теміржол басшылары Еуразия жаңа көлік дәлізін дамыту болашағын талқылады
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин күні кеше Сочи қаласында «Стратегиялық серіктестік 1520» XI халықаралық теміржол бизнес форумына қатысты. Ол «Ағымдағы жағдайда жаңа мүмкіндіктерді қалай анықтауға болады?» деген тақырып бойынша форумдағы кезекті сессияда сөз сөйледі.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Еуразиялық көлік дәлізін дамыту болашағына байланысты өзінің көзқарасын таныстырды. Ол Еуразиялық құрлықаралық көлік дәлізін құрудағы Қазақстанның транзиттік әлеуетін атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстанда Еуразиялық логистикалық хабын құруға өте зор назар аударылып отырғандығын мәлім етті.
– Осы мақсатта «Нұрлы Жол» бағдарламасы қабылданып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жасалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай ел аумағы арқылы транзиттік тасымал көлемін екі есеге ұлғайту туралы тапсырма берді, – деп атап өтті А. Мамин.
Ол өз баяндамасында соңғы алты жыл ішінде Қазақстанда жалпы ұзындығы 1700 шақырым болатын жаңа теміржол желісі салынғандығын жиналғандарға жан-жақты баяндады.
– Біздің еліміз арқылы салынған логистикалық инфрақұрылым 1520 кеңістігі теміржол табанымен қызмет көрсететін Қытай, Еуропа, Иран және Парсы шығанағы елдеріне ықпалдасуды күшейтті. Бұл өз кезегінде баламалы теңіз жолынан бас тартып, 1520 кеңістігінде бәсекелестікті күшейтті, – деді «Қазақстан темір жолы» АҚ басшысы. – Қазақстанның өткізу мүмкіндігі арқылы Ақтау портын кеңейту, Құрық паром кешені құрылысын салу, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ны дамыту, ішкі және сыртқы терминалдық желіні күшейту көзделіп отыр.
Қазақстан арқылы оңтайлы транзиттік дәліздер (ҚХР – Еуропа – ҚХР, Солтүстік-Оңтүстік, ТХКБ) жасақталуда. 2020 жылдарға қарай осы дәліздердің әлеуетін екі миллион ДФЭ-ге жеткізу жоспарланған. 2016 жылы ҚХР – ЕО – ҚХР бағдарындағы контейнерлік тасымал көлемін 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге арттырып, 100 мың ДФЭ контейнерге жеткізу ұйғарылды. Биылғы төрт айдағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі жарым есеге өсті.
Асқар Маминнің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ белсенді әрекетінің арқасында ҚХР – Еуропа – ҚХР бағдарында жүрдек контейнерлік тасымалға сұраныс артып келеді. Оған Қытайдың шағын қалалары мен провинцияларының жүк жөнелтуге қызығушылығы жоғары.
2014 жылы Еуразиялық нарыққа контейнерлік сервистік қызмет көрсету сапасы – Бірлескен көліктік-логистикалық компания (БКЛК) іргетасы қаланғандығын да еске салды. «БКЛК бірыңғай баға саясаты, көліктік-логистикалық қызмет технологиясы және стандарттау істері Қытай – Еуропа – Қытай бағдарындағы контейнерлік жүк тасымалын 2020 жылға қарай 800 мың ДФЭ-ге жеткізуге мүмкіндік әпереді.
ҚТЖ басшысы сондай-ақ Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағдарындағы трансқұрлықтық көлік дәліздерін игерудің маңызы зор екендігіне тоқталып, бұл мақсатта кедергілерді барынша азайтып, теңіз бағдарына бәсекелес ретінде құрғақ порт арқылы тасымалдаудағы тариф саясатын да қалыптастырудың мәніне тоқталды.
Бүгінгі таңда транзиттік контейнерлік тасымалдаудың географиялық аумағы кеңейіп келеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен Nomad Express контейнерлік сервистік қызметінің бағдары жүргізілді. Оның алғашқы қанатқақты жобасы Қытайдан Әзербайжанға, Түркияға және Украинадан Қытайға қарай контейнерлік пойыздар жіберілді.
Биылғы жылы 53 контейнерлік пойызды Қытай – Баку, Қытай – Тбилиси, Қытай – Ыстанбұл бағдарымен жіберу жоспарланды. Сонымен бірге, Балтық жағалауы елдерімен Қара теңіз арқылы Nomad Express контейнерлік қызметін Қазақстан, Орталық Азия, Қытайға бағыттау жоспары да бар. Транскаспий бағдарының әлеуеті Азияны Еуропамен жалғастырып, 2020 жылдарға қарай 300 мың ДФЭ контейнеріне жеткізілмек.
Үстіміздегі жылы Қазақстан теміржолы тарихында тұңғыш рет Иранға контейнерлік пойыз Иу қаласынан (Қытай) Тегеранға (Иран) барлығы 9 мың шақырымға жүкті 14 тәулікте жеткізді. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ барлық бағдарларға теміржол, теңіз және әуе жолы, автотасымалдау, порттық және әуежайлық инфрақұрылым, қоймалар мен терминалдар бойынша көліктік-логистикалық қызмет түрлерін көрсетеді.
Компания президенті сыртқы экономикалық қатынасқа қатысушыларды әкімшілік кедергілерді барынша азайтып, құқықтық-нормативтік базаларын жабдықтауды жетілдіріп, кедендік ресімдеуді оңтайландырып, шекаралық өткелдер арқылы өткізуді жеделдету үшін қағаз түріндегі құжат айналымын қысқартуды, жүктерді алып жүрудің электронды ілеспе құжаттарын ұсыну қызметін жасақтауды ұсынды.
«Мұндай кешенді шаралардың барлығы транзиттік әлеуетті толыққанды қолдануға, мультимодальды тасымалдауды ұйымдастыруға, оның ішінде Қазақстанның 2020 жылға қарай логистикалық қызметі жетілген 40 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік жасайды», – деп атап өтті қорытынды сөзінде Асқар Мамин.
Форум аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ пен «РТЖ» ААҚ арасында халықаралық жүк тасымалы бағдарындағы электронды құжат алмасу саласы бойынша келісімге қол қойылды.
***
«Стратегиялық серіктестік 1520» халықаралық теміржол бизнес форумы Еуропа мен Азия арасындағы ауқымды дискуссия алаңы болып табылады. Жылма жыл осы форум аясында ірі стратегиялық теміржол бағдарларын дамыту туралы «Кеңістік 1520» халықаралық келісімдері жасалып, сондай-ақ, теміржол техникаларын жеткізу мен оған техникалық қызмет көрсету түрлері бойынша уағдаластықтарға қол қойылады.
Аталмыш форумның аудиториясында ТМД, Еуроодақтың жетекші компаниялары мен әлемнің отыздан астам елінен келген өкілдер қатысты.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»