанада, «Елордада» алтындатқан әріптермен апталып басылған кітап, барша саналы өмірін туған ел, халқына берген азамат еңбегінің жиыны. Бұл біздің соңғы дидарласу-жүздесу сәті еді.
Мен оның шаршаулы, мұңды жанарына әлдеқалай қимастық сезімде қиялай, барлап қарадым. Ақыл мен парасат шуағына толы бәз баяғы тұңғиық-тұнық жанар... Оны қайта бір көруге жазбапты тәңір.
Еркінбек Тұрысов, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.